Оқулық «Мәдениеттану»


Қазақстан жеріндегі дәстүрлі шаруашылық-мәдени типтер



бет46/57
Дата03.01.2022
өлшемі1.81 Mb.
#451815
түріОқулық
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   57
Мадениет тану экзамен

Қазақстан жеріндегі дәстүрлі шаруашылық-мәдени типтер

Қазақ мәдениетін қарастырғанда туатын маңызды мәселе шаруашылық-мәдени типтердің (ШМТ) өзіндік ерекшеліктерін анықтаумен байланысты. Шаруашылық-мәдени тип ұғымы соңғы кезге дейін этнографиялық және тарихи зерттеулерде көбірек қолданылып келді. Шаруашылық-мәдени типтердің нақтылы мысалдары: арктикалық аңшылар, тропиктегі аңшылар мен терімшілер, өзен аңғарларындағы егіншілер, оазистік дихандар, еуроазиялық көшпеділер ж.т.б. Өзінің мағынасы жағынан ШМТ ұғымы мәдениеттанудағы хронотоп ұғымына жақын. Алайда хронотоп негізінен көркем әдебиеттен алынып, рухани мәдениеттің кеңістіктік және уақыттық бітімдерін білдірсе, шаруашылық-мәдени тип материалдық мәдениеттің көрінісін айқындайды. Әрине, ШМТ-тің руханилықпен байланысы жоқ деп сыңаржақты айтылған пікір дұрыс емес. Онда салт-дәстүрлер, сенім-нышандар, фольклор, дүниетаным шаруашылық әдістерімен тығыз байланысты әрекет етеді. Шаруашылық-мәдени тип ұғымының тым абстрактылы алынған түрі ретінде, қоғамдық-экономикалық формацияны да көрсетуге болады. Бірақ бұл ұғым тым дерексіздендірілген және әмбебаптық сипаты жеткіліксіз. Мысалы, еуроазиялық номадаларды осы бес формацияның ешқайсысына тіркеп қоюдың негізі жоқ. Оларды «азиялық өндіріс тәсілінің» өкілдері деудің де реті аз. Бұл жерде Азия құрылығындағы әртүрлі шаруашылық типтерінің арасындағы айырмашылық жоғалып кетеді. «Дала феодализмі» сияқты атаудың ойдан құрастырылғаны тікелей керініп тұр.

Батыстық мәдениеттануда «мәдени ареал (аймақ) ұғымы да жиі қолданылады. Бұл ұғымның шаруашылық-мәдени тип ұғымымен жақындығы бар. Бірақ мәдени аймақ негізінен белгілі бір этномәдениеттің жағрафиялық детерминанттық факторларына басты назар аударады. Біртұтас мәдени ареалда әртүрлі ШМТ-дің болуы мүмкін.

Тікелей мағынасын алғанда, шаруашылық-мәдени тип ұғымы әлеуметтік-экономикалық дамудың бір деңгейінде тұрған топтастықтардың ұқсас табиғи ортадағы тарихи қалыптасқан біртектес шаруашылық пен мәдениет жүйесін бейнелейді. ШМТ этномәдениет әрісімен шектелмейді. Мысалы, афроазиялық көшпеділерге семиттік, берберлік, туарегтік, ирандық, түріктік этностардың мәдениеттері жатады. Ал еуразиялық номадалар (ШМТ) түріктерден, моңғолдардан, угорлардан ж.т.б. (этномәдениеттерден) тұрады. Яғни, арасын мындаған шақырымдар және дүниетанымдық жүйелер бөліп жатқан ареалда материалдық мәдениеттің ұқсас үлгілері пайда болуы мүмкін.

Шаруашылық-мәдени типтер уақыт пен кеңістіктің әрекет ету және даму зандылықтарына тәуелді. Бұл процесті шаруашылық-мәдени конвергенция (тұтастану, жүйелену) деп атауға болады. Шаруашылық-мәдени типтің құрылымы неғұрлым күрдеді болса, онда оның климат пен ландшафтан теуелділігі соғұрлым аз болады. Мысалы, малшылар мен егіншілер ертелегі терімшілер мен аңшыларға қарағанда, кеңістікте еркінірек әрекет еткен. Тағы бір ескере кететін жайт уақыт ағынына байланысты ШМТ-тердің оқшаулық аймағы азайып, олардағы қарым-қатынастық белгілер көбейе түседі.

Жалпы алғанда, Шығыстағы аграрлық өркениеттерді өндіріс тәсілдері бойынша номадалық және ирригациялық құрылыстарды пайдаланатын суармалы егіншілік мәдени ареалдарына бөлуге негіз бар. Ал олардың аралық аймақтарын маргиналдық ареал деп қарастыруға болады.

XX ғасырдың басына дейін көшпеділік өмір салты қазақ халқыңда негізгі этноқұрастырушы белгі ретінде түсінілген. Яғни, «көшпеді» - «көшпеді емес» оппозициясы өте жақын түрік халықтарын бір-бірінен айырып тұрған және маргиналдық аймақтарда этностардың алмасуына себепкер болған. Мысалы, Тәшкент облысындағы құрамалар осындай этноөзгерістерді бастарынан өткізген. Бұл процестің өзі Орталық Азиядағы екі ШМТ-дің бір-біріне ауыса алатындығын көрсетеді.

Тарихи деректерге сүйене отырып, еуроазиялық далада екі түрлі шаруашылық-мәдени типтер қалыптасты деген қорытындыға келуге болады. Оларға қуаң дала көшпеділері және оазистер дихандары мен қала тұрғындарын, тұтас көшпеділік мәдени ареалдағы отырықшылық ошақтарының баламасы ретінде қолданып отырмыз. Бұл негізгі екі ШМТ-дің тарихи даму барысындағы арақатынасынсыз қазіргі қазақ мәдениетінің менталитетін түсіну қиынға соғады. Біркелкілік пен бірыңғайлықтан қоршаған табиғи және әлеуметтік ортаның көпдеңгейлігі мәдениет үшін қолайлы. Егер оқшауланған қуаң дала шеңберімен шектелсек, онда түрік халықтарының тарихтағы ұлы жетістіктерін түсіндіре алмас едік. Шаруашылық-мәдени типтің жиынтық, қосынды ұғым емес екендігін, оның жүйе түрінде әрекет ететіндігін аңғару қойылған мәселе үшін маңызды. Жүйе деп философияда өзара байланысты құрылымдық элементтердің тұтастығын айтады. Сондықтан ғылыми зерттеудің келесі сатысы құрылымдық типологияны анықтаумен қатысты.

Осы тұрғыдан алғанда Кіндік Азияның көшпеділік шаруашылық-мәдени типінің құрылымдық бітімдерін айқындау маңызды мәдениеттанулық мәселе болып табылады. Қазақта көшіп-қонудың тарихта белгілі «Көлденең бағытгағы», «Тіке бағыттағы» екі түрі болған. Олар ең алдымен жылжымалы шаруашылықтағы малдың құрамымен, көшпеді қауым өмір сүрген табиғи-климаттық жағдайларға байланысты болған.

Шаруашылық-мәдени типті динамикалық қимыл-қозғалысты, үнемі өзгерістер үстінде қарастыру керек. Яғни бұл типология тарихи типологияға жатады, шаруашылық-мәдени типтер уақыт ағынына тәуелді. Қоғамды «елдік» принцип бойынша ұйымдастыру жоғары деңгейде болған алғашқы түріктік мемлекеттерде оазистік ШМТ-тің үлесі қомақты еді. Кейін бұл өркениеттің ыдырау көзінен бастап, осы принцип күйзеліске ұшырайды, онымен бірге отырықшы мәдениеттің де өрісі кеміді.

Көшпеділік шаруашылық-мәдени тип Қазақстан жеріндегі климаттық және ландшафтық ерекшеліктерді ұтымды пайдалана білген. Оны маусымдық жайылымдардың алмасуы деп атауға болады және оя Қазақстан территориясында номадалық типтің XX ғасырдың басына дейін басым болғандығын дәлелдейді. Жауын-шашыны молырақ және мал азығы жеткілікті Солтүстік Қазақстанның орманды-далаларын, таулы алыпілік шалғындарды, өзен-көл аңғарларын халық жайлау ретінде пайдаланған. Қыста қары аз, тебінге қолайлы оңтүстіктегі және орталықтағы аймақтар қыстау үшін тандалып алынған. Көктеу мен күздеу мал қыстайтын жерлерге тікелей жалғасып жатқан.

Қалыптасқан дәстүр бойынша маусымдық жайылымдардың рулар арасында бөліске түскенімен, мал қыстайтын жерлерден басқасын елдің бәрі бірдей пайдаланған. Бұл көшпеділік ШМТ-тің тұтастығын және ынтымақтастығын арттырған. Осы жөнінде М. Әуезовтың «Абай жолы» трилогиясында шебер суреттелген көріністер көп.

1897 жылғы халық санағының деректері бойынша қазіргі Қазақстан территориясында қазақтардың тек 1,14% қалаларда тұрған. XX ғасырдың басында отырықшылардың жалпы саны 100-мың адамға ғана жеткен (қазақтардың сол кездегі жалпы саны шамамен 6 миллиондай адам).

Аталған санақ қазақтардың 77% негізінен номадалар болғанын, ал 18% - диқаншылықпен айналысқанын көрсетті. Марғаналдану аймақтарывда егіншілердің үлес салмағы жоғары болған. Мысалы, Төшкент уөзінде қазақтардың 88% диқаншылықпен айналысқан.

Негізгі шаруашылық-мәдени тип халық менталитетінде нық орын алған. Хал-жағдайды сұрау «Мал-жан, аман ба?» дегеннен басталады. Бекерден-бекер «Шаруа көшсе - байыды» деп айтпаған. Яғни, көшпеділер мәдениеті көшпеділердің өзі үшін мұрат, үлгі болып есептелген. «Себебі, - дейді Ш. Ыбыраев, - көпшілік жаппай жақтырмайтын қоғам мыңдаған жылдар бойы өмір сүре алмайды, әйтеуір бір тарихи бұрылыста елдің бәрі одан үркіп шығатыны анық (әрине, күні кешегі жаппай қырғынмен зорлап отырықшы ету басқа мәселе)». (Эпос әлемі, 32-бет).

Көшпеділік менталитетте шаруашылық тәсілін алмастыруға теріс баға берілген. Мысалы, «жатақ» деп өмірде табысқа жете алмаған аутсайдерді айтқан. Көшпеділік мәдени типтің күйзелісі қоғамда пауперлену тудырып, бұрынғы «ынтымақтастыққа негізделген адамдық тәртіпті» (Ф. Хайек) шайқалтқан. Табиғи биоценоздың тұтастығының бұзылуы адамдық қауымдасуға да кері әсерін тигізеді.

Алайда шаруашылық-мәдени типтердің күрделене түсуіне байланысты адамдық топтастық табиғи ортадан тәуелсіз бола бастайды. Еңбек бекінісінің тереңдеуі, мамандандырылу және өндіргіш күштердің өнімділігінің артуы материалды мәдениетті Жер бетіндегі геологиялық күштермен пара-пар, антропоценоздық жасампаз факторға айналдырды. Осының нәтижесінде дәстүрлі қоғам индустриалдық қоғамға кешеді.

Бұл тұрғыдан алғанда көшпеді мәдени-шаруашылық тип мәңгі бола алмас еді. Сондықтан оған кері қарай шақыру тарихты кері бұрғанмен бірдей.

Енді шаруашылық-мәдени типтің құрылымдық және функционалдық бөліктеріне назар аударайық. Материалдық мәдениетті әртүрлі негізде жүйелеуге болады. Бірақ бір нәрсе айқын. Шаруашылық-мәдени типтің таксономикалық дербес бөліктеріне шаруашылық ұжымдары, тұрғын үй типтері, тұрмыс-тық қажетті өтеу бітімдері, құрал-жабдықтар, бос уақытты өткізу дәстүрі, әдет-ғұрыптар ж.т.б. жататыны анық.

Мәдениетті материалдық және рухани деп бөлудің шартты екендігін ескерте кеткен жөн. Кез келген рухани құбылыс пен оның заттандырылған түрі - адамдық түтас әрекеттің екі жағы. Қоршаған ортаға адамның сәулесі түсіп тұр, ал оның сезімдері мен ақыл-ойы әлемнен нәр алады. Осы тұтас мәдениет әлемін түсіну мақсатында ғылыми дәстүр бойынша әрқайсысы жеке талданады. Қазақ халқының материалдық мәдениеті осы аймақты мекендеген ертелегі көшпеді тайпалар мәдениеті мен орта ғасырларда өркендеген отырықшы және қалалық мәдениеттің дәстүрлерін жалғастырды. Ғылыми зерттеулер мен археологиялық қазбалар XV ғасырдан кейін Қазақстан жерінде қалалар құлдырап кетті деген пікірді өзгертуге мүмкіндік берді. Жергілікті құрылыс мәдениетінің жоғары дәрежеде болғанына XV-XVIII ғасырлардағы Яссы (Түркістан), Сауран, Отырар, Сығанақ, Сайрам тәрізді қалалар, Орталық Қазақстандағы Домбаул, Алаша-хан, Жошыхан ғибадатханалары, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстаудағы сәулет ескерткіштері куә.

Осы сеулет үлгілерін салуда халықтық мәдениеттің озық және тапқыр шеберлері жарасымдылықтың, үйлесімдік пен тұтастықтың шешімдерін таба білген. Ислам діні тірі жанды суретке түсіруге тыйым салғаны белгілі. Сонда да қыш құмыра әшекейлеріндегі түбі сонау сақтардың «аң» стилінен басталған қазақтың ою-ернектері тіршілік иелерінің нобайын бейнелеген.

Мысалы, Жошыхан ескерткіші тек өнер туындысы ғана емес, ол дәуір тынысын, дүние тылсымын жеткізіп тұрған ғимарат. Белгілі сәулетші Т. Бөсенов: «Өзін талдап түсінуге қуат болатын қазақ сәулет өнерінің ою-өрнек қазынасы жинақталған өзінше бір музей» (Памятники архитектуры в районе Сам. Алматы, 1947, с. 39), - деп жазады. Бұл жерде айта кететін тағы бір жай бар. Кейбір мәдениет зерттеушілері Қазақстан жеріндегі ғимараттар Орта Азия сәулет көшірмесі дегенге саятын пікір айтады. Егер біз ғимараттарға көрік беретін күмбезге назар аударсақ, байқайтын нәрсеміз, күмбездік шатыр жабын мен шаңырақтың құрылымдық бірлігі. Шығыстанушы А.Н. Бернштам күмбезді дарбазалы сәулеткерліктен кейін бүкіл Орта Азия сеулет өнерінің өзегі болған үш нәрсені - құрылыстың күмбезді қаңқасын, портал мен ойма қыштардан құрастырылатын декордты ерекше бөліп қарап, мұндағы күмбез идеясы мен оны тұтас жүзеге асыру көшпелі-малшы қауым мекендеген солтүстіктен алмасқан деп есептеген.

Алайда қазақ хандығының қалалық мәдениетінің одан әрі өркендеуіне сыртқы жағдай онша қолайлы болмады. Жоңғар шапқыншылығы, Орта Азия хандықтарының толассыз шабуылы, ең бастысы - батысынан және шығысынан шыққан екі империяның - Ресей мен Қытайдың жаугершілік саясаты салдарынан қазақ халқы отырықшылықтан гөрі жылжымалы киіз үйге қайтадан көбірек қөңіл бөлді.

Киіз үй тек баспана емес. Ол халықтың өмірлік салт-дәстүрінің таңбасы қызметін атқарады. Шексіз даланы көк теңізге теңейтін пікірдің жаны бар: көкжиекте, көк аспанның астындағы шексіздікте ақшағала дөңгелек киіз үйлер аралдар тәрізді, олардың арасын дала кемелері - түйелер мен ұшқыр қайық - аттар қосып тұр. Қатал үскірік аяздан, шілденің аптап ыстығынан қорғайтын, тез жинап, тұрғыза қоятын баспанаға киіз үй өте сай келеді. Дөңгеленген сыртқы пішіні қатты желге орнықты болса, туырлықтар жауыннан кейін тез кебеді. Шаңырақ - Шеңбер тәрізді шабағынан және күлдіреуіштен тұрады. Оның төбесін түндіктің жартылай ашық тұруы, бір жағынан, тұрмыс қажеттерінен туса (жарық түсетін терезе, түтін шығатын мұржа, таза ауа), екінші жағынан, шаңырақ шексіз аспанның белгісі, мәңгілікке апаратын жол іспеттес. Егер киіз үйге жоғарыдан төмен қарасақ, онда шаңырақ күнге, ал уық-керегелері оның сәулелеріне ұқсас. Халық санасындағы фөни өмірден нұр жауып тұрған аспанға ұмтылу идеясы киіз үй құрылысынан өз көрінісін табады.

Тұрғын үй адамның өмір салтымен, оның дүниетанымымен, әлемдегі алатын орнымен тікелей қатысты. Мысалы, орманды мекен ететіндер ағаштардың арасынан аспанды төртбұрышты бітімінде көреді, олардың үйлері де төрт қабырғалы, Кавказдың биік тауларындағы үй көшпеді шаруашылық типінде де әрекет етеді. Жазық дала тек көкжиекпен шеңбер тәрізді шектелген. Сондықтан көшпеділердің тұрағы да деңгелек. Орталық Азиядағы күмбездік архитектураның бір бастауы - көшпеділердің киіз үйі. Бұл тағы да оазистік және көшпеді шаруашылық-мәдени типтердің түрік еркениетіндегі синхрондығын көрсетеді.

Натуралдық шаруашылық жағдайында қазақ халқы қолөнер шеберлерін жоғары бағалаған. «Ағаштан түйін түйген», «Он сау-сағынан өнер тамған» сияқты шебер ұсталар, тоқымашылар т.б. іскер адамдар халықтың материалдық мәдениетінің тамаша үлгілерін жасаған. Халық өнері әсіресе киіз үй жиһаздары мен ұлтгық киімнен айқын көрініс тапты. Қазақ жерінде ХІХ ғасырда айдауда болған поляк Бронислав Залесский былай суреттейді: «Бұл бір ғажайып көрініс: олар көш көзінде, мерекелегідей жа-сана киінеді, ең әдемі киімдерді, әсіресе байлардың алтын зер төгіп тіккен шапандарын осы кезде көруге болады. Ауыл ақсақалы көш бастаса, ер-тоқымына қызыл шұғамен тысталған көпшік немесе кілемше жапқан атқа мінген зайыбы оның соңынан ереді... Атш, атқа салт мініп жүруді жақсы көретін бұл халық ең алдымен көлігінің әбзеліне көбірек көңіл бөледі. Ер-тұрман олар үшін барлықтың, байлықтың белгісіндей болып безендірілуге тиіс. Ердің алдыңғы қасын көбіне күміс қаптатып өрнектейді, тіпті қолы жеткендерінің асыл тас орнататындары да болады. Жүген, өмілдірік, құйысқан - бәрі де шебер әріліп, Шығыс үлгісіндегі өрнектермен безендіріледі». (Қазақ даласының тіршілік тынысы - Әлем).

Киім киюдің де өзіндік рәсімі болған. Мысалы, жасөспірім қыздар аң терісінен жасалған, төбесіне үкі тағылған бәрік кисе, жаңа түскен кедін еуеді сеукелемен жүрсе, кейін басына желек салады. Отыздан асқаннан соң әйелдер кестеленген кимешек-пен жүреді. Әшекей тастарды қолданудың да өзіңдік рөмізі бар. Халық інжу - көзді шел басудан, көз сүйелінен; құлпырма тас - көз тиюден, маржан - азғындыққа түсуден, дүр тасы - жемсау ісігінен сақтайды деп есептеген, әйелдің қолындағы жүзікті ас адалдығының кепілі деп білген.

Жоғарыда келтірілген деректерден көшпеділік шаруашылық-мәдени типінің адамзаттың материалды және рухани қорына қосқан үлесінің қомақты екендігіне көзіміз жетеді. Кейде «варвар-көшпеділер» жер бетінде қиратудан басқа мұра болып қалатын құндылықтарды қалдырмады деген пікірді еурорталықтық мәдениеттанушылар жиі айтады. Оған дәлелді жауабымен той-тарыс берген ғұлама Л. Гумилев ойын былай түйіндейді: «Осынау ерекше сахара мәдениеті көне дәстүр мен тереңге меңзейтін тамырлардан нәр алғанымен, бізге отырықшы елдердің мәдениетіне қарағанда құптарлық дәрежеле белгілі емес. Мұның мәнісі түркілердің, басқа да көшпеді тайпалардың көршілеріне қарағанда дарындылығының төмендігінде емес, олардың заттық мәдениетінің қалдығы - киіздің, терінің, ағаш пен былғарының нашар сақталатындығында болып отыр...»

Көшпеділерді кейбір зерттеушілер сияқты ертелегі феодализм өкілдері деп айдар таққанша, олардың кәсіптік ерекшеліктерін атап өткен жөн. Ғылыми әдебиетте көшпеділік өмір салтьшың мынадай типтік белгілері айқындалған: 1) мал бағу - шаруашылықтың басым түрі; 2) жыл бойы малды табиғи ұстауға негізделген шаруашылықтың экстенсивтік тәсілі; 3) жер жағдайына қарай маусымдық көшіп-қону; 4) қазіргі капиталистік ранчолардан өзгеше шаруашылықтың натуралдық әдістерінің басымдығы.

Қазақ мәдениетінің негізгі архетипті - көшпеділіктегі тағы бір маңызды мәселе ондағы әлеуметтік құрылымға, қоғамдық ұжымдасу ерекшеліктеріне қатынасты. Мұндағы алдымен көзге түсетін нәрсе - қауымдық тұтастық. Егер еуропалық нарық-тық қоғамда зат иелену мен азаматтық қатынастар шешуші қызмет атқарса, көшпеділерде туысқандық, рулық байланыстар ең құнды болып есептелінеді. «Ата қоныс» ұғымы көшпеділер үшін қасиетті, ол өз жерінің тұтастығының кепілі және көршілес жатқан мекендерге де қол сұғуға болмайтындығын мойындау. Қауымдық қатынас мекендер егемендігінен туады. Ата қоныстың өр жағрафиялық белгілері халық санасында киеді жерлер деп есептелінеді, яғни қоршаған орта киеді таулардан, өзендер, кәлдерден, аңғарлар мен төбелерден, аруақтар жатқан молардан т.б. тұрады. Олардың қасиеттілігі аңыз-әпсаналарда, жырлар мен көсемсөздерде болашақ ұрпақтарға мұра ретінде қалдырылған.

Әрине, көшпеділік мәдениетті бүкіл адамзат үшін ең жоғары үлгі деп көтермелеудің қажеті жоқ. Номадалық өмір салты қалалық мәдениеттің қалыптасуына, оған байланысты жазусызудың, оқу орталықтарының, қол-өнердің, техниканың дамуына жағдай туғызбады. «Мен кіммін, неге өмір сүремін, қалай өмір сүремін, ажалды қалай қарсы алу керек?» - тәрізді сұрақтар қауымдық қоғам мүшелерін тым көп ойландырмайды. Бәрі алдын ала шешіліп қойылған, ата-лардың белгілеп кеткен жолынан таймаса болды. Салт-дәстүр уақытқа бағынбады, ол мәңгілікпен теңесті. Бұрын жасалғаннан айырылу өліммен бірдей. Ал егер табиғи апаттар, әлеуметтік қақтығыстар, жаугершілік келсе, онда көп жағдайда көшпелілердің өзгерген ортаға бейімделуі қиын болды. Ескі құндылықтар жүйесі жоғалып кетіп, қауымдық адамдар жаңа игіліктерді өздеріне пір тұта алмады. Талай атағы жер жарған көшпеділер империялары тарих жолынан шығып қалып жүрді. Бұл жерде ғүндар мен моңғолдардың, түріктер мен арабтардың тарихи тағдырын еске алсақ жеткілікті.

Экстенсивті малшылыққа негізделген көшпеділік шаруашылық-мәдени типінің қарқынды дамуы үшін жайылымдық кеңістіктің ұлғаюы қажетті еді. Алайда XV-XVI ғасырлардан бастап Еуропадағы мемлекеттер күшейіп, әлемнің жаңа бөлісін бастады. Индустриалды қоғамға бет бүрған батыс елдері және олардан үлгі ала бастаған Ресей территориялық экспанция сая-сатына көшті. Көшпеділер заманның жаңа талабына жауап бере алатын ішкі күштерін таба алмады және оларды алауыздық пен өзара тартыс ауруы әбден меңдеп алған еді.

Сонда да көшпелі шаруашылық-мәдени типі дүниежүзілік мәдениетте өзіне тиісті құнды орын алады. Номадалардың ғасырлар бойы жинақталған шаруашылық мәдениетін қазіргі кезде де ескеріп, дұрыс қолдану тарихи сабақтастықтың кепілі болып табылады.

Сонымен, қазіргі қазақ халқының материалды мәдениетінің архетипінде екі шаруашылық-мәдени тип бар. Көшпеді шаруашылық-мәдени типі XX ғасырға дейін жетекші шаруашылық тәсілі болып келді. Ол б.з.б. IX-VIII ғасырларда Қазақстан жерінде қалыптасып («Беғазы Дандыбаев» және «Қарасұқ» мәдениеттері). VI-ХП ғасырларда оазистік-дихандық-қалалық мәдени-шаруашылық типімен синхронды әрістеп, XVIII ғасырдан бастап күйзеліске ұшырады. Көшпелілердің ұрпақтары бұл екі мәдени типтің бастамаларын өз бойында синкреттік түрде сақтады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   57




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет