Гаргантюа мен Пантагрюэль романының бесінші кітабы жазушы қазасынан соң жарияланды. Шығармада Панург, Пантагрюэль және оның достарының бастарынан өткен оқиғалардың жалғасы баяндалады.
Олар алдымен Дауыс аралына барады. Бұл жерде әр түрлі жыртқыш құстар жасайды. Олардың әрқайсысының өз аттары бар: клерго, манго, аббего, эвего, карденго және папего. Бұл құстар шіркеу қоңыраулары астында тынымсыз секіріп, қиқулаудан басқаны білмейді. Олар тіршілік киындықтарынан қашып келген құстар еді. Астың көптігінен олар суыр сияқты өте семіз. «Семіз құстар сайрамайды, бірақ екі құстың үлесін қиналмай-ақ жейді» дейді автор.
Жазушы Дауыс аралындағы өмірдің көрінісі мен ол жерде жасайтын құстардың образдары арқылы католик шіркеуі клерк, монах, аббат, епископ, кардиналдарының және Рим папасының арамтамақтықпен өмір сүруін әшкерелейді. Саяхатшылар мамық жүнді мысықтар еліне барғандарында бұдан да қорқынышты оқиғаларға кездеседі. Мамық мысықтар өте жауыз мақұлықтар еді. Олардың тырнақтары қатты, ұзын әрі өткір, егер олардың уысына бірер нәрсе түссе, одан құтылып шығу қиын. Әрқандай жиіркенішті
істен, жауыздықтан қайтпайтын, мәрмәр тастар үстінде кішкентай сәбилерді жеп, қоректенетін бұл жыртқыштар орта ғасырлардағы сот қызметін, жемқор, сатқын судьяларды еске түсіреді. Соңынан саяхатшылар квинтэссенция (схоластика) үстемдік еткен жерге барады. Бұл жерде тек ғана абстракциялық ойлармен өмір сүреді, ауруларды музыкамен емдейді екен. Кейін, олар Даналық билігіне - қасиетті Бөтелке еліне келеді, Бамбук Панургті бөтелке қамалының ішіне алып кіреді. Панургтің қойған сұрағына Бөтелке «тринк», яғни
«іш» деп жауап береді. Оның мұндай күлкілі, астарлы сөздерінде
«білім, даналық бұлағынан қанып ішіп, шөліңді қандыр» деген терең мағыналар жатқан еді.
Рабле - дәрігер, ұлы гуманист, жаратылыстанушы ғалым. Сонымен бірге, ол сатирик жазушы да. Оның діни надандықты сынап, бақытты тұрмысқа үндеуі Рабленің материалистік ой- пікірлерге жақын жатқандығының айғағы. Бұл ерекшелік оның әдеби әдісінің реалистік мазмұнын да белгіледі. Рабленің күрес құралы - өткір сөз. Ол сөз арқылы достарын күлдіреді, қуаныш сыйлайды, дұшпандарын келеке етіп, масқаралайды. Оның күлкісі нәзік, сыңғырлаған күлкі емес, керісінше баршаға естілетін, надандықпен тұмшаланған қоғамды өзгертуге бағытталған салауатты, өміршең әрі ащы күлкі. Рабле өз шығармаларында халық ауыз әдебиеті мұраларынан кең пайдаланды. Бұл реалистік шығармашылықтың өзіне тән қасиеттерінің бірі болатын.
Рабле сорбоннашылар (католиктер) жағына да, кальвиншілер (протестанттар) жағына да қосылған жоқ. Ол осы екі діни ағымды да ұнатпаған еркіндіксүйгіш Деперьеге өте жақын тұрды. Шығармада магистр Ианатус де Брагморданың сөзі теология факультетіндегі схоласт ғалымдардың мағынасыз шешендігін әжуалаған ғажайып пародия.
Рабле христиан діні қағидаларының жаттанды, жалған екендігін айтып масқаралайды. Оларды әшкерелеуде мысал және суреттеудің өткір әзіл формасы болған гротесктен де мол пайдаланды. Гаргантюаның өзгеше таңғажайып табиғи жағдайда дүниеге келуі (анасы Гаргамелидің құлағынан шыққандығы) туралы әңгімелеген жазушы астарлап сөйлейді: «Не үшін сіз сене бермейсіз? Мүмкін, бұл шындықтан алыс жатыр ғой дерсіз. Сіз маған сене беріңіз, себебі мұндай уақиғаларды сорбоннашылар «көзге көрінбейтін нәрселердің аян беруі» деп ашықтан-ашық дәлелдейді. Бұл жерде
заңымызға, сенімімізге қайшы келетін бірдеңе бар ма?.. Ақыры құдай әмірімен осы нәрсе болған екен, сіз құдай бұлай жасай алмас еді деп дәлелдей алмайсыңыз ғой? Ендеше, пайдасы жоқ ойлармен басыңызды қатырмаңыз. Себебі, құдайдың қолынан келмейтін нәрсе жоқ, егер ол қаласа барлық әйелзаты балаларын тек ғана құлағынан туар еді». Рабле христиан діні қағидаларын көне діни әдет-ғұрыптар дәрежесіне түсіреді, антик аңыздарда хикаяланған таңғажайып оқиғалар туралы күлкілі мысалдар келтіреді Мәселен, «Вакх Юпитердің санынан, Роктальярд анасының табанынан, Минерва Юпитердің миында пайда болып, құлағынан келіп шыққан» дейді. Рабле кальвиншілерді де, католиктерді де аямайды. Соның үшін де Кальвин Раблені «дінсіз» деп айыптайды.
Рабле орта ғасырлық халық кітаптарындағы гротеск (шендестіруге құрылатын, әжуа, күлкіге ерекше мән берілетін көркемдік бейнелеу тәсілі) әдісінен пайдаланып, шығарма кейіпкерлері Гаргантюа мен Пантагрюэль образдарын алып- дәулер бейнесінде беріп, алып адамдар образы арқылы гуманистік идеяларды алға тартады, шіркеудің діни танымын масқара қылады. Рабле алып корольдерді жомарт жандар ретінде суреттейді және оларды озбыр, залым, жауыз корольдерге (Пихрохол, Анарх) қарсы қояды.
Рабле жасаған халықшыл корольдер образы осы дәуірдегі озық ойлы қайраткерлердің армандаған әділетті патшаның бейнесі еді. Бірақ мемлекетте жүріп жатқан діни соғыстар, озбырлықтың күшеюі, Франциск I-нің соларды қолдауы Рабленің көзқарастарында да өзгеріс жасады. Романның соңғы кітаптарында Пантагрюэль образы жомарт, сақи адам сипатында емес, ал көңілді, пантагрюэлизм пәлсапасын насихаттаушы, саяхатшы қайраткер сипатында көрінеді, бұл тосын жағдай емес еді.
Рабле шығармаларының сөз өнері тарихында алатын орнын көрсете келіп, Бальзак «Рабле - біздің жалпы ұстазымыз» деп жоғары баға берді.
Рабле шығармашылығының демократиялық рухы, сатиралық әдісі, өмірсүйгіш күлкісі әлемдік әдебиеттің дамуына мол әсер етті. Оның көркем дәстүрлеріне үлкен қызығушылықпен қараған, сатиралық жолын жалғастырған Францияның ірі гуманистері Анатоль Франс («Пингвиндер аралы»), Ромен Роллан («Кола Зрюньон») сияқты жазушылар болды.
Достарыңызбен бөлісу: |