Мазасы жоқ жел ерке,
Оянып, ап тым ерте,
Жорғалай басып кетеді.
Тыныш жатқан түс көріп,
Көлдің бетін кестелеп,
Оны əуре етеді.
Мұнда ақын желдің “ерке мінезін”, ешкімге мойынұсынбас
еркіндігін баса жырлайды. Өйткені ақын жаны да сол еркіндікті
аңсайды. Осы тақырыптағы озық үлгідегі өлеңінің бірі “Толқын”.
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысад.
Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен,
Жарысып жарға барысад…
Сылдыр, сылдыр сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап
Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі толқын, тынады.
Ақын тілсіз де тылсым толқынға жан бітіріп, жансыздан жан-
ды сурет жасайды. Мұнда толқынның да өмірі мəңгі емес деген
пікір жоқ. Өлеңнің ішкі сырына үңілсек, толқын өлімі – мəңгілікке
жалғасқан өлім, жарына бал беріп, рахат тапқан өлім, ол мың
қайталанып, мəңгілікке ұласқан тынымсыз тіршілік.
Мағжан – қазақ поэзиясының саздылығын, əуезділігін
арттырған, соған көңіл бөле отырып, арғысы француз, бергісі
орыс символистерінің өлеңдерінен дəстүр тапқан ақын. Европа
ақындарының шығармашылығындағы мөлдір бұлақтан сусындай
отырып, оны қазақ поэзиясының сұлулығымен үндестіре білген
ақын. Мағжанның жаңашылдығын осы тұрғыдан таныған жөн.
Мағжан – қазақ поэзиясының жарық жұлдызы ұлы – Абайға еліктей
отырып, ұлы ұстаз жолын ұстанғанмен өзінше жол табудан əсте
жалықпай, көп ізденген жан. Өлеңдеріндегі табиғат суреттері, оның
тылсым шақтары ақын көңіл күйімен, мұң-қайғысымен, қуаныш-
349
шаттығымен қат-қабат келіп отырады. Осының бəрі тұтаса келіп
Мағжан суреттеп отырған дəуірдің бейнесін толық ашып береді.
Сондықтан да бейнешілдікті ең шырқау биігінде көрсету үшін, ақын
өз басындағы қайғы мен қасіретті, мұң-зарды халық басындағы
ауыр күндермен астастыра жырлайды.
Қап-қара түн. Түн баласы күңіренед.
Күңіренумен бір-біріне үн беред.
Сөгінеді, сүрінеді, жығылад,
Қара түнде көр көзімен не көред?!
Қап-қара түн. Шегір көзді жындар жүр,
Қап-қара түн. Қайғы мен қан ойнап тұр,
Қайғы менен қара қанға тұншығып,
Түн баласы ауыр ойлар ойлап тұр.
Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтеді,
Ой артынан ойлар келіп кетеді.
Түн баласы көр көзінен жас төгіп,
Күн шығыстан бір пайғамбар күтеді.
“Пайғамбар” өлеңіндегі осы жолдар, Мағжанды ұлтының ғана
емес, бүкіл əлем жоқшысындай танытады. Батыс халықтарының
басындағы қайғы-қасіретті түнге, жай түн емес қап-қара түнге
ұқсатуынан осыны байқаймыз. Қап-қара түнді жанды бейнеге
айналдырған ақын оған ауыр ой ойлатады, “көзінен жас төккізеді”,
сөйтіп өлең мазмұнын тереңдетіп, қасірет сарынының күшеюіне
күш салады. Əлемді құтқарушы – Шығыс деп, Күнді азаттық симво-
лына айналдырады.
Мағжан тек өлеңнің ішкі мазмұнына ғана емес, сыртқы түрі
мен сөздерінің бейнелі қолданысына қатты назар аударған ақын
екендігін жоғарыда айттық. Ол қандай сөз қолданса да талғап,
ой таразысынан өткізіп, өлеңнің ішкі-сыртқы тұтастығының сай
келіп отыруын көздеген. Өйткені оның өлеңдерінен басы артық,
бос сөздерді кездестіре алмайсыз. Қай өлеңін алсаң да белгілі бір
ырғақпен, əдемі əуезбен, сөз өнерінің сиқырлы əлеміне тарта береді.
Сондықтан да Мағжанның “суретті, кестелі, көркем сөзі” – ешкімге
ұқсамас өзіндік өрнек.
Мағжан өлеңдеріндегі сұлу сезім оның махаббат тақырыбындағы
350
өлеңдерінен айрықша сезіледі. Ақынның мөлдір сезімі жан сыры
арқылы өріліп, өлең жолдарынан өзгеше шуақ төгеді.
Мағжанның махаббатты – жүрекке қуат берер, нəр берер асыл
сезім деп бағалауы – азаттық оймен астасып кеткен өзгеше бір
түйін. Ақынның осы бағытта жазған өлеңдерінің бірі “Сүй, жан
сəулем” – махаббаттың асыл мұратынан, тұнық сезімінен жаралған
жыр маржаны.
Сүй, жан, сəулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы тəтті у тарады қаныма.
Бұл лəззаттың бір минутын бермеймін
Патша тағы, бүкіл дүние малына…
Сүй, жан сəулем, тағы да сүй, тағы да
Жылы тəтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нəрсе тілеймін,
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да.
Осы өлеңде ақын махабаттың бір сəттегі қызыққа, лəззатқа
толы шағын тұмса күйінде жеткізіп, “Бұл лəззаттың бір минутын
бермеймін, Патша тағы, бүкіл дүние малына” деп, бүкіл ақыл-ойды,
жан-дүниені сезім жеңген сəттің жанға дəру шынайы шыншыл
суретін жасайды.
Мағжанның əуезділігі күйше күмбірлеп келетін, оқыған сай-
ын əдемі əн тыңдағандай мейірің қанатын өлеңдері жетерлік.
“Жұлдызды – жүзік, Айды алқа ғып берейін”, “Жан жарымды бір
сүйейін түсімде”, “Шолпы”, “Сүй жан, сəулем”, “Сен сұлу” т.б.
əсем лирикалары міне осының куəсі. Мағжанның бұл өлеңдері
наздылық, саздылық, əуезділік, əсемдік жағынан əлемдік поэзия
жауһарларынан еш кем түспес сырлы дүниелер.
Кешкі ескен жібек жылы жел сұлу,
Хош иісті түрлі-түрлі гүл сұлу,
Əдемі аспан төбедегі көк шатыр,
Асқар тауы, дариямен жер сұлу.
Сылқ-сылқ күліп, сылдыр қаққан су сұлу,
Көлге қонып, қаңқылдаған қу сұлу,
Бейне айнадай жарқыраған айдыннан,
Күн шығарда көтерілген бу сұлу.
351
“Сен сұлудағы” сүйген жарына ессіз ғашық, жарына деген пəк
сезімін сұлу суреттермен өрнектеген ақынның жар сұлулығына деген
“өзіндік” көзқарасы туған табиғаттың сұлулығымен, іштей тоғысып
жатыр емес пе?! Ақынның мың құбылған көркемдік кестесіндегі
лапылдаған от сезімнің жалынған сезіну үшін оны бір деммен оқып
шығып, ыстық жүрек ынтығын шынайы қабылдай білу керек. Сонда
ғана ажарлы асыл сөзден жаралып, біртұтас болып құйылып түскен
сырты сұлу, ішкі иірімі мол, мағынасы терең жұмыр дүниенің бар
болмысын тани түсеміз.
Иə, Мағжан – қазақ поэзиясында өзіндік жаңашылдығы мен
дəстүр қалыптастырған, соны ізденістері арқылы өзіндік өнерпаз-
дығына ғана тəн əдеби əдістер əкелген ақын. Ахмет Байтұрсынов
ХХ ғасыр басындағы поэзияға азаттық сарынды арқау етсе, Мағжан
қазақ лирикасына сыңғырлаған нəзік əуез нəрін құйып, ұлттық рух-
ты ұлттық сезімнен қуат алған өзгеше үнмен жырлады.
Достарыңызбен бөлісу: |