84
а) адамның мінез-құлқына байланысты синонимдер:
мейірімді – қайырымды – рақымды, ұшқалақ –
күйгелек – жеңілтек, ашушаң – ашуланшақ ,зәлім – қу – зымиян, сотқар – бұзақы – тентек т.б.
ә) адамның жеке басындағы қасиеттеріне байланысты синонимдер:
шешен – сөзшең – ділмәр, сөзуар –
мылжың, сараң – қатты – қарау, зерек – алғыр – ұғымтал, дарынды – талантты – талапты, ақылды –
есті, надан – топас, табанды – тұрақты – орнықты, үлгілі – өнегелі – тәлімді – тәрбиелі, опасыз –
екіжүзді – сатқын.
б) адамның қоғамдық ортадағы орнына байланысты синонимдер:
беделді – абыройлы, атақты –
даңқты – әйгілі – белгілі, епті – икемді, әлді – ауқатты – бай – дәулетті, көнтерлі – көнбіс, ардақты –
қадірлі – құрметті – сымбатты. т.б.
в) адамның табиғатпен және қоғамдық-әлеуметтік өмірмен қарым-қатынасына байланысты
синонимдер:
азат – ерікті – еркін – тәуелсіз, діншіл – құдайшыл, тілектес – тілеулес, араз – қас, адал –
ақ – пәк, борышты – қарыздар – берешек, жетім – панасыз, кірме – сіңбе – буратана – келімсек, ескішіл
–
кертартпа – реакцияшыл, қаралы – қазалы – азалы т.б.
г) адамның денсаулығы мен мүшелік кемшіліктеріне байланысты синонимдер:
науқас – аурушаң,
кемтар – жарымжан – мүгедек – ғаріп, бұдыр – шұбар, ақсақ – шойнақ – сылтыма, саңырау – керең –
мүкіс – тосаң, соқыр – әз – көрсоқыр, кекеш – тұтықпа т.б. [2,159].
Студенттік аудиторияда оқыған дәрістерімізде автордың лексикология саласындағы, әсіресе сын
есімге қатысты синонимия теориясымен байланысты талдауларына тоқталып, сілтеме жасауым да осы
зерттеудің жай сипаттау емес, ғылыми мазмұнының тереңдігіне байланысты еді.
Кезінде қазақ тіл білімінің сипаттама лексикологиясы бірте-бірте семасиологиялық лексикология
деңгейіне көтеріле бастады. Бұл бағыттың алғашқы нышаны профессор Ғ.Ғ.Мұсабаевтың зерттеулерінен
көрінеді [3]. Сөздің, лексика-фразеологиялық бірліктердің семантикалық құрылымы кейінгі кезеңдерде
арнайы қарастырылып келеді. Атап айтқанда, профессор Фаузия Шәмшиқызының сөздің семантикалық
құрылымын тілдің өзішілік аясында ғана емес, оның ақиқат дүниемен, яғни сыртқы әлеммен, адамның
ой-санасымен, адамның сана-сезімдік әлемімен (эмоциялық күйімен) байланыстыра талдайды. Заттық
мағынаны білдіретіндер
денотаттық мағына, сөздің ой-санамен байланысын
сигнификаттық мағына,
ал адамның сезімімен, эмоциялық күйімен байланысты мағынасы
коннотаттық мағына деп көрсетуі, сөз
жоқ, құптарлық ерекше жүйе, семасиологиялық лексикологияның теориялық
мәселелерінің бірінен
саналады.
Жуырда жарық көрген бес томдық ғылыми зерттеулері ғалымның ғылымдағы ғұмыры іспетті. Осы
бестікті парақтай отырып қарасам, өзім үлгі тұтқан, студенттік аудиторияда оқыған дәрістерім мен
өткізген практикалық сабақтарымда теориялық негізін үнемі басшылыққа алып отыратын «Тілдік
қатынас» [4, 20] атты зерттеудің орны мен үшін ерекше болғандығы еске түседі. Ғалымның, ғалым-
ұстаздың, әдіскер-ұстаздың аталмыш еңбегі жайында бұрын да өзімше түйсініп, өзгеше түйген ойларым
да, жазғандарым да, жариялағандарым да бар еді. Осы орайда солардың кейбір тұстарын еске алып
айтсам, қайта жаңғыртсам деймін.
Тілдік қатынастың теориясы мен практикасын зерделеуді қазақ тіл білімінде алғаш рет қолға алған
ғалым тілдік қатынасты «таза лингвистикалық» аяда саралаған жоқ.
Бұлай дейтініміз, үйреншікті
дәстүрден орнымен ауытқи отырып, зерттеуші, ең алдымен, «тілдік қатынасты» құрылымдауда
(структурование) тілдік емес құрылымдарға ерекше көңіл бөледі, тілдік құрылымдарды тілдік қарым-
қатынастың құрамында қарады. Трансмиссор (сөйлеуші)+мәтін+реципиент (қабылдаушы) үштігін ойлау-
пайымдау+сөйлеу+тыңдау+түсіну (интерпретациялау) тәрізді ішкі психологиялық әрі тілдік әрекеттермен
ұштастыра қарастырады.
Ойлау-пайымдау-түсіну әрекеттерінің трансмиссор (баяндаушы) мен реципиентке (қабылдаушыға)
ортақ сипатын ашып көрсетеді.Шынында, мұндай лингвопсихологиялық әрекеттер екі жаққа яғни
сөйлеуші
мен тыңдаушыға қатысты болмай, бір ғана баяндаушының позициясы тұрғысынан шешілсе,
онда тілдік коммуникация толық болмай, біржақты ғана сипат алар еді.
Тілдік құрылымдарға дыбыс (фонема), просодика (дыбыстан жоғары бірліктер), морфема, сөз тіркесі,
сөйлем, фразалықты тұтастық тәрізді иерархиялы бірліктерді ала отырып, тілдік қатынастың негізі
ақпаратқа жататынын атап айтады және оларға қатысты талаптарды айқындай отырып, зерттеуші қарым-
қатынасты жүзеге асырушы трансмиссор мен реципиенттің қызметіне ерекше тоқталады. Сөйтіп
зерттеуші тілдік қатынастың
тіл және сөз, айтылым-тыңдалым-жазылым-оқылым-тілдесім тәрізді
әрекеттерін жүйелеп, олардың
әрқайсысының ерекшеліктерін, негізгі принциптерін, өзара байланысын
ашып көрсетеді. Осылайша тілдік қатынастың құрылымын тек тілдік бірліктер мен мәтін түзілім арқылы
ғана ашпай, трансмиссор мен реципиентті қатыстыра отырып зерделейді. Бұдан ғалымның
антропоцентристік бағытты ұстанғанын байқаймыз.
85
Ғалым тілдік қатынасты адамның ойлау қабілетіне, түсінік пен пайымдауға, ұғымдар жүйесі мен
санаға, мазмұн мен мағынаға тәуелді күрделі құбылыс деп таниды. Сондай-ақ зерттеуші тілдік
қатынастың динамикалық сипатын ойлаумен байланыстырады және динамизм осы аталған психикалық
әрекетпен ғана шектелмейді, ой мен сезімді жарыққа шығарудың құралы
болып табылатын тілді де
қамтиды деп есептейді. Басқаша айтқанда, тілдегі бірліктер сөз әрекетінде абстракті-инвариант түрінде
болмай, әртүрлі мағыналық реңктерге ие болады да, айтылым, тыңдалымда, жазылым, оқылымда
нақтылана түседі.
Зерттеуші тілдік қатынастың әлеуметтік сипатына да ерекше көңіл бөледі. Қоғамдық қатынас,
негізінен тілдік құралдар арқылы жүзеге асады, тіл – адамдардың қоғамдағы қарым-қатынасының басты
алғы шарты болып табылады, сондықтан адам бір жағынан тілге, екінші жағынан қоғамға тәуелді субъект
ретінде бағаланады.
Біз осы кезге дейін тілді қоғамды, оның мүшелерінің ой-санасын дамытушы фактор деп түсіндік.
Шынында, солай. Бірақ зерттеушінің пайымдауынша, тіл өзінен-өзі қоғамды,
оның субъектілерін
дамытпайды. Қоғамды да, оның мүшелерін де дамытатын – тілдік-қатынас. Тілдік қарым-қатынас
қоғамның барлық салаларын қамтығанда ғана қоғамда «өсу», «өрлеу», «даму» болмақ.
Қазірге дейін біз тілдік коммуникацияны сөйлеу арқылы ұғынысу, түсінісу, жай ғана қарым-қатынас
деп тар шеңберде түсініп келдік. Ал ғалым бұл мәселені тереңдете пайымдап: «Тілдік қатынас – тамыры
тереңге кеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік
ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алысуы, адамдық қатынастың түпқазығы
болып табылады», - деп пікір түйеді [4].
Бізде өз зерттеуімізде ғалым-ұстаз айтқан осындай концептуалдық пайымдауларды ұстана отырып,
тілдік қарым-қатынастың өзегі, ерекше түріне жататын ұлттық сөз этикетін осы тұрғыдан қарастыруға
күш салдық [5] .
Профессор Ф.Оразбаева «Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі»[6], «Тілдік қатынас»[7] атты
монографияларында тілдік
коммуникацияның теориялық, практикалық, әдістемелік жақтарын зерделей
отырып, осы саланың терминологиясын қалыптастырып, жүйелеуді де мақсат етеді. Осының нәтижесінде
автор
оқылым, айтылым, тыңдалым, жазылым, тілдесім тәрізді іргелі ұғымдарды беретін атауларды
ұсынып, бұларға терминологиялық мазмұн үстейді. Осы аталған еңбектерінде ғалым
әдістеме-методика,
әдіс-метод, әдістаным-методология, әдіскер-методист, бағдар-ориентир, әрекет-деятельность,
бәтуа-консенсус, бекітпе-скрепление, белгітүр-фенотип, дамытпалы әдіс-развивающий метод,
даратүр-индивидиум, көкейкөз-интуиция, зейін-разум, жиынтық әдіс-комплексный метод, тілдесім-
общение, сөз қозғау-завести речь, т.б. бірталай атауларды терминологиялық мазмұнда қолдануды
ұсынады.
«Тілден терең теңіз жоқ» (Ғ.Мүсірепов) дегендей, Фаузия Шәмсиқызының ана тіліміздің теңіз
айдынына еркін жүзіп, терең бойлап, жазған ғылыми монографиялары, ғылыми-әдістемелік құралдары
мен оқулықтары сан мыңдаған мектеп мұғалімдеріне, жүздеген жоғары мектеп оқытушыларының,
ғылыми-мәдени жұртшылықтың рухани өмірі саласындағы игілігіне айналып отыр. Бұл күнде ғылымның
ұшар асуына талмай жеткен Фаузия Шәмсиқызының әлі де зерделі зерттеу беретіні күмәнсіз. Бәріміз де,
баршамыз да Фаузия Шәмсиқызының бақытты ғұмыр кешуіне тілектеспіз.
Достарыңызбен бөлісу: