Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
115
жауласпай-ақ Жұныс жағына шыға салғаным тиімді болар?» Қытай мен Ойраттан
бәлендей қауіптің дәл бүгінгі күні жоқ екенін бұлар да жақсы біледі. Өйткені
оларға қарсы қазақтың жауынгер рулары тұр. Осы себептен «ортақ өгізден, оңаша
бұзау артық» деп әдеттеніп қалған Моғол әмірлері әлі үн-түнсіз... Ел қамын ойлап
қиналып отырғандай құр жерді шұқи береді. Қайтсек хандығымызды жаудан аман
алып қаламыз деп ешкім мүнәзараға
1
барар емес.
Исан-Бұғы түбі өздері оралар деп Моғол әмірлерін
беттеріне қоя берген
қатесін енді ұқты. Ел басқарам деген адамға ең алдымен ел бірлігін ұстай білу
керек. Ел бірлігі деген ұғым сол елді басқаратын сұлтан, хакім, әмір, би, батырлар
бірлігі деген ұғым. Бұны бабасы Шыңғысхан өзінің атақты Ясысында жақсы
айтқан. Сол Шыңғыстың ақылын неге алмаған? Жиырма бес жыл хан асасы
қолында тұрғанда, бірігуге көнбеген әмірлерді неге түйреп-түйреп тастамаған?
Енді міне, қиын кезең туып еді, артына қарай жүзген шаян тәрізді,
біреуі алға
шығатын емес. Мұндай жұртпен Моғолстанды қалай жаудан қорғап қаларсың!
Жұрт үні жуырда шықпаған соң, Мір Сейтәлі әмір қабағын шытты.
— Хан ием, — деді ол сәл ашулы үнмен тыныштықты бұзып, — айтқан сөзіңіз
мына пенделеріңізге әзірейілдің гүрзісіндей қатты тиіп отыр. Ақылға салуға аз
уақыт мұршат беріңіз.
— Болсын.
Дәл осы сәтте үйге қияқ мұртты, шоқша сақалды, ұйғырша киінген дәйекші
кірді.
— Хан ием, теріскей жақтан шабарман келіп тұр. Асығыспын дейді. Түнімен
тұтғақ
2
бастығы сізге жібермепті.
— Айтары құпия ма екен?
— Жоқ, хабарым хан кеңесінің де құлағына жетсе екен дейді.
— Кірсін.
Үйге «ассалаумағалейком» деп басын иіп, тобылғы қамшысын кеудесіне ұстап,
қоңыр жүзін жел сорған қаба сақалды, түйе жүн шекпенді, белінде күміс кіселі
жалпақ белбеуі бар, кең қоныш етікті, орта бойлы адам енді. Ол сәлем беріп, есік
алдында ханға
кішіпейілдік ишарат көрсетіп, бір тізерлеп отыра қалды. Шаң
шалған жүзінен алыстан келген жолаушы екені бірден көрініп тұр.
— Қай рудансың? — деді хан ананың сәлемін алып болғаннан кейін.
— Дулатпын. Жаңғы қаласының хакімі Сүйіндік мырзаның шабарманымын.
— Сөйле! Не айтайын деп едің?
— Сүйіндік хакім хабарымды ұлы мәртебелі Исан-Бұғы ханға тез жеткіз деді.
Байтақ жеріңіздің теріскей шетіне Барақ хан мен Болат сұлтанның балалары
Жәнібек пен Керей ерткен қалың ел келіп тұр. Дені Арғын, Уақ, Найман, Керей,
аздаған Қоңырат, Алшын да бар. Әбілқайыр ханмен келісе алмай көшіпті. Қоныс
сұрайды. Жәнібек пен Керей сұлтан өзге жұртын Талас өзенінің арғы бетіне
қалдырып, өздері бес жүз сойылды салт атты нөкерлерімен төте жолмен сіздің
мединеңізге келе жатыр. Мен күні бұрын хабар бергелі жеттім.
Хан көзінде кенет қуаныш ұшқыны жарқ етіп тұтанды да, сол сәтте ғайып
болды.
— Жәнібек пен Керей сұлтан қай мезгілдерде жетер екен?
1
М ү н ә з а р а — көне түркі тілі, талас, өзара шешім табу.
2
Т ұ т ғ ақ — көне түркі тілі, түнгі күзетші тобы.