Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»


«Құдіретті комедия» поэмасы



бет37/110
Дата15.11.2023
өлшемі1.32 Mb.
#483316
түріОқулық
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   110
Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» м-emirsaba.org

«Құдіретті комедия» поэмасы

«Құдіретті комедия» - Данте шығармашылығының толысқан шағындағы саяси-философиялық және әдеби қызметінің қорытындысы ретінде оны «орта ғасырдың ең соңғы және жаңа дәуірдің ең алғашқы ақыны» деп танытқан шығармасы. Данте әлі де орта ғасыр әдет-ғұрыптарының, схоластикалық ілімнің әсерінде болғанымен, бұл шығармада ол заманагөй мәселелерді



фантастикалық бояулармен суреттеп, жаңа сыншыл пікірлермен көрінеді, бүкіл орта ғасырлық мәдениетке философиялық-әдеби қорытынды жасайды. Гуманистік идеяларды қорғаған ұлы қаламгер осы кезеңде өріс алған діни көзқарастарға қарсы аянбай күресті.
Данте өз шығармасын «Комедия» деп атаған. Ақын өлімінен соң оған «Құдіретті» сөзі қосылған, әрине бұдан кітап діни мазмұнда деген ой тумауы тиіс, себебі, бұл сөз шығарманың көркемдік тұрғыдан үздік туынды екендігін білдіру үшін қолданылған.
Данте «Құдіретті комедияны» жазуда орта ғасырдағы
«видение» (қияли ертек) жанрындағы аллегория мен символикадан пайдаланған, бірақ онда діни әдебиетте дәріптелетін «о дүниені» үш бөлімге – «Тамұқ», «Ғарасат майданы» және «Ұжмаққа» бөлген. Шығарманың әр бөлімі 33 өлеңнен тұрады, кіріспе бөлімі бір өлеңнен, барлығы 100 өлеңді құрайды.
Данте бейнелеген «Тамұқ» (шығарманың бірінші бөлімі) жердің орталығына орналасып, ол 9 қабат шұңқырдан тұрады. Күнаһар жандар осы қабатты шұңқырларда азап шегеді. Қабат төмендеген сайын жан қаттырақ қиналады. Ең маңыздысы, Данте өзінің саяси дұшпандарын осы тамұққа түсіреді, әсіресе, христиан діншілдерін қатты сынға алады және оларды тамұқтың ең төменгі қабатына орналастырады. Дантенің суреттеуінше, «Ғарасат майданы» (поэманың екінші бөлімі) жерге қарама-қарсы орналасқан. Жер мен оны үлкен мұхит бөліп жатады. Мұхит ортасындағы аралда биік тау бар. Тау жеті қат болып, олардан өтіп бара жатқанда күнаһардың күналары біртіндеп жуылады. 7 қаттан көтерілгенде 7 күна (қызғаншақтық, арамдық, өшпенділік, үмітсіздік, сараңдық, мешкейлік, бұзықтық) жойылады және ол Ұжмаққа кіреді. «Ұжмақ» 9 қабатқа бөлінеді, жан қанша жоғары қабатқа көтерілсе, құдайдың сонша шарапатына бөленеді.
Данте 35 жасында қараңғы орманда адасып қалады. Осы кезде күн сәулесі түсіп тұрған алаңқайға қарай жүре бергенде, үш жыртқыш аң - епті барыс, аш жолбарыс, жауыз қасқыр оның жолын тосады. Кенет осы кезде «күтпеген қамқоршы», яғни Рим империясының атақты ақыны Вергилий жетіп келіп, жәрдемдесуге Беатриче жібергендігін айтады. Вергилий Дантеге тамұқта азап шегіп жатқан жандарды көрсетпекші болады.
Тамұқтың жолында қоғам үшін мүлдем қадірі жоқ қорқақтар мен сатқындар жатады. Олардың жасаған өмірі түтін сияқты тез сейіліп
кететіндіктен тамұққа да кіре алмайды. Вергилий шәкіртіне: «Қара да, қасынан өтіп кете бер», - дейді. Қорқақтар арасында Данте ауыр кезеңде өзін тастап кеткен партиялас досын кездестіреді.
Ақын ұстазы Вергилийдің жетегінде тамұқтың бірінші кабатына кіреді. Бұл жерде антик әдебиеттің ірі өкілдері - ұлы ұстаз Гомерді, соңынан Гораций, Овидий мен Лукианды көреді.
Христиан танымы бойынша, ежелгі дүние адамдары, яғни көне діндегілер ұжмаққа кіре алмайтын еді. Олар да тамұққа түседі, бірақ жазушы оларға жайлы жерден орын береді, бұл Дантенің көне дәуір данышпандарына өте үлкен құрметпен қарағандығын білдіреді.
Тамұқтың екінші қабатында құмарлыққа салынғандар шаң- тозаңға батып жатады. Олардың ортасында Вавилонның аңызға айналған ханшасы Семирамида, Карфаген ханымы Дидона, Мысыр ханымы Клеопатра, сұлу Елена, Парис және басқалардың жүздері көрінеді. Әсіресе, екі ғашықтың жекеленген сұлбасы көзге ерекше түседі. Бұл Паоло есімді жігіт пен Франческа да Римини есімді қыздың сұлбалары еді. Франческа ақылды, өмірсүйгіш жігіт Паолоға ғашық болады. Бірақ қызды Паолоға емес, ал оның ағасына - әке дәулетінің мұрагері Джанчоттаға береді. Қыз өзінің алданғандығын тойдың екінші күні ғана аңғарады. Джанчотта үйде жоқ кездері, екі ғашық жасырын кездесіп жүреді. Соңынан Франческа мен Паолоның жақындығынан хабардар болған Джанчотта, оларды қылышпен шауып өлтіреді. Күнаға батқан ғашықтар тамұққа келіп түседі. Бірақ Данте қыз хикаялаған осы қайғылы оқиғаны құлақ сала тыңдап, қыздың аянышты халін көріп, аһ ұрып, есінен танып қалады. Бұл жерде де Дантенің көзқарастары айқын көрінеді.
Бір жағынан ол махаббатты «күна» дейді және сол үшін ғашықтарды тамұққа алып келеді, екінші жағынан, қыздың хикаясын бар ықыласымен тыңдайды, оған аяныш білдіреді. Бұл жағдай ақында жаңа заманға тән гуманистік түсініктердің туып келе жатқандығынан дерек береді.
Тамұқтың үшінші қабатында өзі тойса да, көзі тоймайтын мешкейлер, төртіншісінде залым папа мен кардиналдар, бесіншісінде кегін баса алмағандар мен патшалар жазаланады. Алтыншы қабатта дінсіздер жатады, осы жерде ересьтікте айыпталған папа Анастасий де бар. Жетінші қабатта зорлықшылар мен жендеттер өздері төккен қандарға былғанып жатыр.
Сегізінші қабатта түрлі күнаһарлар - өтірікшілер, арын сатқандар
от ішінде жазаланады. Өз мансабын пайдаланған папа Николай ІІI бір шұңқырда жалын ішінде арпалысып жатады. Ол Дантеге қарап,
«сен менің орныма келдің бе», деп қуанады, Данте оған «сенің күткен адамың мен емес», деп жанынан өтіп кетеді. Папа Николай III орнына папа Бонифаций VIII келуі керек екен. Осы қабаттың бір шетінде екі жүзділер мен жемқорлар жазаланады. Ұрылар да осы қабатта азапқа батады.
Тамұқтың тоғызыншы қабатында ең ауыр қылмыс жасағандар мұз үстінде азап шегеді. Олар бір-бірін тістейді,. шаштарын жұлады. Әсіресе, Угалино хикаясы баяндалған эпизод жантүршігерліктей. Ол Руджермен бірге тамұққа түскен. Ақтар партиясының мүшесі граф Угалино гибелиндер бастығы - арам ниетті архиепископ Руджерге сеніп, өзінің құпия сырын айтып қойған. Гибеллиндер жеңіске жеткен соң, ол Уголиноны айыптап, балаларымен бірге зынданға тастайды. Аштық төрт ұлын да жалмайды. Оның өзі де ауыр жағдайда қалған, аштық оны ақыл-есінен айырады, сөйтіп өліп жатқан балаларының мүрдесін жеуге мәжбүр болады. Бірақ Уголино да аштан өледі.
Вергилий Дантені «Тамұқтан» соң жеті қабаттан тұратын
«Ғарасат майданы» бөліміне алып барады. Күнасы онша ауыр емес жандар осы қабаттарда тазарудан өтіп, ұжмаққа кіреді. Олар ұжмақ есігіне жеткендерінде Вергилий көзден ғайып болады, (ол христиан болмағандықтан ұжмаққа кіре алмайтын еді), әп-сәтте пайда болған Беатриче Дантені ішке алып кіреді. Оған тоғыз қабаттан тұратын ұжмақты тамашалатады. Данте мұнда император Генрих VII үшін арнайы орын дайындалғанын көреді.
Поэманың бірінші («Тамұқ») бөлімі оның екінші («Ғарасат майданы») және үшінші («Ұжмақ») бөлімдеріне қарағанда көркемдік жағынан едәуір жоғары тұр. Өйткені, онда дүниетанымдық мәселелерге қатысты оқиғалар кең түрде суреттелген.
Дантенің күшті реалистік бейнелеуге шеберлігі де осы бірінші бөлімде айқын көрінеді. Адам образдары мен олардың ішкі сезім- толғаныстары өте қысқа эпизодтар арқылы терең ашылады. Олар жер бетінде қандай қасиеттерге ие болса, тамұқта да осы белгілерімен суреттеледі. Күнаһарлар тамұқта да Дантемен бірге сол замандағы флоренциялық адамдарды толғандырған саяси мәселелерді талқылайды.
Белгілі гибеллин Фарината дели Уверти (X-өлең) тамұқтың
алтыншы қабатында ересьтермен бірге отқа күйіп жатса да, оның жүрегі бұрынғыша кекке толы еді. Данте өз қаласын бағындырудағы осы ер жүрек батырдың күші мен жігеріне риза болады. Өйткені, Фарианатаны осындай ауыр халде жатса да жер бетіндегі өмір қызықтырады.
Алмағайып, бір қабірден құдіретті үн қатты, Ой-санамды ойран етіп, тұңғиыққа құлатты, Жабыстым да, қатып қалдым көсеміме қуатты.
«Неге сонша бұйығасың, неге имене бересің Фарината көтерілді, әне, қара көресің.

Кіндігінен жоғары көрініп тұр денесі»[102.51].


Данте өзінің көркемдік әдістерінде табиғат құбылыстарын да шебер пайдаланады. Мұзды көлде азап тартып жатқан, суға бір батып, бір қалқып жүрген қанішерлерді көл бақаларға ұқсатады.
«Олардың жүрегіндегі ызғар, кек пен қайғы көздерінен айқын сезіледі» («Тамұқ» XXXII-өлең).
Беттен бөлек тәндері мұз астында көмулі, Сақылдайды тістері соққандайын темірді, Күнәкарлар көгеріп, мұз құрсауда көрінді.
Жасытады жүздерін жаһаннамда ділгіріп, Көрсетеді бейнесін тамұқ жатқан бүлдіріп, Ауыздары – аязды, көздері – мұңды білдіріп.

[102.164].


Айналаны аңғарып, басымды идім және мен, Екі жанды байқадым, қосарланған денемен;
Тұтасып кеткен шаштары, аумайды бір түп көдеден.

Отты шұңқырда жазаланып жатқан сатқын кеңесшілерді («Тамұқ» XXVI-өлең) Данте Флоренция түніндегі жалтырауық құрттарға теңейді. Отан намысына дақ түсірген мұндай жандарды қарғыспен тілге алады.


Данте табиғат құбылыстарына ерекше мән береді. «Тамұқтағы» қайғыны бейнелеген бояу мен зұлмат «Ғарасат майданында» ашық аспанмен ауысады. Данте «Ұжмақтағы» таңғажайып бақтарды өз отанындағы гүлденген сұлу бақтарға теңейді.
Дантенің көркемдік шеберлігі, қарапайым тілі, қысқа

баяндаулары, әсерлі үзінді және образдары терең гуманистік идеяларды суреттеуге мол мүмкіндік берген.


Дантенің «Құдіретті комедия» поэмасы әлемдік әдебиеттің тандаулы шығармаларының қатарынан орын алатын туынды.
Дегенмен, Данте толық мағынасындағы Ренессанс әдебиетінің жазушысы емес, өйткені оның шығармашылығында ескі заманның танымдары жаңа пікірлермен араласып кеткен. Ол орта ғасыр діни әдебиет дәстүрлерімен байланысты еді. Оның поэзиясына тән болған аллегоризм мен христиан символикасы осының нәтижесі болатын. Мәселен, поэманың басында Дантенің қараңғы орманда адасып қалып, үш жыртқыш аңға кездесуі және көне Рим ақыны
«ұстаз» Вергилийдің кенет пайда болып, Дантеге жәрдем беруі аллегорияның айқын дәлелі. Қараңғы орман - діни таным тұрғысынан күнаға толы ақиқат өмір, үш жыртқыш аң - адамды апатқа апаратын үш нұқсан - аярлық, қанағатсыздық және даңққұмарлық. Саяси тұрғыдан алғанда жазушы «Қараңғы орман» деп XIV ғасырдың бастарындағы Флоренцияны айтады. Тамұққа «саяхат» жасаған Дантенің түрлі күнаһарларды көз алдынан өткізіп, оларға сын айтуы адам санасының оянып келе жатқандығының белгісі еді.
Поэманың көп образдары діни танымнан тыс, саяси мазмұнға ие. Данте ұстазы Вергилийдің «Энеида» поэмасынан үлгі ала отырып, дүние жүзілік империя туралы гибеллиндердің идеясын символдастырады. Қызығы сонда, гибелиндермен күрескен папа тамұққа түседі. Цезарьді өлтірген Брут пен Кассий ең ауыр қылмыскер қатарына жатқызылады. Дүние жүзілік билік үшін күрескен Генрих VII-ге ұжмақтан орын беріледі. Әсіресе, поэманың соңында католик шіркеуі мен оның діншілдері баққұмарлық, мешкейлік, қанағатсыздықта айыпталып ең ауыр жазаға тартылады. Шығармадағы дінге қарсы сарын да жаңа туып келе жатқан Қайта өрлеу дәуірі әдебиеті үшін негізгі қару болып қызмет етеді.
Дантенің «Құдіретті комедиясының» композициясы өте шебер жасалған. Шығарма құрылысында үштік (поэманың үш бөлімнен құралуы, үш жыртқыш аң, шайтанның үш жүзділігі, тіпті өлеңдердің терцина - үш жолды болып келуі) троица туралы христиан идеясының символы ретінде көрінсе де, шығарманың жазылуында антик әдебиет үлгілері негізгі рөл ойнағандығын еске алсақ, поэма өз мазмұнымен христиан ілімінің құрсауын бұзып, кең, сара жолға шыққандығын байқаймыз.
Христиан діні мен папаның аярлығына, сатқындығы және залымдығына қарсы күрескен ұлы гуманист ақынның «Құдіретті комедиясы» дүние жүзі әдебиеті тарихындағы маңызды шығарма болып, мемлекеттердің демократиялық негізде дамуына кедергі жасап отырған кертартпа топтарды әшкерелеуші күшімен құндылығын жоймай келе жатқан асыл мұралардың бірі.
Данте орта ғасырлық әдет-ғұрыптар және схоластикалық ілім әсерінде болса да, заман шындығын фантастикалық бояулармен бейнелеген, жаңа сын-пікірлерімен бүкіл орта ғасыр мәдени өміріне философиялық-әдеби қорытынды жасаған, шығармашылығын отанның ұлттық бірлігін қалыптастыруға сарп еткен ұлы тұлға еді. Бұдан кейінгі дәуірлерде әсіресе, Италияда ұлт-азаттық әрекеті күшейген XIX ғасырда ақынның ғажайып туындысы отан сүйгіштер жүрегіне ұялап, оларды азаттық пен тәуелсіздік үшін күрестерде рухтандырды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   110




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет