Қазіргі қоғам мәдениетінің басты құндылықтары
Азаматтық қоғам
Қандай да болмасын қоғамдық мәні бар идеяларды қабылдау қашанда сұхбатты, яғни сұхбаттасушы жақтардың түрлі көзқарастарын және маңызды тепе-теңдігін білдіреді. Ешкім ешкімге өз Түсінігін мойындатуды да, ешкім ешкімді дәлме-дәл қайталауды да мақсат етпейді.
Идеялар белгілі қоғамның, әлеуметтік дамудың талаптарына сәйкес келетіндіктен қабыл алынады. Сондай идеялардың қатарына азаматтық қоғам идеясы жатады. Азаматтық қоғам туралы әр түрлі көзқарастар, әр түрлі бағдарлар бар.
Қазірде азаматтық қоғамның жалпыға бірдей ортақ анықтамасы жоқ. Дегенмен әлемдік әлеуметтік-философиялық ғылымда бұл феноменді зерттеудің екі түрлі бабы бар.
Біріншісі азаматтық қоғамды әлеуметтік әмбебап категория ретінде қарастырады. Бұл ұғымға олар мемлекетке, өкімет құрылымдарына қарама-қарсы қойылған қоғамдық қарым-қатынастардың бүкіл жиынтығын сыйғызады. Екіншілері азаматтық қоғам ұғымының мағынасына шынайы батыстық феноменді жатқызады да, оны буржуазиялық (нарықтық-демократиялық) қарым-қатынастардың қалыптасуымен байланыстырады.
Азаматтық қоғам деп адамның жеке тұлғасының және бейресми, мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдардың дамуына қолайлы жағдай туғызатын әлеуметтік тәртіп түрін айтады. Аталған мемлекеттік емес ұйымдардың іс-әрекеті арқылы ғана жеке адам социумның, әлеуметтің даму жолына әсерін тигізе алады. Сондықтан да азаматтық қоғамды коммуникацияның, қарым-қатынастың өзіндік ерекше формасы деп қарастырса да болғандай, себебі азаматтық қоғам арқылы мемлекет пен азамат арасындағы сұхбат жүзеге асады. Азаматтық қоғам өкімет, билік құрылымдарынан тысқары жатқан әлеуметтік байланысты танытады.
Азаматтық қоғам аса дамыған экономикалық, мәдени, саяси, құқықтық қарым-қатынастар болуын талап етеді. Егер біз мемлекетті билік институты, бақылау және жазалау көзі ретінде қарастыратын болсақ, онда азаматтық қоғамды оған қарама-қарсы құрылым ретінде абсолютті еркіндік - анархия деп түсіну дұрыс емес. Шындығында әлеуметтік біртұтастықты қалыптас-тыратын осы екі бөлік бірін-бірі толықтыра отырып өмір сүреді. Мемлекетсіз азаматтық қоғам жоқ. Онсыз ретсіздік, тәртіпсіздік, хаос, ұйымдаспағандық, ыдырау ғана мүмкін. Және де, керісінше, дамымаған азаматтық қоғамсыз демократиялық, құқықтық мемлекет те жоқ, тек зорлық-зомбылық, басыбай-лық, тирания ғана бар.
Азаматгық қоғамның пайда болуын іс-әрекеттің субъектісі ретіндегі азаматтың пайда болуымен байланыстыратын көзқарастар да жоқ емес. Азамат белгілі құқықтар мен міндеттерге ие болған іс-әрекет субъектісі. Азаматтық қоғамды осы тұрғыдан түсіндірудің бастамасы антикалық полис феноменімен байланысты. Өзінің бастауын тану - адамзат болмысының маңызды құбылысы болып табылады. Бәрімізге белгілі, әрбір ұрпақ тарихты өзіне жаңаша ашады.
Антика мәдениетіне байланысты жоғарыда айтқанымыздың туралығын дәлелдей аламыз. Ол үшін Ренессанс (Қайта өрлеу) дәуірін еске алсақ жеткілікті. Грек-римдік көне антикалық мәдениеттің жетістіктеріне арқа сүйеген Ренессанс мәдениеті бүкіл Еуропаның болашағына тірек болған ұлы мәдени кезеңдердің біріне айналды.
Антикалық дәуірдің адамзат мәдениетіне берген мұрасы ұшан-теңіз. Біріншіден, антикалық өркениет заңдылық пен мемлекеттіліктің толық жүйесін қалыптастырды. Екіншіден, адамның жеке басының еркіндігі қоғамның дамуы мен өзгеруінің қажетті алғышарты екендігіне көз жеткізді. Адамның жеке басының ерік-бостандығын антикалық қоғам тікелей полиспен байланысты қарастырады.
Полис (гректің «роііз» - қала) - антикалық әлемдегі қоғамның өзіндік әлеуметтік-экономикалық және саяси ұйымдастырылуының формасы. Полисті мағыналық тұрғыдан қала - мемлекет, яғни өзі бір қала бола тұра жеке мемлекет болу мүмкіншілігі бар ерекше феномен ретінде де қарастыруға болады.
Бастапқыда полис деп ауылшаруашылық бірлестігін айтатын болса, кейінірек қалаға жалғасып жатқан территорияларды бірге қоса қаланың өзін де айтатын болған. Қала маңындағы жерлердің бәрі сол қаланың ерікті азаматтарының иелігі болып табылады да, жер иеленуші азаматтар қолөнершілермен, құлдармен қатар сол қаланың тұрғындарын қалыптастырды.
Полис - қолөнердің ауыл шаруашылығынан бөлініп, сауда-тауар қарым-қатынастарының қарқынды даму барысында пайда болған азаматтардың кішігірім бірлестігі. Экономикалық даму сипатына қарай полистер: аграрлы (мысалы, Спарта), аграрлы-қолөнерлі (Афины) және сауда-қолөнерлі (Коринф) болып бөлінеді.
Көнегрек қаласының өзіндік заңдары, мемлекет органдары және толық егемендігі болды. Әрбір қала басқа қалалармен терезесі тепе-тең, бірдей жағдайда емір сүрді.
Полистің біртуарлығы және оның тарихи мәні полистің адамзаттың жалпы тарихы барысында қол жеткізген азаматтық қоғам үлгісі болып табылатындығында, яғни полистің бойынан азаматтық қоғамға тән материалдық және рухани құндылықтардың бар жиынтығын кездестіретіндігімізде.
Ендеше, көнегрек полисі феноменін толық қарастыруымызға себеп болып отырған нәрсе сол полистің азаматтық қоғам үшін бай эксперименталды негіз болғандығы. Сондықтан да «полис» ұғымын семантикалық тұрғыдан «азаматтық қоғам» деуге де болады.
Аристотельдің аты әйгілі «Политика» шығармасы полгісті еркін және тең құқықты азаматтардың араласуы деп түсіндірудің теоретикалық негізін қалаған шығарма. Аристотельдің анықтауы бойынша адам табиғатынан «саяси жануар» және сондықтан да ол өзін шынайы түрде саяси қарым-қатынаста ғана жүзеге асыра алады. Адамзаттың алғашқы ұстазының айтуы бойынша кез келген адам (мысалы, құлдар) және кез келген халықтар (мысалы, варварлар) саяси даму деңгейіне жете қойған жоқ. Саяси даму деңгейі адами дамудың бірден бір шыңы ретінде қарастырылады. Полистен тысқары өмір сүретін адам бірден заң мен құқықтан тысқары деп танылды да, екінші сортты, жарамсыз адам қатарына итеріліп тасталды. Мүмкін сондықтан болар Сократ дананың полистен қуылудан гөрі, яғни ерікті аза-маттылық игіліктерінен шеттетілуден гөрі өлімді өзіне дұрыс деп таңдап алу себебі.
Антикалық әлемнің азаматтық қауымдастығының саяси өмірі әрбір азаматтың полистің маңызды-маңызды мәселелерімен тікелей айналысуын талап етті, яғни өзін-өзі басқарумен айналысты. Қала-мемлекет өкімет органдарының сайланбалы құрылымын қалыптастырған болатын.
Антикалық полисте азамат, азаматтық қоғам идеалдары толығымен жүзеге асты деуге болады. Азамат идеясы өз бойына төмендегідей қасиеттерді сыйдырады: өзін азаматтық қоғам мүшесі ретінде сезіну және содан туындап жатқан құқықтар мен міндеттерді түйсіну; азаматтық борышты ұғыну, өзін әлеуметтік біртұтастыққа қатысты деп білу; азамат үшін оның бойындағы азаматтық игіліктерді қауымдастарының толық мойындауы; азаматтық ізгіліктерді тұлғаның ең жоғары өмірлік мәні бар құндылықтар деп тануы.
Платон мен Аристотельдің ізденістерінен кейін азаматтық қоғам мәселесі философиялық мәтіндерден екі мың жылға жуық уақыт шамасында көрінбей кетеді. Тек қана Реформация дәуірінен бастап тұлғаның еркі мен құқықтары туралы, азамат туралы сұрақ қайтадан әлеуметтік-философиялық трактаттардан орын ала бастайды. Ол тұлғаны қайта танып, адамды діни біртұтастық ырқынан босату (эмансипациялау) негізінде мүмкін бола бастады. Жаңа заман ойшылдары жеке тұлға идеясын ашып, сонымен қатар жеке адам мен қоғам, азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы мәңгілік антиномияны көрсете білді. Расында да XVIII ғасырға дейін азаматтық қоғам мемлекетке қарсы қойылмақ тұрмақ сол мемлекеттің өзінің аясында ғана қарастырылып келген болатын.
XVII ғасырдың екінші жартысьшан бастап капиталистік жүйенің танымал атрибуттері: жекеменшік, нарықтық экономика, демократия, құқықтық мемлекет қалыптасты. Өз ретінде бұл факторлардың бәрі де адам социумының өзіндік бір бөлшегі ретіндегі азаматтық қоғам туралы жаңа идеяның дамуына игі ықпал етті.
Азаматтық қоғамның концептуализациялануы үшін мемлекет пен оған қарсы қойылған индивидтердің өзін өзі құрастыруының ерекшеліктерін пайымдау қажеттілігі туды. Бұл мәселелер көбінде табиғи құқық мектебінің дәстүрі арқылы - Гуго Гроций, Томас Гоббс, Джон Локк, Жан-Жак Руссо еңбектері арқылы нақтыланған болатын. Нәтижесінде қарастырып отырған концептіміз, ұғымымыз («азаматтық қоғам») тарихи даму барысында байытылды.
Азаматтық қоғамды сараптаудың бұл дәстүрі бойынша қоғам адамзаттың табиғи күй кешкен уақытында да кездеседі деп табылады. Мемлекет деп қоғамның табиғи, азаматтық күйге дейінгі жағдайынан қоғамдық келісім-шарт жасасу нәтижесінде пайда болған құрылымды айтады. Осы айтылған арнада өз концепцияларын жасағандар қатарына Ж.-Ж. Руссо, Т. Гоббс, Дж. Локкты жатқызуға болады.
Қоғамдық келісім-шарт теориясы кез-келген қоғамның пайда болуын тілге тиек етпейді, нақты алғанда, құқықтық мемлекет ретінде саяси тұрғыдан құрылымдық түр өзгешедікке ие болған азаматтық қоғамды анықтаудың мазмұны парадигмасын көлденең тартады. Қоғамдық келісім-шарт мемлекетпен салыстырғанда алғашқырақ, ертерек пайда болатын дүние, өйткені ол билеушілер мен бағыныштылар арасында емес, тепе-тең, ерікті азаматтар арасында жасалады. Мұнда қоғамдық келісім-шарттың негізі ретінде тек жеке тұлғаның табиғи құқықтары ғана ескеріледі. Осы мәселе төңірегінде маңызды еңбектер жариялағандар Т. Гоббс, Дж. Локк, Ж.Ж. Руссо еді.
Одан кейінгі кезенде батыстық қоғамтануда азаматтық қоғам мәселесіне ден қойған шама XX ғасырдың 70-ші - 80-ші жылдары. Оған себепкершілік еткен әлемдік тарихтағы күрт өзгерістердің орын алуы болды. Шығысеуропалық елдерде, КСРО-да тоталитарлық жүйенің күйреуі азаматтық қоғам мәселесін өзекті етті. Ол түсінікті де, өйткені азаматтық қоғам либералды демократия аймағын кеңейтудің құралы болып табылады.
Азаматтық қоғам құқықтық мемлекетпен тығыз байланысты, өйткені азаматтық қоғамның мемлекетке қояр бірден бір талабы да сол - мемлекеттің әрбір жеке тұлғасының заң арқылы қорғалуы, әлеуметтік шындықтың, әділеттіліктің қамтамасыз етілуін құқықтық тәсілдермен даярлау.
Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет бірінің бірі болуын мүмкін ететін құрылымдар, себебі олардың екеуі де жеке меншікке және еркін нарыққа негізделген айрықша экономика типіне тиесілі. Олардың анықтауыш қасиеттерінің негізгісі ол екеуінің де - азаматтық қоғамның да, құқықтық мемлекеттің де зайырлылық, заңдылық принциптеріне сүйенетіндігінде.
Азаматтық қоғамның негізгі белгілеріне, айрықша сипаттамаларына мыналарды жатқызуға болады:
• 1. Азаматтық қоғам ірі кәсіпорындары қарқынды дамыған, ғылыми-техникалық негізі және әлеуметтік инфраструктурасы қалыптасқан индустриалды қоғам.
• 2. Азаматтық қоғамның экономикалық сүйемелі ретінде жеке меншік пен басы бос, тәуелсіз субъектілердің еркін іскерлік шығармашылығын алуға болады.
• 3. Азаматтық қоғам өзінің саяси көрсеткіштері бойынша де-мократиялық жүйе болып табылады. Онда билікті бөлісу, көппартиялық, құқық приматы қалыптасуы тиіс.
• 4. Азаматгық қоғамның рухани-идеологиялық негізінде идеялар мен көзқарастардың плюрализмі, төзімділік (толеранттық), рационалдылық және гуманизм жатыр.
• 5. Күрделі жіктедінген және стратификацияланған азаматтық қоғамның әлеуметтік базасын орташа тап құрайды.
Азаматтық қоғам жан-жақты кең сұхбаттылық әлемі. Онда «азамат» ұғымы басқамен (өкіметпен, басқа тұлғалармен) «бірлесе-тіршілік-ету», «қатынасты болу» ұғымдары арқылы дәйектеледі, яғни азаматтың әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен институттар жүйесінде араласуы арқылы көрінеді. Азаматтық қоғам институттарының бірлестігін анықтау үшін қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы айырмашылықты ажырата білу керек. Ресми-билікті мемлекеттік органдармен салыстырғанда қоғамдық ұйымдар «ерікті белсенділіктің» бірлестігі болып табылады әрі онда жергілікті, аймақтық деңгейдегі бей-саяси байланыстар маңызды рөлге ие болды. Мысалы, пәтер жалдаушылар, тұтынушылар, мүгелектер (инвалидтер), зейнеткерлер (пенсионерлер) ұйымы; әлеуметтік - экономикалық және сауықтық бірлестіктер азаматтық инициативалар.
Азаматтық ынта-ықылас (инициатива) әрбір жеке азаматтың қоғам мерейі үшін саналы және белсенді түрде жүргізетін арнайы іс-әрекеті. Азаматтық ынта-ықылас (инициатива) қоғамдық өмірге серпінділік енгізетін мемлекет пен жұртшылық арасын байланыстырушы әрі таразы басын тепе-теңдестіруші ең көне ұйымдарды қамтиды. Азаматтық ынта-ықылас (инициа-тива) арқылы қоғамның демократиялық мүмкіншілігі (потенциясы) ерікті ұйымдар құру деңгейінде көрінеді. Оларға: мейірімділік ұйымдары, қайырымдылық қорлары; кәсіподақ ұйымдары, жастар, әйелдер, экологиялық қозғалыстар, саяси партиялар, клубтар; діни топтар; іскерлік ассоциациялары; кооперативтер және т.б. жатады.
Азаматтық қоғам ұйымы коммерциялық емес, өкіметтік емес ұйымдардың секторы ашылуына байланысты жаңа мағынаға ие болды. Аталған бейкоммерциялық, бейөкіметтік құрылымдар қоғамдық игілік үшін қызмет ететін ұйымдар болып табылады.
Ерікті бірлестіктер - бейкоммерциялық (БКҰ), бейөкіметтік (БӨҮ) ұйымдардың негізгі элементі, өйткені олар алдына азаматтың жеке басының пайдасын, оның қаражат-кірісін ұлғайтуды мақсат етіп қоймайды. Бейкоммерциялық ұйымдарды (БКҰ) келесі топтарға бөліп қарастыруға болады: 1) Адамдардың ортақ мәселесіне немесе ортақ қайғысына байланысты өзара көмек БКҰ; 2) БКҰ-ның мүшелерінің өздерінің жеке бастарының мүддесімен тікелей байланысы жоқ мәселелерді шешуге бағышталған БКҰ - әлеуметтік бағыттағы БКҰ, мейірімділік, қайырымдылық БКҰ-ы, экологиялық бағыттағы осындай ұйымдарға мүше болу арқасында азаматтар мемлекет ісіне де, өзінің ұйымдарының ісіне де белсенді ат салыса алады. Тарихтан үйренген бір жай - не өкімет, не құқықтың өзі заңның орындалуының нақты кепілдігі бола алмайды. Ол үшін зандар қоғамдық пікірде орнығып, өзін қоғамдық көзқараста заңды деп таныта білуі (легитимациялануы) қажет. Азаматтық қатынасушылық жеке индивидтердің құндылықтық қалауының көрсеткіші әрі олардың азаматтық мәдени деңгейін аңғартушы да. Азаматтық қоғам іштей біріккен, өзін-өзі ұйымдастырушы, мемлекетке қатысты автономды, дара, бөлек біртұтастық ретінде қоғамдағы демократиялық өзгерістердің қабілетін, мүмкіншілігін, іске жарамдылығын айқындайды. Ал ол үшін қоғам жоғарғы мәдени-өркениеттілік, интеллектуалды және материалды даму деңгейінде тұруы қажет, яғни азаматтық қоғам бола білуі керек. Іс жүзінде тіршілік ететін қабілетті азаматтық қоғамда адамдар өздерінің болашағы, өз мемлекетінің болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға тіптен де жүрексінбейді. Азаматтық қоғамдағы азаматтардың қарым-қатынасы негізінде шынайы мейірімділік, өзара түсінушілік пен бейбіт кедісім, төзімділік жатыр. Азаматтық институттарды ешкім жоғарыдан жарлық түсіріп құрмайды, оларды азаматтар өзара тиімді кедісім арқылы жасайды.
Өкімет органдары, мемлекет пен азаматтық қоғам арақатынасы қарама-қайшылықтар күресі мен бірлестілігін еске салатындай. Осы тұрғыдан мемлекет азаматтық қоғамның қалыптасқан биліктің қалыптасу барысындағы тұлға еркіне қатынасты антитезасы деуге де болады.
Жоғарыда келтірілген азаматтық қоғамның әлеуметтік-философиялық негіздері, оның классикалық бейнесінің сараптамасы бізге азаматтық қоғамды дұрыс түсіну үшін қажет шарттар. Басқа идеялық дәстүрден жеткен ілімнің ықпалы осы «қазіргі жерде қазіргі уақытта» шешілуі тиісті мәселелерге жарық түсірері рас. Сол сияқты батыстық демократияның маңызды қасиеті және мақтанышы - азаматтық қоғам идеясы да Азия, Латын Америкасы, Африка, Шығыс Еуропа елдері үшін сұхбат аймағы бола бастады.
Азаматтық қоғам адамның жеке басының еркі мен әлеуметтік заңға үйлестіліктің дәл келуімен тартымды идея болып кәрінеді. Онда адамдар арасындағы үйлесімді қарым-қатынас орнату жолы жеке индивид жауапкершілігіне жүктеледі. Азаматтық қоғам тыныштық пен жалпыұлттық келісімді көздейді. Бұл мақсаттар күрдеді көп этникалық құрамы бар Қазақстан Республикасының өмірлік мәні бар мүдделерін көздейді.
Бүгінгі таңдағы Қазақстан үшін, басқа да постсоветтік мемлекеттердегі сияқты, әлеуметтік-экономикалық дамудың қарама-қайшылықты тенденциялары басым. Экономиканы либерализациялау мен саяси өкімет институттарын демократизациялауға бет бұрған, тоталитарлық тәртіп шеңберінен ығысқан жаңа мемлекеттер үшін әлеуметтік инфраструктура бірден тепе-тең, ойластырылған күйде өздігінен дами қоятын түрі жоқ. Біздің мәдени әлемімізде сырттан келген, көбінде Батыстан жеткен институттар - парламенттік демократия, көппартиялық жүйе, құқықтық мемлекет бірден қоныс тауып кетуі қиын. Саяси-мәдени тұрғыдан батыстық құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның дайын модельдерін орынды-орынсыз көшіре салу мақсат емес, оны ұлтгық мемлекеггілік дәстүрлерімен сейкестендіре отырып, қазақ ұлтының діліне негіздей келе шығармашылық-пен қабыл алған орынды.
Қазақстанда азаматтық қоғам құру мәселесі биліктің либералды демократиялық институттары мен нарықтық экономика құрылымын қалыптастырумен шектелмейді. Мәселенің негізі ұлттық азаматтық этосын даярлауда жатыр. Азаматгық этосты батыстың біртектестірілген құндылықтырын көшіріп қойып емес, дәстүрлі дүниетанымның, ұлттық мәдениеттің негізінде байыпты да байсалды түрде қалыптастыру қажет. Осы орайда орынды түрде мынандай сұрақ туады: қазіргі болып жатқан өзгерістер модернизация ма әлде вестернизация ма? Біздің батыстың технологиялық, экономикалық даму шеңіне жуықтамайтын әлеуметтік күйімізде құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның батыстық модедін дәлме-дәл көшіруге талпыну жөнді ме, жөнсіз бе? Ендеше, мүмкін біз әлемге уақыт талабына лайықты жауап бере алып, сөйтіп қоғам дамуының мүлдем басқа жолын көрсететін болармыз? Бұл тұста жауаптан гөрі сұрақ көп... Уақыт өз Талабын қойды, ендігі іс - біздің берер жауабымыздың қаншалықты жетістік әкелері Қазақстан Республикасының ерікті азаматтарының ұятына, өзіндік жауапкершілігіне байланысты деп ойлаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |