Түркі өркениетін өз кезегінде оңтүстік және солтүстік деп екі қанатқа бөлуге болады. Түркі өркениетінің Оңтүстік қанатына Ұйғыр, Өзбек, Әзірбайжан және Анадолы-Балқан мәдениеттері кіреді. Ал солтүстік қанатқа Қазақ, Қырғыз, Қарақалпақ, Ноғай, Сібір, Солтүстік Кавказ, Татар, Башқұрт, Қырым мәдениеттері енеді. Солтүстік қанат Түркі мәдениетінің саф, таза, негізгі қалпын сақтап қалса, Оңтүстік осы саф мәдениетті жетілдіріп, өңдеп, нәзік және биязы қалыпқа келтірген. Солтүстіктің тілі қаншалықты көне және жуан болса, оңтүстіктің тілі соншалықты жаңа және нәзік. Солтүстіктің музыка аспаптары қаншалықты қоңыр дауысты және табиғи болса, оңтүстіктің аспаптары соншалықты жіңішке дауысты. Мысалға домбыра екі ішектен тұрса, Анадолыдағы бағлама жеті ішектен тұрады. Оңтүстікте Араб-Парсы және жалпы қала мәдениетінің ықпалы анық байқалады. Ал солтүстікте дала мәдениеті, көшпенді дүниетанымы үстем. Бүгінгі тәуелсіз Түркі мемлекеттерінің туларына қарайтын болсақ та, бұл оңтүстік-солтүстік айырымын көруге болады. Қазақстан мен Қырғыз Республикасы Ислам дінінен бұрынғы Тәңірліктің белгісі «Күнді» өз туларында бейнелеген. Әсіресе Қазақстанның көк туы Көктүріктердің Көктәңрісін еріксіз еске түсіреді. Ал Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия мен Түркіменстан Исламның белгісі «жаңа туған айды» өз туларында бейнелеген. Соңғы төртеуінің ішінде Түркіменстан туындағы «жаңа туған ай» басқалардікіне қарағанда оңынан туған. Бұл түрікмендердің көне түркі танымына сай санасын көрсетеді. Өйткені «айдың оңынан, жұлдыздың солынан тууы» көне түріктерде жақсылықтың нышаны еді.
Солтүстік Түркі мәдениетінің жарқын өкілдерінің бірі Қазақ мәдениеті екендігінде дау жоқ. Қазақ отбасынан қоғамдық қатынастарға тіпті мемлекеттік рәсімдер деңгейіне дейін көне түркі өркениетінің ықпалы көрініп тұрады. Қазақтар өз мемлекеттерінің белгісі ретінде Түркі мемлекеттілігінің белгісі шаңырақты қолданады. Қырғыздар шаңырақты өз туларында бейнелесе, Қазақтар елтаңбасында бейнелеген. Осы тұрғыдан қырғыздар мен қазақтардың арасында, олардың дүниетанымында, салт-дәстүрінде, мәдениетінде көп айырмашылық жоқ. Бәлкім қазақтарды даладағы қырғыздар, ал қырғыздарды таудағы қазақтар деп сипаттасақ тура болар. Тек айырмашылық, қырғыз халқы өздерін көктүріктер заманындағы қырғыз руының жалғасымыз деп танытса, қазақ халқы – өз шежіресін ғұн-сақ-көктүрік заманынан бастайтын дәл сондай жүздеген ру мен елдің ұйысуынан құралған халық ретінде, басқаша айтқанда Түркі қағанаты мен Шыңғысхан империясының құрамына енген барлық Түркі рулары басын қосқан ел ретінде танытады.
Достарыңызбен бөлісу: |