11
эстетикалық функцияларынан, мақсаттарынан туындайтын мәселелдерді
қарастырады. Бұлардың ішінде ең бастылары, әрине, фольклорлық дәстүрмен
тығыз байланысты. Фольклорлық дәстүр дегеніміз – қалыптасқан
шығармашылық
әдістің жалғастығы, ал әдебиеттегі дәстүр дегеніміз –
бұрынғы тәжірибені жаңғырту болып табылады. Дәлірек айтар болсақ,
фольклордағы дәстүр – бұрынғы тәжірибені өзгертпей қабылдау әрі
жалғастыру, ал әдебиеттегі дәстүр – бұрынғыны сол қалпы ала салу емес,
соны өзгерте дамыту. Сол себепті де әдебиетте даралық сипат басым болады
да жеке автор өзінен бұрынғыны қайталамайды. Мәселен, Абайды алайық, ол
өзіне дейінгі бүкіл ақын-жыраулардың мұрасын бойына сіңірген. Асан,
Шалкиіз, Бұқар, Дулаттар болмаса Абай да болмас еді. Бірақ Абай оларды
сол күйінде қайталаған жоқ, олардың мұрасын бойына сіңіріп қана қоймай,
ол өзі қабылдаған нәрсені елге қайтадан, мүлде жаңарған түрінде берді ғой.
Міне, әдебиеттегі дәстүр дегенді осылай түсіну қажет. Ал, фольклордағы
дәстүр мұндай мақсаттан аулақ, онда бір шығарманың ертеде айтылған
нұсқасы жаңадан жырланғанның өзінде алғашқыдан алшақ кетпейді.
Фольклорда варианттылықтың болатын бір себебі – осы.
Фольклор теориясының маңызды бір мәселесі – көркемдік әдіс,
соған
байланысты кейіпкерді суреттеу тәсілі. Осы тұрғыдан келгенде, фольклор
романтикалық типтендіру әдісін қолданып, кейіпкерді суреттеуде дәріптеу
мен әсірелеу сияқты тәсілдерді пайдаланады. Мұнда уақыт пен кеңістік
өзгеше көрінеді. Мәселен, эпикалық уақыт әдеттегіден басқаша, сондай-ақ
кеңістік те болмыстағыға сәйкес бола бермейді, бұларда шарттылық,
мақсатты қиял үлкен рөл атқарады. Эпикалық стиль мен тұрақты формулалар
фольклор шығармасына өзіндік баяндау тәсілін жүктейді. Көнелік сипат пен
жаңаның, қиял мен ақиқаттың аралас жүруі – фольклорға тән ерекшеліктің
бірі. Оларды зерттеуші жақсы ажырата білуі тиіс.
Фольклорлық
шығармалардың композициясы біртектес болып келеді де, оқиғалар бір
кейіпкердің маңайына шоғырланады, сөйтіп іс-әрекеттер бір бағытта өтіп
жатады, ал уақыт кері шегерілмейді…
Осы айтылғандардың бәрі сөз өнеріне айналған көркем фольклорға
қатысты. Фольклор теориясы дегенде, бұлардан басқа да аспектілер бар
екенін айту керек. Солардың бастылары: сюжеттердің контаминациясы,
жанрлардың синкреттілігі, фольклордағы импровизацияның рөлі мен орны,
фольклордың тарихқа,
шындыққа қатынасы, ұлттық ерекшеліктер мен
типологиялық сюжеттер, фольклорлық сана мен орындаушының ара-
қатынасы, т.т. Міне, осы қасиеттері арқылы фольклор әдебиетке
жақындайды, бірақ ол – әдебиет емес. Ежелден келе жатқандықтан фольклор
жоғарыдағы өнерге тиесілі белгілерді әдебиеттен бұрын өмірге әкелген,
пайдаланған. Сол себепті де фольклор – әдебиеттің бастауы деп түсініледі, ол
– әдебиеттің өзі бола алмайды. Әрбір фольклорлық шығарма – дәстүрге
негізделген, халыққа кең тараған, варианттары бар, ауызекі айтылатын,
авторсыз туынды. Ал, әдебиет туындысы – авторлық мәтін, онда автордың
қайталанбас
қолтаңбасы, өз стилі бар, оның варианты болмайды. Автордың
әр кейіпкері – дара, өзіне ғана хас мінез-құлқы бар, сөйлеу машығы бар