Грек классикасы мәдениеті (б.з.д. V — IV ғасырлар)
Б.з.д. грек-парсы соғыстары (500-449 жылдар) ежелгі Грекияның тарихындағы бетбұрыс кезең болды, өйткені дәл осы уақыттан бастап грек мәдениетінің классикалық кезеңі басталды. Азаттық жолындағы күресте парсылардың талқандалуы ежелгі Грекия мемлекет-қалаларының қоғамдық құрылысының артықшылығын көрсетіп қана қоймай, азаматтық сананың артуына, ең бастысы — классикалық құлдық қоғамның толық қалыптасуына, ал өз кезеңінде полистік демократияның дамуының нәтижесінде экономикалық және саяси өмірдің жанданып, мәдениеттің гүлденуіне әкеліп соқты. Б.з.д. V ғ. Афины, әсіресе Периклдің (б.з.д. 444-429 ж.) басшылығы көзінде аса ірі мәдени орталыққа айналды. Афинының рухани өмірінде демократиялық құрылыстың орнығуы - грек театрының гүлденуімен, трагедиялық және комедиялық шығармалары дүниежүзілік әдебиеттің асыл қазынасына енген Эсхилдің, Софоклдың, Еврипид пен Аристофанның шығармашылықтарымен тұспа-тұс келді.
Архаикалық дәуірде әдебиет саласында лирикалық жанр үстемдік етсе, ендігі жерде трагедия мен комедия жанрлары басты орынға шықты. Дәл мағынасында трагедия деген сөз — «ешкілер әні» деген мағына береді. Ол - ешкі терісін жамылып, әзіл-оспақтық сарында хормен өлең айтудан шыққан. Афиныда Дионис құдайдың құрметіне байланысты жалпы мемлекеттік мейрамның бекітілуі - трагедияның мерейін жоғарылата түсті. Мифологиялық кейіпкерлерге толы грек трагедияларының басты мазмұны — халықтың өз теңдігі мен әлеуметтік әділет жолындағы қаһармандық күресінің сан саласына арналған. Грек трагедиясының Гомер дастандары сияқты үлкен тәрбиедік мәні болды. Сонымен бірге трагедиялық кейіпкерлер гректердің бойында адамгершілік, парасат сезімдері, азаматтық биік этикалық асыл қасиеттерді нығайтты. Трагедияда грек мәдениетінің катарсис (тазару) деп аталатын ұғымы кеңінен көрініс тапты. Трагедия жанрының гүлденуі Эсхил, Софокл, Еврипид сияқты үш драматургтердің есімімен тығыз байланысты болды. Адамзат мәселесі, адамның тағдыры, әділеттілік пен игілік және т.б. мәселелер осы бір даналар назарында болды, бірақ олардың әрқайсысының өзіндік ой-толғамдарының, өзіндік көзқарастарының бар екендігі аңғарылып тұрды.
Бұл трагедиялар грек театрларының басты қойылымдарына айналды. Жалпы грек театры ойын-сауық отауы ғана емес, нағыз халықтың тәрбиешісіне айналды, грек жұртының сана-сезімі мен өмірге деген көзқарастарын қалыптастырды. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде аршылып алынған грек және рим театрлары бүгінгі заманға дейін сақталынған. Б.з.д. IV ғасырдың аяғынан бастап ағаштан жасалынған театрлардың орнын тастан салынған театр басты. Мысалы, құрылысы бір ғасырға созылған, 17 мың адам сиятындай етіп салынған атақты Дионис театры Афины тұрғындарының үлкен өнер ордасына айналды. Театр қойылымдары - діни мейрамдардың бір саласы болғандықтан, оған жүздеген-мыңдаған адамдар қатысатын. Көне заманда драмалық шығармаларда ойнаған актерлерді өте жоғары бағалаған. Олардың атақтыларының аты-жөндері мәрмәр тақтаға ойылып жазылып, Дионис театрына қойылған, ал кейіннен мемлекеттік архивке тапсырылатын болған. Осының нәтижесінде бізге 62 трагедия және 82 комедия жанрларында өнер көрсеткен актерлердің аттары белгілі болып отыр.
Классикалық грек трагедиясының негізін қалаушы - ұлы Эсхил (б.з.д. 525-456 ж.) болды. Эсхилге дейін бүкіл кейіпкерлерді бірақ актер ойнайтын болса, енді сахнаға екінші актер шығарылды, соның арқасында драмалық сахна көріністері жандана түсті. Осы орайда, драмалық қойылымдарда маскалардың, декорациялардың қолданылуы да Эсхилдің есімімен тығыз байланысты екендігін айта кеткен жөн. Эсхил трагедияларында шындық, әділеттілік, діни-этикалық мұра ұғымдары одан әрі айқындалып, азаматтардың рақымшылдығы мен адамгершілігі, өз еліне деген сүйіспеншілігі басты орынға шықты. Мысалы, «Құрсаулы Прометей» трагедиясының басты тақырыбы патриотизм мен рақымшылдық болса, ал «Орестей» трилогиясында адам тағдыры кеңінен көрініс тапқан. Адам тағдыры мәселесі грек трагедиясының дарынды өкілдерінің бірі Софоклдың (б.з.д. 497—406 ж.) шығармашылығында өзінің занды жалғасын тапты. Ол өз шығармаларында еркіндікке толы азамат еркінің әділетсіз қатал тағдырға қарсылығын тамаша суреттей білді. Софоклдың «Эдип патша» деп аталатын ұлы трагедиясының күні бүгінге дейін әлем сахналарынан түспеуі көп нәрсені аңғартса керек.
Б.з.д. 480-406 ж. аралығында өмір сүрген Эврипид психологиялық драманың негізін қалады. Оның «Мелея» және «Фелра» трагедиялары да адам өліміне әкеліп соғатын шым-шытырық өмірлік уақиғаларға толы болып келеді.
Ежелгі Грекиядағы комедия жанрының тамаша өкілі - Аристофан (б.з.д. 445—385 жылдар шамасы) болды. Оның комедиялық туындыларында халықтың күндедікті өмірі, тұрмыс-тіршілігі басты орын алды. Сондықтан да болар, оның комедияларындағы кейіпкерлер әдетте халық атынан сөйлеп, халықты қанап, алдап-арбаушыларды өткір сынға алады. Ұрылар сияқты қоғамға жат элементтермен қатар, ақылы мен арын сатқан ел билеуші философтарды да әжуаға ұшыратады. Оның «Салт аттылар», «Бейбітшілік», «Лисистрата» және т.б. комедиялары саяси мазмұндағы шығармалар қатарына жатады. Аристофан грек театрының халықтың дәстүрлеріне сүйене отырып театр сахналарында мималарды (өмірдің күндедікті жағдайларын бейнелейтін шағын көріністер) кеңінен пайдаланды. Дәл осы кезеңде пантомима жанрының туындауы комедия жанрын одан әрі түрлендіріп, оның халықтық сипатын айқындай түсті.
Б.з.д. V ғ. грек тарихнамасы қарқынды түрде дами бастады. Оған үлкен үлес қосқан сонау көне заманның өзінде-ақ «тарихтың атасы» деген атақ-даңққа ие болған Геродот (б.з.д. 484- 430 ж.) болды. Оның тақырыбының негізгі арқауы грек-парсы соғыстары болып табылатын «Тарих» атты еңбегі баға жетпес тарихи мұралардың қатарынан орын алды. Көне заманның ұлы тарихшыларының бірі - Фукидид (б.з.д. 460—400 ж.) өзінің «Пелопоннесс оғыстары» атты еңбегінде алғаш рет ғылыми — шыншылдық әдісін кеңінен қолданып, сол кезеңдегі тарихи уақиғалардың өзара байланыстарын ашу арқасында, халықтың саяси білімінің артуына себепкер болды.
Б.з.д. Ү-ІҮ ғасырда жасалған сәулетшілердің, мүсіншілер мен суретшілердің даңқты өнер туындылары кейінгі ғасырларда да үлгі-өнеге алуға лайық болды, сондықтан да оларды классикалық мұра, яғни үлгі деп есептейміз. V-IV ғ. өнер - грек классикалық өнері деген атақ алды. Б.з.д. V ғ. сәулет өнері архаикалық кезеңнің белгілерін сақтағанымен, өзіндік жаңаша түрге, жаңаша мазмұнға ие болды, колонналармен қоршалған ғимарат, периптер типі дамып, жетілді. Дорлық ордер храмдары жетекші орын алып, олар бұрынғы б.з.д. VI ғасырдағы аумақты жер бауырлаған храмдармен салыстырғанда зор тұтастық пен жарастыққа ие болды. Б.з.д. V ғасырдың өнер шеберлерінің алдында тұрған ұлы мәселелердің бірі — сәулет өнері мен мүсін өнері бір-бірімен етене байланыста көрсету міндеті ойдағыдай шешілді. Қорыта келгенде, классикалық дәуір өнерінің басты жеңісі, адамның архаика өнерінің шарттылығынан құтылған тәуелсіз, табиғи қалпын бере білу шеберлігі болып табылды.
Грекия тарихындағы ұзаққа созылған қанды соғыстар (тарихқа Пелопоннесс соғысы - деген атпен кірген Афины теңіздер державасы мен Спарта бастаған Пелопоннесс одағының өзара әскери қақтығыстары) Афинының жеңілісімен және ол басқарған қалалар одағының ыдырауымен аяқталды. Соғыс құлиеленушілік қоғамның қайшылықтарын одан әрі шиеленістіріп, мемлекет - қалалардың дағдарысын тудырды. Үздіксіз саяси және әлеуметтік күрес грек мемлекеттерін әбден титықтатып, б.з.д. IV ғ. екінші жартысында олардың жаңа қуатты держава - Македонияның қол астына өтуімен аяқталды.
Қоғамда орын алған әртүрлі қоғамдық қақтығыстар б.з.д. IV ғасыр адамдарының көзқарастарына елеулі өзгерістер енгізді. Құлиеленушілік қоғам демократиясы дағдарысқа ұшырап, қоғамдық өмір мәселелеріне салғырттық, өз қаласының тағдырына самарқаулық байқалды, жеке бастың мүддесі қоғамдық мүдделен жоғары тұрды. Философиялық мектептердің біразы мәдениет жетістіктерінің бірінен безіп, адамның табиғат аясына кетуін уағыздаса, екіншілері адамдарды «алаңсыздыққа» шақырып, «елеусіз өмір сүру» принципін уағыздады. Қоғамдық өмір мәселелерін белсене сынаған Аристофан комедияларының орнына өз заманының саяси оқиғалары атүсті суреттелетін мән-мағынасыз комедиялар пайда болды. Міне, осындай тарихи жағдайда грек мәдениетінің тағы бір кезеңі — тоқырау кезеңі басталды.
Достарыңызбен бөлісу: |