1.3 Геометриялық материалдарды оқыту әдістемесі
Геометриялық материал бастауыш сыныптарда бөлек тақырып болып қарастырылмайды. Геометриялық материал арифметикалық және алгебралық материалдармен тығыз байланыста қарастырылады. Геометриялық материалдардан бастауыш сыныпта: « кеңестік туралы түсінік», «нақты фигура туралы ұғым», «геометриялық фигуралармен байланысты қарапайым ұғымдар, оларды ажырату», «геометриялық шамаларды өлшеу», «фигураларды салудың бастама білігін қалыптастыру», «әр түрлі геометриялық шамалармен таныстыру» және т.б. қарастырылады. Геометриялық фигуралардың 1-сыныпта бұрын беріліп жүргеннен гөрі біршама кеңейтіліп берілу себебі пәнішіндік мұқтаждықтан және қажеттіліктен туындайды. Өйткені олар алдағы уақытта көрнекілік ретінде жиі қолданылады, сондай-ақ дамытушылық сипаттағы жаттығулар мен тапсырмаларды орындауда тірек білім болып табылады; ал олардың ішіндегі шығармашылықпен байланыстылары, көбінесе геометриялық фигураларды бөліктерге бөлу және бөліктерден құрастыруды көздейді. Геометриялық фигуралар жайындағы түсініктер де біртіндеп тиянақталып, дами түседі. Осы уақытқа дейін геометриялық фигуралар «бір тұтас» деп түсіндіріліп келсе, енді олардың элементтерімен таныстыру жүзеге асырылады. Осыған орай үшбұрыштың және шаршының қабырғалары- кесінділер, ал бұрыштың қабырғалары-сәулелер, олардың төбелері-нүктелер болып табылатынына назар аударылады. Сонымен бірге үшбұрыштың, төртбұрыштың, (бес, алты бұрыштың) элементтері (бүрыштары , төбелері, қабырғалары) аталу сандарымен (3,4,5,6) сәйкестендіріледі. Геометриялық фигуралардан бастауыш сыныпта: сызықтар (түзу, қисық, тұйықталған және тұйықталмаған қисық сызықтар); нүкте; сәуле; бұрыштар қарастырылады [6].
Сондай –ақ, көпбұрыш; тікбұрыш, шаршы: тік, сүйір, доғал бұрыштар; текше; шеңбер; дөңгелек; параллепипед; параллель; перпендикуляр түзулер оқытылады.
Тақырыптың міндеттері:
1)Геометриялық фигуралар туралы түсініктері қалыптастыру.
2)Сызбалық және өлшеуіш аспаптардың көмегімен және оларды пайдаланбай (көзбен өлшеу, қолдан сызу, т.с.с.) оқушыларда өлшеудің және геометриялық фигураларды салудың машықтық біліктерін қалыптастыру.
3) Кеңестік ұғымдары жөніндегі білімдерін жалпылау.
Геометриялық фигураларды бір-бірінен ажыратуға машықтандыратын тапсырмалар қайталау және пысықтау мақсатында кездесуі мүмкін және олардың бәрі жаңадан енгізіліп отырған түсініктермен тығыз байланысты қарастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |