Серік Мырзалы философия оқу құралы


§ 4. Қоғам өмірінің негізгі салалары



Pdf көрінісі
бет330/422
Дата07.10.2022
өлшемі3.76 Mb.
#462147
1   ...   326   327   328   329   330   331   332   333   ...   422
§ 4. Қоғам өмірінің негізгі салалары
Бүгінгі қоғамтану әдебиетінде қоғам өмірінің негізгі салалары 
ретінде экономикалық, әлеуметтік, саяси-құқықтық және рухани 
өмір көрсетіледі. Әрине, қоғам өмірі – өте күрделі жүйе, сондықтан 
осы көрсетілген салалар бір-бірімен шым-шытырық байланыста. 
Мысалы, экономика мен әлеуметтік сала арасындағы байланыстар 
өте тығыз. Экономика дамымай, бірде-бір әлеуметтік мәселелерді 


500
толыққанды шешу мүмкін емес. Сонымен қатар білім беру, денсаулық 
сақтау т.с.с. әлеуметтік мәселелер биік деңгейде шешілмесе, өндірісті 
дамыту, жаңа технологияларды өмірге енгізу екіталай. Ал оларды бір-
бірімен үйлесімді байланыстыру саясатпен тығыз байланысты екені 
тағы да сөзсіз. Ал саяси шешімдер заң жүзінде іске аспаса, оның бос 
сөзге айналып кететіні тағы бар. Жоғарыда көрсетілген осы салалар 
қоғамның негізінде жатқан рухани құндылықтарға сай келмей тағы 
да болмайды. Егер халық мыңдаған жылдардағы қалыптасқан рухани 
құндылықтарынан айырылып қалса, ол өз-өзін танымайтын белгілі бір 
құбыжыққа айналып, тарихтан жоғалып кетер еді. Тілінен, салты мен 
әдет-ғұрпынан айырылып, «мен орыспын» деп жүрген қаншама Сібір 
халықтарының өкілдерін бүгінгі Ресейден көруге болады!
Дегенмен де қоғамды ары қарай талдау жолында осы салаларды 
теориялық тұрғыдан бір-бірінен бөліп алып қарау қажет.
а) әлеуметтік-экономикалық философия
Қоғамның өмір сүру тәсілі басқа бүкіл жер бетіндегі тіршілік-
терден бөлек. Егерде дамыған жануарлар ең керемет дегенде өзіне керек 
қоректерді жинаса, адам оларды өндіреді. Мәселеге тереңірек үңілсек, 
еңбек ету, материалдық өндірісті тудыру арқылы адамның өзі адам 
ретінде қалыптасқан жоқ па? Тағы табиғатта қалалар, бау-бақша, неше 
түрлі машиналар, электрондық байланыс жүйелері т.с.с. жоқ емес пе? 
Оларды жасаған – адам.
Қазіргі адам (ғылыми тілде – кроманьон адамы) өзінің дене 
құрылысы ерекшеліктерімен осыдан 35-40 мың жылдар бұрын 
қалыптасып, дүниеге келді. Бірінші даму сатысында олар еңбек 
құралдарын тас пен сүйектен, ағаш пен мүйізден т.с.с. жасады. Олар, 
негізінен, аң аулау, өсімдіктерді жинау, соңынан балық аулау сияқты 
істермен айналысты. Өндіргіш күштердің деңгейінің төмендігі 
соншалықты, өндірілген тамақ тек олардың бұл өмірде тірі қалуын ғана 
қамтамасыз етті.
Жүре келе, шаруашылық саласында нағыз төңкеріс мал бағу мен 
жер өңдеу пайда болған кезде келеді. Оны ғылымда аграрлық рево-
люция дейді. Мысалы, біздің арғы бабаларымыз Сарыарқа даласында 
тағы жануарларды үйретіп, оларды малға айналдырып, солардың сүті 
мен етін, жүні мен терісін пайдалана бастады, ал Сыр, Іле, Шу бо-
йында жерді өңдеп, дақылдарды өсіру шаруашылық түрі пайда болды. 
Егер бұрын адам тағы табиғаттағы дайын қоректерді жинаумен айна-
лысса, енді оларды өндіре бастады. Соның арқасында молшылық пайда 
болып, халық тез өсіп, бүкіл жер бетіне кеңінен тарайды. Қолөнер 
жер өңдеуден бөлініп, өндіргіш күштерді ары қарай дамытты. Қоғам 


501
өмірінде жеке меншік пайда болып, әлеуметтік қатынастар күрделеніп, 
мемлекет дүниеге келеді, ой еңбегі дене еңбегінен бөлініп, ғылым мен 
өнер тез қарқынмен дами бастайды. Қоғамдық қатынастар мыңдаған 
жылдар шеңберінде қалыптасқан салт-дәстүрлерге негізделеді. 
Сондықтан ғылыми әдебиетте мұны «дәстүрлі қоғам», я болмаса 
«аграрлық цивилизация» дейді. Мыңдаған жылдарға созылған бұл 
қоғамның тарихындағы жетістіктерге тоқталсақ, ол қағаз, фарфор, 
жібек, күкірт жасау (Шығыста), жел диірмені, соңынан су диірмені, 
механикалық сағат, көзілдірік, мата жасау станоктары, кітап басу т.с.с. 
(Батыста) атауға болады. Көне заманда пайда болған ұлы жетістіктерге 
Мысырдағы Пирамидаларды, Қытайдағы мыңдаған шақырымға 
созылған Ұлы Қорғанды, Александрия қаласында салынған Алексан-
дрия фаросын, Рим қаласындағы Колизейді, Афинадағы Парфенонды 
т.с.с. ғажап туындыларды атап өтуге болады.
ХIV–ХVI ғғ. Еуропа топырағында, нақтылай айтқанда, Италияда 
үлкен өзгерістер орын алды. Шығыс елдерімен теңіз жолдарымен сауда-
саттық жасау, балық аулау, мата тоқу т.с.с. салалар тез қарқынмен дами 
бастайды, көп іскер шаруалар тез уақытта байып, өз бас бостандығын 
феодалдардан сатып алып, шеберханалар салып, онда жалдамалы 
еңбек түрлерін енгізеді. Жаңа қалалар, әсем ғимараттар салынып, өмір 
тез өзгере бастайды. Адамның табиғатты, айнала қоршаған ортаны 
қайта өзгерте алатынына көзі жетіп, дәстүрлі қоғамның ішінде жаңа – 
буржуазиялық қарым-қатынастар пайда болып, тез қарқынмен дами 
бастайды. Соңынан бұл дәуірді еуропалықтар «Ренессанс», яғни «Қайта 
өрлеу» деп атады. Әрине, бұл Еуропа тарихындағы дәстүрлі қоғамнан 
индустриалдық қоғамға өту дәуірі еді.
Осының нәтижесінде Еуропа елдері біршама буржуазиялық-демо-
кратиялық революциялардан өтіп, индустриалдық қоғамның шеңберіне 
толыққанды кіреді, енді адамзат тарихында Жаңа дәуір басталады.
Осы уақыттан бастап Батыс цивилизациясы Шығысты эконо-
микалық жағынан басып озып, кейіннен оларды отарлай бастайды. 
Неге осы уақытта Шығыста мұндай алға өрлеу басталмады деген сұрақ 
қойсақ, оған жауап беру оңай шаруа емес. Шамасы, оның негізгі себебін 
сонау көне заманда басталған Шығыс пен Батыстың дүние мен өмірге 
деген көзқарастарының бөлінуінен, Шығыс елдеріндегі қауымдық өмір 
салтынан, ал Батыста жеке адамның белсенділігіне жол ашылғанынан 
көруге болатын сияқты. Ал оның өзі, әрине, айнала қоршаған ортаға 
бейімделуден шығады. Еуропа мен Азияның табиғаты мен ауа райын 
салыстырсақ, әрине, Еуропада жеке адамның белсенді тұлға болып 
қалыптасуына молырақ мүмкіндіктердің болғанын байқаймыз. Еуро-
пада Қытай, я болмаса Үндістан еліндегі сияқты жүздеген мың адам-


502
дарды жинап, олардың басын қосып, үлкен арналар, суды тоқтататын 
бөгеттер салынған жоқ-ты.
Ал енді осы арада қайғы-қасіретке толы өз еліміздің тари-
хына тоқталсақ, онда Жаңа дәуірге дейін мыңдаған жылдар бойы 
көшпенділік шаруашылық түрі басым болды. Оның негізгі себебі де – 
сол қоршаған орта. Жеті ай қысы бар, суға тапшы елде, әрине, мал бағу, 
соның жолында көшіп-қону – ең тиімді шаруашылық түрі болды. Ал 
тарихқа Жаңа дәуір келген кезде, бүкіл жер шарын дүр сілкіндірген 
көшпенділер аянышты жағдайға душар болып, өз өмір салтының 
сарқылғанын байқады. Өйткені садақ пен сойыл ұстаған біздің баба-
ларымыз қанша батыр болғанымен, винтовка мен зеңбірекке, әлбетте, 
қарсы тұра алмады. Осы уақыттан бастап бірнеше жүз жылға созылған 
халықтың трагедиясы, қайғы-қасіреті басталып та кетті.
Жаңа дәуірдің экономика саласындағы негізгі ерекшеліктерінің 
бірі – адамдар заң жүзінде тең құқылы азаматтарға айналып, зор-
лап еңбек еткізу принципі келмеске кетеді. Сол себепті жеке адамның 
өмірге деген белсенділігі артып, жаңа қоғам өндіргіш күштерді 
бұрын-соңды болмаған биік дәрежеге көтереді. 300 жылдың шама-
сында өндіргіш күштер бұрынғы 5000 жылдағы жеткен дәрежеден 
асып түседі!!! Жүздеген жаңа қалалар, мыңдаған кәсіпорындар пайда 
болып, соның нәтижесінде халықтың әл-ауқаты, мәдениеті мен білімі 
өсті. Әрине, индустриалдық қоғамның дамуы да қайшылықтар, оларды 
шешу арқылы жүріп отырды.
ХХ ғ. ғылыми-техникалық революция, оның жетістіктерін өндіріс 
саласында тиімді пайдалану өндіргіш күштерді ары қарай күрт 
өсіріп, материалдық байлықтың жаңа көздерін ашты. Дегенмен де осы 
ғасырдың ортасына қарай бұл қоғам өзінің мәресіне жетіп, екі үлкен 
дағдарысқа келіп тірелді. Ол энергетикалық және сонымен байланысты 
экологиялық дағдарыс еді. Индустриалдық қоғам оларды аз уақыттың 
шеңберінде, ғылыми-техникалық жетістіктерге сүйене отырып, жаңа 
электрондық, ақпараттық технологиялар жасау арқылы шешіп, тіпті 
жаңа экономиканы тудырды. Бұл жаңа қоғам постиндустриалдық қоғам 
деп атала бастады. 
Кейбір Батыс ғалымдарының пайымдауынша, алдағы болашақта 
экономика саласы толығынан автоматтар мен роботтардың үлесіне 
тимек. Мұндай жағдайда адамдардың өмір мазмұны бос уақытты 
мейлінше сезімдік ләззат алып өткізумен және де тұлғаны құмартатын, 
сүйетін нәрсемен (хобби) айналысу болмақ. Ал К.Маркстің ойынша, 
өндіргіш күштер өте биік дәрежеге көтеріліп, қоғамдық байлық ағыл-
тегіл болған кезде, адамдардың тектік қабілеттері мен күш-жігерінің 
әлеуметтік кеңістігі өсіп, олар рухани шығармашылық жолына түсіп, 
шексіз даму мүмкіндігіне ие болады. 


503
Біздің ойымызша, қазіргі Батыс елдеріндегі «тұтыну қоғамы», 
сондағы кең етек алып кеткен «материалдық-сезімдік» өмір бағыты 
жоғарыда көрсетілген жағдайда мидың ләззатты сезінетін бөліктеріне 
электродтар арқылы импульстар бергізіп, «жаңа нашақорларды» 
тудырмасына кім кепіл болады. Мұндай тұжырымдар дүниежүзілік 
діндердегі негізгі аяндардың бірі – Иса пайғамбардың ауыр жүгінің 
барлық адамдарға қатысы бар екенін ұмыт қылады. Ізгілік бар жерде 
зұлымдық та бар, шың қаншалықты биік болса, құз да соншалықты 
терең екенін қазіргі адамзат ұмытқандай.
Экономика саласы адамдардың негізгі материалдық мұқтаж-
дықтарын өтеуі керек. Оның сыртында нағыз адами даму жатыр. Ол 
рухани-шығармашылық, адам өмірінің, жер бетіндегі тіршіліктің
тіпті керек десеңіз, ғарыштың мән-мағынасы жөнінде тебіреністе болу, 
тұлғаның шығармашылық іс-әрекетінің арқасында өмірде өзінің өшпес 
ізін қалдыру, жер бетіндегі ғажап оқиғаны – тіршілікті гүлдетіп сақтап 
қалу болмақ.
Сөйтіп, экономика саласы адамның күнбе-күнгі өміріндегі 
қажеттіліктерді қамтамасыз етеді. Алайда бұл қоғамның өмір сүруі-
нің негізгі факторы болса да, оның бір жағы ғана. Екінші жағы – сол 
адамның өзін нақтылы тарихи қалыптасқан өмірге сай етіп өсіп-өндіру, 
ұрпақтар өмірін жалғастыру, оны ары қарай дамыту болмақ. Міне, 
қоғамның осы екінші жағын әлеуметтік сала дейміз.
Әлеуметтік сала біркелкі емес: қоғам өмірінде әртүрлі әлеуметтік 
топтар өмір сүреді. Өйткені бұл дүниеде, – адамдарды айтпағанның 
өзінде, – ешбір бір-біріне толығынан ұқсас еш нәрсе жоқ, әрбір зат 
өмірге өз қайталанбас болмысымен келіп, уақыты озған кезде келмеске 
кетеді. Уақытында ХVIII ғ. кейбір ағартушылары, содан кейін К.Маркс 
пен Ф.Энгельс алғашқы қауымдық қоғамдағы адамдардың теңдігіне 
тамсана қарап, жеке меншік дүниеге келгеннен кейін байлық пен 
кедейлік, әртүрлі таптар мен әлеуметтік топтарға бөліну басталғанын 
айтып кеткен болатын. Соңғылардың ойынша, болашақ коммунистік 
қоғам жер бетінде орнаған кезде, сол біркелкілік тағы да қайтып ора-
лады, бірақ ағылтегіл байлықтың негізінде, өйткені барлық адамдардың 
қажеттіліктері толығынан өтеледі. Алайда мұндай пікір дүниенің басты 
қасиетіне қайшы келеді: Ұлы Мәртебелі Табиғат біркелкілікті сүймейді, 
ол әртүрлілікті жаратады.
Осы тұрғыдан сонау алғашқы қауымдық қоғамға көз жіберсек, 
онда да әртүрлі топтардың болғанын байқаймыз. Онда, әрине, қоғам 
демографиялық-жыныстық принциптің негізінде топтанды: аңшылар, 
ошақ басындағы әйелдер, жастар, сол қауымды басқаратын ақсақалдар 
т.с.с. Әрине, олардың әлеуметтік жағдайлары да соған сәйкес әртүрлі 


504
болды. Мысалы, әртүрлі тайпалар бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіп, 
бір-біріне оқтын-оқтын сыйлар тартты. Ал олар ақсақалдардың қолында 
қорланды т.с.с.
Тарихи өндіргіш күштер дамып, жеке меншік пайда болып, мемле-
кет дүниеге келген кезде, қоғам өмірінде таптар мен әртүрлі әлеуметтік 
топтар пайда болады. Байлық пен билікке ие болған үстем топтар 
мен езілген таптардың арасында қайшылықтар туады. Жаңа дәуір 
дүниеге келген кезде бұл қайшылықтар одан сайын өршіп, неше түрлі 
революцияларға әкеледі. Үстем таптар мемлекеттік билік арқылы өзін 
сақтап қалу жолында төмендегі әлеуметтік топтардың әлеуметтік 
жағдайларын көтеруге тырысады. Машина өндірісін дамыту үшін 
жұмысшылардың білім деңгейін өсіру керек болды, сондықтан білім 
беру жүйесіне көбірек көңіл бөлінеді. Жергілікті мемлекет мекемелері 
жұмысшыларға, кемтарларға арнап арзан баспана салуға кіріседі, 
денсаулық сақтау мәселелеріне көбірек көңіл бөліне бастайды т.с.с.
Әлеуметтік мәселелердің нағыз түбегейлі шешу жолдарын Ресейде 
большевиктер үкімет басына келген кезде бастайды. Олар жеке меншікті 
жойып, бүкіл ұлттық байлықты мемлекет қолына өткізіп, жоспарлы 
экономиканың негіздерін құрып, елді индустриялап, жаңа қалалар 
мен село кешендерін салып, бүкіл халықты жұмыспен қамтамасыз 
етіп, ғылым мен техниканы, білім беру жүйесін дамытып, денсаулық 
сақтау, жастарды тәрбиелеу т.с.с. әлеуметтік мәселелерге көп көңіл 
бөледі. Әрине, бұл ауқымды төңкерісте зорлық-зомбылық, репресси-
ялар қолданылып, миллиондаған адамдар осы әлеуметтік жаңарудың 
құрбанына айналды. Мұндай әлеуметтік саладағы түбе-гейлі өзгерістер 
бүкіл дүниежүзілік қауымға зор әсерін тигізді. Сондықтан капиталистік 
елдер Кеңес Одағының жасаған әлеуметтік саладағы үлгілеріне сәйкес 
жауап беру үшін неше түрлі әлеуметтік бағдарламалар жасап, өмірге 
енгізе бастады. Екінші жағынан, жүздеген жылдардағы даму бары-
сында қорланған байлық оларды тиімді түрде шешуге жол ашты. 
Дегенмен де Кеңес Одағындағы қалыптасқан тоталитарлық эко-
номика 60 жылдардан бастап тоқырауға түсті. Оның негізгі себебі 
экономиканың бір қолда ғана болып, монополизациялануы еді. Бәсекелік 
болмаған жерде экономика бір орында тұрақтанып қалды. Тұрпайы 
теңеудің негізінде адамдардың белсенді еңбегі жойылды. Шынайы өмір 
идеологияға бағынбай, іштей шірушілік басталды. Партия және үкімет 
басындағылар мемлекеттік меншіктің шын қожайындарына айна-
лып, көп жағдайда өз мүдделерін іске асыруға кірісті. Оларға арнаулы 
үйлер, санаторийлер, дүкендер, емдеу орындары т.с.с. салынды, олар 
бірте-бірте үстем тапқа айнала бастады, халыққа арналған әлеуметтік 
бағдарламалар орындалмай қорлана бастап, біршама шиеленістерді 


505
тудырды. Бұл қайшылықтар ақырында Кеңес Одағының құрып, жаңа 
тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуына әкелді.
Енді тәуелсіз мемлекеттердің алдында жаңа мақсат пайда болды – 
ол тоталитарлық экономикадан бас тартып, нарыққа көшу, жеке 
меншікке жол ашу, елді демократизациялап, ондаған жылдар қорланған 
әлеуметтік мәселелерді шешу еді. Өз еліміздің жағдайына келер болсақ, 
ол аянышты болды. Өйткені Кеңес Одағы заманында ол аграрлық-
шикізат өнімдерін шығаратын, басқа одақтас республикалардың, 
әсіресе Ресейдің экономикасымен тығыз байланып қалған ел болатын. 
Сондықтан Ресей Думасындағы кейбір ұлтшыл депутаттар: «Олар бізге 
қайтып оралады, өздері дербес мемлекет болып өмір сүре алмайды», – 
деген пікір айтқан болатын. Мұндай ауыр жағдайда Елбасы Н.Назар-
баев тапқырлық көрсетіп, шетелдерден елге инвестициялар тартып, 
халқымыздың алған бостандығын сақтап қалды. Бұл, әрине, қиын 
жылдар болды, кейбір кезде шетел компанияларымен теңсіз шарттарға 
да тұруға мәжбүр болдық. Бүгінгі таңда, экономиканың өрлеу бары-
сында, әлеуметтік мәселелерді шешуге үкімет пен парламент аса көп 
көңіл бөліп отыр. 
Соған қарамастан, соңғы жылдардағы қорланған әлеуметтік 
мәселелер – шаш етектен. Біздің ойымызша, оларды шешудің негізгі 
жолы осы уақытқа дейін жүргізіліп келген либералдық-демократиялық 
саясатты бірте-бірте әлеуметтік-демократиялық саясатқа ауыстыру 
болмақ. Реформа барысындағы рестратификация (қоғамды қайта топтау) 
үдерісі жекешелендіру барысында тез арада пайда болған байлар мен 
кедейлер тобын тудырды және олардың арасындағы айырмашылық сын 
көтермейтін дәрежеге жетті. Оның сыртында тұлғалық қасиеттен айы-
рылып, жаңа өмірде өз орнын таба алмай, әлеуметтік ауытқушылықтың 
әртүрлі жолдарына (маскүнемдік, нашақорлық, қылмыстық т.с.с.) түсіп 
кеткен азаматтар қаншама?! Қоғамның басын біріктіретін «орта тап» әлі 
әлсіз жағдайда. Арал мен Семей аймағында экологиялық апатқа байла-
нысты қасіретке түсіп жатқан қандастарымыз қаншама?! Қазақстанның 
көп жерлерінде ауызсу мәселесі осы уақытқа дейін шешілмей келеді. 
Білім беру мен денсаулық саласында да жиналған мәселелер аз емес. 
Жас аналарға деген қамқорлық – жоқтың қасы. Ерекше әңгіме – 
жастардың әлеуметтік мәселерін шешу, соның ішінде баспана мәселесі 
сын көтермейтін жағдайға жетіп отыр.
Бүгінгі таңда осы және басқа әлеуметтік мәселелер қоғамдық 
сананың өзекті сұрақтарына айналып, ақпарат құралдарында талда-
нуда. Олай болса, бұл мәселелер болашақта шешіледі деген үміттеміз. 
Жас дос, оларды болашақта шешуге сіз де атсалысарсыз деп ойлаймыз.


506


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   326   327   328   329   330   331   332   333   ...   422




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет