Кипчаки евразии: история, язык и



Pdf көрінісі
бет139/187
Дата18.05.2022
өлшемі4.03 Mb.
#456910
түріСборник
1   ...   135   136   137   138   139   140   141   142   ...   187
Еуразия қыпшақтары. Тарих, тіл, жазба ескерт. Конф. матер. 2013

тексты памятников армянским письмом» деген атпен көлемі 1084 беттік 
еңбекте [3] 1519-1628 жылдар аралығында жазылып сақталған 109 қолжазба 
мен 1618 жылы Львов қаласында қыпшақ тілінде армян жазуымен баспадан 
басылып шыққан “Алғыш бітікі” – христиан діні дұғалары кітабының 
мәтіндері транскрипцияланып, көпшілігі орыс тіліне аударылып берілген, акт 
кітаптарының мазмұндалған каталогы мен мәтін үлгілері көрініс тапқан.
Қыпшақ жазба мұраларының екінші томы (2007 ж., көлемі - 912 бет) 
«Кыпчакское письменное наследие. Т.2. Памятники духовной культуры 
караимов, куманов-половцев и армяно-кыпчаков» деген атпен жарық көрді 
[26]. Мұнда, негізінен, діни шығармалар латын әрпімен транскрипцияланып, 
кейбірі орысшаға аударылған. Қарайымдардың дұғалықтары қарайым тілінде 
және орысша аудармасымен берілген. «Codex Cumanicus» ескерткішіндегі 
христиан дінінің уағыздары мен қыпшақ жұмбақтары теріліп алынып, 
транскрипцияланып, орысша аударылып берілген. Кіріспе мақалада 
ескерткіштің зерттелуі, шығарма жайында әр кездерде айтылған ғылыми 
пікірлерге қысқаша шолу жасалған, мәтіннің соңында әдебиеттер 
көрсетілген. Армян-қыпшақша діни шығармалар, осы шығармаларды 
түсіндіруге арналған Еревандағы Матенадаран көне қолжазбалар 
институтында және Львов, Санкт-Петербург, Вена қалаларында сақталған 
армянша-қыпшақша сөздіктер бір жүйеге түсіріліп, армян сөздері армян 


әліпбиімен, ал қыпшақ сөздері, оқырманға ұғынықты болу үшін, 
халықаралық транскрипциямен берілген. 
Еңбекте қарайым, құман-қыпшақ және армян-қыпшақ тілдерінде бір 
жанрдағы материалдардың берілуі - оларды лингвостилистикалық, 
этнолингвистикалық және лексика-лексикографиялық тұрғыдан өзара және 
қазіргі заманғы тілдермен салыстыра зерттеуге мүмкіндік берері сөзсіз.
Үш томдықтың соңғысы – 2010 жылы жарияланған көлемі 1802 беттік 
«Қыпшақ сөздігі» [27]. Сөздік – алғашқы екі томдықтағы мәтіндердің 
лексикасы толық қамтылған бірегей лексикографиялық еңбек.  
Бұлардың алдында А.Н. Гаркавецтің жариялауымен 2001 жылы 
“Армянша-қыпшақша Псалтырь” (1575-1580) екі нұсқасы мен оған арналған 
армянша-қыпшақша сөздік [28], 2003 жылы “Армян төре бітігінің қыпшақ-
поляк версиясы және армян-қыпшақ іс жүргізу кодексі,” Львов, Каменец-
Подольский, 1519-1594 жж. [29] деген еңбек қазақ және орыс тілдерінде 
жарық көрді.
Бұл еңбектердің құндылығы - әлемнің түкпір-түкпіріне шашылып кеткен, 
әр кезде, әр елде жарық көргені бар, әлі жарық көрмегені бар қыпшақ жазба 
мұраларын бір жерге жинақтап, зерттеушілерге екі ғасырға жуық мезгілді 
қамтыған, түрлі жанрдағы мол материалмен жұмыс істеу мүмкіндігін 
жасағандығында. 
А.Н. Гаркавец жариялаған бұл мұралар қыпшақтану саласына қосылған 
зор үлес екендігі, сонымен қатар қыпшақтану саласындағы соны 
ізденістерге, тарихи-салыстырмалы зерттеулерге жол ашатын еңбек екендігі 
ақиқат.
Түрлі жанрларды қамтыған армян-қыпшақ ескерткіштерінің тілі өте бай. 
Оларда түркі халықтарының мәдени-рухани дүниесіне, материалдық 
мәдениетіне, қоғамдық-әлеуметтік өміріне, кәсібі мен тұрмыс-салтына 
қатысты сөздер мен сөз тіркестері кеңінен көрініс тапқан. Бұл тілдік 
материалдар сотқа келушілердің аузынан тікелей жазылып алынған акт 
кітаптарының жазбаларында молынан ұшырасады. Баламасы жоқ ұғымдар 
мен атауларды беру үшін қыпшақ тілінің грамматикалық заңдылығымен 
жаңа сөздер жасап отырған.
Ескерткіштерде 
көрініс тапқан тілдік фактілер қыпшақ тілі 
лексикасының барлық тақырыптық топтарын қамтиды. Негізгі сөздік қорын 
жалпытүркілік лексика құрайды. Тарихи даму мен сыртқы лингвистикалық 
әсерлерден сөз мағыналарының кеңеюі және жаңа ұғымдарды беру 
мақсатында қыпшақ тілінің негізінде жасалған жаңа сөзқолданыс байқалады. 
Бұл үрдіс кірме сөздерден сөзжасамдық жолмен, яғни жұрнақтар жалғау 
арқылы жаңа сөз тудыруда да қолданылған.
Ескерткіштер тілінде сол дәуірге тән түрлі құбылыстар мен заттар атауы, 
халықтың наным-сенімінен, мәдениетінен хабар беретін сөздер молынан 
қамтылған, қыпшақ тіліндегі баламасы жоқ болғандықтан түпнұсқа тілден 
қабылданған кірме атаулар да бар. Сөздік құрамда төл сөздермен қатар кірме 
сөздердің қамтылуы барлық тілдерге тән құбылыс болып есептеледі. Белгілі 
бір тілдің лексикасын зерттеуде “... халық өмір кешкен табиғи жағдайларды, 
халықтың негізгі кәсібін, шаруашылық, үй-тұрмыс ерекшеліктерін, 


қоғамдық-саяси құрылымын, халықтың көне наным-сенім ерекшеліктерін 
айқындап-нақтылауды өзіне мақсат етіп қоюға болады” [30, 12 б.].
Ескерткіштер тілінің негізгі сөздік қоры қазіргі қыпшақ және басқа да түркі 
тілдеріне ортақ сөздер, яғни жалпытүркілік сипаттағы сөздерден тұрады. 
Көне дәуірлерден жеткен түркілік сөздердің үлкен бір тобы, қазіргі түркі 
тілдерінің 
өзіндік 
жүйесін 
құрайтын 
фонетикалық 
өзгерістерге 
ұшырағанымен, негізгі тұлғалары мен лексикалық мағыналарын сақтағанын 
көреміз. Жазба дереккөздерге сүйене отырып, көне түркіден бастап, кейінгі 
дәуір ескерткіштері тілінен көрініс тапқан бұл сөздердің тілдің даму 
нәтижесінде фонетикалық, семантикалық, тұлғалық өзгеріске түсу процесін 
белгілі дәрежеде бағамдауға болады. Жалпытүркілік сөздік қор – қазіргі түркі 
тілдеріне ұйытқы болған, олардың одан әрі дамуына негіз болған ортақ 
қазына. 
XVI-XVII ғасырларды қамтитын бұл мол мұраның тілін қазіргі түркі, 
оның ішінде қыпшақ тілдерімен тарихи-генетикалық сабақтастық, 
диахрониялық тұрғысынан зерттеу, ареалдық белгілерін айқындау сияқты 
өзекті мәселелерге ғалымдар назарын аударуымыз қажет. 
Әр тілдің өзіндік даму процесі барысында өзгерістерге ұшырап отыруы 
заңды құбылыс, оның үстіне салыстырылып отырған тілдердің арасын 
жүздеген жылдардың бөліп жатқаны тағы бар. Қалай болғанда да өз 
дәуірінде Еуразияның апайтөс даласында, Дунайдан Алтайға дейінгі 
аралықта халықаралық тіл қызметін атқарған қыпшақ тілінің аймақтық 
ерекшеліктері болғанымен, олардың негізі бір, тілдік құбылыстары 
ортақтығын және қазіргі қыпшақ тілдерімен генетикалық сабақтастығын 
тағдыр тәлкегімен түрлі дәуірлерде, түрлі әліпбилермен хатталып жеткен 
жазба дүниелерге жан-жақты, тиянақты зерттеулер жүргізу нәтижесінде 
нақтылап, айқындауға қол жеткізуге болады. 
Жалпытүркілік сөздердің армян-қыпшақ ескерткіштері тілінде ауыспалы 
мағынада қолданулары және бұрыннан бар сөздің негізінде жасалған туынды 
сөздер арқылы жаңа ұғымдар мен атауларды берулері бұл жәдігерліктер 
тілінің өзіндік сипатты ерекшелігі болып табылады. 
Ерекшелігі - ұзақ уақыт өзге (славян) жүйедегі тілдердің қоршауында 
болғандықтан, сөйлемнің құрылысы бұзылып, сөздердің орын тәртібі 
өзгеріске ұшырағандығы. Армян жазулы қыпшақ ескерткіштері тілінің 
өзіндік морфологиялық ерекшеліктерін сөз еткенде туыс емес тілдердің 
қоршауында екі ғасыр бойы тірлік кешкен тілдің өзге жүйедегі тілдік ортада 
конвергенциялану процесі де есте болғаны жөн.
Бүгінгі күнге дейінгі армян-қыпшақ ескерткіштерінің жариялануы мен 
зерттелу деңгейін ескере отырып, алда уақытта аталған басылымдарды 
түпнұсқаларымен салыстыра отырып, мынандай бағыттарда ғылыми-зерттеу 
жұмыстарын жүргізуді қолға алуымыз керек: 
- түркология мен арменистикадағы еңбектерге және осы саладағы жаңа 
бағыттағы зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып, ескерткіштер тіліне 
графофонетикалық талдау жүргізу арқылы фонетикалық жүйесін саралау, 
ескерткiштер тілін қазіргі қыпшақ тілдерінің дыбыстық жүйесімен 
салыстыру; 


- ескерткіштер тiлi мен қыпшақ тiлдеріндегі ортақ сөздік қорды, 
түбірлердің семантикасын диахрондық және синхрондық тұрғыдан анықтау; 
негізгі түбірлердің дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгiн 
құрылымдық-жүйелілік, 
тарихи-салыстырмалы, 
антропоцентристік 
парадигмалар жүйесінде ұштастыра отырып бағалау; ескерткіштің сөздік 
қорын құрылымдық модельдер бойынша нақтылау;
- армян-қыпшақ ескерткіштері тілінің грамматикалық құрылымын 
толық ғылыми тұрғыдан сипаттау;

армян-қыпшақ 
ескерткіштері 
тілінің 
фономорфологиялық 
ерекшеліктерін зерттеу; қосымшалардың ерекшеліктері мен ұқсастықтарын 
диахрониялық даму тұрғысынан зерделеу. 
- армян-қыпшақ ескерткіштері тілінің сөздік құрамын құрылымдық 
модельдері бойынша нақтылау;
- армян-қыпшақ ескерткіштері тілінің орта ғасырлық қыпшақ 
ескерткіштері тіліне және қазіргі түркі тілдеріне, оның ішінде қазақтың 
жалпыхалықтық тілі мен әдеби тіліне қатысын анықтау;
- ескерткіштердің лексикалық құрамы, сөздік қоры, сөз тіркестері, 
диалектілік негіздері туралы іргелі зерттеулер жүргізу;
- осындай мол жазба мұра қалдырған этникалық топтың этногенезі 
туралы да ғалымдар арасында пікір алалығы аяқталмағандықтан, бұл 
проблемамен де түбегейлі айналысу. 
Араб әліпбиімен жазылған мұраларды оқып, түсінетін білікті мамандар 
қазір біршама болғанымен, көне готика, көне армян, сына жазулармен 
Еуропа, Кавказ аумағында жазылып, біздің заманымызға жеткен 
жәдігерлерді зерттейтін мамандар жоқтың қасы. Сондықтан осы салалар 
бойынша мамандар даярлау қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   135   136   137   138   139   140   141   142   ...   187




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет