Оқулық «Мәдениеттану»


Ежелгі Грекия мен Рим мәдениеті



бет20/57
Дата03.01.2022
өлшемі1.81 Mb.
#451815
түріОқулық
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   57
Мадениет тану экзамен

Ежелгі Грекия мен Рим мәдениеті

Ежелгі Грекия мәдениеті

Антик дүниесінің өнері деп аталатын ежелгі Грекия мен Рим мәдениетінің әлемдік өркениетте алатын орны ерекше. «Антик - (көне, ежелгі)» деген ұғым. Қайта өрлеу дәуірінде дүниеге келген, бұл терминді итальян ойшыл-гуманистері грек-рим мәдениетіне байланысты қолданған. Бұл атаудың түп-төркіні «ежелгі», «көне», «қадым заман» мағынасын беретін «антиквус» деген латын сөзінен шыққан. Көне мемлекеттердің мол, мәдени мұрасы Еуропаның барлық халықтары өнерінің, көркем әдебиетінің, философиясының, театрының және т.б. дамуына, саяси және құқықтық көзқарастарының қалыптасуына елеулі ықпал жасады. Өмір шындығын нақты бейнелеп, көркемділік пен қарапайымдылық, шыншылдық пен шеберлік қасиеттерімен белгілі болған грек және рим сәулетшілерінің, мүсіншілерінің және кескіндемешілерінің даңқты мәдени туындылары — көне заман тарихы туралы ұғымымызды кеңейтіп қана қоймай, мәдениеттің асқақ үлгісі ретінде күні бүгінге дейін өз мәнін жоймай отыр.

«Көне», «қадым заман» мәдениетінің негізін қалаушылар ежелгі гректер екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Олар өздерін «Эллиндер»; ал өз елдерін «Эллада» деп атаған. Антик дүниесінің мәдениеті біздің заманымыздан бұрынғы бір мың жылдықтың алғашқы ғасырларында қалыптаса бастаған. Оның он бес ғасырдай уақытын қамтитын ұзақ ғұмыры біздің заманымыздың Ү-ғасырда Рим империясының құлауымен аяқталды.

Мәдениет тарихының қай кезеңін алсақ та, ол өзінің баға жетпес мәдени құндылықтарымен ерекшеленеді. Сондықтан да болар, ғалымдар көне мәдениеттің ішінде, әсіресе, грек мәдениетіне ерекше мән береді, өйткені ежелгі Грекияның әдебиеті, өнері, философиясы және т.б. ғасырлар бойы Еуропаның барлық елдерінің ақындарына, мүсіншілеріне, суретшілеріне, жазушыларына, композиторларына сарқылмас шалқар шабыт берді. Шындығын айтсақ, біздің дүниежүзілік мәдениетпен таныстығымыздың өзі де гректердің таңқаларлық мәдени қазынасы мен ұшқыр ақыл-ой иелерімен танысудан басталады. Мұндай ақыл-ой даналығы рухани және саяси-әлеуметтік өмірдің барлық салаларында - поэзияда, саясатта, ғылымда, құқықта, кескіндеме, сәулет, мүсін және т.б. өнер салаларында кеңінен көрініс тапты. Көне мәдениеттің жарқын беттері Эсхил, Софокл, Еврипид, Геродот, Фукидид, Демокрит, Платон, Аристотель сияқты ұлылар есімімен тығыз байланысты болды.

Грекияның көне мәдениетінің тамыры тереңде жатыр, өйткені, оның бастауында б.з.д. III—II мыңжылдықтарда Грекия жері мен Эгей теңізі аралдарын мекендеген тайпалардың өркениеті жатыр. «Эгей» өркениеті мәдениеттің қайнар бұлағы болды, міне сондықтан да грек халқының ежелгі мәдениетінің ең ерте шағы Эгей өнерімен сабақтас. Б.з.д. ІІ-мыңжылдықта Эгей мәдениетінің аса маңызды орталықтары Крит аралы мен Пелопоннес түбегіндегі Микены болғандықтан да Эгей өркениетін Крит-Микены мәдениеті деп атайтын болған. Грек аңыздарына қарағанда Крит - ұлы жебеуші, найзағай төңірі Зевстің туған жері. Аңыз бойынша гректердің ең басты құдайы Зевс бұқа бейнесіне еніп, Финикия патшайымы, асқан сұлу Еуропаны алып келеді, ал одан аралдың болашақ билеушісі Минос туған. Атақты Геракл өз ерліктерінің бірін дәл осы Крит аралында жасаған, құтырған бұқаға бас үйреткен. Гомер де өз дастандарында бұл арал қалаларының бай екендігін мадақтай көрсетеді. Ал шындыққа белгісіз кейбір аңыздарда Зевс пен Еуропаның баласы Минос ел билеуші патшалардың ішіндегі ең әділеттісі болыпты-мыс дейтін деректер бар. Алайда Критті осындай есімді патша тек мифологиялық шығармаларда ғана емес, грек тарихшыларының еңбектерінде кездесетінін естен шығаруға тағы да болмайды. Крит жайында египеттік текстерде де кейбір деректер ара-тұра кездесіп қалады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   57




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет