Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
113
Исан-Бұғы екі қолын артына ұстап гүлі төгілген, түгі екі елі жібек фарсының
қырмызы қызыл кілемін көк шалғынды басқандай аяғымен жайпай аттап, ерсілі-
қарсылы жүре бастады. Оның қалмақ қонтайшысынан жәрдем сұрасам қайтер еді
деген үмітінің де сыры бар еді.
Жағатайдың бесінші буыны, Мұхамедтің шөбересі
Уайс сұлтан ер жеткен
кезде, Моғолстан тағында әкесі Мірәлі оғыланның інісі Мір Мұхамед отыр-
ған-ды.
Мір Мұхамед хан мен Уайс сұлтанның арасы өте нашар болды. Уайс сұлтан өзі
секілді кілең от жүрек жігіттерді жинап алып, Моғолстанның шетінде,
Қашқарияда біраз уақыт аламандық құрып жүрді де, Түркістанға келген. Бұл кезде
Түркістанның хакімі Ақсақ Темірдің атақты серігінің бірі Қыпшақтан шыққан
Сар-Бұғы әмірдің баласы, Шайх-Нұридин болатын. Ол
Мір Мұхамед ханмен өте
араз еді. Шайх-Нұридин әмір Уайс сұлтанды құшағын жайып қарсы алды. Өзінің
қызы Дәулет-Сұлтан-Сақынажды қосты. Одан Уайстың тұңғышы Жұныс сұлтан
туды. Шайх-Нұридин әмір Уайсқа әскери жәрдем беріп, сан мәртебелі Мір
Мұхамед ханға қарсы салды. Бірақ қандай айқас болса да күші мол Мір Мұхамед
жеңе берді. Тек осы хан өз ажалынан өлгеннен кейін барып, Уайс бір мың төрт
жүз жиырма бесінші жылы ғана Моғолстан тағына отырды.
Бірақ оның хандық
өмірі өте аз болды. Моғолстан тағын бар болғаны үш-ақ жыл биледі. Қашқар ханы
Қарахан ұрпағы Сатуқ-Бограның қолынан майданда қаза тапты. Бірақ осы аз
өмірінде Уайс хан көп іс істеді. Ең алдымен ол мұсылман дініндегі елдермен
жауласуды тоқтатты. Бар күшін Қытай мен Ойрат қонтайшыларымен күреске
жұмсады. Осы кездегі Ойрат қонтайшысы Исан-Тайшымен майданда сан мәртебе
кездесті. Қытай богдаханынан үнемі әскери жәрдем алып отырған Исан-Тайшы
оған жеңгізбеді. Бір-екі рет тұтқын да етті. Бірақ Шыңғысханның ұрпағы деп
босатып жібере берді. Уайс сұлтан ең ақырғы мәртебе Тұрфан қаласының
жанындағы ұрыста тағы Исан-Тайшаның қолына түсті.
Бұл жолы торғауыт
әміршісі оны текке босатқысы келмеді. «Егер қарындасың Мақтұм ханымды маған
әйелдікке берсең босатам» деді. Амал жоқ, Мақтұм ханымды Исан-Тайшыға
беруге тура келді. Одан ойраттың осы күнгі қонтайшысы Амансандж туды.
Қасқырдың бөлтірігі өсе келе енесіне шабады. Амансандж Исан-Тайшы секілді
көкжалдан туған арлан бөрі еді. Ол шешесінің ақ сүтінен әкесінің алтын тағын
артық көрді. Сол тақты күшейту жолында «Моғолстанды нағашы жұртым» демеді.
Кере қарыс аузын қазақ руларының қанына толтыра ұрттады. Көршілес Найман,
Керей ауылдарына маза беруді қойды. Тек
бұл руларды ойраттың қисық
қылышынан қазақтың қара сойылы мен қайыспас ерлігі, табан тіреп қарсы тұрар
қайсарлығы ғана құтқарып жүрді.
Исан-Бұғының Амансанджидан жәрдем сұрасам қайтеді дегені — сасқан
ханның «түбі жиенім ғой» деген құр далбасасы еді. Бірақ сасқан ханға жәрдем
басқа жақтан келді.
Хан осылай ерсілі-қарсылы қалың ойда жүргенінде үйге бас найыбы Үйсін
Қастек кірді.
— Ұлы мәртебелі тақсыр хан, хан кеңесі тегіс жиналды.
— Мір Сейтәлі әмір де келді ме?
— Иә, тақсыр хан, кеше оған ат шаптырылған.
— Мір Мұхамед хан ше?
— О да.