Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Софокл шығармашылығының қалыптасуы мен дамуындағы
негізгі кезеңдерді атаңыз.
2. Трагедияларындағы қақтығыс пен ирония сияқты көркемдік
шеберлік мәселелеріне анықтама беріңіз.
3. Софокл трагедияларындағы хордың мәні. Тіл мен стиль
99
жайлы не айтасыз ?
4. Әлеуметтік орта мен ондағы жеке тағдырлар сырын ашу
ерекшеліктеріне тоқталыңыз.
Еврипид
Ежелгі грек трагедиясының үшінші ұлы өкілі - Еврипид,
аңыздарда айтылуынша, б.з.б. 480-жылы гректердің парсылар
үстінен жеңіске жеткен күні Афина маңындағы Саламин аралында,
орта дәулетті отбасында дүниеге келеді. Жас кезінде өте жақсы
білім алады. Осы дәуірдің атақты философтары Сократ, Анаксагор,
Архелай, софистерден Протагор мен Продик Еврипидтiң жақын
достары болған. Замандастарының айтуына қарағанда, ақын өз
дәуіріндегі күнделікті әлеуметтік-саяси оқиғаларға араласпай,
ғылым, білім, өнер, әдебиет және философиямен айналысып,
тыныш ғана ғұмыр кешуді абзал көрген жан, бірақ ақынның
момын табиғаты заманының озық идеяларымен тең қадам басуға,
шығармаларында осы идеяларды жарқын бейнелеуге, демократияны
нығайту жолында қаламымен белсенді күресуіне мүлдем кедергі
болған жоқ.
Еврипидтің
трагедияларындағы
ілгерішіл
пікірлерге,
драматургияға енгізген жаңалықтарына Афина қоғамының
кертартпа топтары қатты қарсылық көрсетті. Б.з.б. V ғасырдың
аяғындағы комедияшылар ақынға, әсіресе көбірек жала жауып,
ғайбаттап, арсыздықпен масқара қылады. Мәселен, Аристофан
«Еврипидтің әкесі қаңғыбас, келiмсек, шешесі бұзық әйел» деп,
ақынды көп ғайбаттаған [1,113]. Мүмкін, міне осындай ауыр
жағдайларда Афинада қалудың реті болмағандықтан шығар,
Еврипид ажалынан көп уақыт алдын Македонияға қоныс аударады
және б.з.б. 406-жылы осы жерде дүниеден өтеді.
Ақынның 92 шығармасынан бізге дейін 17 трагедиясы мен бір
сатиралық драмасы толығымен жеткен. Олар мыналар: «Алкестида»,
«Медея», «Геракл», «Ипполит», «Гекуба», «Троялық әйелдер»,
«Электра», «Ион», «Ифигения Тавридада», «Елена», «Ифигения
Авлидада», «Тiлеушiлер», «Андромаха», «Финикиялық қыздар»,
«Орест», «Вакх қыздары» және «Киклоп» атты бір сатиралық
драмасы. Бұл шығармалардың барлығы грек дәстүріне сай Эсхил
мен Софоклдің трагедиялары секілді, мифологиялық аңыздар
100
сюжетінен алынған.
Ақын шығармашылығының алғашқы дәуірлерінде жазылғаны
- «Алкестида» трагедиясы. Фессалия патшасы Адмет бір күнасы
үшін Артемида құдайдың қаһарына ұшырап, өмірі қысқартылған.
Ертеде патшадан жақсылық көрген Аполлон арашаға түсіп, оның
күнасын кешіруді сұрайды. Адметтің өмірі таусылған күні оның
орнына басқа бір адам өлуге ризашылық берсе, патшаның өмірін
ұзартуға құдайлар келіседі.
Бір күні Адметтің өмірі бітіп, өлім сәті туады. Ешкім де, тіпті
патшаның қартайған ата-анасы да оның орнына өлуге келіспейді.
Мұндай ауыр тілекке тек Адметтің жас әйелі Алкестида ғана
көнеді. Патшайым ажал алдында барша жұртпен бақұлдасады,
балаларын бауырына басып, беттерінен сүйеді, жылайды, ерінің
амандығын тілейді, оның бақыты үшін өзін құрбан етуге риза
болғандығын ескертеді.
Патша сүйікті жарынан айрылып, жалғыз қалады. Қаңырап
бос қалған сарайлар, анасынан жетім қалған балалардың көз
жасы Адметтің қайғысын молайта түседі. Патша елдің көзіне
қалай көрінсін! Өзінің жанын ойлап, әйелін өлімге қиған опасыз
ерден жұрт шошымай ма! Адметтің басына түскен мұндай ауыр
қасіреттер үстіне оның жан досы Геракл келеді. Отбасында болған
оқиғаны патша досынан жасырады. Оны қуанышпен қарсы алып,
мол дастарқан жаяды. Бір сылтау тауып, әйелін жерлеуге кетеді.
Жалғыз өзі шарап ішіп, шаттыққа бөленген батыр, кездейсоқ бұл
отбасында болған қайғылы жағдайды байқап қалады. Осыншалық
ауыртпашылыққа қарамай, өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын
айтып, азалы жерде жасаған «жеңілтектігін» жуу, досынан көрген
сый-құрмет пен адамгершілік қарызды қайтару ниетінде дереу
орнынан тұрып, марқұмның алдына қарай жүгіреді, сол жерде ажал
құдайымен ұзақ алысып, патшайымды өлім тырнағынан құтқарып
қалады. Адмет отбасында қайтадан шаттық орнайды.
Бұл трагедияда Еврипид шығармашылығының кейбір
ерекшеліктері анық байқалады. Шығармада, алдымен, Эсхил мен
Софокл трагедияларына тән көтеріңкі салауатты, құдайлар тектес
қаһармандарды көрмейміз. Көз алдымыздан өтетін тұлғалар өмірдегі
қарапайым жандар. Бұл адамдар әдеп-адамгершілік тәртіптерге
бағынып, қонаққа құрмет көрсетеді, бірақ өз мүдделері жолында
ата-аналарын, сүйікті әйелдерін құрбан қылудан қайтпайды.
101
Ұлының орнына өлуді қаламаған әке, келінінің жаназасына тарту-
таралғымен келеді. Әке мен бала ортасында жанжал туады.
«Алкестида» трагедиясындағы қаһармандардың қақтығыстары,
бірер мақсат жолында күресетін құдай тақылеттес ұлы
адамдардың тартыстары емес, ал өмірді сүйген, тіршіліктен қол үзе
алмаған, қарапайым жандардың жанжалы. Дұрыс, Алкестиданың
табиғатында нәзіктік, іс қимылында ерлік, сұлулық, ұлылық бар.
Бірақ, бұл ғажайып белгілердің барлығының күнделікті өмір
түсініктерімен жасаған, отбасының мүдделеріне түгелдей сіңіп
кеткен, балаларының бақытын әр нәрседен артық көретін, жарын
жан-тәнімен сүйген және осы жолда жанын да құрбан қылуға дайын
тұрған адал жарды, мейірiмдi ананы көреміз.
Шығарманың характері де грек трагедиясында орнығып қалған
және Еврипид замандастары шығармашылығында дәстүрлі бір
қалыпқа түскен, ескі классикалық формаға ұқсамайды. Қайғылы
оқиғалар күлкүлі жағдайлармен, күрделі мәселелер тұрмыстың
майда-шүйдесімен аралас көрсетіледі. Сондықтан, Адмет пен әкесінің
арасындағы жанжал, шаттықты сүйетін Гераклдың сергектігі азалы
қайғыны жұмсарта түседі. Жоғарыда айтқанымызға шығарманың
қуанышпен аяқталатынын қоссақ, Еврипид шығармаларында не
трагедияға, не комедияға, не сатираға ұқсамайтын мүлде жаңа бір
жанр – алғашқы драманың пайда болып келе жатқандығын көреміз.
Ақын қолданған бұл жаңалықтар өмірдің қарапайым мәселелерін
бейнелеудегі ең сәтті жол болған.
Еврипидтің грек трагедиясына енгізген жаңалықтары айқын
көрінетін шығармасы – «Медея» трагедиясы. Шығарманың
оқиғасын Еврипид «Аргонавтар» аңызынан алған.
Аңыздың айтуынша, бірнеше грек батыры алтын қошқар
терісін алып келу үшін «Арго» деген кемеге отырып, ұзақ Колхида
еліне сапарға аттанады. Ауыр машақаттар мен сансыз қауiп-
қатерлерден кейін, олар сол жерге жетеді. Бұл жерде Эт патшаның
қызы, Күн құдайы Гелиостың немересі сиқыршы Медея Аргонавтар
сардары Ясонды сүйіп қалады. Ханшаның жәрдемімен Ясон
бірнеше құпияны шешіп, қиындықтарды жеңіп, алтын теріні қолға
түсіреді. Медея Ясонға деген ғашықтығы себепті өзінің елінен, ата-
анасынан, туған-туыстарынан безінеді. Ясон үшін туған ағасын
өлтіреді. Грекияға оралған соң, ерін таққа отырғызу мақсатында
сиқыршылық жолмен Ясонның нағашысы Иолк патшасы Палийге
102
қастандық жасайды. Осы қылмыстан кейін, Ясон мен Медея екі
ұлын алып, Коринф қаласына қашуға мәжбүр болады. Барлық
мәртебеден айрылған Ясон, өзінің жағдайын жақсарту, қайтадан
билік пен атаққа жету ниетінде Медеяны тастап, Коринф патшасы
Креонттың қызы Главкаға үйленбекші болады.
«Медея» трагедиясы Аргонавтар аңызының дәл осы жерінен
басталған. Ясонның опасыздығына, екіжүзділігіне ызаланған
Медея, одан кек қайтаруға бел буады. Креонт болса сиқыршының
қылықтарынан қорқып, Медеяның ұлдарымен бірге қаладан кетуін
талап етеді. Медея тағдырдан таяқ жеген момын бейбақтарша
жалбарынып, патшадан баспана тауып алғанша, қалада бірер күнге
қала тұруға рұқсат сұрайды. Креонт келіседі.
Осы күні Медея қанды кек жоспарын құрады. Ол осындай
аярлығын Ясонға да істейді. Балаларын күндесіне қалдырып кетуге
шешім қабылдағанын, сондықтан келіншектің көңілін аулау үшін
оған той сыйлықтарын жіберу ниетінде екендігін айтып, ерінің
ризашылығын алады. Балаларынан Главкаға уланған, қымбат
бағалы тастармен безендірілген әдемі той киімдерін «сыйға» беріп
жібереді. Келіншек сыйлықтарды алған кезде кенет киімдері отқа
оранады. Құтқармақшы болып ұмтылған патшаға да от тиіп, қызымен
бірге өртеніп өледі. Медеяның кегі мұнымен басылмайды. Опасыз
жары қаттырақ азап тартсын деген оймен ұлдарын да өлтірмекші
болады. Патшаның опат болғандығын естіген халықтың ызасынан
қорыққан Ясон балаларын құтқаруға асығады, бірақ кешіккен еді.
Осы сәтте, аспанда қанатты айдаһарлар жегілген таңғажайып арба
көрінеді. Атасы Гелиос жіберген бұл арбада Медея жалғыз өзі отыр,
оның аяқтарының астында екі ұлының жансыз денелері жатыр.
Қабырғасын қайғы қайыстырған Ясон әйеліне жалбарынады,
балаларының мүрделерін тастап кетуін өтінеді, бірақ оның сөздерін
Медея тыңдамайды. Арба көзден ғайып болады.
Афинаның демократиялық қоғамында басталған ауыр
күйзелістер, күннен-күнге шиеленісіп бара жатқан залымдық,
рухани азғындау жағдайлары – Еврипидтің өзге шығармашылығына
қарағанда осы «Медея» трагедиясында толық әрі жан-жақты
суреттелген.
Ясон әйелінің көмегімен даңққа бөленеді, осы әйел оны
бірнеше рет ажал құрығынан құтқарады. Соңында, Медеядан
пайда қалмаған кезде жаңа атақ, жаңа билік көксеп, адал жарын,
103
балаларын тастап, патшаның қызына үйленбекші болады. Ясон
бұл істердің барлығы балалардың бақыты үшін істеліп жатқан
шара екендігін айтып, әйелін жұбатпақшы болады. Арсыз, опасыз,
бұлпенде махаббаттың базарда сатылмайтынын, жақсылықты,
ізгілікті ешнәрсеге айырбастауға болмайтындығын ойламайды.
«Медея» - қорланған махаббат пен қызғаныш трагедиясы. Ақын
бұл сезімдердің күші мен құдіретін Медеяның қайғы-дерті, ашу-
ызасы арқылы толық ашып көрсеткен. Осы заман адамдары көзімен
қарағанда, Медея - өткір қабілетті, темір жігерлі, сезімтал, мықты
тұлға. Бұл әйел құдайлар алдында да, тағдыр алдында да бас
имейді. Қажырлылықпен, батылдықпен өзінің адамилық бақыты
үшін жалғыз өзi күреседі. Адамгершiлiкке келгенде тайсақтамайды.
Намыс мәселесінде ешқандай сөзге көнбейді. Мұның үстіне ол
грек әйелдері сияқты теңсіздікте жасаған, тұрмыс қайғысынан
өзге ештеңе көрмеген әйелдерден емес. Оның жастық шағы ұзақ
мемлекетте, еркін халықтар арасында өткен. Ясонмен алғашқы
кездескенде-ақ, бұл жігітті өзіне тең көріп, оған көңіл қояды, бүкіл
өмірін сүйген жарының қолына тапсырып, жұртынан безеді, ауыр
қылмыстар жасайды, ерінен жамандық келуін мүлдем күтпеген,
мемлекет пен мансап құмарлығында махаббатты жермен жексен,
отбасын ойран қылуын мүлдем ойламаған әйелдің дiлінде Ясонның
опасыздықтары терең жиіркенiш сезімін туғызуы, әрине, заңды
нәрсе еді.
Еврипид Медеяның қасіретке толы шерлі монологында
әйелдердің ауыр тағдыры туралы хикая қылады. Қаһарманның
айтуынша, «дүниедегі барша тіршілік арасында әйелдерден өткен
бақытсыз жан жоқ. Сүйген ерің арсыз, тұрақсыз болып шықса, оны
тастап кете алмайсың, қуып жібере алмайсың, өйткені, некені бұзу
- масқара іс саналады. Ерлердің жағдайы мүлдем басқаша: олар
отбасында зерігіп қалса, көшеге шығып, достарымен көңілдерін
көтеріп келеді. Әйелдің жалғыз жұбанышы - ері. «Ерлеріміз қалқан
болып, әйелдерін қорғайды» дейді, бекер, жалған сөз. Бір рет бала
туғаннан гөрі, он рет қылыш көтеріп шайқасқа кірген оңай шаруа
емес пе?!
Сондықтан, әйелдер өздерінің отбасы тыныштығын қорғауда
ешқандай қылмыстан қайтпайтынын, махаббатта қаншалықты
сезімтал болса, кек алуда да соншалықты мейірімсіз екендігін ақын
Медеяның сөздері арқылы баяндайды:
104
Біз әйелдер өте қорқақпыз,
Қанды көрсек зәреміз ұшар,
Қылыш-қанжар жүрек шошытар,
Бірақ, білің, неке төсегі,
Әйелдердің қасиетті құқы
Ойран болып, тапталса егер,
Ызамыздың жоқ ғой дауасы,
Тек қана өлім оның жазасы [32,411].
Еврипид Медеяның қанды қылмыстарын жазықсыз қорланған
жанның наразылығы түрінде суреттейді. Ақын Медеяның
әрекеттерін баяндағанда, оны қаһарман бойындағы жеке қасиеттер
бейнесінде емес, ал әлеуметтік жайдайлардың нәтижесі ретінде
талқылайды. Адам баласының ең жақсы қасиеттері ақшамен
өлшенетін бұл қоғамда ар-намыс, адалдық, махаббат т.б. ізгі
сезімдер аяққа тапталып, олардың орнын қулық, қылмыс, жеке
мансаптар иелейді. Медеяның бүкіл ашу-ызасы - сол қоғамдағы
әділетсіздіктерге қарсы наразылықтың көрінісі.
Ясон туралы аңызда хикаялануынша, Медеяның балаларын
Коринф халқы өлтіреді. Ақын бұл мифтің соңғы бөлімін өзгертіп,
балаларды өз аналарының қолымен өлтірту арқылы қаһарман
образына қайғылы өң береді. Ясон қылмыстарының нәтижесін одан
да қорқыныштырақ қылып көрсетуге қол жеткiзедi. Бірақ, ақын
Медеяны кек алуда осыншалық мейрімсіз етіп көрсеткенімен, оның
бойындағы адамгершілік қасиеттерді алып тастамайды. Медея
ең алдымен - ана, оның жүрегінде перзентке деген мейірімділік
әрдайым соғып тұрады. Сол себепті, бұл әйел өз балаларының
жанына қастық жасап, қанжар көтергенiнде аналық сезімі мен кек
алу тілегі ортасында үлкен тартыс басталады:
Керек емес, қой, жаным! Мұндай қылмашы!
Балаларға өмір бер, өлтірме, ашын!
Олардан айрылып қайғы-шер жұтпа!
Бір сәт болса да, сүйсінген шырын ...
Осы сөздер аузынан шығар-шықпаста, Медеяның жүрегіндегі
кек өрті күшке қайта мініп, ананың нәзік сезімдерін басып кетеді.
Сорлы ана соңғы сәттерде балаларын бауырына басып,
еркелетеді, беттерінен сүйеді, оларды өлтіруге бел буғанымен, қол
көтеруге дәрмені жоқ.
Адамның шынайы, ішкі рухани дүниесін ашу - Еврипидтің
105
трагедия өнеріне енгізген тұңғыш жаңалығы. Отбасы, әйелдердің
ауыр тағдыры, әкенің міндеттері және осы сияқты бірнеше
адамгершiлiк қатынастар туралы шығармада бейнеленген
мол пікірлер алдыңғы драматургтер шығармашылығына тән
көтеріңкі күйден Еврипидтің түгелдей бас тартып, қарапайым
тұрмыс мәселелеріне, күнделікті оқиғаларға жақындасып келе
жатқандығын көрсетеді.
Жалпы, адамның, негізінен, әйел адамның сезімдері мен жүрек
сырларын одан да тереңірек ашу мақсатында Еврипид өзіне дейін
грек трагедиясында жазылмаған махаббат сюжетіне бет бұрады.
«Ипполит» трагедиясы бұл тұрғыдан ақын шығармашылығы үшін
ең характерлі шығарма саналады.
Афина патшасы Тезейдің бәйбішесінен туған ұлы Ипполит - өте
дарынды, ақылды және адал жігіт. Оны мемлекет, мансап, махаббат
мәселелері толғандырмайды. Бұл жігіт барлық уақытын табиғат
аясында, достарымен бірге аң аулауда өткізеді. Ипполит құдайлар
арасынан тек Артемиданы ғана қадірлейді, соған сыйынады.
Шахзаданың бойындағы мұндай мінездер, яғни махаббатқа, әйелге
деген салқындық махаббат тәңірісі Афродитаның ызасына тиеді.
Тәңірі өзінің құдіретін менсінбеген өжет жігітті жазалау ниетінде,
Ипполиттің өгей анасы Федра жүрегінде оған деген ғашықтық
отын жағады. Бұл сорақы жағдай бейбақ әйелді ауыр азаптарға
салады. Федра өзінің жүрегін өртеп бара жатқан арсыз сезімдерді
жеңіп, адалдығын сақтап қалуға ұмтылады. Бірақ ғашықтық дертi
одан сайын өрши түседі. Өзінің әшкере болуынан, ар-ұятының
төгілетіндігінен қорыққан Федра өзін өлтірмекші болады.
Патшайымның сырын сезіп қалған күтуші әйел оны Ипполитке
жеткізеді. Өгей анасының намыссыздығынан, күтуші әйелдің
өсегінен жиіркенген шаһзада бүкіл әйел затына лағнат айтады.
Федра өзін-өзі өлтіреді. Бірақ өлерінен алдын орындалмаған
арманының, бүкіл азабының кегін алып, еріне бір парақ хат
қалдырып кетеді. Бұл хатта ол, «Ипполит менің намысыма тиді,
арсыздыққа шыдай алмай, өзімді өлтіруге мәжбүр болдым» деп
жазады. Тезей ұлына қарғыс айтып, Сириядан қуып шығады. Теңіз
құдайы Посейдонға жалбарынып, жетесіз ұлының жазасын беруін
сұрайды. Патшаның қарғысы қабыл болып, Посейдон жіберген
алып су мақұлығы Ипполиттің аттарын үркітіп жібереді. Жазықсыз
жігіт арба астында қалады. Өлім аузында жатқан шаһзаданы Тезей
106
құзырына әкеледі. Осы кезде патша алдында Артемида құдай пайда
болып, Ипполиттің ешқандай күнасы жоқтығын, бұл жігіттің тек
қана Афродита зұлымдығының құрбаны екендігін айтады. Шығарма
Тезейдің өкінішi, өксігі және өлім алдындағы әке мен баланың
түсінiсуімен аяқталады.
Федраның жүрегінде алас ұрған махаббаттың сабырсыз
азаптарын, бұл сезімнің қылмыс екендігін біле тұра жар құшағына
талпынуын Еврипид өте шебер суреттеген. Қаһарманның ғашықтық
азаптарын мұншалықты күшті және қарама-қарсы ішкі күрестер
арқылы бейнелеу, оның түрлі әрекетін жарқын бояулармен өмір
көріністерінде көрсете бiлу тұрғысынан грек трагедиясында, жалпы
ежелгі грек әдебиеті тарихында «Ипполит» трагедиясына тең
келетін шығарманы таба алмаймыз. Негізінде, парасатты, адал бір
әйелдің махаббат дертінен ауыр қасіреттерге кездесуі, өсекқұмар
кемпірдің надандығы нәтижесінде сыры ашылып масқара болуы,
намысының тапталуынан қорқып, өзін өлтіруі - шындығында да
күнделікті өмірде жиі ұшырасатын жай оқиғалар. Бұларды сахнада
көрген көрермен жүрегінде Федраға деген аяныш сезімдері оянады.
Антик дүниеде «Ипполит» трагедиясының ерекше даңққа бөленуі,
драмашы ақындар сайысында бас жүлдеге ие болуы осының дәлелі
болса керек.
Еврипидтің трагедияларындағы әйелдер образы тек Медея,
Федра сияқты қаһармандармен шектеліп қалмайды. Біз оның
шығармаларында ерінің бақыты үшін жанын пида еткен Алкестида
секілді адал жармен бір қатарда, отан үшін өлімге басын тіккен
әйелдерді де көреміз. Мұндай батыр қыздың жарқын бейнесін
«Ифигения Авлидада» деген атақты трагедиясында сомдайды.
Шығарманың сюжеті Троя соғысы цикліне кіретін «Киприя»
дастанынан алынған. Барша грек әскері Троя сапарына аттанардан
алдын Авлида жағалауына жиналады. Кемелердің жүзуіне қолайлы
жел болмағасын, олар осы жерде бірнеше күн қалуға мәжбүр болады.
Әулие Калхант бас сардар Агемемнонның қызы Ифигенияны
Артемида құдайға құрбандыққа бермейінше, жел болмайтынын
жорамалдайды. Одиссейдің кеңесі, Меналайдың талабымен
Агемемнон әйеліне хат жолдайды. Хатта қызын Ахилге ұзатпақшы
екендігін айтып, оны тез арада Авлидаға жіберуін бұйырады.
Сардар хатты жібереді, кейін аз уақыт өткесін ауыр қайғыға түсіп,
өзінің асығыстық жасағанына өкінеді. Қызын жібермеу туралы
107
ескертіп, бір адал құлы арқылы жасырын тағы хат жібереді. Бірақ
хат Меналайдың қолына түсіп қалады. Аға мен іні арасында үлкен
жанжал туады. Осы кезде анасы Клитемнестра және інісі Орестпен
бірге Ифигения келеді.
Клитемнестра Ахилмен болған сұқбатта неке туралы ешқандай
сөз болмағандығын, бұл оқиғалардан Ахилдің мүлдем хабарсыз
екендігін, Ифигенияға үйлену оның ойына да келмегендігін біліп,
таңданады. Кейінгі хатпен қолға түсіп қалған құл, оларға барлық
сырды айтып қояды. Айыпкерлер өздерінің қанды мақсаттарын
Ахилдің атын жамылып орындамақшы болғандығы, осы арқылы
жазықсыз қыздың өліміне себепші болу қаупі батырдың ызасына
тиеді. Ахилл сорлы қызды қорғауға, тіпті бүкіл грек әскерімен
шайқасса да, оны өлімнен құтқарып қалуға ант етеді. Агемемнон
сыры әшкере болған соң, отан мүддесі үшін осылай жалған
сөйлеуге мәжбүр болғанын мойындайды. Енді қыздың жүрегіндегі
қорқыныш, наразылық орнын ізгі сезімдер иелейді. Ахилдің
көмегін қабылдамай, өз қалауымен өлімге келісім береді. Ифигения
образын сомдауда Еврипид нағыз қаламгер, адам жанының ең нәзік
толқыныстарын шебер суреттейтін суреткер дәрежесіне көтерілген.
Ақын бұл образды ерекше шабытпен тынымсыз рухани даму
барысында көрсетеді.
Шығарманың басында Ифигения әлі сүйегі қатпаған жас қыз.
Оның балалығы ата-ананың қамқорлығында, дәулетті отбасында
өтеді. Қыздың жүрегіндегі арман-тілек осы жастағы құрбыларының
арман-тілегімен үндес. Ол бір ғұмыр ата-анасы бауырында қалып,
оларды ардақтап өтуді армандайды. Ифигенияның көңілі әсіресе,
әкесіне келгенде ерекше, әкесімен алғаш кездескенде-ақ, зерек қыз
оның жүзіндегі қайғыны байқайды. Агемемнонның сөздерін той
алдындағы айрылысуға жорып, әкесінің халіне ашынады. Неке күні
болатын шаттықты, ойын-сауықты ойлап, қуанады.
Бойжеткен қыздың ақыл-ойы осындай той тамашаларында
тұрған сәтте құпия сыр ашылып, қуаныш орнын енді ауыр қайғы
басады. Күтілмеген тосын жағдай Ифигенияны мүлдем есеңгіретіп
тастаған. Ажал келбеті, басында жалаңдаған өткір қылыштың
жүзі көзіне елестейді. Бейбақ қыздың тіпті сөйлеуге де, нала
айтуға да дәрмені қалмаған. Аянышты көздерін әкесіне тігеді, қою
кірпіктерінен ащы жас сорғалайды. Жүрек дертін айтуға сөз таба
алмай, інісін қолына алып, әкесінің кеудесіне басын қояды, алысқа
108
телміре қарап, тұңғиық ойға батады.
Шынымен де осы мейірімді әке оны өлімге қиды ма екен?!..
Жоқ, Ифигения өлгісі келмейді, ешқандай атақ-даңққа балғын
өмірін айырбастамайды. Сезімтал, момын Ифигения осындай ауыр
сәтте де әкесін ойлайды. Парасатты қыздың жалғыз тілегі - әкесімен
армансыз бақұлдасу, махаббатын өзімен бірге қабірге ала кету. Қыз
міне, осындай ойлармен толғана отырып, құрбан болуының негізгі
себебін байқап қалады. Ифигенияның өлімге кесілуі тек әкесінің
әмірі емес, ал бүкіл отандастарының талабы екен. Оның қаны
Троя үстінен жеңіске жетудің кепілі болуы тиіс. Осыдан кейін
Аргос ханшасы дереу өзгеріп, жүрегін қуаныш сезімі билейді. Өз
өлімінің әділетті, ізгі құрбандық болатындығына ешқандай күманы
қалмайды. Себебі, бүкіл Эллада сардардың қызына құтқарушы
деп үміт артқан екен, жалғыз өзінің жанын ойлауы ұят болмай
ма? Ифигения жүрегіндегі наразылықтан ешқандай із қалмайды.
Ифигения образы, жалпы алғанда әлдеқандай көтеріңкі рухта
берілген, бірақ осы көтеріңкілік астында өте нәзік, өмірді сүйген
адал жүректің соғып тұрғанын сеземіз. Көрермен назарында,
бір-біріне қайшы келетін, міне, осындай қарама-қарсы сезімдерді
қатар қойып, суреттеу нәтижесінде образдың өміршеңдігі арта
түседі. Ерипидтің ұлылығы да,қаһармандарының нағыз адамилық
тұлғасы да, міне, осында.
Еврипид Агемемнонды да Ифигения сияқты қарама-қарсы
сезімдердің күресі үстінде көрсеткен. Сардар өз қызын шамадан
тыс жақсы көруіне қарамай, ел мүддесі үшiн әкелік мейірімін
тұншықтыруға, айлакерлік жасауға, жалған сөйлеуге, әйелі мен
қызының алдында өзін қатал ұстауға мәжбүр. Бірақ жалғыз өзі
қалғанда, көзінен аққан жасты тоқтата алмайды.
Жалпы отанға деген махаббат, оның азаттығы үшін жанын
қиюға, жеңуге талпыныс - «Ифигения Авлидада» шығармасының
негізгі мұраты. Бұл идея Еврипид заманындағы ауыр әлеуметтік-
саяси жағдайдың, халықтың үміті мен арманының көрінісі болған.
Отыз жылға созылған Пелепоннес соғысы нәтижесінде тек
Афина мемлекеті ғана емес, ал бүкіл грек полистері түгелімен
әлсіреп, мемлекет құлдырап, халық күйзеліп, грек елі апатқа бір
табан жақындап қалған еді. Қадірлі жұртының ажал далбасасында
алысып жатқанын көрген отаншыл ақын, қатты азап шегеді. Осы
шығармасы арқылы өзара кикілжің ұрыстарды тоқтатуға, грек
109
халқы үшін қасиетті болған Элладаның тағдырын ойлауға, бұл
жолда ғазиз жанды да аямай, отанды апаттан құтқарып қалуға
шақырады. Мұндай отансүйгiштiк идеяларды дәрiптейтiн образдар
Еврипид шығармаларында жиi кездеседi. Грек елiнiң тәуелсiздiгi
қылкөпiр үстiнде тұрған осындай жағдайда отанды қорғау идеясы
ақын шығармашылығында өзектi мәселелердiң бiрiне айналады.
Еврипидтiң пiкiрiнше, соғыс тек ғана опасыз әміршiлердiң
даңққұмарлығы мен жалған саясаты арқылы болатын оқиға. Ақын
әдiлдiк пен еркiндiктi қорғай отырып, басқыншыларға қарсы алып
барылған соғыстарды ғана әділетті деп таниды.
Дәуiрiнiң әлеуметтiк, саяси философиялық және басқа да түрлi
мәселелерiне терең қызығушылық, сол мәселелердi замандастары
назарына ұсыну – Еврипид драматургиясының негiзгi ерекшелiгi.
Ежелгi дүние адамдарының өздерi де Еврипид шығармаларының
мазмұндық тереңдiгiн мойындап, ақынды «сахна философы»
деп атаған. Драматург шығармашылығына берiлген бұл бағаның
дұрыстығын кейін ұлы орыс сыншысы В. Г. Белинский дәлелдеп,
грек ақынына «шабытты, сезiмтал философ» деп баға береді.
Еврипидтiң дүниетанымына заманының ұлы философы Анаксагор,
софистерден Протагор күштi әсер еткен. Бiрақ ақын ешқашан
белгiлi бiр философиялық ағымның iзшiл қолдаушысы болған жоқ.
Ақынның саяси көзқарасында қарама-қарсы пiкiрлер жиi кездеседi.
Еврипид Афина мемлекетiнiң адал азаматы, сондықтан бұл
мемлекеттiң басқару әдiстерiн, еркiндiк негiзiне құрылған заңдарды
дәрiптеп, қолдайды, ақсүйектер билiгін қатты сынға алады. Бiрақ,
Афина демократиялық қоғамындағы бiр талай кемшiлiктер, мәселен
халық мүддесiн ойламайтын кейбiр алаяқ жылпостардың қулықпен
мемлекет билiгiне жетiп алып, соңынан халыққа озбырлық
жасайтыны – драматургте күштi наразылық туғызады («Гекуба»,
«Троялық әйелдер», «Геракл» трагедиялары). Кейбiр жерлерде ақын
тiптi демократияға мүлдем қайшы келетiн пiкiрлердi де алға тартып,
патшалардың iс-әрекетiн де демократиялық принциптерге теңейдi.
Мысалы, «Дұғагөйлер» трагедиясында Тезей патша демократиялық
идеяларды қорғаушы тұлға сипатында дәрiптелген.
Еврипид антик дүние қоғамының ең маңызды проблемаларынан
бiрi болған құлдық мәселесiне де мүлдем өзгеше көзқараста. Афина
мемлекетiнiң ұлы адамдары – философтар, ғалымдар, жазушылар
мен мемлекет қайраткерлерiнен бастап қарапайым халыққа дейiн
110
құлиеленушiлiк құрылысқа табиғи жағдай деп қарап, құлдарын
«сөйлейтiн аспаптар» деп атайтын. Еврипид көпшiлiк арасында
орнығып қалған осындай пiкiрлерге қарсы қатты наразылық
бiлдiредi. Драматург өзiнiң көптеген шығармаларында құлдардың
ауыр тұрмысын бейнелеп, құлдық жағдай адамның ең жақсы
қасиеттерiн тұншықтырып тастағандығын және мұның үлкен
бақытсыздық екендiгiн баяндайды. Ақынның айтуынша, «құлдыққа
түскен адамның тек аты ғана құл, ал жан-дүниесi көбiнше еркiн
адамдардан гөрi таза, пәк болады» [19,56].
Еврипид шығармаларында заманының түрлi проблемаларымен
бiрге, дiни мәселелерге де қатысты бiрнеше күрделi пiкiрлер
айтылған. Ақын өз шығармаларының сюжеттерiн ежелгi аңыздардан
алғанымен, Эсхил мен Софоклге қарағанда ескi дiни нанымдарға
көзқарасында үлкен айырмашылықтар бар.
Еврипид құдайларды суреттегенде, оларды өжет, кекшiл,
мейiрiмсiз, ұнамсыз тұлғалар сипатында көрсетедi.
«Геракл» трагедиясының қаһармандарының бiрi, Афина
патшасы Тезей бiр сөзiнде мынадай дейдi: «Адамдар мен құдайлар
арасында күналардан таза, пәк болып жасаған бiреуi бар ма екен?!
Аэдтардың жырларына құлақ салсаңыз, құдайлардың дiнсiз, заңсыз
жолмен үйленгендiктерiн, әкелерiн бұғаулап, олардың тағын тартып
алғандықтарын естисiз. Құдайлар әрқашан Олимп тауын мекендеп
келедi, өздерінің жасаған қылмыстары олардың ар-ұжданын
қинағанын мүлдем көрмейміз» [20,31].
Жалпы, Еврипидтiң дiни мәселелер, мифологиялық нанымдар
саласындағы пiкiрлерi ескi түсiнiктерге мүлдем қайшы келеді,
бұл салада да жазушы өз заманындағы озық ойлы философиялық
ағымның өкілдері болған софистерді қолдайды. Софистердiң
Еврипидке тигiзген әсерi тек философиялық, әлеуметтiк және саяси
мәселелермен ғана шектелiп қалмайды. Софистер мен Еврипидтi
жақындастыратын ең маңызды мәселе – олардың, жалпы адамға,
негiзiнен, кейбiр тұлғалардың тағдырына терең қызығушылықпен
қарағандықтарында. Софистер өз iлiмдерiнде «адам әр бiр нәрсенiң
жаратушысы» деп, сол адамның күш-қуатына, құдiретiне үлкен
маңыз бергенi сияқты, Еврипид те өзiнiң шығармаларында маңызды
орынға қарапайым адамды қояды және осы тұрғыдан оның
қаһармандары Эсхил мен Софоклдiң қаһармандарынан түбегейлi
ерекшеленедi.
111
Аристотельдiң дәлелдеуiнше («Поэтика», 25-тарау), Софоклдiң
өзi де осы ерекшелiктi атап, «Мен адамның қандай болуы тиiс
екендiгiн суреттеймiн, ал Еврипид адам қандай болса, сол күйінде
көрсетедi» деген екен. Еврипидтiң трагедияларындағы адамдар
шынымен де Эсхил мен Софоклдiң қаһармандарына мүлдем
ұқсамайды. «Медеяның» авторы өз кейiпкерлерiн күнделiктi өмiрде
кездесетiн жай адамдар секiлдi жеке мiнездер, iшкi тартыстар
үстінде суреттейдi.
Егер, сiз Эсхил мен Софоклдiң шығармаларын оқып шыққан
соң, Еврипидтiң трагедияларын қолға алсаңыз, көктегі зәулiм
қамалдар, құдiреттi ғибадатханалар, адам тақылеттес құдайлардың
асқақ ескерткiштерiнен ақырындап төмен түсiп, қым-қуыт қала
көшелерiне, тiршiлiктiң майда-шүйдесiмен әуре болған отбасына
кiрiп келгендей, яки қызғаныш отынан бiр-бiрiне жала жауып
жатқан ерлi-зайыптылар, ғашықтар үстiнен шығып қалғандай күйде
боласыз. Шындығында да, Эсхил драматургиясымен бiрге құдайлар,
құдай тектес қаһармандардың грек сахнасынан шығып қалғаны
секілді, Софоклден кейiн аңыз кейіпкерлері өз орындарын қарапайым
адамдарға бергендей сезiледi. Еврипид өз шығармаларын ежелгi
мифтерден алынған сюжеттерге жазғанымен, оның қаһармандары
өздерiнiң «құдiреттi» қасиеттерiнен айрылған, шынайы өмiрде
жасайтын жай, қарапайым адамдардан айнымайды. Бұлар ендi
тағдырдың зұлматы мен қасiретiне қарсы күресуге әлсiз, оның
азабын қайғы-зармен өткiзетiн, ең қарапайым сезiмдер, ғашықтық,
қызғаныш дертiнде толғанатын сезiмтал, табансыз адамдар.
Олардың қасiреттерi, ендi сiздiң жүрегiңiзде қорқыныш, қиналу,
ызалану сезiмдерiн емес, ал аяныш сезiмдерiн туғызады. Адамның,
әсiресе әйелдердiң ішкі рухани жағдайын және сол жағдайдың өте
күрделi көрiнiстерiн суреттеуде заманының бiрде-бiр жазушысы
Еврипидпен иық теңестiре алмайды. Драматург адамның қайғысын,
iшкi жан тебіренісін жан-жақты терең ашу мақсатында көбiнесе
махаббат мәселелерiне қол созады. Жаңа дүние драматургиясының
ең маңызды және орныққан тақырыптарының бiрi болған ғашықтық
мәселесiмен Еврипидке дейiн ешбiр трагедияшы ақын айналыспаған
едi.
Грек трагедиясындағы қалыптасқан дәстүр бойынша
Еврипид шығармаларына хор әрдайым қатысып отырғанымен,
ол ендi оқиғалардың негiзгi жетекшiсi мiндетiн атқармайды.
112
Кейбiр шығармаларда, тiптi әрекеттiң дамуына кедергi болады.
Драматургияның Еврипид шығармашылығында сақталып қалған
ежелгi бұл элементін алып тастаған жағдайда да, оның мазмұнына
оншалықты зиян келмейдi. Ендi жазушы оқиғаларды әрекетке
келтiрудегi барлық жүктi актер мойнына артады. Актердiң ойыны
арқылы ғана кейiпкерлердiң табиғатын, жан-дүниесiн ашады,
оларды жеке тұлға дәрежесiне көтередi, қарама-қарсы әрекеттердi
тоғыстырады және осы жолмен өзiнiң мақсаты мен идеяларын
көрерменге жеткiзедi.
Актердiң рөлiн көтеру нәтижесiнде, драмалық шығарманың
тиімді тәсiлдерiнiң бiрi болған монологтың ауқымы мен
мүмкiндiктерi кеңейедi. Эсхил мен Софоклдiң шығармаларында
монолог тек сахнадан сыртта болып жатқан оқиғалар туралы
хикаялаушы яки мақсат пен идеяларды баяндаушы бiр тәсiл мiндетiн
атқарған болса, Еврипид бұл тәсiлдi психологиялық бейнелеудiң
негiзгi құралына айналдырады.
Еврипидтiң трагедияға енгiзген мұндай жаңалықтары, өз
кезегiнде бұл жанрдың характерiн түбегейлi өзгертiп жiбередi. Эсхил
мен Софокл трагедияларында адамның басына түскен қасiреттер,
негiзiнен құдiреттi күштер тарапынан жiберiлген жаза түрiнде
суреттелген болса, Еврипид әрқандай қайғылы жағдайды адамның
жеке қылмыстары және рухани кемшiлiктерiмен байланыстырады.
Ежелгi грек трагедиясы Еуропа театры тарихындағы ең алғашқы
қадам және үлкен мектеп болды. Жаңа заманның ұлы ақындары
Шекспир, Корнель, Расин, Шиллер, Гете тағы басқалар мiне, осы
мектептен үйренді. Бiрақ ежелгi грек трагедиясының дүниежүзiлiк
маңызы мұнымен шектеліп қалмайды. Ұлы трагедияшылар
жазған құнды шығармалар арадан екi жарым мың жылдай уақыт
өтуiне қарамастан, дәл осы күнге дейiн өз маңызын жоймай, әлем
сахнасында қойылып келедi. Өздерiнiң идеялық мазмұнымен,
көркемдiк сұлулығымен бiздi әрқашан таңдандырады, ойландырады.
Достарыңызбен бөлісу: |