«Егер вирус несеппен сыртқа шықса, демек, бұл біздің өзендер мен су қорларынан ауру жұқтыратындығымызды білдіреді ғой?»
Қауіп төндіретін АҚТҚ емес, суда өмір сүретін диареяны тудырушы бактериялар.
«Мен Африкада ЖҚТБ-ны бәкене шыбындар (москиттер) таратады деп естідім. ЖҚТБ-ны масаның шаққанынан жұқтыру мүмкін деген рас па?»
Дүние жүзінде миллиондаған адам осы сұрақтың жауабын білгісі келеді және мен Африкаға барған сайын осы сұрақты қояды. Біз бұл сұрақтың жауабы африкандықтар үшін де, әлемнің басқа тұрғындары үшін де теріс екендігіне сенімдіміз. Егер ЖҚТБ шынымен осы жолмен таралатын болса, безгек (малярия) таралған аймақтарда ЖҚТБ те дәл солай таралар еді, өйткені безгекті бәкене шыбындар таратады.
Біз сонымен қатар ЖҚТБ-ның адамдардың әр түрлі топтарының арасында бірдей дәрежеде таралатынын байқар едік. Ақыр аяғы бәкене шыбындар жасы үлкен-кіші демей, адамның бәрін бірдей шаға береді. Бірақ біз ауру жұқтырғандардың басым көпшілігі вирусты анасынан жұқтырып алған нәрестелер мен жеңіл жүріске түскен жастар екендігін білеміз. Сондықтан біз бұл тұста бәкене шыбындардың кінәсі жоқтығына сенімдіміз. ЖҚТБ мен безгек арасында тек мынадай жағдайда ғана қосалқы байланыс болуы мүмкін: егер сіз бір аурумен ауырып жүрген болсаңыз және мұның үстіне ЖҚТБ-мен ауыратын болсаңыз, оның нәтижесі … екі есе жаман болады.
ЖҚТБ-ны таратуы мүмкін деп есептелетін жалғыз ғана жәндік — қандала. Өйткені ол қанды көп сорады, тасымалдайды және оның бір бөлігі келесі адамға енеді. Бірақ бұл қанның мөлшерінің аз болатыны сондай, АҚТҚ-ны жұқтырып алуыңыз үшін қандала сізді орта есеппен 15 мың рет шағуы тиіс!
«Шаштаразда сақал-мұрт алғанда, ұстараның жүзінен АҚТҚ-ны жұқтыруым мүмкін бе?»
Ұстараның жүзінде бір адамның қаны қалып қойып, дәл сол жүзбен екінші біреуді кесіп алса, ол АҚТҚ-ны жұқтырып алуы мүмкін. Ұстараның жүзін жай ғана жуып тазарту жеткілікті емес. Әк ерітіндісін немесе басқадай күшті дезинфекциялайтын заттарды қолдану керек, я болмаса, ұстараның жүзін өте жоғары температурада қыздыру қажет.
«АҚТҚ-ғатапсырылатын тест қаншалықты нақты?»
Тест алудың әдістері көп және олардың барлығы дерлік вирусқа қарсы пайда болатын антиденелерді іздейтін жанама әдістер. АҚТҚ-ны жұқтырып алған адамда антиденелер пайда болғанға дейін алты ай өтуі мүмкін. Егер адам вирусты қаңтар айында жұқтырып алса, оның анализдері шілде айына дейін теріс нәтиже беруі мүмкін. Ол осы уақыт бойы вирусты тасымалдаушы болса да, мұнысын тез арада анықтау қиын. Көпшілік жағдайда ең озат деген тексеру әдістері вирусты жұқтырғаннан шамамен алты аптадан кейін ғана (кейде одан сәл ертерек) анықтай алады. Кейде тест қате нәтиже беріп жатады, бұл әдетте дереу анықталатын анализдерде пайда болады. Тестен өту жолы өте күрделі болуы мүмкін және оның нәтижесін талқылау кейде қиынға соғады. Егер басқа аурулар да бар болса, соның әсерінен анализдің нәтижесі шатасып кетуі де мүмкін. Дәл осы себептен көптеген елдерде дәрігерлер екі түрлі әдісті қолданады, әрі арасында бірнеше апта өткен екі тест тапсыруды қолдайды. Вирустың өзін тікелей анықтайтын белгілі бір тестер де бар, алайда олардың бағасы тым қымбат және оларды атқару күрделі.
«Менің баламның АҚТҚ-ға тапсырған анализі оң нәтижелі. Бұл оның ауру екенін білдіре ме?»
Біріншіден, кез келген тест кейбір жағдайларда дұрыс болмауы мүмкін, міне, сондықтан қате нәтиженің болмауы үшін тесті қайта тапсыртқызады. Екіншіден, нәресте дүниеге келгенде, тест дұрыс жауап беруі мүмкін емес. Біз қолданатын анализ АҚТҚ-ға қарсы ағзада пайда болатын антиденелерді іздейді. Бірақ жаңа туылған сәбидің денесінде анасының антиденелері болады, сондықтан науқас аналардың балалары өздерінің антиденелерін өндірген-өндірмегеніне қарамастан, олардың бәрі бірдей АҚТҚ-ға оң нәтиже береді. Ананың барлық антиденелері қолданылып, баланың өз антиденелері пайда болғанша күту керек. Бала туылған соң шамамен бір жылдан кейін оған қайталап тест тапсыртқан абзал. Көптеген жағдайларда тестің нәтижесі теріс болады. Егер ана жүкті кезінде АҚТҚ-ға қарсы емделу курсын өтсе, бір жылдан кейін оң нәтиже беретін қауіп тағы да азаяды.
Ана құрсағында жатқанда нәрестенің 90%-ы аурудан аман болады. Көптеген жағдайда АҚТҚ-ның анадан балаға берілуі босану кезінде болады. Ана жүкті кезінде халі неғұрлым ауыр болса, соғұрлым оның бойында вирустың көп болғаны және соғұрлым балаға ауруды жұқтыру мүмкіндігінің зор болғаны. Арнайы емделусіз шамамен әрбір төртінші сәбиде туылғаннан кейін АҚТҚ болады. Бірақ егер мына секілді дәрі-дәрмектер AZT (зидовудин) немесе АҚТҚ протеаза ингибиторларын анаға 14-аптадағы жүктілігінен босанғанға дейін және нәрестеге алты апта бойы берілетін болса, бұл ара қатыс 8:100 (жүзде сегіз 8%) құрауы ықтимал. Дәрі-дәрмектерді қолдану және іштен жарып баланы алу/кесарево сечение/ ауру жұқтыру жиілігін 1:50 (2 %-ға) дейін азайтуы мүмкін.
«Мен АҚТҚ ЖҚТБ-ны тудырмайды деп естідім.»
Алты миллиард халық тұратын әлемде түрлі себептермен ақылға сыймайтын пікірді ұстанатын адамдар әрқашанда табылады және бұл жерде ЖҚТБ қалыптан тыс жағдай емес. Соңғы жиырма жылдағы орасан зор ғылыми жетістіктерге қарамастан, мәселен, «ЖҚТБ-ның себебі нақты АҚТҚ дейтіндей ешқандай дәлел жоқ» деп айтатын бірен-саран дәрігерлер, ғалымдар және журналистер бар. Бұл өте қисынсыз әрі қауіпті пікір. Бұндай адамдардың өз пікірін тарататын мүмкіндіктері бар, өйткені бұқаралық ақпарат құралдары пікірі шектен шыққан адамдарды ұнатады, солардан жаңалық жасайды. Ең бір өкініштісі олар медицина ғылымын түсінбейді. Егер осылай ойласақ, онда шылым шегу өкпенің рак ауруын тудырады дегеннің ешқандай «дәлелі» жоқ болғаны. Дегенмен, темекі өнеркәсібін айыптауға оған қарсы дәлелдер жетерлік. Мәселен, зертханалардан никотин шайырларының жасушаға үлкен әсер ететінін көреміз. Біз шылым шегетіндерде оны шекпейтіндерге қарағанда өкпе рагымен ауру ықтималдылығы өте жоғары екендігін байқаймыз. Бірақ мен нақты бір адам шылым шеккендіктен, рак ауруына шалдығып өлім аузында жатқандығын дәлелдей алмаймын. Адамды өлтіретін шылым шегу емес, ағзаның тканьдарына ауру шақырып, ақыры адамды өлтіретін шылым шеккендіктің зардабы.
Шылым шегуге қатысты дәлелдеме, АҚТҚ-ға да қатысты. Біз зертханадан АҚТҚ-ның қан құрамындағы ақ жасушаларды (лейкоциттер) өлтіріп, оның жасушаға қалай әсер ететіндігін көреміз. Біз адамдардың неге туберкулез сияқты ауруларға шалдығатынын білеміз. Оның себебі осы қанның ақ жасушаларының бұзылуында. Адамның АҚТҚ-дан болған «өлімі» оның шылым шегуден болған «өлімінен» артық емес. Олар ағзаның жасушасына АҚТҚ-ның тигізген әсерінен өледі. Шын мәнінде АҚТҚ-ны жұқтырғандар өлімінің көптігі туберкулезге байланысты. Алайда мен біреудің АҚТҚ-ны жұқтырғандықтан, туберкулезге шалдығып өлім аузында жатқандығын дәлелдей алмаймын. Кейбір адамдарда АҚТҚ болса да, туберкулезден өледі және оның өліміне АҚТҚ-ның еш қатысы болмайды. Бірақ біз АҚТҚ-ны жұқтырғандардың өмір сүру ұзақтығы ауру жұқтырмағандарға қарағанда әжептәуір қысқа екендігін және олардың басына түсетін мәселелердің қаншалықты көп екенін алдын ала айтып бере аламыз. АҚТҚ шыққан жерде оның соңынан әдетте туберкулез eреді және ол туберкулездің емдеуге қиын әрі адамды жылдам өлтіретін түрі болады.
Дені сау адамға ауруы бар бір литр қанды құятын болса, бірнеше жылдан кейін оның ауыратынын тіпті жас бала да түсінеді. Оның анализі жұбайы мен балалары сияқты АҚТҚ-ға оң нәтиже береді. Олардың бәрі ауырып ақыр аяғы өледі. Ал басқа адамға таза бір литр қанды құйса, ол жиырма жыл өтсе де дені сау болып жүре береді. Оның өзінің де, жұбайы мен балаларының да дендері сау болып, анализдері теріс нәтиже береді әрі ЖҚТБ-ға қатысы бар ешқандай аурумен ауырмайды.
Мен АҚТҚ ЖҚТБ ауруын тудырмайды деп сенетіндерге АҚТҚ-ны жұқтырған адамның қанын өзіне құйып көруін ұсынамын. Бұны ешкім де істей алмайды, өйткені жүрегінің түбінде одан зор қорқыныш бар. Бірақ сондайлардың адам өміріне қауіп төнгенде жандары рақат табатын тәрізді. Нәтижесінде адамдардың көбі өледі, ал мен бұны қылмыс деп есептеймін.
Африкадағы ашық аспан астында өткізген пікір алысуымыз ұзақ уақытқа созылады және оған мыңдаған адам қатысады. Әрбір кездесудің соңында мен былай деймін: «Қазіргі кезде жыныстық қатынастан басқа ауру жұқтырудың кез келген түрінен адамдардың зәрелері ұшады. Менің мақсатым адамдардың ЖҚТБ-дан қорқынышын сейілту емес. Мен олардың түкке тұрғысыз нәрселерден емес, қайта қорқуға тұрарлық қатерден қорыққандарын қалаймын. Мен адамдардың ЖҚТБ-ға шалдыққандардың үйіне кіруге қалай қорықса, дәл солай жеңіл жүріске түсуден қорыққанын қалаймын.»
Әдетте адамдардың маған қоятын сауалдарының барлығы дерлік аурудың жыныстық қатынастан тыс таралатын жолдарына қатысты. Мен осы қауіптердің көпшілігінің тым аз екендігіне сіздердің көздеріңіз жетті деп үміттенемін, сондықтан сіздерге шын мәнінде істеп жүргендеріңізді өзгертудің қажеті жоқ. Бірақ өзіңіздің жыныстық жүріс-тұрысыңыз бен үміттеріңізді түбегейлі өзгертетін уақыт жетті және тері арқылы денеге енетін нәрселердің бәрінен өте сақ болған абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |