Серік Мырзалы философия оқу құралы



Pdf көрінісі
бет124/422
Дата07.10.2022
өлшемі3.76 Mb.
#462147
1   ...   120   121   122   123   124   125   126   127   ...   422
Гносеология мәселелері
Өзiнiң таным теориясында Дж.Локк сезiмдiк танымды (сенсуализм) 
бiлiмнiң қайнар көзiне жатқызады. Сондықтан ол «адаммен туа бiткен 
идеялар» жөнiндегi ағымдарды сынға алады. «Егер бiз қандай да бір 
бiлiмнiң пайда болған жолын көрсетсек, онда бiз оның туа бiтпегенiн 
дәлелдеймiз», – дейдi Дж.Локк. «Туа бiткен бiлiмдi» сынау жолында 
ол балауса психологиясын, тарихи артта қалып қойған қоғамдардағы 
адамдардың психологиясындағы ерекшелiктерге назар аударады.


178
Мысалы, «бүтiн бөлшектерден үлкен» дейтін идея салыстырмалы 
және тәжiрибеден туады. Ал «тепе-теңдiк» заңы мен «қайшылық 
заңын» алсақ, балалар бұл заңның не екенiн бiлмейдi. Бұл заңдар бiздiң 
жан-дүниемiзге туа бiтсе, онда оны сәби де, жас жеткіншек те бiлер едi 
ғой, – дейдi Дж.Локк.
Дж.Локтың ойынша, кез келген бiлiмнің, идеяның негiзiнде тәжiрибе 
жатыр. Ол саналы, иә болмаса бейсаналы жолмен бiздiң рухани 
өмiрiмiзде жиналуы мүмкiн. Сондықтан бiздiң жан-дүниемiздегi неше 
түрлi ұғымдар мен идеялар, ғылым мен өнер бiзбен бiрге туа келмейдi, 
ол өмiрлiк тәжiрибе арқылы қалыптасады.
Ұғымдар сияқты, моральдық нормалар да шынайы өмiрде бiрте-бiрте 
қалыптасады, ғасырлар өткен сайын өмiрдiң өзгерiстерiне сәйкес өзiнiң 
мән-мағынасын жетiлдiрiп отырады. Әртүрлi халықтардың моральдық 
нормалары, әдет-ғұрыптары бiр-бiрiне ұқсас емес, бұл деректердiң 
өзi бүкiл адамзатқа тән туа бiткен моральдық құндылықтардың жоқ 
екенiн көрсетедi. Адамдардың iзгiлiктi, жақсылықты жақтауы оның 
туа бiткенiнен емес, негiзiнен, оның пайдалылығында жатыр, – дейдi 
Дж.Локк.
Демек, егер адамның жан дүниесiнде ешқандай туа бiткен идея-
лар болмағаннан кейiн, оны «таза тақта» (tabula rasa) ретiнде қарауға 
болады. Адам өмiрге келiп, тәжiрибе жинап, сол «таза тақтаға» жазады. 
Мұндай сырттан алынатын тәжiрибенi Дж.Локк сезiмдiк тәжiрибе 
(sensation) дейдi.
Ал адамның iшкi рухани өмiрiндегi тебiренiстердi, неше түрлi 
қиял, идеяларды қайда жiберемiз? Әрине, Дж.Локк оларды терiске 
шығармайды. Ол оның бәрiн терең iшкi тәжiрибе, сезiм, ой өрiсi ретiнде 
қарайды да, оған рефлексия (reflection – бейнелеу) деген ат бередi. Егер 
сыртқы тәжiрибеден алған идеяларға бiз көзбен көру, құлақпен есту, 
иiстi сезiну т.с.с. арқылы келсек, iшкi тәжiрибе адамның өзiнiң iшкi 
ой-өрiсiн талдау арқылы келедi.
Ал ендi осы екi тәжiрибенiң қарым-қатынасы қандай? Әрине, уақыт 
тұрғысынан алғанда, сыртқы тәжiрибе алғашқы, әсiресе адамның 
сәбилiк және жастық уақытында, негiзiнен, сыртқы тәжiрибе басым 
болып, оның психологиясының қалыптасуында шешушi рөл атқарады, 
ары қарай жүре келе, адамның әлеуметтiк құрылымындағы орнына 
байланысты оның iшкi тәжiрибесi: оның дүние жөнiндегi ойлары, 
үмiтi, күмәнi, сенiмi, қуанышы мен қайғысы т.с.с. пайда болады. Кейбiр 
адамдардың iшкi рухани өмiрi ерте, кейбiреулерде өте кеш оянады. 
Ал уақытында дамымай қалып, надандықтың шеңберiнен шыға 
алмағандардың тiптi iшкi өмiрi оянбауы да мүмкiн екені туралы ойға 
келедi Дж.Локк. Мұндай терең пiкiрмен, жалпы алғанда, толығымен 
келiсуге болады.


179
Сонымен қатар Дж.Локк терең ойшыл ретiнде бұл мәселеге бiржақты 
ғана қарап қоймай, салыстырмалы түрде алғанда, iшкi тәжiрибенiң дер-
бес өмiр сүре алатынына да бiздiң назарымызды аударады. Өйткенi 
iшкi тәжiрибе тұрақтылығы мен өзiнiң мәндiлiгi жағынан дербес өмiр 
сүре алатын дәрежеге көтерiле алады.
Екiншi жағынан алғанда, адамның iшкi өмiрiнiң қалыптасуына 
оның туа бiткен табиғи дарындары да зор әсерiн тигiзедi. Ал табиғи 
дарындарды алсақ, олар сыртқы тәжiрибеге тәуелдi емес және адамның 
iс-әрекетiн, мамандығын таңдауда шешушi рөл атқарады. «Бiркелкi 
тәрбие алған адамдардың әртүрлi қабiлеттерiнiң бар екенiн байқай-
мыз», – деп қорытады ойшыл. Олай болса, адамды тәрбиелеу жолында 
бiз сыртқы тәжiрибемен қатар, iшкi тәжiрибенi де дамытуымыз керек. 
Бұл пiкiрмен тағы да келiсуге болады.
Сөйтіп, Дж.Локтың ойынша, танымның негiзiнде түйсiктер мен 
ойлау қабiлетi жатыр. Ең алғашында олар дүние жөнiндегi тұрпайы 
идеяларды тудырады. Бұл жерде бiз Дж.Локтың «идея» ұғымына жаңа 
мазмұн бергенiн байқаймыз. Егер Платоннан бастап, Ортағасырдағы 
схоластикада, Декартта идея ұғымына онтологиялық, яғни болмыстық 
дәреже берiлген болса, – олар дербес өмiр сүредi деп есептесе, Дж.Локк 
оларды тек дүниенiң кейбiр жақтарын бейнелейтiн ұғым, түйсiк, тiптi 
қиял ретiнде түсiнедi.
Сыртқы және iшкi тәжiрибенi бiр-бiрiнен айырып қарағаннан кейiн, 
Дж.Локк идеялардың бiрiншi және екiншi сапасының бар екенiн мойын-
дайды. Ендi соларға мiнездеме берейiк.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   120   121   122   123   124   125   126   127   ...   422




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет