Пайдаланылған әдебиеттер
1 Д. Ысқақов, «Жетісу» газеті, 1968, 18 қаңтар
2 Кәкішев Т. Сәкен Сейфуллин. – Алматы, 1997. – 384 б
Summary
This article examines the scientific work of professor T. Kakishev S.Seifullin about creativity and scientific views in the field
of literary studies in the early XX century.
Сейітжанұлы З.,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы
БУЫРҚАНҒАН ХАЛЫҚТЫҢ ДАУЫЛПАЗЫ
«Егеулі найза қолға алып, ереуіл атқа ер салып» ұлы мұрат – елінің еркіндігі үшін күрескен
ерлерді халық ешуақыт есінен шығармаған. Ел мен жерінің бүтіндігі үшін жан аямай, ұлттық батыр
биігіне көтерілгендердің бірі – Кенесары мен Наурызбай. Олар бастаған ресей отарлығына қарсы
бағытталған күрес ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай он жылға (1837-1847) созылғаны белгілі.
Елінің тәуелсіздігі, халқының қамы жолында «түн қатып, түсі қашқан» жаужүрек батырлардың іс-
әрекеттері мен ерліктері жайында ауызша да, жазбаша да сан алуан, үлкенді-кішілі шығармалар
туған. Солардың бірі атақты ақын Нысанбай Жаманқұлұлының (1822-1883) «Кенесары - Наурызбай»
атты тарихи дастаны.
Ақын көтеріліске қатысқан, оқиғаны өз көзімен көрген адам. Оның:
Өлең-жырға Нысанбай,
Мәшһұр шешен, нар еді.
Бір естіген адамдар,
Сөзіне тағы зар еді.
Көзімен көріп, сөз қылған,
Соғыста өзі бар еді (1,55б.) – деуіне қарағанда, біріншіден, Нысанбай жырау Кенесары мен
Наурызбай бастаған көтерілісті қолдаған, олармен тілектес, досжар адам болған. Екінші жағынан,
оның айтулы ақын «өлең-жырға мәшһұр шешен, нар болғанынан» хабар табамыз.
Жырау алдымен Кенесары-Наурызбайдың ата-бабалары мен олардың туып-өскен мекенін таныс-
тырып өтеді.
Кенесары-Наурызбай –
Абылай хан-ды бабасы.
Әуелгі мекен – тұрағы,
Көкшетаудың даласы.
Жазғы жайлау қонысы,
Ұлытаудың саласы (17б.).
15
Нысанбай өз шығармасын осылай бастауының да өз себебі бар сияқты. Өйткені дастанның негізгі
кейіпкерлері – Кенесары мен Наурызбай. Бұл шығарманың шындықтан алшақ емес екенін көрсетеді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Кенесары-Наурызбай жайындағы шығармалар ғылыми айналымға
түсіп, лайықты бағысын алды. Нысанбайдың «Кенесары-Наурызбай» дастаны жайында: «оның дас-
таны отаршылдықтан туған ел қайғысы, еңбекші халықтың басына түскен ауыр жол, Кененің қол
бастап күреске шығуы, жорықтары мен ұрыс суреттері, жүрген жолы, жеңілісі – бәрі толық күйінде
көрініс табады. Кенесары-Наурызбай қолға түсіп, көтеріліс жеңілгеннен кейінгі елдің көңіл-күйі,
«бет-бетімен» тарауы жарқын суреттеледі»(2,106-107б.) – деп академик Қирабаев орынды баға
береді.
Кенесарының атқа мініп, азаттық туын көтеруі патшалық озбырлықтың әбден шектен шығуы
себеп болғаны белгілі. Ол патшаға хат жолдап басқыншылықты тоқтатуды талап етсе, Батыс Сібір
генарал-губернаторы Горчаковқа жазған хатында ата-бабадан мұра болып қалған көптеген жерлердің
тартып алынғанын айта келіп: «Енді біздің жерімізді күн сайын басып, оған бекіністер салып жатыр.
Сөйтіп, халықты барынша ашындырып отыр. Бұл біздің болашағымызды ғана емес, тіпті қазіргі
тірлігімізге де үлкен қауып туғызып отыр»(3,255б.) – деп өзінің наразылығын ашық білдіреді.
Мұндай қысым-қиянатқа шыдамаған Кенесары-Наурызбайлар да ата қонысынан көшуге мәжбүр
болған. Бұл жағдай дастанда былай суреттеледі:
Қонысты кәуір алған соң,
Кенекем көшкен жерінен.
Бауыры суып ол жақта,
Қарашы болған елінен (35б).
Жаулықты қоздырып, жамандыққа барғысы келмесе де, еркіндігінен айырып, жерін алып,
ауылын шапқан өктемдікке шыдамаған намысты ер «мен, Кенесары Қасымов, қолға қару алып, ұлы
күресті бастауға аттандым» - деп тәуекелге бел буғанын көреміз.
Кенесары, Наурызбай,
Атағы шыққан аңқылдап.
Жауды үркітіп қашырды,
Ақ алмастай жарқылдап, - (18б.)
деген жолдар да ешқандай асыра көрсетіп, әсірелеу жоқ. Қайта күрес күндерінің нақтылы көрінісі
десек болады.
Патшалық Ресей Кенесары бастаған жойқын жорықтардан қатты сескенеді. Қалайда бұл күресті
тұншықтыруды мақсат етеді. Бір жағынан патша әскерлері қазақ ауылдарын бұлап-талап жатса,
екінші жағынан, ерікті елдік үшін күрес бастаған Кенесары-Наурызбайлардың соңынан шам алып
түседі. Оларды жан-жақтан қыспаққа алады. Белгілі бір жерді мекендеп тұруға мүмкімдік бермеуге
ұмтылады. Патша әскернінің кесірінен Кенесары Жетісуға бет алады. Кейбір қара басының қамын
ойлаған атқа мінерлер патшаның шен-шекпенін алып, Кенесарыдан сырт айланғандары да болмай
қалған жоқ. Мұндай ала ауыздықтың да ықпал-әсері аз болмайды. Осындай ащы шындықтарда
дастаннан көрініс тауып отырғанын байқау қиын емес. Кенесарының аузымен айтылған төмендегі
сөздер де ынтымақтың аздығына өкініш білдіреді.
Ойда қоқан, қырда орыс,
Хакім болды қаласы.
Кімнен таяқ жегендей,
Біздің қазақ баласы!
Алдырып жүрген дүспанға –
Ауызының аласы.(26б.)
Кейбір сұлтандар Кененің азаттық туын көтерген күресіне қолдау көрсеткені былай тұрсын, тіпті
керісінше әрекетке барған. Сондықтан Кененің:
Дін мұсылман әлеумет,
Бірге мінсе кемеге.
Үш алаштың баласы,
Тізгін берсе Кенеге! – (26б.)
деп армандауы өте орынды еді. Бұған қазақ билеушілерінің арасында бақталас, көре алмаушылық,
қара басының қамынан арыға бара алмаған бейбақтардың болғанына көзіміз жетеді.
Патша үкіметі көтерілісті күшпен басып-жаншуға тырысқан, бірақ ойын орындай алмағандықтан
көтерісшілерді оқшаулауға кіріседі. Осы арқылы олардың күшін әлсіретуді мақсат етеді. Сондай-ақ,
екі ұлт – қазақ пен қырғызды бір-біріне айдап салуға әрекеттенеді. Белгілі тарихшы Еркебұлан
Бекмаханов өзінің «Қазақ халқының Кенесары бастаған азаттық қозғалысы» атты зерттеуінде: «...
16
Үкімет Кенесары қозғаласын бөлектеуге қолынан келгенінше тырысып бақты. Ол үшін өздері
ұнататын әдісі – қырғыздарды қазақтарға айдап салу, яғни патшалық-крепостниктік құрылыстың
ұлттық саясатына тән әдісті пайдаланды» (4,396б.) – деп жазады. Сөйтіп, Ресей мен Қоқан
билеушілері Кенесарының қырғыздармен бірігу мақсатына сына қағады. Екі халықтың ортасына
үнемі от тастап отырады. Мұндай зұлымдық айла өз нәтижесін бергені белгілі.
Ақын дастанындағы оқиғалардың ешқайсысы ойдан шығарылмаған, қайта тарихи құжаттардағы
деректермен сәйкес келіп отырады. Сонымен бірген автор Кенесары-Наурызбайды біріңғай дәріптей
бермей, қзінің көзқарасын білдіріп отырады. Кейде олардың іс-әрекеттеріне сын айтып,
ағаттықтарын да ашып көрсетеді. «Қарсы келген адамның, көзінің жасы көл болды. Ақылымен іс
қылмай, ақырында қор болды» - деуі де шығарманың шынайлығын көрсетеді.
Нысанбай ақын дастанның басында-ақ өзінің айтпақшы ойын, көтерілістің немен бітерін сездір-
гендей болады. Мәселен:
Күмісті садақ, алтын оқ,
Кенекең жауға жолықты.
Ақ білегін сыбанған,
Балуанды тойға жолықты.
Алыстан тоят іздеген,
Ақ сұңқарға жолықты,
Айшылықты бір басқан,
Қас тұлпарға жолықты.
Асқындаған пейілмен,
Кенекем зорға жолықты.
Нөкерімен теп-тегіс,
Бір ажалға молықты, (19б.) – дейді.
«Асқындаған пейілмен бір кеселге жолыққанын» хабардар етеді. Кенесары-Наурызбай бастаған
көтерілістің тұйыққа тірелетінін білдіреді. Ақынның бұл сөздерінде ешқандай жалғандық жоқ. Ақын
өз кезінің шындығынан ауытқымаған, тарихи оқиғаны нақты бейнелеген.
Жанрлық сипаты жағынан Нысанбай ақынның бұл туындысы авторлық тарихи жыр сипатына
жатады. Өйткені бұл шығарма да болған оқиға негізінде туған. Орыс отарлығына қарсы күрескен
Кенесары-Наурызбай бастаған батырлардың ерліктерін тілге тиек еткен. Тарихи жыр жайында акаде-
мик М.Әуезов былай дейді: «бұл жырлардың бәрі де ертеде туғандары да, кейініек шығарылғандары
да ашық тарихи оқиғаларға негізделген, ал басты-басты кейіпкерлер – тарихта болған адамдар.
Жырлардың авторлары – көбіне сол оқиғаларды көзімен көрген тұстастары. Авторлар көзімен көрген,
өздері басынан кешірген оқиғаларды уақытына қарай сап-сабымен баяндайды. Тарихи жырлардың
батырлық эпостан айырмашылығы бар. Яғни тарихи жырларда эпостық баяндауға тән объективтік
сарынның орнын оқиғаларды тікелей қабылдаған автордың әсері араласқан субъективтік баға
басады»(5,76б.). біз сөз етіп отырған дастан да ғалымның осы пікірін райтай түседі. Сонымен бірге
бұл дастанда батырлық эпосқа тән көркемдеу құралдары мен әсірелей айтуда ұшырасып отырады.
Нысанбай ақынның дастанында эпикалық сарындарға тән көтере көрсету мен лирикалық мотив-
тер де қадыса келіп отырады. Мәселен:
Хандарынан айырылған,
Иесіз жұртта сын бар ма?!
Кенесары, Наурызбай,
Бір көрінер күн бар ма?! – (54б.)
деп көңіл түкпіріндегі өкініш пен арманды бүгіп қалмайды. Кенесары мен Наурызбайды қимастық-
пен еске алады. Бірақ жазмыштың жазуы осылай болса не істемек?...
Немесе:
Наурызбай төре кеткен соң,
Бастан ауды бағымыз.
Кенесары кеткен соң,
Иесіз қалды тағымыз.
Бұлбұлдай сайрап жүр едік,
Байланды тіл мен жағымыз.
Артында қалған жетім ел,
Келіспей кетті сәніміз.
Ақырында әлеумет,
Осылай болды халіміз (55б.).
17
Бұл жолдардан да ақын налысы бірден аңғарылады. Көпті бастаған екі батырынан бірдей айы-
рылу басынан бағы тайғанмен бірдей деген байлам айтады. Батырлардың қапыда өмірден өзғанына
күйініш білдіреді. Бодандық бұғауындағы халықтың да жан сырындай әсер қалдырады.
Дастанның басты кейіпкерлері Кенесары мен Наурызбай. Кенесары елінің ертеңіне алаңдап,
бодандық бұғауын кигісі келмеген батыр. Ол – орыс отарлығына саналы түрде қарсы шыққан ерен
ерлік пен ақылдың иесі. Сондықтан қалың бұқара оған сенеді, соңынан ілеседі. Батыр атасы Абы-
лайдың ерлік дәстүрін жалғастырып, жолын қуады. «Кенекем келді біз үшін, үш алаштың қорғаны»
деп сипаттайды. Енді бірде ақын Кене ханның тұсында талай озбырлықтарды ойран еткенін еске
алады.
Кене ханның тұсында,
Қарт бурадай жарадық.
Жауды жасқап, жапырып,
Жауған қардай борадық.
«Абылайлап» ат қойып,
Дұспанның алдын орадық (54-55б.).
Бұл жыр жолдары Кене ханның ерлік тұлғасын айқындай түседі. Мұны да нақты тарихи оқыға-
ларға байланысты туған өлең қатарлары десек, артық айтқандық болмайды. Осылай болмаса Кене-
сары бастаған көтеріліс он жылға созылмаған болар еді.
Нысанбай ақын дастанында Наурызбай қорқып, сескенуді білмейтін қызуқанды батыр бейнесінде
көрінеді. Білегіне жүрегі сай, күш-қуаты жағынан да, ақыл-айласы жағынан да кезкелген адамнан кем
түспейтін жалынды жас батыр сипатында мадақталады. «Наурызбай гүл-гүл жайнады, ақ білегін
сыбанып» десе, «Жолсыз әсті қылмаған, Наурызбай асыл ер еді» деп ақыл-адамгершілік пен әділ-
дігінде аңғартып өтеді. Шығармада жас батырдың жекпе-жектері мен соғы сураттері біршама көте-
ріңкі суреттеледі. Сондай-ақ туынды да Наурызбайдың мінген аты мен киген киіміне, сыртқы кейіп-
кескінінеде назар аударады.
Ор қояндай бұлтиған,
Көк дөнен ат астында,
Камзол ішік құнтиған,
Ақ орамал басында.
Сол уақытта Наурызбай,
Жиырма бес жасында (27б.) – деуі күнделікті тұрмысқа сай көрініс. Бұл арада Наурызбай «шапса
қылыш кеспейтін атса мылтық өтпейтін» эпикалық батырларға ұқсамайды. Ақын Наурызбайдың
өзіне тән мінез-құлқын, батылдығын үнемі іс-әрекет үстінде көрсетеді.
Дастанда Кенесары мен Наурызбайдан басқа біршама батырлардың есімдері аталады. Олар:
Құрман, Байұзақ, Ағыбай, Дулат, Меңдібай, Әнәуке, Толыбай, Рүстем, Сыпатай, Бұхарбай, Бұғыбай
т.б. бұлардың бәрі де Кенесары бастаған көтерілісті қолдап сенімді серік бола білген тарихи тұлғалар
екені мәлім. Туынды да ел қамын ойлаған ерлердің ынтымақ-бірліктері, бір-біріне деген
сыйластықтары ашық сезіледі. Мысалы:
Мәмбеттің ұлы Байұзақ,
Балқожа, Медеу ер келген.
Жауың қайда? Мен жолдас – деп,
Хан Кенеге дем берген (20б.)
Не:
Сиынады батырлар,
Аузы кетпей тілектен.
Шұбыртпалы Ағыбай,
Талайды шанышты жүректен (50б.).
Бұдан байқайтынымыз, батырлардың қай-қайсысы болса да намысты қолдар бермейтін, жігерлі
жандар. Барлығында бір ғана мақсат бар. Ол – ел мен жердің бүтіндігі мен тәуелсіздігі. Дастанда ха-
лық батырларының жарқын бейнесі шынайы көрініс тауып отырады. Сонымен бірге шығармаларда,ы
жер-су атаулары да өз қалпында берілген. Бұл да тарихи дастандарға тән ерекшеліктердің бірі.
Сонымен, Нысанбай жыраудың бұл шығармасы ел қорғау мен ерлік идеясын дәріптейді. Елінің
еркіндігі жолында басын қатерге тігіп, сол жолда құрбан болған батырлардың әрекеті нағыз ерлік пен
даңықтың өшпес өнегесі болмақ. Сондықтан дастанның танымдық та, тәрбиелік те мәні зор.
|