Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library
85
қызметшілерінен қысылып-қымтырылатын именшектігін қойды. Сөйтсе,
əншейінде төбесінен батпандай басып тұратын ханымның ауыр сəукелесі
көлденең көздің қарап отырғанын көргенде өз-өзінен құстың мамығындай
боп жеңілейіп жүре береді екен.
Енді күтуші кемпір мен қыздардың бəйбіше сарайы-ның салтанаты
жайында айтатын пыш-пыш əңгімесін бұрынғыдай емес зейін салып
тыңдайтын болды.
Əмірші соңғы жорығына аттанарда шаһар ортасында бір өзі ғана тұратын
оңаша сарайына ауғанды. Оның не істеп, не қойып жатқанын сырттай
еміс-еміс естіп отырды. Əміршінің болашақ жорыққа аттанатыны,
диуанда қай бектің не дегені жұрт аузынан сан.құбылып жетіп жатады.
Соның көбісі-ақ кейін бекерге шықты. Бекерге шықпағаны тек
Əміршінің бұл жорығына немерелері мен бəйбішесін ала кететіні болды.
Бұған қарағанда, Əмірші бұл жорығына бір жыл екі жыл емес ұзақ
жүретіндігін байқатты. Соны естігенде Кіші ханым байыз таба алмады;
əлденеше рет Əмірші отырған сарайға баруға да оқталды, бірақ
батылы жетпеді. Əсіресе бəйбішесін бірге ала кетеді дегенді естігелі бұл
нөкеріне, нөкері бұған тіктеп қарай алмады. Бəрі де қара жамылғандай
көңілсіз. Бақ ішіндегі бұрынғы шат-шадыман сейіл де тыйылып қалды.
Əлденеше ай бойы хабар салмай кеткен Əмірші бір күні кешқұрым өзі
келді. Əміршінің күймеден түсіп жатқанын жеткізген күтүшінің
хабарын естігенде, сыртқа жүгіре жөнелмей шаққа шыдап тұрды. Бірақ
Əмірші бірден бұның бөлмесіне кірмеді, өз бөлмесіне өтті. Одан соң да
түн ортасы ауғанша ұзақ күттірді. Ханым кең сарайдың қай бұрышына
барып байыз таба аларын біле алмай, сенделіп жүрді де қойды. Ең соңында,
күдер үзгендей боп, қараңғы терезенің сұп-суық шынысына телміре
қарап түр еді, жайлап есік ашылғанын құлағы шалып қалды. Одан
арғыға дегбірі жетіп тұра алмады, алғаш рет батылдық жасап, Əміршіге
қарай апыл-ғұпыл асыға аяңдады.
Екеуден-екеу оңаша кеште баяғыдан бері жарылып кетердей боп,
көкірегіне сыймай жүрген көп сөздің еш-қайсысы аузына түспеді.
Бар батылы жетіп айта алғаны:
- Əміршім, бұл жорығыңыз ұзаққа созыла ма? Жаңа ғана болды. Əмірші
бұның жүзіне ұзақ телміріп отырып:
- Оны алла біледі, – деп, бұның дір-дір етіп алып ұшып бара жатқан екі
қолын алақанымен баяу сипап өтті.
Ертеңіне күллі шаһарды дауылпаз үні басына көтерді. Əмірші жорыққа
аттанды.
Кіші ханым абажадай кең сарайда бір өзі қалғандай елегізіп жүрді.
Мынау жарық жалғанмен байланыстырып тұрған жалғыз дəнекер – өзінен
əлденеше жас үлкен, осы бір қарсы келгенді қарып алатындай сұп-суық
шегір көзінің əлдебір түкпірінен бұған дегенде мейірім ұшқындап қоя
беретін сұсты адам – Əмірші екенін сонда ұқты. Бұрын ол барда дүние тап
мынандай құлазып тұрмаушы еді.
|