Романның үшінші кітабы
Гаргантюа мен Пантагрюэль романының үшінші кітабы 1546 жылы шығады. Эпопеяның бірінші бөлімінің жазылғанына он үш жыл болған еді. Осы кезеңде көптеген гуманистер, Робер Этьен, Клеман Маро және басқалар қуғынға ұшырайды. Протестанттарды қолдап келген Франциск I өз бағытынан таймайды.
Жазушының жаңа кітабында сорбоннашыларды сынау арқылы монахтардың бұзықшылықтары айқынырақ әшкереленеді.
«Монахтар жасау үшін жемейді, жеу үшін жасайды» т.б.
Өмірмен байланысы жоқ арамтамақ, сауатсыз, дүмше ілімпаздар үстінен күлу жазушының әрқашан назарынан тыс қалмайды.
«Шындығында, қазіргі уақытта арыстанның жалы, аттың жаурыны, өгіздің мүйізі, қодастың тұмсығы, қасқырдың құйрығы, ешкінің сақалы, құстың тырнағынан ұстап алу жеңілірек, - дейді. Гаргантюа Панургтің білімпаз Труйогюнмен әңгімесін естіп, - бірақ ешкім мұндай философты сөзбен құрықтай алмайды».
Үшінші кітапта, негізінен Панургтің өмірі, оның дүниетанымы бейнеленген. Панургтің үйленуі, діндар, тәуіп, балшы, заңгер және т.б. туралы әңгімелерінде осы кезеңдегі келеңсіздіктер әшкереленеді. Әсіресе, жазушы дін және билік өкілдерінің ымырашылдығымен, екіжүзділігімен келісе алмайды. «Қане, көздеріңді құртыңдар, оңбағандар! Көресіңдер әлі, көкелеріңді танытармын, иттер! Қане, бұл жерден жоғалыңдар, екіжүзді найсаптар!» деп сөз бастайды ол үшінші кітаптың кіріспесінде. Бірақ Рабле әділетті билеуші туралы ойынан қайтпағанымен, оның мемлекетке әділетті тәртіп орната алу күшіне сенімі азайғандығы сезіледі. Жазушының халыққа қамқорлық жасау пікірі бұрынғы қалпында еді. Рабле басып алынған мемлекет халқын тонау, қорлау және оны темір таяқпен
бағындырудан басқа ойы жоқ залым билеушілерден жиіркеніп, халыққа қалай қарым-қатынас жасау керектігін айтады. «Жаңа туған нәресте секілді халықты сүтпен бағу, еркелету, жұбату керек... Ұзақ жатып, ауыр науқастан емделе бастаған адам сияқты мәпелеп, әлдилеп өсіру керек. Сөйтіп, ол дүниеде король мен билеушілер жоқ екендігіне сенсін, олардың өзара дұшпандығынан қорықсын және олардың татулығына мақтансын» дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |