116
байланысты болады, өлең сөздiң ырғағын түрлендiруге үлкен әсер етедi. Оқылатын,
сөйлеп, тақпақтап айтылатын өлеңдерде интонацияның, дауыс толқынының неғұрлым
құбылмалы келiп, түрленiп отыруы айрықша қажет».
Мәнерлеп оқуда сөздiң дұрыс айтылуына, дұрысырақ айтқанда әдеби айтылу
нормасына ерекше мән берiледi. Әсiресе, тiлiмiздiң орфоэпиялық заңдылығының қатаң
сақталуына назар аударған жөн.
Ал, Н.Нұрмаханованың «Мәнерлеп оқу практикумының программасы» атты
еңбегiнде мынадай пiкiрлер айтылады: «Интонацияның ауқымы кең, мүмкiндiгi мол.
Интонация құрамына:
дауыс екпiнi, оның фразалық және логикалық түрлерi, дауыс
кiдiрiсi (пауза), оның логикалық және психологиялық, грамматикалық түрлерi, дауыс
мөлшерi (темп), сөздердiң бiрде көтерiңкi, бiрде бәсең, бiрде баяу, бiрде жылдам оқылуы,
сөз ырғағы (ритм), үннiң мелодиясы мен дыбыс саздылығы жатады». Ал, методист-
ғалымдар интонацияны тыныс белгiлерiне байланысты жинақтау интонациясы, санамалау
интонациясы, сұраулық интонациясы, леп белгiсiне байланысты интонациялар деп жiктеп
жүр.
Дауыс айтылуына, құлаққа естiлуiне қарай: дауыс күшi, биiктiгi, қарқыны, әуенi
деп бөлiнедi. Дауыс күшi дегенде, оқығанда
дауыстың құлаққа қатты не жай,
көтерiңкiлiгiн не бәсеңдiгiн дауыс қарқыны деп, не жылдам не баяулығын, дауыс әуенi
дегенде не қатқыл, не жұмсақтығын ұғамыз.
Сөйлем жеке сөзден де, сөз тiркестерiнiң өзара бiр-бiрiмен байланысып келуi
арқылы жасалады. Сөйлемдегi сөздiң белгiлi буынында дауыстың көтерiңкi айтылуы
«екпiн» деп аталады. Екпiн түскен буын өзгелерден көтерiңкi дауыспен айтылады. Ондай
екпiндi буынды екпiндi буын деймiз.
Сөз бен сөздiң шегiн бөлiп, жiгiн ажыратып қоймай, дауыс екпiнi бiр сөз табы мен
екiншi сөз тiркестерiнiң арасын бөлiп тұратын дауыс екпiнi фразалық екпiн деп аталады.
Оқығанда сөйлем iшiндегi бiр сөзге айрықша назар аударыла оқылады. Ол сөз
өзгелерден ерекше
екпiнмен дараланып оқылады, айрықша әуенмен айтылады. Оны
логикалық екпiн дейдi. Ал көтерiнкi дауыспен оқылатын сөздi логикалық екпiнге ие сөз
деп атайды. Логикалық екпiн мәтiнде жасырын келедi. Көркем шығармаларды мәнерлеп
оқудан алдын жасырынған логикалық екпiндi анықтау үшiн мәтiндi алдымен бiрнеше рет
оқып, автордың мақсатын түсiнгеннен кейiн логикалық екпiндi анықтауға болады. Әдетте,
логикалық екпiннен кейiн қысқа кiдiрiс (пауза) жасалады.
Тiлдiң құрылыс материалы сөз болса, сөздер белгiлi бiр тиянақты ойды бiлдiру
үшiн бiрiмен–бiрi жалғасып сөйлем құрайды. Сөйлем бiр немесе бiрнеше мағыналы сөз
табынан не сөз тiркесiнен тұрады.
Студенттер көркем шығарманы оқығанда оның мазмұнын меңгерiп қана қоймайды.
Сол мазмұнды беру қызмет етiп тұрған сөздер тобын, олардың мағыналы тұтастығын
игередi. Сөйлемдегi сөздердiң ондай жiгi, мағыналық тобы – синтагма деп аталады.
Шығарманың әуен-сазы,
ырғақ-ұйқасы, барлық интонациялық құрылымы
сөйлегенде ғана көрiнедi.
Мәнерлеп оқуда темп пен ритмге де көңiл бөлген жөн. Темп латынша «темпус»
сөзiнен алынған болып, «дәреже», «уақыт» деген мағынаны бiлдiредi. Темп дегенде
мәнерлеп оқудың iшкi сезiмi, оның тебiрене тыныс алуды айтамыз. Әдеби шығармаларда
кейiпкерлердiң iшкi сезiмдерi, оқиғалар дамуының қайшылығына байланысты өзгерiп
отырады. Мәнерлеп оқуда темптi көтеру, әсiрелеу дегендi емес,
керiсiнше жандандыру
дегендi бiлдiредi. Сонымен бiрге мәнерлеп оқуда темпке көңiл бөлiнбесе сөз жансыз
болып, әсер ету күшi төмендейдi. Ал, ритм гректiң «ритмос» сөзiнен алынған болып,
«дыбыстас, дауысы бiрдей» деген мағынаны бiлдiредi. Мәнерлеп оқуда ритмнiң орны
ерекше мәнге ие.
Осында ырғаққа аса көңiл бөлген жөн. Өйткенi ауызша сөйлеуде де, мәнерлеп
оқуда да ырғақтың орны бөлек.