39
амалдарын ұқтыруды басшылыққа алады. Бай мен кедейдің аражігін
ажыратып көрсету. Байлықтың адами болмысқа тигізетін кері әсерін,
байлығы үшін құрмет көрсеткен жандардың Алла тағаланың
лағынетіне ұшырайтынын сөз етеді. Соның негізінде шариғаттың
мақамдарын ашып көрсетеді. Ол тазалық пен харамның мәнін
ұқтырудан тұрады. Ал бұл мақамдар дәруіштік сипатта сипатталады.
Оның жиынтығын қырық мақамнан тұратындығын айтып, олардың
әрқайсысына түсінік, яғни анықтама беріп өтеді.
Әр
мақамды топтастырып, оларға сипаттама беруде әзіреті Әлі
рази аллаһу анһу риуаят етуі бойынша Алланы тану, Хаққа жету
шариғат, тариқат, мағрифат, хақиқатта екендігін ұсынады. Қырық
мақамды осы төрт бағыттың негізінде беріп, оларға түсінік, анықтама,
жасалатын амалдар, т.т. жүйелі түрде жеткізеді. Нәтижесінде осы
келтірілген
өсиеттерге амал етіп, табандылық танытса онда ол адам
дүние-ақыреттің дәулетіне қол жеткізеді деп түйеді.
Жалпы алғанда, Қожа Ахмет Ясауидің «Пақырнама» еңбегі
өсиетнама іспетті. Тәрбиелік мәні де тереңде. Алла тағаланың кәламы
мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерін дәріптеп, оған амал еткен
үмметтеріне берер пайдасы мол екендігін ерекше атау керек.
Еңбектің түпкі мақсаты – адамилық, тазалық, имандылық һәм мәңгі
тірі болу. Оның басты сипаты – Хақты тану, Хақтың дидарымен
қауышу.
Бұл еңбекті арнайы зерттеу
нысаны ретінде қарастырған
ғалымдар да осы ретте мазмұны мен тіліне, онда қолданыс тапқан
сөйлемдердің стилдік құрылымдарына назар аударуды басшылыққа
алған. Солардың қатарында өзіміздің отандық және шет елдік
ғалымдар да бар. Мұның себебі «Пақырнама» еңбегі бірнеше нұсқада
сақталғандығы. Айталық, Ташкент, Душанбе мен Алматы
кітапханаларындағы қолжазбалар арасынан «Пақырнама» еңбегінің
бірқатар нұсқалары табылған.
Ең алғаш рет бұл шығарманы түркиялық
белгілі ғалым,
профессор Кемал Ераслан 1977 жылы латын қарпінде Стамбул
университеті Әдебиет факультеті Түрік тілі мен
әдебиеті
журналының 22-санында көлемді мақала түрінде жариялаған болатын
40
[9]. Содан кейінгі көлемді еңбек түрік тілінде
профессор
Абдуррахман Гүзел «Ахмет Ясауидің «Пақырнамасы» жайлы
зерттеу» деген атпен оқырман қауымына ұсынды [10].
Айта кетерлігі, Гүзелдің осы академиялық зерттеуі 2014 жылы
Ташкентте өзбек тілінде басылды (Ташкент, Навроз нашриоты, 2014.
– 268 с.) [11]. Бұл туынды қазақ тіліне ең алғаш рет 1992 жылы
аударылып, Түркістан қаласында шықты [12].
2016 жыл Юнеско тарапынан «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп
жарияланғанда Анкара қаласындағы Ахмет Ясауи университеті
Өкілетті кеңес басқармасы арнайы академиялық жинағын жариялады
[13].
Бұл жинақты құрастырушылар
профессор Кемал Ераслан мен
профессор Неждет Тосун «Пақырнаманың» тілдік, лингвистикалық
ерекшеліктеріне де арнайы тоқталған.
«Пақырнама» кітабындағы «пақыр» ұғымына қатысты діни-
сопылық
терминдердің
анықтамалық
сөздіктерінде
түрлі
түсініктемелер орын алған. Қазақ тілінде алғаш рет 1995 жылы жарық
көрген «Ислам» энциклопедиясында бұл ұғымға мынадай анықтама
берілген: «Пақыр (араб. факир) – кедей, тұрмыс жағдайы мүшкіл
адам. «Кедей» адамды пақырды «бай» адаммен (ерікті, ауқатты)
салыстыра отырып, оны Аллаһтың әмірі деу мұсылман қауымына тән
жағдай, ол Құранда атап көрсетілген. Екінші жағынан сол Құранның
өзінде кедей атаулыға қамқорлық жасау «сүннет» деп айтылған.
«Кедейлікті» сопылық ілімі және аскеттік, яғни тіршіліктің
рақатынан безіну ұғымдары да сөз етіледі.
Пақыр сөзі дәруіш пен сопы сөздерінің баламасы ретінде
қалыптасты. Ақындар да, ғұлама ғалымдар да өздерінің
қанағаттылығы мен қарапайымдылықтарын айта келіп, өздерін пақыр
санаған. Мұндай ұғым тұрмыста да жиі кездеседі. Еуропа тілдерінде,
сол сияқты орыс тілінде пақыр атауы үнділіктердің иогтары мен
аскеттеріне байланысты қолданылған» [14, 144].
Көріп тұрғанымыздай, аталған еңбектің зерттелуі мен жан-
жақты зерделенуі әлі де болса тереңірек талдау жасауды талап
ететіндігін алға тартады. Сол себепті біз осы аталған зерттеулерге
41
өзіндік үлес қосу мақсатында еңбекті
біршама бағытта қарастыруды
негізге алдық. Біз басшылыққа алған «Пақырнама» еңбегінің
қолжазбасы Алматы ұлттық кітапхана нұсқасы бойынша сараланды.
Қолжазба мәтіні 12 парақ. Әр бетте 13 қатар жазу бар. Жазу түрі –
настағлик. Қолжазбаның факсимилесі (көшірмесі) осы кітаптың
соңында берілген.
Аталған жинақ Алматы ұлттық кітапханасында 1622-386
нөмірімен тіркелген. Жинақ бірнеше рисаладан тұрады. Оның
алғашқысы – «Пақырнама», екіншісі – «Миратул-қулуб», үшіншісі –
Хакім ата туралы аңыздар. Содан кейін «Жамиул-мақамат» деп
аталатын еңбектің қысқаша аудармасымен жалғасады.