Поэзияның қарапайым түрлерiне жататын ямб және элегиялармен қатар б.з.б. VII-VI ғасырларда монодик лирика да кең таралды. Жоғарыда айтып өткенiмiздей, поэзияның бұл түрi халық ауыз әдебиетi мен музыканың тығыз әсерiнде пайда болды. Сондықтан, монодик лириканың ерекшелiктерi тек музыка әуенiмен ғана белгiленген. Бiрақ антик музыкалық әуендердiң жойылып кеткендiгiне байланысты осы топтағы лирикалық шығармалардың көркемдiк ерекшелiктерi туралы пiкiрлерiмiздi өлеңнiң құрылысы, сөз қолдану ыңғайы жайлы әңгiмемен ғана шектеймiз. Бұл жанрдың көрнектi өкiлдерi Кiшi Азияның батыс жағалауындағы үлкен Лесбос аралында туып өскен екi ұлы ақын – Алкей мен Сапфо. Олар монодик лириканы жанр ретiнде орнықтырып, оның мазмұнын тереңдеттi. Алкейден кейiн дүние жүзiлiк поэзияда мәңгi орнығып қалған өлең құрылысы әлiге дейiн осы ұлы ақынның есiмiмен аталады. Оның формасы төмендегiдей:
Сапфо поэзиясында лириканың бұл түрiнің бұдан да жетіле түскендігін байқаймыз. Оны мына өлең құрылысынан байқауға болады:
Алкейдiң отаны - Лесбос аралының астанасы болған Митилена қаласы. Ақын шамамен б.з.б. VII-VI ғасырлар ортасында өмiр сүрген. Грекияның барша аймақтарындағы сияқты бұл дәуiрде Лесбос аралында да ақсүйектер мен халық арасындағы жағдай өте шиеленiсiп кеткен болатын. Ақсүйектер әулетiнен шыққан Алкей өз дәуiрiнiң саяси күрестерiне белсендi араласып, соңында Питтак деген тиран тарапынан қуғынға ұшырайды. Ұзақ жылдар сүргiнде жүрiп, Питтак кешiрiмiмен басқа ақсүйектер сияқты ол да өз отанына оралады. Бiр кезеңдерде ежелгi Грекияда Алкей өлеңдерiнiң өте кең таралғандығы туралы мәлiметтер бар. Кейiн Александрия ғалымдары ақынның шығармаларын мазмұнына қарай он тарауға бөледi. Бiрақ мiне осы бай мұрадан бiзге дейiн кішігірім өлең үзiндiлерi ғана жетiп отыр.
Алкей де Феогнид секiлдi өз жұртындағы саяси шайқастардың қатысушысы ретiнде өте көп өлеңдерiн Лесбос ақсүйектерiнiң тирандарға қарсы алып барған күрестерiне арнайды. Осы тақырыптағы өлеңдер «Күрес жырлары» атымен ежелгi дәуiрдегi грек халқының арасында кең таралған. «Күрес жырлары» циклiне кiретiн шағын бiр өлең үзiндiсiнде ақын зәулім бiр үйдiң көрiнiсiн суреттейдi. Көтерiлiсшiлер қанды шайқасқа дайындалып, сол үйге қару-жарақ жинаған; Алкей көтерiлiске әзiрленiп жатқан достарын ерлiкке, табандылыққа үндейдi. Тағы да бiр кiшiгiрiм үзiндiде Феогнид сияқты, Алкей де халық қолына өткен мемлекет билiгiн
«қорқынышты толқында қалған кемеге» теңейдi.
Алкей өлеңдерi арасында Питтакқа қарсы жазылған үзiндiлердi кездестiремiз. Бұл өлеңдерде ақын Митилена билеушiсiн
«месқарын», «жылпос» деген сөздермен балағаттайды және
«осындай адамның мемлекет басқаруға құқы жоқ» дейдi. Алкейдiң ыза-кегiнде шек жоқ. Өзiнiң ескi дұшпаны, тиран Мирсилдiң өлгенiн естiген ақын, қуанышпен: «Келiң, iшейiк достар! Мас болғанша iшейiк! Тәбетiмiз алмаса да iшейiк! Өйткені, «доңыз» Мирсил көз жұмыпты!» - дейдi [1,60].
Алкей поэзиясы тек саяси тақырыпта ғана емес, оның махаббат, әйелдің сұлулығы, мiнезi жайлы өлеңдерi бiр төбе. Әсiресе, той үстiнде, шарап iшкен кезде, достар дастарқанында оқылатын бұл тәрiздi өлеңдер – достарға деген қуанышты, сүйiнiштi бiлдiрсе керек. Бiзге келiп жеткен бiр өлеңiнде ақын достарынан масаңдау болып қайтып келе жатып, сүйiктiсiнiң есiгiн қаққандығы жайында жазады.
Көне деректерге жүгiнсек, Алкей поэзиясы өзiнiң ұшқыр ойлылығы, өлең өлшемдерiнiң ерекшелiгi, жаңғырған биiк даусы, шумақтарының әсерлiлiгi арқылы антикалық дәуiр адамдарының есiнде мәңгi қалған. Ұрпақтан ұрпаққа ауысып бiздiң дәуiрімізге дейiн жеткен. Кейiнгi кезеңдерде өмiр сүрген рим ақыны Гораций Алкейдi өзіне ұстаз санап, өлеңдерiн соның стилiнде жазған.
Алкейдiң замандасы, жерлесi Сапфо да ақсүйектер отбасында туған. Лесбос аралындағы көтерiлiстер себебiнен Сапфо аралды тастап кетуге мәжбүр болады. Бiрнеше жыл Сицилия аралында жасаған ол Питтак райдан қайтқан соң отанына оралады. Келгеннен кейiн мектеп ашып, жас қыздарды музыка, өлең, би өнерiне жаттықтырады. Сапфоның мектебi «Музалар мүйiсi» деп аталады. Бұл мектепте тек грек балалары ғана емес, басқа мемлекеттерден де жасөспiрiм қыздар келiп тәрбие алады. Сапфо балаларға өте мейiрiмдi, қайырымды жан болған. Олар туралы көп өлеңдер жазған. Оның өлеңдерiнiң көпшiлiгi әйелдерге арналған. Сапфо туралы аңыз әңгiмелер өте көп. «Ол Фаон деген жiгiтке ғашық болып, махаббаты жауапсыз қалған соң, өзiн теңiзге тастап өлiптi-мыс», делiнедi. Бiрақ бұл оқиға жайлы ешқандай нақты деректi кездестiрмеймiз. Алкей өзiнiң осы замандасын «қол жетпес асқар шыңға» теңейдi; Платон грек мифологиясындағы тоғыз музаның қасына оныншы қылып Сапфоны қосады; Митилена халқы ақынның атын қасиеттi санап, оған ескерткiштер тұрғызады, күмiс, алтын ақшаларға оның бейнесiн ойып салады; антик дүниенiң жетi данышпанының бiрi саналатын Солон қартайған шағында «Сапфоның тағы да бiр өлеңiн естіп өлсем, арманым жоқ» деген екен; ежелгi тарихшылардың
бiрiнiң айтуынша, «бүкiл антикалық дүние Сапфоға әлдеқандай керемет деп қараған».
Ежелгi деректер Сапфоның он кiтап жазғандығын айтады. Бiрақ солардың барлығы да дiн өкiлдерiнiң әмiрiмен Алкей шығармаларымен бiрге XI ғасырда отқа өртелген.
Сапфоның Алкеймен бiр дәуiрде жасағандығы, ұлы әлеуметтiк және саяси оқиғалардың құрбаны болғандығы, қанша уақыт қуғында өмiр сүргендiгi туралы жоғарыда айттық. Бiрақ Алкей шығармашылығы үшiн негiзгi мазмұн болған оқиғалар iзiн Сапфо шығармаларынан қанша iздесек те, таппайсыз. Ақын сол саяси оқиғалардан түгелдей шеттеп өтедi. Оның поэзиясы тек ғана ішкі жан толғаныстары, жүрек тебіреністерiмен шектелген; ол махаббат пен сұлулықты ғана жырлайды.
Антик дүние адамдары ұлы ақынды махаббат жыршысы деп таныған. Біздің заманымызға Сапфоның екі-ақ өлеңi толық күйінде жеткен. Афродита құдайға арнаған бiр өлеңiнде махаббат тәңiрiсiне мұңын шағады, жүректегi дерттi, отты сөндiруге көмектесуiн сұрайды.
Шындығында да, аттика заманында Сапфодай әсерлi өлең жолдарын жазған ақынды кездестiре алмаймыз. Ежелгi гректер бұл жырларды «отты өрнек» деп бекер атамаса керек. Сапфоның махаббаты Шығыс классикалық әдебиетіндегі Мәжнүн махаббатына өте ұқсас. Ол аласұрып сүйiктiсi Эросты iздейдi, ғашықтық отына өртенедi, ақылдан адасады…
Сапфо шығармашылығында ғашықтық жырлардан басқа, эпиталамалар да маңызды орынға ие. Эпиталамалар өзiмiздiң үйлену тойларымызда айтылатын «жар-жар» түрiндегi жырларға өте ұқсас, келiннiң өз үйiнде, құрбылары ортасында өткiзген бұрынғы жас дәуренiмен қоштасуы, құрбылардың жiгiтке назы, келiн мен күйеудiң жақсы қасиеттерге жақын болып, жаман әдеттен бойларын алыс салуы т.б. насихатталады; той қарсаңында жаңа өмiр табалдырығында тұрған жастарға жақсы тiлектер айтылады. Мiне, осындай топқа жататын кiшкене бiр өлең үзiндiсiнде Сапфо келiндi жемiстi ағаштың басындағы қырмызы қызыл алмаға теңейдi. Жиын-терiм уақтында бағбанның қолы жетпей қалған, содан берi адамдардың сiлекейiн шұбыртқан сол алма бақытты жiгiтке ғана бұйырады.
Қыз-жiгiттер екi топқа бөлiнiп кезектесiп эпиталамаларды
айтып, келiндi күйеудiң үйiне шығарып салады. Сапфоның табиғат жыршысы екендiгi де, ақын атаулыға үлгi болғандай… Ол даланы сүйедi, желпiп соққан кешкi майда қоңыр желмен гүл сабағындай тербеледi, көңiлiңе махаббат сезiмiн ұялатады…
Өмірінің ішкі күйлерін Сапфоның бізге жеткен сүйікті қызы Клейда мен жеңіл мінезді інісі Хараксуға арнаған жырларынан білеміз. Бұл элегияларда терең жан күйзелісі көрінбесе де, ақын сезімі жалаң сипаттаулардан анық танылады. Сапфоның інісі Хараксуға арнаған өлеңі төмендегідей:
Жалған атақ-даңққа құмартасың, Сөйлегенде астамсып, тым артасың. Сол себепті достарсыз жалғыз қалдың, Өрескелсің, өзіңе кінә артасың.
Сөгіс айтсам. Жазғырам. Өкпем анық, Қылығыңмен батпандай жүк артасың. Қиналамын сен салған бүліктен де, Шошынамын сен жайлы күдіктен де, Саған жаным ашымас бұдан былай, Ашиды деп және де үміттенбе [10,20].
Сапфо жырлары жайлы әлi де бiр талай әңгiме айтуға болар едi, бiрақ оны оқулықтың талабы көтермейдi.
Монодик лириканың үшiншi бiр өкiлi - Анакреонт (б.з.б. VI ғасырдың екiншi жартысы) Кiшi Азияның Теос қаласында туған. Ата жұртын парсылар жаулап алған соң бірнеше патшаның сарайында жасайды. Өмiрiнiң көп бөлiгiн Самос аралының патшасы Поликрат сарайында өткiзедi. Поликрат өлтiрiлгеннен кейiн Афина әміршісі Писистраттың ұлы Гиппархтың шақыруымен оның сарайына келедi. Гиппарх өлтiрiлiп, Афинадағы оның билiгі құлаған соң, Фессалия патшалары сарайын паналайды. Ұзақ өмiр сүрiп (85 жыл) кейбiр деректерде Абдера қаласында, ал кейбiр мәлiметтерде өзiнiң отаны Теоста көз жұмады.
Анакреонттың өмiрi өте тыныш өтедi. Ол соғысқа араласқан жоқ, саясатпен iсi болмады, бейбiт ғана ғұмыр кештi. Ақын өз шығармаларында бақытты өмiрдi ғана жырлады. Оның жырлары Сапфо мен Алкей жырларына ұқсас болғанымен, онша терең емес, онда дерт те, қайғы да кездеспейдi. Оның махаббаты сыртқы, үстiртiн махаббат қана. Өлеңдерi жеңiл, ойнақы болып келедi. Тiптi, қартайған шағында да махаббатқа жеңiл қарайды, өзiн еркiн сезiнедi.
Жақындап қалған ажал оны қорқыта алмайды, оған күлiмсiреп қарайды. Бiрақ өлiмдi мойындап, одан сескенетiн сияқты. Ол өлiмдi қайтып шыға алмайтын қапас, тұңғиық деп түсiндiредi. Өмiр қуаныштарын қиғысы келмейдi, оны сүйедi…
Анакреонт ғашықтық жырлардан басқа мадақ өлеңдер, элегия, эпиграмма және т.б. түрлi шығармалар да жазған. Бiрақ ақын лирикасының түрлерi қанша көп болғанымен, барлығының мазмұны бiреу-ақ – ғашықтық пен шарап. Бұл жырларда мiне осы екi-ақ нәрсе мадақталады. Оның шарап жайындағы ойы айқын. Ол мас болғанша iшуге қарсы. Достардың ортасында, сазды әуендi тыңдап, рахаттана отырып шарап iшудi қолдайды… Өткен грек тарихында Анакреонт тәрiздi даңққа бөленген ақын болған жоқ. Жеңiл, ойнақы, көңiл көтеретiн жырлар әлiге дейiн «анакреонт жырлары» деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |