Оқулық. Г. О. Сыздықова Алматы, 2012. 160 бет



Pdf көрінісі
бет46/76
Дата15.02.2024
өлшемі457.37 Kb.
#491869
түріОқулық
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   76
Syzdykova-Kazirgi-kazak-tili

леп, бір-бірлеп, т.б.), есімдіктерден (мұнша, сонша, менше, т.б.), 
етістіктерден (
ептеп, өлердей, айлап-жылдап, т.б.) ауысқан сөздер 
ретінде топтастыруға болады. Қазіргі тілдегі үстеулердің басым бөлігі 
делексикалану, лексикалану жəне грамматикалану тəсілі арқылы 
жасалған сөздерден құралады. Делексикалану арқылы жасалған 
үстеулер қатарында дыбыстық не мағыналық өзгерістерге ұшыраған 
сөздер бар. Мысалы, 
бүгін, биыл, түнеугүні, т.б. Лексикалық тəсіл 
арқылы жасалған үстеулер ешқандай дыбыстық өзгеріске түспей, 
сол қалпында белгілі бір үстеу мағынасында қолданылады. Мысалы, 
біраз, небір, т.б. Ал грамматикалық тəсіл арқылы жасалған үстеулер 
бұл екі тəсіл арқылы жасалған үстеулерден сан жағынан анағұрлым 
көп кездеседі. Мысалы, 
бірлі-жарым, бірен-саран, қайта-қайта, т.б. 
Қазақ тілінде үстеулер морфологиялық құрамына қарай негізгі 
жəне туынды болып бөлінеді. Негізгі үстеулерге морфемалық 
құрамы жағынан бөлшектенбей, тек белгілі бір тұлғада ғана 
қалыптасқан сөздер жатады. Мысалы:
 қазір, енді, əрі, бері, əдейі, ке-
нет, т.б. А. Ысқақов негізгі үстеулерге тəн мынадай ерекшеліктерді 
бөліп көрсетеді: 1) негізгі үстеулердің көпшілігінен шырай катего-
риясы жасалады: 
бұрынырақ, əрірек, тым бұрын, т.б.; 2) олардың 
кейбіреулері қосарланып та, плеоназм жолымен қабаттаса да 
қолданылады: 
құр босқа, құр бекер, тектен-тек, т.б.; 3) негізгі 
үстеулерден қосымшалар арқылы да, қосарлану арқылы да, 
басқа сөздермен тіркесіп те туынды үстеулер жасала береді: 
əрі-
бері, əдейілеп, кейіннен, бұрын-соңды, т.б. Ал туынды үстеулерге 
басқа сөз таптарынан синтетикалық, аналитикалық жəне лексика-
семантикалық тəсілдер арқылы жасалған сөздер жатады. Басқа 
сөз таптарынан қосымшалар арқылы жасалған туынды үстеулер 
жалаң туынды үстеулер, бірігу, қосарлану, тіркесу арқылы жасалған 
үстеулер күрделі туынды үстеулер деп аталады. Туынды үстеулердің 
қосымшалар арқылы жасалуында септік жалғауларының көнеленуі 
нəтижесінде үстеуге ауысқан сөздер де бар. Бұл жағдайда адверби-
алдану құбылысының маңызы зор. Адвербиум – латын сөзі – сөздің 
үстеу тобына өтуі. Қ. Жұбанов бұл ұғымды орыстың «наречиесі» 
латынның адвербиум, гректің епирремма дегендерінің тура аударма-
сы, етістікке байланысты сөздер болғандықтан, адвербиум епиррем-
ма «етістіктің жанындағы деген сөз» деп түсіндіреді. 
Семантикалық сипаты жағынан үстеу сөздер бірнеше топқа 
бөлінеді. Үстеудің мағыналық ерекшелігіне қатысты көзқарастарды 
екіге бөлуге болады. Біріншісі – үстеу сөздердің мағыналық топ-


101
тарының сан жағынан түрліше анықталуы, екіншісі – кейбір 
мағыналық топтарының атауына, қызметіне қатысты. Біріншісі, 
яғни үстеулердің мағыналық топтарын сан жағынан анықтауда, 
А. Байтұрсынов оның төмендегідей бес түрін көрсетеді: 1) нықтаулық, 
2) сынаулық, 3) өлшеулік, 4) мезгілдік, 5) мекендік, Ғ. Əбуханов та 
оны бес түрге бөледі: 1) мезгіл, 2) мекен, 3) бейнелік (сын-қимыл), 
4) мөлшерлік, 5) күшейткіш үстеулері. Ғалымдар А. Ысқақов, 
Н. Орал бай үстеулерді мезгіл, мекен, мөлшер, сын (я бейне), күшейту 
(я ұлғайту), мақсат, себеп-салдар, топтау (я бөлу) үстеулері деп сегіз 
топқа бөледі. «Қазақ грамматикасында» да осы топтастыру негізге 
алынады. Бұл топтар морфологиялық құрамы, жасалу тəсілдері, 
сөйлемдегі орын тəртібі, қызметі жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. 
Мезгіл үстеулері қимылдың, іс-əрекеттің жүзеге асу-аспау 
уақытын, мезгілін білдіреді. Мысалы: 
бүгін, биыл, қазір, əлі, бұрын, 
баяғыда, бұрын-соңды, т.б. Морфологиялық құрамы жағынан негізгі, 
туынды, күрделі болып келеді.
Мекен үстеулері іс-əрекеттің бағытын, жүзеге асу орнын, мекенін 
білдіреді. Мысалы: 
жоғары, төмен, əрі, бері, ілгері, əрі-бері, жол-
шыбай, жол-жөнекей, т.б.
Мөлшер үстеулері қимылдың, амалдың, іс-əрекеттің шама-
сын, мөлшерін, теңдік, кемдік дəрежесін білдіреді. Мысалы:
 біраз, 
бірталай, бірқыдыру, сонша, мұнша, бірен-саран, анағұрлым, т.б.
Мөлшер үстеулері қимылмен қатар заттың да сындық белгісінің 
мөлшерін білдіреді Мысалы: 
соншама ақылды адам, мұншама қиын 
есеп, анағұрлым биік жер, т.б. 
Амал-əрекеттің, қимылдың болу не болмау себебін немесе салда-
рын білдіретін үстеулер себеп-салдар үстеулері деп аталады. Себеп-
салдар үстеулері морфологиялық құрамы жағынан, негізінен, барыс 
жəне шығыс септігі жалғауларының көнеленуінен жасалған туынды 
түбірлі сөздерден тұрады. Мысалы: 
босқа, текке, бекерге, лажсыз-
дан, шарасыздан, амалсыздан, т.б. Грамматикалық тұлғасы жағынан 
түрленбейді.
Қимылдың, іс-əрекеттің жүзеге асу амалын, тəсілін, жасалу 
жолын, сынын білдіретін үстеулер сын-бейне үстеулері деп атала-
ды. Мысалы: 
бірден, дереу, өзінше, қапыда, қолма-қол, ретімен, 
тікелей, құр босқа, үнемі, өздігінен, т.б. Үстеулердің мағыналық 
топтарының ішінде сан жағынан көп, морфологиялық құрамы ал-
уан түрлі болуына қарамастан, сын-бейне үстеулері грамматикалық 
өзгеріске түспейді, түрленбейді. Сын-бейне үстеулерінің құрамында


102
негізгі үстеулермен бірге, септік жалғауларының көнеленуі, бірігу, 
қосарлану, тіркесу арқылы жасалған туынды үстеулер де молынан 
кездеседі.
Үстеудің мағыналық топтарының ішінде бірде күшейту (я ұл-
ғайту), бірде күшейтпелі деп аталатын күшейту үстеулері қимыл, 
əрекетпен қатар заттың да əртүрлі белгісін, сапасын, мөлшерін, 
көлемін күшейтіп не бəсеңдетіп көрсетеді. А. Ысқақовтың жіктемесі 
бойынша күшейту үстеулеріне 
ең, əбден, ылғи, кілең, сəл, өңкей, 
тіпті, тым, нақ, нағыз, нық, əнтек, мүлдем, дəл, керемет, қабағат, 
мейлінше, сонша, төтенше, жөнсіз, орасан, ерен, аса, өте, т.б. 
үстеулер жатады. Ал Н. Оралбай 
мейлінше, əбден, ылғи, кілең, өңкей, 
сəл, төтенше, жөнсіз, ретсіз, соншалық, мұншалық, айрықша, 
барынша, пəрменінше, оншалықты, соншалықты, мұншалықты 
тəрізді сөздерді күшейту үстеулері ретінде көрсетеді. Бұл топтас-
тыруларда кейбір мөлшер үстеулері 
(сонша, соншалық, соншама
мен сын-бейне үстеулері де (
төтенше, жөнсіз, мейлінше) күшейту 
үстеулерінің қатарында қарастырылған. Қимыл мен заттың белгісінің 
белгісін білдіру жағынан күшейту үстеулері мен мөлшер үстеулері 
ұқсас болып келеді. Мысалы: 
сонша қиын есеп – тіпті қиын есеп, 
анағұрлым жеңіл жұмыс – тіпті жеңіл жұмыс, т.б. Үстеудің бұл 
топтарының арасындағы осындай ұқсастық кейде олардың аражігін 
анықтауда қиындық тудырады. Сол сияқты күшейту үстеулерінің 
қызметі белгіні, сапаны күшейтіп немесе солғындатып көрсету бол-
са, жоғарыда келтірілген сөздердің мағынасында күшейтуден гөрі 
мөлшер немесе сын-бейне мəні айқын көрінеді. Сондықтан мұндай 
сөздер күшейту үстеулеріне жатпайды. Күшейту үстеулерінің 
қатарындағы
 ең, тым, нақ деген сөздерді А. Байтұрсынов нықтаулық 
үстеулері деп қарастырса, Қ. Жұбанов бұл сөздердің сөйлемде өз ал-
дына мүше бола алмай, тек басқа бір түбір сөзге, онсыз да мүше 
болып тұрған сөзге қосылып қана жүре алатынын, сол себепті олар-
ды сөйлемге мүше бола алатын сөз таптарымен теңестіруге болмай-
тынын айтып, үстеу категориясына жатқызбайды. Бұл тұжырым 
кейіннен Н. Оралбайдың еңбегінде дамытылып, ғалым 
өте, тым, ең 
тəрізді сөздерді көмекші сөздердің бір түрі – күшейткіш көмекшілер 
ретінде қарастырады.
Үстеудің мағыналық топтарының ішінде сан жағынан өте аз сөзді 
қамтитыны – мақсат үстеулері. Мақсат үстеулері қимылдың, амал-
əрекеттің қандай мақсатпен жүзеге асатынын немесе аспайтынын 
білдіреді. Мысалы: 
əдейі келді, қасақана істеді, жорта сөйледі, т.б. 


103
Топтау үстеулері қимылдың, амалдың, əрекеттің топтық сипа-
тын білдіреді. Мысалы: 
аздап, екеулеп, топ-тобымен, бір-бірлеп, 
аз-аздан, үшеулеп, т.б. Морфологиялық құрамы жағынан топтау 
үстеулері тек туынды түбір сөздерден құралады. 
Үстеулер əр уақытта өздері пысықтайтын сөздерінің алдында 
тұрып, сөйлемде пысықтауыш қызметін атқарады. Пысықтауыш-
пен қатар үстеулер сөйлемде бастауыш, анықтауыш, толықтауыш 
жəне баяндауыш қызметін де атқарады. Бұндай синтаксистік қыз мет 
үстеудің барлық түріне бірдей тəн емес. Мəселен, мақсат, себеп- сал-
дар, топтау, мезгіл үстеулері анықтауыш қызметінде жұмсалмайды. 
Ал мезгіл, мөлшер үстеулері заттануға бейім болғандықтан, ба-
стауыш қызметін де атқарады. Сөйлемде пысықтауыштан да басқа 
сөйлем мүшелері қызметінде жұмсалуы үстеудің мағыналық 
топтарының етістіктен басқа да сөз таптарымен тіркесімділігіне 
байланысты. Алайда бұл тұрғыдан да олардың сипаты бірдей емес. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   76




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет