Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы


Фольклор – ежелгі дүниетаным және көне мәдениет, әрі мұра



Pdf көрінісі
бет4/115
Дата29.04.2023
өлшемі2.48 Mb.
#473003
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   115
Ой өріс

Фольклор – ежелгі дүниетаным және көне мәдениет, әрі мұра. 
Фольклор – көп заманның, бірнеше дәуірдің, әр түрлі қоғамның жемісі, 
сондықтан ол көпқатпарлы, көпсатылы және көпмағыналы, көпқырлы. 
Ежелгі замандарда пайда болған ырымдар мен ғұрыптар, діни ұғымдар мен 
мифтер, – бір жағынан, фольклор, өйткені олар сол тұстағы адамдардың 
ауызша шығарып айтқан әңгімелері және іс жүзінде атқарған ырым-кәделері. 
Бұл тұрғыдан қарағанда, олар – екінші жағынан, сол дәуір қоғамының 
мәдениеті болды, себебі сол замандағы адамдар атқарған ырым-кәделер мен 
айтылған әңгіме-мифтер сол қауым үшін мәдени рөл де атқарды. Үшінші 
жағынан, әр түрлі ырымдар, ғұрыптар, діни нанымдар мен мифтер алғашқы 
қауым адамының дүниені танып-білу процесінде қалыптасқан руханият еді. 
Олар, – түптеп келгенде, сол бір көне дәуір адамдарының дүниетанымы еді. 
Қазақ фольклорында осы айтылғандардың барлығы кездеседі десе де 
болады. Атам заманда ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың әрі дүниетанымы, 
әрі рухани мәдениеті болған діни нанымдар мен әр түрлі ырым-кәделер, 
мифтер түрінде өмір сүрген ежелгі фольклор бізге мұра болып та жеткен. 
Солармен бірге әр кезең қоғамында пайда болған басқа да көптеген ұғымдар 
мен түсініктер, мифтер мен әңгімелер де фольклорлық дүниелер болып, сол 
әр заманның белгі-бедерін, түсінік-пайымын да сақтап келген. Солардың 
бәрінің басы фольклорда қосылады. Алғашқы қауымға тән дүниетаным мен 
діни нанымдардың қазақ фольклорындағы көрінісі болып анимизм, 
тотемизм, магия, табу, сондай-ақ рулық қауымның дамыған тұсында 
қалыптасқан шамандық түсініктер мен аруаққа табыну есептеледі. 
Анимизм – адамзаттың ең ерте кезеңінде пайда болған нанымның бірі. 
Бұл наным бойынша дүниедегі нәрсенің бәрі жанды, өлі мен тірінің, адам 
мен табиғаттың бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Алғашқы қауым адамы өзін 
табиғаттан, жан-жануардан бөлмеген, яғни «адам мен табиғаттың теңдігі» 
туралы заң қалыптасқан. Адам өзін қоршаған ортадағы нәрсенің бәрі адам 
сияқты жанды нәрсе, олар адамша тірлік етеді, сондықтан олармен адам 
тікелей араласа алады, оп-оңай бір-біріне ауысады, құбылып бірі-бірінің 
кейпіне ене алады, тілдеседі деп нанған. Мұндай анимизм фольклорда, 
әсіресе, миф пен ертегіде жиі кездеседі: адам оп-оңай аңның, немесе басқа 
бір нәрсенің түріне енеді; я болмаса, хайуан адам кейпіне ауыса алады, ол 
адамша сөйлейді; немесе адам мен жануар үйленіп, бірге ғұмыр кешеді. 



Тотемизм – адам, яки ру-тайпа белгілі бір жануардан, өсімдіктен, 
немесе желден, күн сәулесінен, я болмаса басқа бір ғажайып нәрседен туады 
деп илану және сол бабасының керемет қасиеттері ұрпағына дариды деп 
түсіну. Бұл пайым Шыңғыс ханның күн нұрынан жаралғаны, Төстіктің анасы 
төстік жегеннен туғаны, Қобыландының шешесі қабыланның жүрегіне жерік 
болуы, Алпамыстың әулиеден, ал Едігенің пері қызынан тууы сияқты 
мотивтерге негіз болған. Кейбір ертегілерде кейіпкердің атасы – аю, қасқыр 
сияқты жыртқыш аңдар болып келеді. Енді бір мифтерде адам мен тылсым 
өкілдерінің үйленіп, олардан туған бала ғажайып күштің, немесе басқа бір 
керемет қасиеттің иесі болады. Осындай тотемистік ұғымдар ордалы 
жыланды, немесе ақ жыланды көрген, оларға жақсылық істеген 
кейіпкерлердің жан-жануар тілін білетін, я болмаса зор бақытқа кенелетін 
адам жайындағы ертегілерде де бой көрсетеді. 
Магия – алғашқы қауымда пайда болып, кейін әр түрлі өзгеріске 
ұшырап, әлі күнге дейін ел арасында сақталған сөздің, немесе басқа бір іс-
әрекеттің керемет қасиеті бар деп, олардың құдіретіне сену. Сөз, я болмаса 
бір іс-әрекет, ырым арқылы басқа адамға, затқа, аңға әсер етуге болады деген 
түсінік фольклорда кең тараған. Көптеген мифтер мен ертегілер осы магияны 
арқа тұтады, ондағы кейіпкерлер бірін-бірі оп-оңай, сыйқыр, немесе дұға 
арқылы, я болмаса ишара, ниет көмегімен-ақ аңға, құсқа, хайуанға, өсімдікке, 
т.б. затқа айналдырып жібереді. Мұндай шығармаларды былай қойғанда 
алғыс, қарғыс, бата секілді фольклор жанрлары түгелімен осы магияға 
негізделген. Магия пайдалы (оңды) және зиянды, тікелей және шалғай болып 
та келеді. 
Табу – дүниеде зиянды күш көп, солардан аман болу үшін әр түрлі 
ырым, жоралғы жасалған, олар атқарылмаса, бақытсыздық болады деп сенген 
алғашқы қауым адамдары неше түрлі тыйым ойлап тапқан. Тыйымның 
түрлері фольклорда ғана емес, күнделікті тұрмыста да жиі кездеседі. 
Мысалы, бүйірді таянбау, шашты жалбыратпау, есікті кермеу, түнде суға 
бармау, қасқырдың атын атамау, ай сәулесінің астында ұйықтамау, т.т. 
Мұндай тұрмыстық тыйымның көбісі ескі діни нанымдармен байланысты 
болса, еңді біразы елдің өмір тәжірибесінен туындаған. Ал, фольклорда 
кездесетін табу – кейіпкерлердің тағдырына әсер ететін тыйым. Көп 
жағдайда ертегінің, дастанның қаһарманына белгілі бір тыйым салынады, 
алайда, ол тыйымды бұзады, соның кесірінен кейіпкер бір пәлеге тап болады. 
Ер Төстіктің жаңа түскен келіншегі Кенжекей қайын атасы Ерназарға 
Сорқұдықтың басына қонбасын деп, тыйым салады. Алайда, Ерназар оны 
тыңдамайды. Ақырында, оны жалмауыз кемпір ұстап алып, сүйікті ұлы 
Төстікті беруге мәжбүр етеді. Осылай тыйымды бұзып, сорға ұшыраған 
Төлеген, Мамай, Едігенің әкесі, т.б. қаһармандар тағдырында ежелгі 
табудың, яғни алғашқы қауым адамының дүниетанымы жатқанын 
айғақтайды. 
Шамандық – алғашқы қауым ыдырап, рулық қоғам қалыптасқан тұста 
етек алған табиғатқа, аспан әлеміне табыну және адам арасында ерекше 
кереметке ие, дүниенің барлық сырын білетін, тылсым күштермен араласып 



жүретін айырықша жан, ғажайып кісі болатынына сену. Бұл наным бойынша 
әлем құрылысы вертикалді: аспан әлемі, жер беті, жер асты болып келеді; 
сондай-ақ жаһан – төрт бұрышты жазық түрінде болады. Сонымен бірге осы 
үш әлемді, төрт бұрышты түгел шарлай алатын адам бар, оның қолынан 
келмейтіні жоқ деп ұғынған. Ол бақсы (шаман). Оның басты міндеті – 
адамдарды аурудан, апаттан сақтап қалу, қара күш иелерімен ымырасыз 
шайқасып, адам баласын қауіптен құтқару, т.т. Осылардың бәрі қазақтың 
көне мифтері мен ертегілерінде, ырым мен әдет-ғұрпында, әпсана мен 
хикаяттарында мол ұшырасады. Ер Төстіктің жер астына түсіп кетуі, содан 
соң жер бетіне шығуы, Қорқыттың дүниенің төрт бұрышын шарлауы
Күнікей қыздың Күн астында, Айбарша сұлудың Ай астында болуы, – бәрі 
ежелгі шамандық наным жемісі. Фольклорлық шығармадағы бас кейіпкердің 
керемет көмекшілері – қолынан келмейтіні жоқ шаманның елесі. Ал, 
ертегілердегі жалмауыз кемпірдің ғаламаттығы, жер мен көкті тіреген алып 
бәйтеректің биіктігі, сондай-ақ сыйқырлықты пайдаланып, кейіпкерлерге 
кейде зияндық, кейде жақсылық істейтін бақсының өзі, міне, бұлар да 
шамандық ұғым белгісі. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   115




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет