6. Тарихнамалық шолу. Кез келген тарихи шығармада тарихнамалық шолу болуы қажет. Сапалы жасалған шолу автордың кәсіби деңгейінің көрінісі. Шолудың негізгі мақсаты таңдап алынған тақырыптың зерттелу деңгейін анықтау. Сол мақсатқа жету жолында ол мына міндеттерді орындайды: Өзіне дейінгі тархшылардың еңбектерімен танысады, тақырып тарихнамасының кезеңдерін анықтайды, методологиялық тұрғысын, дерктемелік базасына баға береді, тақырыптың шала зерттелген немесе мүлде зерттелмеген тұстарын анықтайды сөйтіп өз зерттеуінің міндеттерін анықтайды.
7. Тарихнамалық талдау әдістері
Зерттеу жұмыстары барысындағы тарихнамалық талдаудың қажеттілігі. Кез келген зерттеу жұмыстары сол тақырып бойынша жарық көрген әдебиетпен танысудан басталатындығы баршамызға белгілі. Тек танысып қана қоймай зерттеуші өзіне қажет деп тапқан ғылыми шығармаларға тарихнамалық талдау жасайды. Ол ғылыми жұмыстың кіріспе бөлімінің қажетті бір бөлшегі.
Тарихнамалық талдаудың бірнеше түрлері бар. Алғашқысы – тарихнамалық аннотация. Мұндай талдау көбінесе тезис немесе мақала жазғанда пайдаланылады. Бұл үшін тек зерттеушіні қызықтырған шығарманың библиографиялық сипаттамасы мен оның қандай мәселені қозғайтындығы қысқаша көрсетіледі.
Талдаудың келесі күрделі түрі – тарихнамалық талдау. Зерттелуі жоспарланған тақырыптың толық тарихнамалық талдудан өтуі қажетті процедура. Бұл жұмыстың тыңғылықты өтуі келешекте атқарылар шаруаның перспективасын, тақырыптың көмескі зерттелген тұстарын, ашылмай қалған мәселелерін айқындауға көмектеседі.
Тарихнамалық талдаудың екі деңгейі бар. Талдаудың төменгі деңгейі монографиялық еңбектердің кіріспесінде беріледі. Автор тек өзі таңдап алған тақырыбының зерттелу деңгейін анықтаумен шектеледі. Мұндай ұмтылыс диплом жұмыстарын орындау барысында кездеседі.
Жоғарғы деңгейі – арнайы тарихнамалық зерттеу. Белгілі бір тақырып немесе тарих ғылымының бағыты бойынша жүргізілген тарихнамалық талдаудың нәтижесі мақала немесе арнаулы монография ретінде жарық көреді. Бұл жерде тарихнамашы жарияланған немесе жарияланбаған бүкіл тақырып бойынша еңбектерге ғылыми талдау жасап оның шынайы нәтижелерін көрсетеді.
Тарихнамалық талдаудың реті. Тарихнамалық талдау үлкен дайындықты қажет етеді. Себебі өзіңнің әріптесі жазған шығармаға баға беру үшін сол тақырыпты сынап отырған автордан терең білуің қажет. Сондықтан да көбіне тарихи шығармалардың кіріспе бөліміндегі тарихнамалық талдаулары нәтижесіз болып жатады.
Әсіресе диплом жұмысын жазу барысында студенттер осындай кемшіліктерге ұрынып жатады. Көбіне олар өздері пайдаланған әдебиеттің тізімін берумен шектеледі. Тіпті кейде кіріспе диплом жұмысының негізгі бөлімі жазылып біткеннен кейін орындалады. Мұндай жағдайда оның тарихнамалық талдауы жай ғана формальды роль атқарады.
Тарихнамалық талдаудың негізгі мақсатының өзі белгілі бір тақырыптың зерттелу деңгейін анықтау, осыған дейін тарихшылардың жинақтаған тәжрибесін игеру, сөйтіп, тарихнамалық дәстүрге өз үлесіңді қосу. Осыдан кейін барып зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері анықталады.
Мұқият жүргізілген тарихнамалық талдау зерттеушіге өз жұмысының бағытын, онда көтерілетін мәселелердің ретін, зерттеудің методологиялық негіздерін анықтауға мүмкіншілік береді.Сонымен, тарихнамалық талдау зерттеу жұмысының ең қажетті, ең құнды бөлігі, оның нәтижелі аяқталуының кепілі.
Тарихнамалық кезеңдерді анықтау. Әрбір кезеңге талдау жасау (әр кезеңге ғылыми әдебиеттерді топтастыру, әдебиеттер түрлеріне сипаттама беру, зерттеліп отырған проблемалардың концептуальдылығын анықтау, тақырыпты зерттеуге үлес қосқан авторларды атау және олардың еңбектеріне баға беру, әр түрлі уақытта тақырыптың көңіл аударылған аспектілері). Қорытынды жасау аз зерттелген, көмескі ашылған мәселелерді анықтау, келешек зерттеудің аспектілері мен кезеңдерін анықтау.
Тарихнамалық талдау пәнін анықтау – тарихшының алдында тұрған өте күрделі міндет. Оны дұрыс шешу үшін мына төмендегі ережені қатаң түрде сақтау қажет. Біріншіден, тарихнамалық талдау тарихнамалық зерттеу пәні бойынша жүргізіледі. Екіншіден, тарихнамалық пән нақтылы –тарихи зерттеуге байланысты таңдалады. Әлбетте, таңдау барысында тарихнамалық пән барынша тақырыпқа жақынырақ болғаны жөн. Тарихнамалық талдау пәні кейде нақтылы – тарихи зерттеу пәнімен сәйкес келе бермейді. Одан хронологиялық шеңбері жағынан немесе кеңірек немесе тарырақ болуы мүмкін. Тарихнамалық талдау пәнінің мазмұны да территориялық аспектісіде кеңірек болады.
Достарыңызбен бөлісу: |