Зерттелу тарихы. Көне түркі жазуын тауып оны оқудың өз тарихы бар. Алғашқы түркілердің өз заманында қазіргі Моңғолия жерінде мекендегені белгілі. Сондықтан да көне түркі дәуірінің біраз ескерткіштері Орхон өзеңі алқабында табылған. Білге қаған, Күлтегін Тоныкөк, Онгин, Судона, Құла–шора, Мойын–Шораескерткіштері, біздің заманымыздың ҮІІ–ҮІІІ ғасырларында, Түркі қағандығы дәуірлеп тұрған шамада жазылған. Бұлардың барлығы тасқа қашап, сыналап жазылған өз заманының белгілі адамдарының бейітінің басына орнатылған ескерткіштер.
Өкініштісі көне түркі жазуын танып, оқу тек қана ХҮІІІ ғасырда мүмкін болды. С.Ремезовтың «Сібір қалаларының, жерлерінің, шөл жалалар мен асуы қиын таулы өлкелерінің чертежі» деген еңбегінде «Орхон тасы» деп көрсетілген жер бар. Ол 1896–1897 ж. әйгілі Талас ескерткіші табылатын рунктке сай келеді. С.Ремезов көрсеткен материалдар 1701 ж. «Сібірдің, қалалардың және өлкелердің атласы» деген еңбекті жасау үшін пайдаланылған.
1721–1722 жылдары Сібір өлкесін аралаған Д.Е. Мессершмидттің экспедициясы да рун жазуының кейбір элементтері жөнінде қысқаша мәліметтер жазып қалдырған болса, айдауда /13 жыл/ жүріп, Сібірде қызмет істеген швед офицері Ф.И.Табберт – Страленберг, тіл біліміндегі жаңа ағым Орал–Алтай теориясының авторы, 1730 ж. Орхон–Енисей жазуының бірнеше үлгілерін тапқан. Олар Скандинвияның руналық жазуымен ұқсастығына қарап, оны «руналық» жазу деп атады. Атау онша дәл болмағанымен, қолайлы болып шықты және ғылымда осы атау орнығып қалды. 1793 ж. П.С. Паллас Орхон–Енисей жазуының бірсыпыра материалдарын жариялады.
Алдын ала берілген осындай азын–аулақ хабарлардан кейін Орхон–Енисей жазуының ескерткіштерін іздеуге баса назар аударыла бастады. 1818 жылы бірқатар жазу нұсқаларын Г.Спасский «Сибирский вестник» журналында жариялады. Оны Ф.И.Круг 1828 ж. латын тіліне аударып басты. Еңбекті сол уақыттың көрнекті ғалымдары А.Гумбольд пен Р.Ремюза өте жақсы бағалады. 1847 жылы М.А. Кастрен Енисей губерниясының Минусинск округіндегі Шушинск болысынан руникалық құпия жазу ескерткіштерінің жаңа түрін тапты да оны Г.Спасский 1857 жылы басып шығарды.
Бұл ескерткіштің мәтіні 1859 жылы тағы да жарияланды. 1887–1888 жылдары фин ғалымы Ж. Аспелин арнаулы экспедициямен барып, Енисей өзенінің бойындағы жазуларды зерттеп қайтты. Оның материалдар 1889 жылы жарияланды. Ж. Аспелин 1884 жылы Одесса қаласында өткізілген археологиялық съезде жасаған баяндамасында Орхон–Енисей жазуының сырын ашу үшін оны оңнан солға қарай оқу керек деп шешкен болатын. Бұдан әрі руна жазуының әр алуан үлгілерін жинау жұмыстары қыза түсті. 1881 жылы И.С. Боголюбский /Енисей, Абакан өзендерінің оң жақ жағалауынан, Майдашке қыстауынан т.б. жерлерден, А.В. Вдрианов /Саян тауынын маңайынан/, 1885 ж. И.В. Савенков /Тува өзенінің бойынан/ сияқты зерттеушілер Орхон–Енисей жазуы бар бірталай тас кездестіреді. Өзіне дейінгі жазушылардың пікірін талдап, Н.М.Ядринцев 1885 жылы үлкен мақала жазады. 1889 жылы Н.М. Ядринцев Көкшін Орхон (қазіргі Ұлан–Батыр қаласының батысында 400 км. жерде) өзенің алқабында жатқан тасқа жазылған ескерткіштерді тапты.
Бұл уақиға сол кездегі тек қана тіл біліміндегі емес, бүкіл көшпенділер руханияттын зерттеудегі үлкен бетбұрыстың, алғашқы көрінісі еді. Фин (1890), орыс ғалымдары (1891) арнаулы экспедициялар ұйымдастырып, одан да басқа ескерткіштер тауып, үлкен ғылымның отауын тігіп, түріктану ғылымның негізін қалады. Фин ғалымы Аксель Олай Гейкель, неміс ғалымы В.В. Радлов терең зерттеу жұмыстарының негізінде екі атлас жасап, оларға қосымша ретінде алты жинақ шығарды. Белгілі дат ғалымы Вильгелм Томсан 1893 жылы кездейсоқ табылған тастағы жазудың көшірмесін алып алғашқы рет сол жылдың желтоқсан айында Дания королдік ғылым Академиясының мәжілісінде оның оқылуын жария етті
Міне осыдан бастап көне түркі жазуын зерттеу дәстүрі қалыптасты. Ресей ғылымына зор үлес қосқан қазақ халқының досы ұлты неміс Фридрих–Вильгельм Радлов) орыс ғылымдары П.М. Мелиоранский, С.Е. Малов, Кляшторный қазақ ғалымдары Ғ. Айдаров, М. Жолдасбеков, Қ. Өміралив көне түркі жазуын оқуға үлкен үлес қосты.
Осы орайда, алғашқы рет осы ескерткіштерге көңіл бөліп, оған қамқорлық жасап халқымыздың игілігіне жарату қажеттілігін айтқан қадірменді жерлесіміз, ұлтымыздың қадірлісі Ілияс Омаров болатын. Өзің сол кездегі Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Ж. Шаяхметовке жазған хатында «Егер біз олардың бәрін бір орталыққа жинап, жинастырсақ, болашақ ұрпақ өздерінің тарихи мұраларын ертерек танып, сауатын ашар еді, мақтаныш сезіміне бөленер еді» -деп жазды. Амал қанша Кеңес дәуірінде ондай ағаларымыз арманына жете алмай кетті. Тек тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары И.Н. Тасмағамбетов сынды көкірегі ояу, көңілі таза, ұлтжанды баурымыз 1997 жылдың маусым айында елбасымызға жазған хатында «Республикамызда көне түркінің орхон сына жазулары тәрізді жәдігер–жауһарларымыздың болуы, басқаны былай қойғанда, өскелен ұрпақтың білім деңгейінің жоғарлауына сөзсіз ықпал етіп, оқу пәндерінің мазмұнын қайта қарауға және оқулықтардың жаңа үлгілерін дайындау барысында көп көмек еткен болар еді» (бұл да сонда) – деп жазды. Иманғали Нұрғалиұлының бастамасы ел президенті жағынан қолдау тапты. Сөйтіп жапон ғалымдарының көмегімен «Күлтегін» және «Тоныкөк» құлыптастарының көшірмесі Астанаға әкелініп, бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Евразия университетінде сақтаулы тұр.