Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»


Италиядағы Қайта өрлеу әдебиеті



бет34/110
Дата15.11.2023
өлшемі1.32 Mb.
#483316
түріОқулық
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   110
Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» м-emirsaba.org

Италиядағы Қайта өрлеу әдебиеті

Еуропадағы Қайта өрлеу қозғалысының отаны - Италияда капиталистік өндірістің алғашқы негізі болған мануфактура дүниеге келді. Мемлекеттің бірнеше қалаларында сауда-саттық тез дамыды. Венеция мен Генуя сауда арқылы атағы шыққан бұл кезеңде, Флоренция өндіріс және банк істерімен даңққа бөленді. Осы жерде жүн мен жібек өндірісі кең өріс алды.



Жұмысшылар бір мекемеге біріктірілді және оларды қанау күшейді. Сөйтіп, бұл кезең алғашқы капитал топтау дәуірі
болды. Италияда қалалық-республикалық биліктің жеңіске жетуі, қолөнерінің және сауданың тез дамуы Ренессанс әрекетінің алдымен осы мемлекетте дүниеге келуіне жағдай жасады.
Ренессанстың ерекше белгілері алғашында Данте шығармашылығында көрінгенімен, Қайта өрлеу дәуірі толық мағынасында XIV ғасырдың екінші жартысынан басталды және XVII ғасырға дейін жалғасты.
Италияда Қайта өрлеу әрекеті басталған XIV ғасырда байлар мен кедейлер арасындағы күрес күшейді. Халық қозғалысынан қорыққан буржуазия кейбір қалаларда республикалық биліктің орнына монархияны орнатады. Солай болса да, мемлекеттің мәдени өмірі қала коммуналарымен әлі де тығыз байланыста болатын. Мұның өзі алғашқы Ренессанс әрекетіне демократиялық сипат берді.
Бірақ қалалардағы төңкерісшіл әрекеттің күшпен бастырылуы, еркін коммуналар орнына монархиялық биліктің орнауы XV ғасырдағы гуманистік әдебиетке едәуір өзгерістер алып келді. Көп гуманистер шынайы халық өмірінен алыстап, антик әдебиет үлгілері мен ондағы образдарға көңіл бөле бастайды. Итальян тілінде емес, өлі латын тілінде жазуға ұмтылыстар күшейді.
Осыған қарамастан ақсүйектер тонын жамылған XV ғасыр гуманизміне халықтық қасиеттер де тән еді. Орта ғасырлық тәртіптер мен діни озбырлықты сынға алу, феодалдық әдет-ғұрыптардан арылған Адам баласының өз еркіндігі үшін күресін жырлау бұған дәлел бола алады.
Қайта өрлеу дәуіріндегі Италия жазушылары антик мәдениет ескерткіштерімен танысуға кіріскен бірінші сатыда латын тіліндегі шығармаларды үйренеді. Грек жазушыларының кітаптарымен танысу екінші сатыда басталады. 1453 жылы түріктер атақты қала Константинопольді жаулап алғанда, Византия империясы күйрейді. Мәдени ескерткіштерге де үлкен зиян келеді. Өнер мен әдебиет өкілдері қуғынға ұшырайды. Өте көп ғалымдар Италияға келіп, бас сауғалады. Олар бұл жерде грек тілінен дәрістер оқыды. Осы тілді үйренген итальян гуманист жазушылары грек жазушыларының туындыларын түпнұсқадан оқып, үйрене бастайды. Бұл мәдени байланыс итальян әдебиетінің дамуына үлкен әсер етті. Өйткені, гуманистер христиан діні негіздерінен тыс және тұрмыстық мәселелермен тығыз байланысты болған антик
дүние философиясы, әдебиеті мен өнерінде демократиялық рухтағы қоғамдық құрылысты байқайды. Бұлар шіркеуге қарсы күресте гуманистер қолындағы күшті қару болды. Бірақ антик әдебиетті үйренуде екі түрлі бағыт болды. Бірінші бағыттағы қаламгерлердің антик мәдениетке берілгендігі сонша, олар тіпті өз тілдерін де ұмыт қалдырады. Мұндай қатынас формальды түрде болып, антик мәдениет мазмұнын түсінбеушілікке алып келді. Екінші бағыттағы гуманистер антик мәдениет мұраларын игеріп, одан құлдырап бара жатқан феодалдық-шіркеу саясатын әшкерелеуге пайдаланды және өз дәуірі талабына сай гуманизмге негізделген қоғамдық сананы қалыптастыруға ұмтылды. Олардан Полициана, Макиавелли, Ариоста сияқты жазушылар өсіп жетілді.
Қайта өрлеу әрекеті ескі тәрбие жүйесіне де көп өзгерістер енгізді. Орта ғасыр тәртіптеріне бағындырылған оқыту әдісі барлық пәндерді діни ілімге тәуелді қылатын. Осыған орай, ескі мектеп аскеттік танымдар болған догматизм мен схоластикаға негізделіп, адамды адасудың, қателіктердің балшығына белшесінен батқан
«күнаһар пенде» деп көрсететін. Адам табиғатының пәктігіне сенген гуманистер орта ғасыр педагогикасы мен оқыту әдісін сынға алып, «адамға жан-жақты жетілген, еркін тәрбие беру керек» деген пікірді алға тартады.
Гуманистер мектепте тәрбие істерін қайта құрумен бірге жоғары білімді де реформалауға кірісті. Италия қалаларында алғашқы жоғары құқықтық мектептердің пайда болуы үлкен жаңалық еді. ХІІ ғасырда атақты Болонья университеті ашылды. Оның заңгерлері Рим құқықтануы туралы зерттеулер жүргізді. Бұл бағыт Қайта өрлеу дәуірінің негізін қалаған маңызды әрекеттердің бірі болды.
Мемлекеттің мәдени өмірінде тіпті күтпеген жаңалықтар бола бастайды. XIII-XVI ғасырларда Италия қалаларында 22 университет ашылды; оларда құқықтану, медицина пәндері оқытылды. Антик тарихты, әдебиет пен өнерді үйрену мәдениеттану ілімдерінің тууына жағдай жасады. Математика, физика, астрономия салаларындағы қол жеткен табыстар Қайта өрлеу дәуірінде тек ғана гуманитарлық ғылымдар емес, сонымен бірге жаратылыстану ғылымының да дамуына негіз болды.
Қайта өрлеу дәуірі әдебиетінде табиғатты суреттеуде де жаңа мазмұн пайда болды. Мұндай жағдай Данте шығармашылығындағы сияқты ақынның рухани сезімін символдастырмайды, ал өзінің
шексіз сұлулығымен адамның арман-сезімін оятушы күшке айналады.
Қайта өрлеу дәуірі жазушыларының шығармаларында адам мен оны қоршаған дүние, адамның шексіз мүмкіндіктері мен күш-қайраты маңызды орын алады. Адамның ішкі сезімдері жаңа жағдайда орта ғасырлық діни өмірге күшті қарсылық көрсетеді. Петрарканың сонеттері, өмір қуаныштарына толы Боккаччо хикаялары осындай рухта жазылған шығармаларға жатады.
Қайта өрлеу дәуірі реализмінің басты қаһармандары мінезінде ержүректік пен жомарттық бірге тоғысады. Адам еркіндігін қорғаған ірі гуманистер өз күшіне сенген, әділеттік үшін күресуші, жүрегі таза батыл образдарды жасау арқылы Қайта өрлеу дәуірінің өмірсүйгіштік рухын да бейнеледі.
Флоренцияның саяси өмірінде шешуші рөл атқарған гвельфтер партиясында бірлік болған жоқ. Бұл партияға саудагер, банкир, өндіріс қожайындары, жалпы дворяндар біріккен еді. Соңынан осы партия екіге – «ақтар» мен «қараларға» бөлініп кетті. «Қаралар» Флоренцияда сауда мен банк жүйесінің өсуіне әсер еткен папамен одақтасуды жақтады. Сауда-өндіріс орындарының тез байып бара жатқандығы және халық көтерілісшілерінен қорыққан «ақтар» тобы болса, императордан көмек күтті. 1302 жылы «қаралар» папа Бонафацийге жақындап, жеңілген дюряндармен (гибеллиндер) одақтасып, «ақтардың» тоз-тозын шығарды. Осы дәуірдің ұлы жазушысы Дантенің өмірі сол саяси партиялардың қырғын күресі жағдайында өтті. Оның өзі Флоренция коммунасы жағында болып, дворяндар партиясы гибеллиндерге қарсы күресті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   110




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет