Қоянбекова сара бариқызы қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының негіздері



бет4/6
Дата16.06.2016
өлшемі393 Kb.
#139518
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6

Алтыншы тарау «Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының мәдени ұлттық аспектісі» деп аталып, қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының ұлттық мәдени негіздері мен тілдегі ұлт болмысы танымының көрінісін талдауға арналған. Экспрессивтілік тіл мәдениетінде сөздің коммуникативтік қатысымдық сапаларын құраушы компонент ретінде анықталады.

6.1 «Экспрессивтік стилистиканы қалыптастырудағы ұлттық лингвомәдени концепті». Тіл – ойды жеткізудің негізгі құралы болуымен қатар, рухани құндылықтарды танып білудің, ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігі. «Ұлттық өзіндік сана басқалардан бөлектенетін, өз өмірі көріністерінің бейнеленуі; өзіндік сала этнонимі (өз атауы) діл, ұлттық мінез-құлық, дүниетанымдық т.б. рухани жүйелер тарихы, халықтың білім бастаулары т.б. тығыз байланысты болып келеді [30, 91 б.].

Әдетте ұлт-тіл-мәдениет ұғымдары ажырамас бірлікте қарастырылады. Себебі ұлтсыз тіл-тілсіз ұлт болмайды. Негізінен алғанда ұлт – ортақ төл мәдениетті қалыптастыратын әлеуметтік бірлестік деп анықталса, ұлтттық тіл – халықтың ауызекі және жазба түрде ұлттық қарым-қатынас құралы қызметін атқаратын әлеуметтік тарихи категория [31, 22]. Олай болса, тіліміздегі сөздер мен қолданыстағы ұғымдардың экспрессивтік-стилистикалық сипаты бүкіл ұлттық дүниетанымның ауқымды көрсеткіші бола алады. Себебі тіліміздегі көптеген сөздер белгілі бір стильдік қабатты құрайды. Бұл тұжырымды белгілі ғалым І.Кеңесбаевтың «Стиль өлгенді тірілтіп, өшкенді жандыратын дүние десе де болады» деген пікірі нақтылай түседі [32, 73 б.].

Экспрессивті стилистика тұрғысынан қазақ халқының ұлттық-мәдени ерекшеліктерін танытудың мәні мен маңызы зор. Таным теориясында оның негізгі құраушы элементі – танымдық факторды жан-жақты игерту мәселесі көзделген. Ұлттық рухани мәдениеттің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрінің әлемдік өркениеттер диалогында танылуы тілге тікелей қатысты. Қазақ халқының төл мәдениетінің қай түрін алсақ та, оның мазмұны тіл, сөз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа тарап, жеткізіліп, экспрессивтілік қызметі айқындалады.

Ұлттық-мәдени ерекшеліктердің тіл арқылы танылуы, қазақ тіл білімінде ғылыми зерделеніп, жүйелену мәселелері өткен ғасырдын сексенінші жылдарынан нақты қолға алына бастады. Тіліміздегі «тіл және мәдениет» мәселелеріне байланысты сабақтастық жөніндегі ғылыми зерделенген тұжырымдар арқылы ғасырдың соңғы жиырма жылында зерттеу мәдени ұлттық тұрғыдан зерделеніп жүйелене бастады. Тілдің мәдени қырынан талдануы жөніндегі алғашқы тұжырымдар қазақ тіл білімінде академик Ә.Т.Қайдаров, Р.Сыздық, Қ.Өмірәлиев, М.Балақаев, М.Серғалиев, Ө.Айтбаев, Е.Жанпейісов, Ғ.Қалиев, Н.Уәлиев, Б.Шалабай, Ф.Оразбаева, С.Сатенова, Б.Момынова, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Г.Қосымова, Б.Қасым, М.Атабаева т.б. еңбектерінде ұсынылады.

Елтанымдық зерттеудің басты мақсаты – мәдени ұлттық-танымдық сипаттағы ерекшеліктерді тарихпен, әлеуметтік, мәдени сабақтастық негізінде тіл арқылы, тек тілі арқылы таныту болады.

Мәдени-ұлттық таным рухани қасиеттерден құралып, тіл арқылы, сөйлеу мәдениеті арқылы жүзеге асырылып отырған. Мәселен, қазіргі зерттеу еңбектерде шаршы топ алдында тілдің экспрессивті қызметін таныту, тыңдата білу мәдениет түсінігімен үндеседі.



6.2 «Ұлттық менталитеттің экспрессивтік стилистикадағы көрінісі». Тілдік экспрессия жасауда дін, менталитет ұғымы белгілі бір ұлттың бойында ғасырлар бойы қалыптасып, әлемді қабылдауын көрсететін ұлттық дүниетанымдылық құндылықтарының жүйесі.

«Діл – мәдени бірегейленумен және тұлғаның өзін-өзі белгілі бір мәдени ортада сезіну деңгейімен байланысты. Діл әртүрлі адамдардың дүниедегі заттар мен құбылыстардың біркелкі таңбалар мен рәміздер арқылы бейнелей алу қабілетімен ерекшеленді [34, 321 б.]. Аталған құндылықтар қатарында әр ұлттың өзіне тән қастерлейтін ұғымдары болады, олар ортақ табиғи ортада қалыптасу негізінде мәдени-ұлттық танымдармен тікелей байланыста қарастырылып тіл арқылы көрініс тауып отырады.

Қазақ ұлты діліндегі ерекшелік «сөз» қадірін «сөзге тоқтау», арқылы білдірген. «Сөз өнері» айрықша бағалап, оны күнделікті тұрмыста жүйелі қолдана білген. Сөз қоғам өмірімен ажырамас бірлікте қарастырылып, ағайын туыс, үлкенді құрметтеу, қонақ күту т.б. қатар «ер адам», «әйел адам», «бала, мал шаруашылығы» сияқты толып жатқан сөзді экспрессивті тұрғыдан қолданудың биік үлгісі қамтылып отырған. Мысалы: Қазақ халқы өмірін мал шаруашылығымен етене байланыстырып, төрт түлік малдың байлықтың басы санап, берекенің белгісі ретінде ұсталған. Осыған орай қазақ тілінде экспрессивті бояу-реңкі өте жоғары лексикалық-фразеологиялық тіркестер қалыптасқан. Олардың басым көпшілігі жағымды мәнді білдіреді. Оларға: құлын мүсінді, бота көз – сұлулық символын білдірсе, ата-ана баласын еркелеткенде, қоңыр қозым, жәудіреген ботақаным, «құлыным» т.б. жағымды мәндегі бейнелі тіркестерін, жағымсыз мәнде «иттің баласы» сияқты реңктердегі тіркестерді жатқызуға болады. Мұнда қолданылатын сөздер ерекше, олардың экспрессивтік стилистикалық бояуы кең, бай және әртүрлі болып келеді. Олардың тілдегі көрнісінде көп айшықты сөздермен өрнектелетін тіркесімдер өте мол. Жақсы көру, жек көру, сүйіспеншілік, махаббат, қоштасу, амандасу т.б. көптеген тұрмыс-салтпен, дәстүрлермен тығыз бірлікте ұштастырылатын адам өмірінің толық кезеңін қамтитын шілдехана, ұзату тойы, өлім-жітім т.б. сияқты қатынастар жүйесінің қоғамда әбден орныққан түрлерінің барлығы дерлік ерекше әсер беретін, эмоционалды бояуы жағынан көтеріңкі салтанаттылықты немесе мысқылды білдіретін реңке ие болып келеді.

Қазақ халқының бүкіл өмірін қамтитын мәдени-ұлттық құндылықтарды бейнелейтін мысалдар сансыз көп. Олардың барлығында дерлік қазақ ұлтына тән ғана қасиеттер талданып көрініс алған. Мұндағы сөздің бейне-бедерін арттырып тұрған тілдік-тұлға-бірліктердің мағыналық-стилистикалық жағы мен оларды белгілі салада көбірек қолдануда қатаң тәуелділік бар. Өйткені белгілі салада тұрақты қолданудың нәтижесінде тілдік құралдардың мағынасы белгілі стилистикалық мәнге, бояуға ие бола бастайды да, кейін тұрақты бекітіледі. Даму барысында бояу-реңктер бірте-бірте тілдік тұлға бірліктердің мағыналарына о бастан тән, табиғи қасиетіне айналып, экспрессивтілік мәнге ие болады.

Қазақ халқының ең маңызды мәдени ұлттық ерекшеліктерінің бірі жан-жақты дамыған дәстүрлі мәдениет үлгілеріндегі дағдылы ұлттық рәсімдерінде ұлттық менталитет тұтастай қамтылады. Мұндағы әрбір мағыналы ақпарат беретін қалыптасқан дүниетаным, ұлт ерекшелігін көрсетеді. Осындай ұлттық мәдени ерекшеліктер негізі әмбебаптық сипат алып, көптеген пәндермен тығыз байланыста қарастырылады. Мәселен, қазақ мәдениеті көшпелі халықтың жүріп өткен жолы – тарихымен, жер жағдайы – географиямен, дүниетанымы – философиямен, ойлау жүйесі – психологиямен, өнері – әдебиетпен т.б. сабақтастырылып, рухани байлығы өмір сүруі барысындағы ұлттық тұрмыс салты, дәстүрімен бірге танылатын таным шығармалары, сөз өнері, өлеңдері т.с.с. ұштастырылады.

Тіл зерттелген сайын оның жаңа қырлары да кеңінен ашыла түсуде. Бұл тіл біліміндегі ғылыми бағыттардың жанданып, жаңаруына негіз болады. Соның бір саласы гендерлік лингвистика болып табылады. Гендерлік лингвистиканың негізі – тілдік қатынастағы әйел тілі мен ерлердің тіліндегі ерекшеліктерді лингвистикалық тұрғыдан талдау. Гендерлік зерттеулердің негізін салушы зерттеушілер А.В.Кирилина, А.П.Мартынюк, Е.А.Земская, Н.Н.Розановалар [35]. Қазақ тіл білімінде де ғалымдар әйел тілі мәселесіне назар аударған. Әйелдер тілінің ерекшелігі біздің тілімізге енген жаңа құбылыс емес, ол тілдік қолданыста бұрыннан өмір сүріп келе жатқан экспрессивті тілдік категория деп танимыз. Ғалым Б.Хасанов өз еңбегінде: «Ескі әдет-ғұрып бойынша келіндер қайын ата, қайын інілерінің атын дәл атай алмайды, басқашалап келтіреді. Мұндай әдет-дәстүр түркі халықтарында ертеректен бар». Мысалы: Сылдырманың ар жағында, сылдырманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр екен, жанаманы білемеге білеп-білеп жіберіп бауыздап келдім, - депті бір келіншек қайын енесіне... [36, 47 б.].

Қазақ тіл білімінде гендерлік лингвистиканың негізі болатын бірліктер біздің тілімізде бұрыннан өмір сүріп келе жатқан тілдік құбылыс деп білеміз. Мұндай тілдегі болып жатқан құбылыстар мен заңдылықтардың әйел және ер адамның сөйлеу тілінен психологиялық жай-күйінен көрініс алуы жұмыста мысалдармен дәлелденеді.

6.3 «Қазақ ақыл-ой өрісінің экспрессивтік стилистикадағы рөлі». Мәдени-ұлттық таным мен ұлт тілінің біртұтастығы – адам баласының ой-санасында танылған әлемдік бейне, болмыстың ұғымдық белгілерімен тоғысады. Кез келген ұлт өкілдерінің көзқарасы мен менталитеті, өзіндік дүниетанымы т.б. тілде бейнеленіп, тілде сақталатынына жұмыста жүйелі талдау жасалды. Ана тілі ежелден келе жатқан тарихи мәдени-ұлттық танымды жеткізу қызметімен ерекшеленеді. Әдетте халықтың дүниетанымы тіл арқылы жеткізіліп, қоғамдық өмірмен, мәдени дамумен тығыз байланыста қарастырылады. Мысалы: сөз өнерін айрықша бағалаған қазақ халқы үшін «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би», сөздің қасиеті де салыстырусыз биік. Тіл – замана ағымы негізінде түзілген таным, халықтың өмір сүру тәсілінің, әдет-ғұрпының, дәстүрінің, мінезінің, жалпы болмысының көрінісі. Зерттеу еңбектерінде анықталғандай, ол – өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, ықшамдап жеткізетін, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтың бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі. Оның мазмұны терең, тақырып аясы өте кең. Мақал-мәтелдер көбіне өлең үлгісінде, кейде қара сөзбен де айтылады. Мысалы: «Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без», «Етігін шешпей ер шыңаймас», «Қатты жерге қақ тұрар, қайратты жерге бақ тұрар» ассонансқа, аллитерацияға құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылып, стильдік тұрғыдан экспресивті қызмет атқарады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіріп, бейнелеу құралдары арқылы жүзеге асырылады. Мысалы: «Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар», «Ырысқа қарай ұл өсер, қонысқа қарай мал өсер», «Ел – ырыстың орманы, ер – ырыстың қорғаны» т.б. мақалдарда әртүрлі әлеуметтік мәдени-ұлттық көріністер факторларды баяндаудағы тілдік қордың байлығы, өрнекті сөздер табиғаты, негізінде экспрессивтік байланыс анықталып, ұғымның образды қабылдануы көрінеді.

Мәтел – негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, қорытындысы тұспалды, мақалға өте жақын. Мысалы: «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады», «Қаңбақтан қашсаң – дөңбекке жолығасың». Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылып, бейнелеуді білдіреді.

Мақал-мәтелдер ойды жандандырып, өткірлік, ұлттық сипаттағы экспрессивтік стильдік мәні ерекше құрал болып табылады. Мақал – мәтелдерді орынды, дұрыс қолдану сөз өрнегіндегі шеберліке баулитын әсем өрнек. Халық даналығы мақалдар мен мәтелдерді мол қолданды, бұл тілімізде экспрессивтік стилдік ерекшелікті қалыптастырудың негізі болды.

Мақал-мәтелдер сөйлесу тілін де, жазу тілін де жандандырады.

Қазіргі таңда дәстүр мен халық даналығының қайнар көзін танымның дүниетанымдық табиғатымен үйлестіру, сол арқылы қазақ тілінің болашағын айғақтауға, өркениетті елдің мәдени-рухани мүмкіндігін арттыруға әсер етері сөзсіз.

Мақал-мәтелдердің құрылымын жаңа ғасыр баспалдағында мәдени-ұлттық үрдісте зерттеудің қажеттілігі тіл мен ойлау арақатынасын жаңа қырынан тануға, халықтың танымдық ой-өрістік деңгейінің құпиясына терең үңілуді қажет етеді. Бұл қазақ тіл біліміндегі мақал-мәтелдердің экспрессивтік қызметін психолингвистикалық аспектіде зерттеу арқылы адам психологиялық қабылдауына нақты талдау жасауға, оның өзіндік ерекшелігін жаңа қырынан тануға жетелейді.

Жиынтығы тілде мақал-мәтелдердің, қанатты сөздердің тілдік экспрессивтік табиғаты айрықша.

Мақал-мәтелдер – халықтың рухани-эстетикалық, көркемдік қазынасы. Олардағы тілдік құралдармен берілетін экспрессия мен эмоцияның мынадай негізгі белгісін атап көрсетуге болады: эмоция – адамның тіршілік жағдайына қанағаттануы мен қанағаттанбауынан туатын психологиялық күй, экспрессия – соның айшығы, тіл арқылы бедерлі өрнектеліп бейнеленген көрінісі; -адам ойындағы психологиялық процестерді сипаттайтын экспрессивті мәнді қолданыстар, нақты айтқанда, мақал-мәтелдер және қанатты сөздер функционалды-семантикалық жинақтық құрайтын күрделі жүйе және ол ықшамдық, дәлдік, әсерлілік принциптерін басшылыққа алады. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердегі экспрессия мен эмоцияның тілдік құралдар арқылы берілетін эмоционалдық реңкі мағынасы терең, халыққа ұғынықты. Мақал-мәтелдерге тән экспрессивтік тілдік оған эмоционалдық реңк үстемелейді. Экспрессия мен эмоцияны білдіретін тілдік құралдар – адам бойындағы жеру, жирену, жек көру, күйіну, сүйсіну, армандау т.б. тәрізді сезім күйлерін сипаттайтын психолингвистикалық құрылымдар болып келеді. Экспрессия мен эмоцияны білдіретін тілдік құралдар – адам бойындағы жеру, жирену, жек көру, күйіну, сүйсіну, армандау т.б. тәрізді сезім күйлерін сипаттайтын психолингвистикалық құрылымдар болып келеді.

«Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында» дегенде даналық пен парасаттылықтан туындаған терең ой бүгінгі ұрпаққа ерекше бояу-нақышымен өзгертілмей жетіп, өнеге беруде танытып, экспрессия тудырып тұр. Мұндай жағымды, жағымсыз қасиеттер, олардың бір-бірімен қақтығыстары нәтижесі өрнекті сөз арқылы жүзеге асырылады. Мұндай талдаулар қатарларын көптеп тізе беруге болады.

Мақал-мәтелдер өзінің мазмұны жағынан халық өмірінің әр түрлі саласынан дерек беретіні, әр түрлі тақырыпта айтылатыны белгілі. Ұлттық сипаттағы шығармаларда қазақтың өмірі. тұрмысы, әдет-ғұрпы т.б. түрлі тақырыптар қозғалады, көркемділікпен, экспрессивтік тұрғыдан суреттеледі.

Мақал-мәтелдердің экспрессивті стилистика тұрғысынан қолдану ерекшеліктері әрқашан өз белсенділігін, өзектілігін жоймайды.

Ол ұлттық менталитет ерекшелігінің негізінде қалыптасып, көріктеу, әсерлеу жағынан шығарма тіліне мәдени ұлттық сипат береді. Мақал-мәтелдер өзіндік ерекшеліктермен тілдік қолданыста бейнелілігін, мәнерлілігін, өткірлігін де ұштай түсетін тілдік құрал болып табылады.



6.4 «Ауыз әдебиеті үлгілерінде қалыптасқан экспрессивтік стилистиканың құралдары мен тәсілдері». Экспрессивтік стилистиканы қалыптастырудағы ауыз әдебиеті үлгілерінің мән-маңызы ерекше. Мәдени-ұлттық шығармашылықтың өзекті саласы болып табылатын ауыз әдебиеті ауызша шығарылып, ауызша тараған көркем әдеби туындылардың жиынтығы ретінде айрықша экспрессивті қызмет атқарады.

Қазақ халқы негізінен сөз өнерін ұлттың өзіндік белгісі ретінде таныта білген. Ұрпақтан ұрпаққа діл арқылы, тіл арқылы жеткізіліп келе жатқан халық шығармашылығы, халық поэзиясы бүгінде ұлт тарихын баяндайтын еңбектерде толығымен көрініс алып, ұрпақ тәрбиелеуде, тіл мәдениетін дамытуда, тіл мен әдебиет туындыларын зерттеудегі ғылымның қайнар көзіне айналып отыр. Себебі ауыз әдебиеті халықпен бірге жасасып келе жатқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, наным-сенім, сондай-ақ түрлі көркемөнерді (поэзия, музыка, би, ою-өрнек, тоқыма өнері т.б.) толығымен қамти отырып, тілдік тұрғыдан жан-жақты сипаттайтыны жөнінде зерттеу еңбектерде кеңінен айтылып жүр. Әсіресе, ертегі, тарихи жырлар, батырлар жыры, дастандар, айтыс өнерінің экспрессивтілік құралдары тілдің қолданыс аясын кеңейтуде өз орнымен ерекшеленеді.

Халықтың тарихы мен мәдени өмірін сипаттайтын экспрессивті сөздер мен тіркестерді таныту қолданыстағы мағынасын анықтауды қажет етеді. Осы орайда қазақтың сөз өнеріндегі мәдениетін тіл арқылы анықтап, келер ұрпаққа жеткізу – төл тіліміздің ерекшелігін таныту болмақ. Тіліміздегі экспрессивті қолданыстар ауыз әдебиетінің қайнар бұлағы деп танылса, қазір де экспрессивті қолданыстар тілімізде белсенді қолданылып, көркем әдебиетте, ауызекі тілде, диалектілік лексикада, мақал-мәтелдерде т.б. жиі кездесіп, өзіндік сөз өрнектерімен айшықталады.

Көшпелі қоғам мәдениетінде тыңдаушысын тәнті еткен өлең, жырлар өте көп. Экспрессивтілік белгілері бойынша өте жоғары бағаланған. Мысалы: Қайратқа мінген Қабанбай, Садақ жетер жерлерді Тартып кетіп барады, Қырып кетіп барады «Қобыланды жырынан». Қазақ ауыз әдебиетінің көне жанры – «Батырлар жыры» – экспрессивті лексиканың кені. Өйткені осы жырларда әр ғасырдың тарихи-әлеуметтік жағдайы, ата-бабаларымыздың елдік, ерлік салты, мәдени-рухани ғұрпы, тағдыры айрықша сөз өрнектерімен берілген. Мұны зерттеушілер: «Батырлар жыры қазақ мәдениеті мен дүниетанымының энциклопедиясы»,- деп тұжырымдап, тарих пен мәдени өмірінің көне дәуірдегі белестерін бүгінде қазіргі ұрпаққа тек ауыз әдебиеті мұралары ғана жеткізе алатынын көрсетеді.

Ауыз әдебиеті жанрлық құрамы жағы­нан сан алуан. Олар тұрмыс-салт өлеңдері (еңбек-кәсіп, аңшылық, үйлену, жерлеу салты, наным-сенім, т.б.), ертегілер, аңыздар, әпсаналар, мифтер, эпостық жырлар, тарихи өлең, қара өлең, лирик, өлең, өтірік өлең, мақал-мәтелдер. Жұмбақтар, айтыс, шешендік сөздер, жаңылтпаштар, драмалық үлгідегі шығармалар… т.б. Бұлардың негізгі құралы – экспрессивті сөз. Сондықтан ауыз әдебиеті, ең алдымен, сөз өнері. Ауыз әдебиетіне жататын шығармалардың көркемдік, эстетикалық қызметі, тәрбиелік мәні, негізінен, бейнелі экспрессивті сөзге негізделген. Соның бірі – шешендік сөздер.

Мақал-мәтелдердің экспрессивті стилистика тұрғысынан қолдану ерекшеліктері әрқашан өз белсенділігін, өзектілігін жоймайды.

Ол ұлттық менталитет ерекшелігінің негізінде қалыптасып, көріктеу, әсерлеу жағынан шығарма тіліне мәдени ұлттық сипат береді. Мақал-мәтелдер өзіндік ерекшеліктерімен тілдік қолданыста бейнелілігін, мәнерлілігін, өткірлігін ұштай түсетін тілдік құрал болып табылады.

Халық ауыз әдебиетінің үлгілерінен ұлттық болмыстың әрқилы сипатын экспрессивті сөз өрнектері арқылы тануға болады. Бұл тұрғыда ұлттық болмыстың нышандарын танытатын тіл деректерінің ана тілі құндылықтарын тілші-ғалым, академик Р.Сыздық өз еңбектерінде жан-жақты талдап көрсеткен. Автор бұл жөнінде: «Қазақтың бай ауыз әдебиеті мен өткен ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың тілінде, жырларда ескі тұрмыс- салтқа байланысты сөздер мен сөз тіркестерінің кездесуі табиғи құбылыс. Сондай сөз тіркестерінің сырын біліп, қолданылған жердегі мағынасын түсіндіру, олардың түп-төркінін танып отыру қажет»,- деп көрсетеді [25, 51].



6.5 «Экспрессивтік стилистика және сөз мәдениеті». Сөз мәдениеті тілдік нормаға негізделеді. Тілдік норма өз ішінде грамматикалық және лексикалық нормаға негізделеді. Лексикалық норма – сөздерді іріктеп, сұрыптап, талғаммен қолдану болса, грамматикалық норма сөз мәдениетінде біршама тұрақталып, қалыптасқан жүйеге қатысты. Сөйлеу мәдениетінде ойдың нақтылығы, сөздің анықтығы, тазалығы, көңіл-күйге әсер ететін шынайылығы (ол қарапайым сөзден немесе бейнелі образды сөздерден құралуына қарамастан), көркемдігі маңызды рөл атқарады. Жүйелеп келгенде, мұның барлығы экспрессивтілік табиғатындағы міндеттер мен талаптарды тоғыстырады. Сөз мәдениеті функционалды стиль түрлерін қамтиды.

Сөз мәдениеті топ алдында мәдениетті сөйлеудің негізгі мақсат-міндеттерін меңгерудің жолдарын, нақты талаптарын қарастырады. Қазіргі таңда қазақ тіл мәдениетінің үлкен бір саласы – сөз мәдениетін жоғары деңгейге көтерудің басты шарты тікелей қатысты зерттеліп келеді. Сөз мәдениетін ұлттық тұрғыдан зерделеу мәселелері мәдени ұлттық аспектінің негізгі бағыттарын басшылыққа алу мәдениетін ұлт мәдениетімен ұштастыра қарастыруда. Яғни, осы үрдіске орай, бізде өз зерттеу жұмыстарымызда сөз мәдениетін «әсерлі жеткізу» ұстанымдары негізінде яғни тілдегі экспрессивтілік мәселелерімен сабақтастырылып, экспрессиялық стилистика мәселелерімен тікелей ұштастырылады. Тіл мәдениетінің басты қатысымдық сапаларына сөздің «дұрыстығынан» өзге сөз дәлдігі, сөз байлығы, сөз тазалығы, сөз орындылығы, сөз әсерлілігі, сөз әдебі сияқты сапалар жатады.

Жалпы қазақ тіл біліміндегі сөз мәдениетінің жекелеген мәселелері М.Балақаев, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов «Қазақ әдеби тілінің тарихы» еңбектерінде қарастырылса, жалпы қазақ сөз мәдениетінің ғылыми теориялық негіздері Н.Уәлиұлының зерттеу еңбегінде [37] талданып, жүйеленген.

Сонымен, сөз дегеніміз – жоғары қабілетті тілдік тұлғаның әлеуметтік лингвистикалық компетенциясы арқылы бір немесе бірнеше сөйлемнің жиынтық операциясынан тұратын ой, пікір ретінде танылатын тілдің динамикалы процесінің өндірісі. Сөз, сөзтану лингвистикасы стильмен бірлесе отырып, өз мәнін толық айқындап берді.

Сөз мәдениетін жетілдіру «әсерлі, образды, бедерлі жеткізу» ұстанымдары стилистикалық мүмкіндіктерді тарату жиынтықтарын құрайды.
Қорытынды

1. Қазақ тілінің экспрессивтік стилистикасы тіл философиясы, тіл мен ойлау, тіл мен сөйлеу, тілдік таным мен бейне, эмоция және тілдік таңба, ұлттық таным мен сана, ұлттық тіл мен діл, көркемдік таным, ұлттық тіл мәдениеті, ұлттық ақыл-ой өрісі, гендерлік тіл табиғаты мәселелерімен өзектесіп жатқан өзіндік ерекшелігі мол, іргелі сала болып табылады. Экспрессивтік стилистика логика, философия, психология, этнопсихология, этнолингвистика, когнитология және әдебиет теориясы, поэтика, көркем сөз теориясына қатысты мәселелердің тоғысқан жерінде пайда болып, өзіндік тілдік сипат алады. Қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық ерекшелігін сипаттайтын зерттеулер жасалса да, оның тілдік құрылымы мен жүйесі тұтастықта қарастырыла қойған жоқ. Осыған дейінгі еңбектерде қазақ тіліндегі тіл бірліктерінің стилистикалық қызметі мен сипатын, рөлін жеке-авторлық контекст арқылы анықтау басым болып, экспрессивтік стилистиканың өзіндік заңдылықтары мен тілдегі экспрессивтіліктің тетіктерін зерделеу назардан тыс қалып келді. Стилистика – тілдің қолданымдық және экспрессивтік қызметін дамытып, әдеби тілді байытып отыратын салалардың бірі. Экспрессивтік стилистиканың өзіндік заңдылықтары мен сипатын ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеп, зерделеу тілдің теориялық және қолданбалы, практикалық арналарын дамытуға кең жол ашады.

2. Экспрессивтілік категориясы тіл бірліктерінің экспрессивтік стилистикалық қызметін анықтауда басшылыққа алынатын негізгі ұғым болып табылады. Ол – тіл бірліктерінің коммуникативтік мақсат-міндеттен туындайтын белгілерінің стилистикалық жиынтығы. Экспрессивтілік белгілі бір тіл бірліктерінің қызметін белсендіру арқылы сөйлеушінің психикалық жай-күйін айқын көрсетіп, сөздің әсер ету әлеуетін арттырады. Экспрессивтілік тілде эмоционалды, бағалауыштық, қарқындылық, көркемдеуіштік тағы басқа мағыналық элементтердің интегративтік жиынтығы болып, ол нақты контексте жүзеге асып, контексте түсіндірілетіндіктен, ол көпқырлы, күрделі құбылыс болып табылады.

3. Тіл бірліктерінің экспрессивтік стилистикалық қызметі транспозиция арқылы жүзеге асады да, коннотаттық мағынаның жасалуының негізгі тәсілі ретінде танылады. Экспрессивтілік тіл бірліктері мен грамматикалық құрылымдардың, стилистикалық құралдардың және олардың сөйлеудегі ықтимал комбинацияларының семантикалық немесе функционалдық жолмен ауысуы арқылы жасалады. Транспозиция мен коннотация тілдің экспрессивтік және функционалдық стилистикалық қызметінің дамуына байланыста қарастырылатын кең ұғым. Коннотация мазмұнды, тілдің ақпараттық қырын, олардың номинативтік құралдар жүйесіндегі статусын сипаттаушы семантикалық құбылыс болса, экспрессивтіліктің пайда болуына функционалдылық тән болып, ол сөйлеу барысында коммуникативтік мақсат-міндетке сай туындап, түсіндіріледі.

4. Фоностилистикада дыбыстың экспрессивтік стилистикалық қызметі фонемалардың сөз мағынасымен ассоцияциялануына негізделіп, дыбыстық символға айналуы арқылы жасалады. Дыбыстық ассоциациялардың күштілігі өзара ұқсас, жақын сөздерде қаншалықты қайталанып келуімен, яғни фонетикалық аттрактанттарға байланысты анықталады. Экспрессивтік стилистикада дыбыс просодикалық құрал ретінде автордың сөйлеу мақсатына сай жұмсалып, сөздің музыкалық, интонациялық, стилистикалық және мағыналық тұтастығын, композициясын құраушы стилистикалық элемент ретінде танылады. Дыбыстық символизмнің жасалуына дыбыстың, сөйлемнің, сөздің түрлі позициясында қайталанып келуі арқылы ассиметриялы, симметриялы болып, дыбыстық анафоралар, дыбыстық симплока, дыбыстық ауысулар жасалады. Белгілі бір экспрессивтік және бейнелеуіштік мағынаны жеткізуге қатысып, поэтикалық және бейнелеуіштік қызмет атқарып тұрады. Дыбыстық қайталаулар, ассонанс, аллитерация, полифониялы, дыбысты параллелизм, парехеза, каламбур, сөз ойнату т.б. өлең тармақтарындағы бунақтардың бірыңғай дыбыстардан келуі оның суперсегментті ырғақтық-әуендік ерекшелігі мен сегментті дыбыстық айтылымының басын қосып, тұтас өлеңдік мәтіннің құрылымдық фоникалық белгілерін көрсетіп тұрады. Сонымен қатар, сөйлеуде себеп-салдарлық, қарама-қарсы, салыстырмалы, метафоралық түрлі мағыналық ассоциациялар тудырады.

5. Қазақ тілі лексикасының тілдік жүйеде қалыптасқан және сөйлеудегі қалыптан тыс экспрессивтік стилистикалық тетіктері лексикалық құралдардың экспрессивтік стилистикалық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді. Сөздің, фразеологизмдердің өзіндік табиғатына бағалауыштық (рационалды бағалау, негативті бағалау), көркемдік-бейнелеуіштік, (пейоративті), функционалдық (тарихи коннотациялар, жаңа коннотациялар, диалект коннотациялар, ұлттық-мәдени коннотациялар т.б.) тән болып келеді. Бұл экспрессивтік мағыналардың берілуі лексикалық құралдардың синонимдік ресурстарға бай болып келуімен анықталады. Семантикалық, стилистикалық және семантикалық-стилистикалық синонимдердің экспрессивтік стилистикалық мағынаны жасауға қатысы бірдей емес. Ол сөйлеушінің көркемдік талғамы мен коммуникативтік шеберлігіне қарай нақты контекстерде стильдік мағына, реңк алады. Лексикалық құралдардың антонимиясы, омонимиясы мен полисемиясы, паронимиясы, парономазия т.б. экспрессивтік стилистикалық мағынаны берудің түрлі жолдары мен шендестіру, оксюморон, литота, градация, гипербола, каламбур және парафразалық, энантосемантикалық тәсілдерін жүзеге асырудың белсенді тілдік құралдары болып табылады. Сол арқылы комизм тудыру, ирония, сарказм тудыруы, көркем бейнені нақтылау, бейнені әр қырынан сипаттап ашу, көңіл-күйге лайық баяндау мәнерін қалыптастыру, мағынаны үдету, қарама-қарсы қойып суреттеу, субъективтік бағалау, салыстыру, айтылған ойдың эмоциялық бояуын қоюлату, оның маңыздылығын көрсету т.б. стильдік мақсатта жұмсалып, экспрессивтік стилистикалық қызмет атқарады.

6. Тіл құралдарының экспрессивтік стилистикалық қызметі мағыналардың семантикалық трансформациялану арқылы да жасалып, түрлі экспрессивтік мағыналардың жасалуына негіз болады. Троптың түрлерін зерттеу тілде әлі белгілі бола қоймаған түрлі экспрессивтік стилистикалық мағыналарды, оның берілу жолдары мен тәсілдерін анықтауға мүмкіндік береді. Метафора, метонимия, синекдоха, кейіптеу, теңеу, антономазия, эпитеттер тілдің көріктеу құралдары болуының себебі оның тілдегі түрлі экспрессивтік мағыналарды жеткізе алуымен танылады.

7. Тіл құралдарының экспрессивтік стилистикалық қызметі мағыналардың функционалдық, құрылымдық трансформациялануы және синтагманың мүшеленуі арқылы да жасалып, осыған байланысты экспрессивтік мағынаның жасалуының түрлі жолдары анықталады. Сұраулы, лепті, бұйрықты сөйлемдердің интонациялық, синтаксистік орын тәртібінің өзгермелілігі оның экспрессивтік мағынаны, ойды жеткізудегі мүмкіншіліктерінің кең екенін танытады. Инверсия, сегментация, парцелляция, антиципация, эллипсис, парентеза, асиндентон және полисиндентон қазақ тілінің синтаксистік құрылымдарындағы экспрессивтік стилистикалық мағынаның жасалу жолдарын көрсетеді. Берілетін, алынатын ақпараттың эмоционалды, экспрессивті және көркем-эстетикалық ерекшелігін жеткізуде жұмсалатын толық қайталамалар ойды нақтылау, ақпараттың экспрессивтік маңыздылығын арттыру, эмоционалды-интонациялық әсерін күшейту, эмоциялық бояуын қанық етіп суреттеу, субъективтік бағалау көзқарасын білдіру мақсатында жұмсалып анафора, эпифора, анадиплозис, амплификация, синтаксистік параллелизм, этимологиялық қайталау, зевгма, хиазм тәсілдерінің жасалуына негіз болады.

8. Стилистиканы тілдің коммуникативтік талаптары мен жағдайына сәйкес қолданылуы туралы ғылым ретінде қарастыратын болсақ, оның функционалдық және экспрессивтік қырларының дихотомиялық байланысын басты назарда ұстауымыз қажет. Экспрессивтіліктің ауызекі сөйлеу тілі мен кітаби жазба тілдегі салыстырмалы сипаты экспрессивтік стилистика мен функционалды стилистикадағы экспрессивтік стилистикалық мағынаның жасалу, қалыптасу, даму жолдарын және тілдің стилистикалық нормасы мен функционалдық жүйесін қалыптастыруға әсерін анықтауға мүмкіндік береді.

9. Тілдің экспрессивтік әлеуеті оның ұлттық және мәдени танымның жиынтық көрінісі болуынан көрінеді. Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол адам өмірінің материалдық және рухани мәдениетінің ұлтқа тән төл тума қасиеттерін бойына жинақтап, сақтау негізінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырады. Тілдің куммулятивтік қызметімен бірге тілдің ұлттық таным болмысын танытатын экспрессивтіліктің дәні де ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Жалпы ұлтқа тән мәдени танымдық ерекшеліктерді, қасиет-сапаларды бейнелейтін экспрессивтілік тілдің куммулятивтік қызметімен бірге дамып, жетіліп отыратынын көруге болады. Осы орайда экспрессивтілік құбылысы жалпы ұлттық тіл және ұлт болмысының табиғатына тән ерекшелік ретінде анықталады.

10. Экспрессивтілік – қазақ ұлтының өзіндік психологиясын, мінез-құлқын, құндылықтар жүйесін тіл арқылы өрнектейтін концептуалдық мәні бар ұғым. Қазақ халқына тән менталитетті тану танымдық жүйедегі тілдік таңбаның экспрессивтік қасиет-сапаларын зерттеу арқылы жүзеге асады. Осы орайда экспрессивтіліктің гендерлік табиғаты да ұлттық сипат алады. Әйел тілі мен ерлер тілінің психофизиологиялық және лингвистикалық ерекшеліктерінің тоғысқан жерінде экспрессивтіліктің де қазақ ұлтына тән гендерлік табиғаты көрінеді. Сөздің тектік табиғатының экспрессивтік айырмашылықтары сол тілдің өзіндік ұлттық табиғатын айқындайтын белгілердің бірі болып табылады. Ол қазақтың ат қою ерекшелігінен, туыстық атаулардан және экспрессивтік мағынаның ерлер мен әйелдерге қатысты жасалатын стилистикалық сөз қолданыстарынан көрінеді.

11. Тіл – адам баласының ой-санасында танылған әлемдік бейненің, болмыстың ұғымдық белгісі болып саналады. Тілдегі экспрессивтілік ұлттың өзіндік дүниетанымымен бірге ақыл-ой өрісінің де өлшемі бола алады. Осы орайда қазақ ақыл-ой өрісінің нақты тілдік көрсеткіші ретінде мақал-мәтелдердің экспрессивтік стилистикалық әлеуетінің зор екенін көруге болады. Мақал-мәтелдер тілдің экспрессивтік әсерін арттырып, өткірлік сипат, ұлттық бояу беретін экспрессивтік стильдік мәні ерекше құрал болып табылады.

12. Экспрессивтік стилистиканы ұлттың психологиясымен және дүниетанымымен, менталитетімен байланыста қарастыру тілдің экспрессивтік мән-мағыналарды жеткізудегі өзіндік ерекшеліктерін зерттеуге әкеледі. Ұлт тарихымен бірге жасасып келе жатқан халық ауыз әдебиеті тыңдаушыға, оқырманға экспрессивті ықпал етудің серпінді құралы болып табылады. Онда қазақ тілінің экспрессивтілікті білдірудің өзіне тән ұлттық тілдік тетіктері қалыптасқан. Батырлық және ғашықтық жырлардағы, шешендік сөздердегі, бата сөздердегі, айтыстардағы экспрессивтік стилистикалық құралдар мен құрылымдар көру, есту жүйелері арқылы сөзге сендірудің, иландырудың, ұйытудың суггестиялық, терапиялық қасиеттерін көрсетеді.

13. Экспрессивтілік ұлттық тіл мәдениетін анықтаудың басты көрсеткіші болып табылады, сол себепті ол сөз мәдениеті мәселелерімен тығыз байланыста қарастырылады. Сөз дұрыстығы, сөз байлығы, сөз тазалығы, орындылығы, нақтылығы, әсерлілігі, әдебі сияқты тілдің қатысымдық қасиет-сапаларының жоғары деңгейде болуы қазақ тілінің функционалдық және экспрессивтік жүйелері мен құрылымдарының даму сипатына байланысты анықталады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет