1-тақырып. Түркі филологиясына кіріспе пәні, оның мазмұны, қарастыратын мәселелері. Түркі филологиясы гуманитарлық пән болғандықтан, оның аясындағы түркі жазба мәтіндері лингвистикалық, әдебиеттану және тарихи –мәдени зерттеу тұрғысынан қарастырылады. Жазба ескерткіштерді зерттеу тілдің тарихын, қоғамның рухани мәдениетін терең тануға мүмкіндік туғызады. Сондықтан «Түркі филологиясына кіріспе» курсы түркі халықтарының тарихи- филологиялық, мәдени- идеологиялық проблемаларын зерттеуге ерекше көңіл бөледі. Түркі халықтарының үлесі дүниежүзілік мәдениетіне, адамзат өркениетіне қосылып, сол негізде жас буынды ата мекенін сүюге, халықаралық ынтымақ пен бірлікке тәрбиелейді. Ғылым ғалымның жеке басы мен оның шығармашылығынан бөлек емес. Біздің елімізде және шет елде түркологияның негізгі даму кезеңдері көп дәрежеде көрнекті түрколог ғалымдардың ғылыми еңбек жолдарымен айқындалады.
Әдебиеттер:
-
Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі .- Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. -229 б
-
Сартқожаұлы Қ. Байырғы түркі жазуының генезисі. Алматы: Арыс, 2007. -301 б
-
Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. - Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. – 255 б.
-
Мұсабаев Ғ. Қазақ тіл білімінің мәселелері. - Алматы: Арыс, 2008. -470 б.
-
Аханов К. Тіл білімінің негіздері. - Алматы: Санат, 2009. -496 б.
Қосымша:
6. Махмұт Қашқари. Түркі сөздігі. Алматы, Сөздік-Словарь, 2006. -336 б
7. Түркі тілдері (Энциклопедиялық басылым). Астана: Фолиант, 2002. -699 б
2-тақырып. Түркі филологиясының танымдық, тәрбиелік мәні.
Тіл тарихы мен қоғамның рухани мәдениетін анықтауда жазба ескерткіштерін зерттеудің мәні. Түркі филологиясы мен түркологияның қалыптасып дамуы, негізгі кезеңдері. Орта ғасыр жазба ескерткіштері – түркі халықтарының өткен тарихы, мәдениеті, әдебиеті, тілі, тұрмыс-тіршілігі, дінінің өткен тарихынан мәлімет алуға мүмкіндік беретін асыл мұрасы. Тілдің уақыт өткен сайын дамуы тамырының тереңдігімен де өлшенеді. Уақыт тезіне шыдас беріп, қазіргі түркі тілдерімен тамырластығын жоғалтпаған тарихи маңызы зор жазба ескерткіштерді зерттеп, қазіргі тілдермен туыстық дәрежесін анықтау – бүгінгі ұрпақтың еншісі. Халқымыздың өткен тарихын, тілін, мәдениетін білуде, атап өткеніміздей, бұл мұралардың маңызы өте жоғары. Замандар бойы сақталып, бүгінгі күні халқымыздың асыл қазынасына айналған мұраларды халқымызға жеткізу мақсатында қыруар еңбектер атқарылды. Көне түркі тілінің мұралары жинап бастырылып, транскрипциялары, аудармалары беріліп, сөздіктері жасалынды. Руна, көне ұйғыр, араб жазуларымен берілген ескерткіштердің мәтіндері, транскрипциялары, аудармалары беріліп, сөздіктері қазіргі қазақ тілінде де жарық көрді. Бұл ескерткіштердің тілі жөнінде көптеген ғылыми еңбектер, мақалалар, оқу құралдары жазылып, түркологияда қаншама дүниелердің беті ашылды, ең бастысы, тарихи тұрғыдан зерттеудің негізгі бағыттары айқындалды.Уақыттың ұлы көшіндегі түркі халықтары осындай тарихи кезеңдерден бүгінгі ұрпаққа мол мәлімет берерліктей жазба ескерткіштер қалдырды. Түркі халықтарының рухани-мәдени, тарихи өмірінде бұл ғасырларда өмір сүрген ақыл-ой мен білімнің алып тұлғалары, көркем сөз зергерлері мен тілші-ғалымдар түркі тіліндегі көркем әдебиеттің шарықтап, өсіп-өркендеуіне мол үлес қосты. Тамыры терең халқымыздың асыл мұраларына биік баға берген Президентіміз Н.Ә. Назарбаев: «...Осынау апайтөс даланы ежелден мекен етіп келе жатқан халқымыздың тарихи тамыры тым тереңде жатыр. Оның өзіндік терең танымы, қалыптасқан халықтық салт-дәстүрі, өркендеген зор мәдениеті бар. Беймәлімі көп көне ғасырлар қойнауына үңілмей-ақ бергі, тарихқа танымал Түрік қағанаты заманынан түйдегімен жеткен тарихи-мәдени жәдігерлердің үлкен шоғырының өзі-ақ әлем алдындағы түрік өркениетін айғақтар төлқұжаты іспеттес. Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білігі», Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігі», Қожа Ахмет Йассауидің «Даналық кітабы», Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» секілді ұлы шығармалары, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбунасыр Фарабидің бұған дейінгі біршама игерілген ғажайып мұралары тұғырлы тарихтың, ұлы мәдениеттің, мол біліктің мәңгілік мәуесіндей» – деп, бұл жәдігерліктердің жаңа заманның жеке тұлғасын тәрбиелеуге зор үлес қосатынына назар аударған еді [1, 5-6]. Орта ғасырдағы жазба ескерткіштер – сол дәуірдегі этикалық топтардың сөйлеген тілдері туралы ақпараттарды сақтап қалған бірден-бір тілдік материалдар. Сондықтан оларды жан-жақты зерттеудің нәтижесінде қазіргі түркі тілдерін, соның ішіндегі қазақ тілінің де тарихы туралы нақты мәліметтер ала аламыз. Зерттеуімізде осы кезеңді шартты түрде Х-ХҮ ғасырлар деп бөліп аламыз. Бұл кезеңнің ескерткіштері сан алуан тақырыпта жазылған. Көне қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштер негізінен ХІ-ХҮІІ ғасырлар аралығын қамтиды. Олар жазу үлгісіне қарай бес топқа бөлінеді:
Готикалық көне шрифтімен жазылған ескерткіштер (ХІІІ – ХІҮ ғасырлар). Араб әрпімен жазылған мұралар (ХІ – ХІҮ ғасырлар). Армян жазуымен берілген мұралар ( ХҮ – ХҮІ ғасырлар). Орыс әліпбиімен жазылып қалған деректер (ХІ – ХІІІ ғасырлар). Шығыс Европа аймағын мекендейтін кейбір халықтардың тілінде сақталып қалған және сол елдердің өзіндік жазу үлгілерімен берілген сөздер (адам аттары мен жер-су аттары т.б.). Сонымен қатар ескерткіштер белгілі бір саяси-әкімшілік орталықтарда туып, солардың талап-тілектеріне сай жазылып отырғандықтан, қазақ ғалымдары (Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М.) оларды шартты түрде мынадай топтарға бөліп қарастырады: куман қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, половец қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Орта Азия қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Алтын Орда қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Мамлюк қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Армян колониясының тілінде жазылған ескерткіштер [2, 10-16]. Орта ғасырларда жазылған ескерткіштерді зерттеп, құнды пікірлер айтқан ғалымдардың тұжырымдарын басшылыққа алған М. Сабыр мынадай екі үлкен топқа бөліп қарастырады: -
Көне қыпшақ ауызекі сөйлеу тілінде жазылған ескерткіштер.
-
Көне қыпшақ жазба ескерткіштері [3, 6].
Әдебиеттер:
1. Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі .- Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. -229 б
2.Сартқожаұлы Қ. Байырғы түркі жазуының генезисі. Алматы: Арыс, 2007. -301 б
3. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. - Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. – 255 б.
-
Мұсабаев Ғ. Қазақ тіл білімінің мәселелері. - Алматы: Арыс, 2008. -470 б.
-
Аханов К. Тіл білімінің негіздері. - Алматы: Санат, 2009. -496 б.
Қосымша:
6. Махмұт Қашқари. Түркі сөздігі. Алматы, Сөздік-Словарь, 2006. -336 б
7. Түркі тілдері (Энциклопедиялық басылым). Астана: Фолиант, 2002. -699
3-тақырып. Тіл және этнос.
Көне түркі этногенезі проблемасы. Орталық және Орта Азияны мекендеген түркі тілдес тайпалар туралы алғашқы мағлұматтар. Сақ, үйсін, хун және көне түркілердің этникалық жақындық проблемасы. Орта ғасыр жазба ескерткіштерін жазылу мақсатына қарай 1) әдеби-діни ескерткіштер; 2) тілдік-грамматикалық зерттеулер (сөздіктер және т.б.); 3) тарихи кезеңге арналған ескерткіштер (хандар шежіресі, жалпы шежірелер, қолбасшылар мен батырлар, жорықтар туралы және т.б.) деп үш топқа бөліп қарастыру да кездеседі. Жеке ескерткіштердің тілін арнайы зерттеумен айналысып, монографиялық еңбек жазған ғалымдар көп емес. Ескерткіштер арнайы зерттелмегендіктен, ескерткіштердің тілі жөнінде айтылған пікірлер де сан алуан. Десек те, орта ғасырлық жазба мұралар тарих, әдебиет, тіл, мәдениет, философия т.б. әр саладағы зерттеуші-ғалымдар тарапынан белгілі бір дәрежеде зерттелген. Бұл зерттеулердің көш басында Г.Ю. Клапрот, В.В. Радлов, П.М. Мелиоранский, А.Н. Самойлович тәрiздi тұлғалар тұрса, кеңестiк дәуiрде, одан кейiнгi кезеңде зерттеулер Э.Н. Наджип, А.К. Боровков, Э. Фазылов, А.М. Щербак сынды т.б. ғалымдардың есiмдерiмен байланысты. Ал солардың ішінен осы саладағы зерттеумен тікелей шұғылданушы қазақстандық ғалымдардан Ә. Құрышжанов, Б. Сағындықұлы, Ә. Ибатов, Р. Сыздықова, Ә. Керiмов, А.Н. Гаркавец, М. Мәженова, Қ. Өмірәлиев және т.б. Бұл ғалымдардың қатары аталған мәселе бойынша еңбек етiп жүрген кейiнгi буын өкiлдерiнен С.Құдасов, М.Сабыр, С.Дүйсенов, Р.Досжан және т.б. орта буын зерттеушілермен толығып келеді. Орта ғасыр кезеңі түркі халықтары үшін өте маңызды әлеуметтік оқиғаларға толы болды. Бұл дәуірдің ең басты ерекшелігі: баршаға ортақ түркі тілінен бөлініп, дербес тілдер қалыптаса бастады. Бұған түркі халықтарының әлеуметтік даму дәрежесі, орналасқан географиялық ортасы, тіл дербестігі, діни нанымдары т.б. қозғаушы күштері себепші болды. Орта ғасырлардағы түркі тайпаларының дамуына да осындай факторлардың үлкен әсері болды. Қазіргі таңда орта ғасырларға тән деп есептелетін түркологияға белгілі көптеген ескерткіштер бар. Атап айтсақ, дәстүрлі әдеби тілдегі еңбектерге: Рабғузи-дің "Қиссасу-л-Ән-бия", Құтыбтың "Құсырау уа Шырын", Рауандидің "Мұхаббатнама", Әлидің "Нахдж-әл-Фарадис", Сайф Сараидың "Гүлистан бит-түрки", Сиди Ахмедтің "Ташшұқнама", Хорезмидің "Тәржіма Шаһнама", Ахмед Иүгінекидің "Ақиқат сыйы", Әбілғазының "Оғызнама" атты еңбектері мен авторлары белгісіз "Қорқыт ата кітабы", "Сираж әл-Қулуб", "Рахат әл-Қулуб", "Миғражнама", "Дастан-и-Жұмжұма Сұлтан», "Мифта-Һул-Әділ", "Тефсир", т.б. шығармалар. Ал жергілікті халық тіліндегі ескерткіштер - Қожа Ахмет Иасауидің "Диуани хикметі", Сүлеймен Бақырғанидің «Хикметі", т.б. Қыпшақ ауызекі сөйлеу тіліндегі жазбалар: "Диуани лұғат-ит-түрк", "Кодекс Қуманикус", "Китаб әл-Идрак Ли-Лисан әл-Атрак" (Әбу Хаййан), «Китаб Булғат әл-муштақ фи-луғагг ат-түрк" (Жамалладдин ат-түрки), «Ат-тухфат әз-Закия фи-л-Лүғат-ат-Түркия", "Әл-Қауанин әл-Куллия ли-дабт әл-лұғати-т-Түркия", "Китаб әд-Дурра әл-Мудийа фи-л-Луғат ат-Туркийа уәл-Камал", "Ашшудүр әд-даһабия уа-л-қита әл-ахмадия философия-луғат-ат-Түркия" (Молла ибн Салих), "Хуласа", "Мани әл-ғузат", "Китаб Муқад-дима" (Ас-Самарқанди), "Китаб ад-Дағуа» т.б. Армян қыпшақтары тілінде жазылған трактаттар, сөздіктер, тарихи жазбалар, т.б. осы топқа жатады. Мәмлүк кыпшақтары тілінде 10-ға жуық еңбек бар. Қыпшақ жазба ескерткіштерінің көбі қыпшақ тілінде жазылып, оғыз тілі әсер еткен (Мәмлүк, Орта Азия мұралары), оғыз тілінде жазылып, қыпшақ тілінің ықпалына түскендері аз (Хорезм нұсқалары)» [2, 45-46]. Бұл орта ғасырлық дереккөздері қазіргі заманғы кешенді зерттеушіден үлкен жауапкершілікпен жүзеге асырылатын деректану жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Орта ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерінің тілі жекелеген категориялар бойынша қарастырылғаны болмаса, арнайы салыстырыла зерттелмеген. Тіл тарихын зерттеу арқылы қазіргі түркі тілдерінің тілдік құрылымын анықтау, осы түркі тілдерінің белгілі бір дәуірдегі ескерткіштер тіліне қатысын анықтау – ең негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Түрколог ғалым А.М. Щербак өзінің «Грамматический очерк языка тюркских текстов Х-ХІІІ в.в. из Восточного Туркестана» атты үлкен монографиялық еңбегінде Х-ХІІІ ғасыр Шығыс Түркістан жазбалары тілін зерттеген. Зерттеуге Йүсүп Баласағұнидің «Құтадғу білігі», Ахмед Йүгнекидің «Һибат-ул хақайиғы», Махмуд Қашғаридің «Дивану луғат-ит түрігі», Рабғузидің «Қисас-ул анбийасы», «Оғуз-наме» т.б. ескерткіштер нысан етіліп алынған [4, 76-113]. Бірінші тарауда жазбалар тілінің фонетикасы, ал екінші тарауда морфологиясы сөз болады. ІІ тарауда сөз таптарының түбір, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, шылау түрлеріне тоқталған. Бірнеше ескерткіштер тілін салыстыра отырып, дәуір тіліне тән ерекшеліктерді, дәуір тіліне тән белгілерді анықтаған. Сондай-ақ айқындалған грамматикалық тұлғалардың ішінен сөз етіп отырған дәуірлерде көне формаларға айналғандарын соған дейінгі дәуір ескерткіштерінің тілімен салыстыра береді. Сөз таптарының морфологиялық құрылысын, сөз тудырушы аффикстердің сөзжасамдық сипатын айқындау, яғни морфологиялық сипатын жан-жақты көрсету түркі жазба әдеби тілдерінің қалыптасуы мен даму теориясын айқындауға үлес қосары сөзсіз. Осы тұрғыдан А.М. Щербак еңбегінің құндылығы жоғары. Қазірге дейін көпшілік түрколог ғалымдар А.М. Щербак еңбегін басшылыққа алып отырады. Түркологияда қолданылатын негізгі септік, тәуелденген септік, құралдық септік т.б. терминдер бұл еңбекте де кездеседі.
Еңбектің соңына қарай грамматикалық тұлғалардың көрсеткіштерін беруі ізденушілер үшін морфология саласында бағыт-бағдар беріп отыратындығы сөзсіз. Мұндай грамматикалық тұлғалардың көрсеткіші Э.Фазылов еңбегінде де кездеседі. Э.Фазыловтың «Староузбекский язык», «Хорезмийские памятники ХІҮ века» атты екі томнан тұратын кітабы лексикалық және грамматикалық бөлімдерден тұрады. Бірінші бөлімде ескі мәтіндегі сөздерге түсінік берілген. Автор ХІV ғасыр тілінің сөздік құрамын толықтай беруге тырысқан. ХІ-ХІҮ ғасырларға қатысты автор былай дейді: «Этот период является наиболее сложным вследствие распространения книжной традиции, взаимовлияния письменных тюркских языков и влияния на них разговорного» [5, 6]. Бұл еңбекте Сайф Сараийдің «Гулистан би-т-турки», Хорезмидің «Мухаббат-наме», Қутбтың «Хосрау уа Ширин», «Нахджу-л фарадис» атты еңбектері мен Мавл Қазы Мухсиннің, Мавлан Имад Мавлавидің, Ахмад Хожа ас-Сарайидің, Мавлан Исхак Туғлы Хожаның, Хаджамидің, Берке Факих шығармаларының тілі қарастырылады. Хорезм ескерткіштерінің тілі бұдан ертеректе жазылған қарахандық ескерткіштер тілімен байланысты, сол ескерткіштердің ары қарайғы жалғасы десек те болады. Сондықтан ескерткіштер тілін салыстыруда бұл еңбектің маңызы жоғары. «Изысканный дар тюркскому языку» (Грамматический трактат ХІV в. на арабском языке) атты еңбек ХІҮ ғасыр құнды ескерткіштерінің бірі «Китаб ат-тухфат уз-закийат фил-луғат-ит-туркийа» (бұдан былай – Ат-тухфа...) шығармасының тілін зерттеуге арналған. Монографияның кіріспесін, лексика-грамматикалық очеркін, қолжазбаның аудармасын, глоссарийін, грамматикалық көрсеткішін жазған – Э.И. Фазылов пен М.Т. Зияева, 1978 жылы Ташкент қаласынан басылып шықты. «Ат-тухфа...» ескерткішінің авторы белгісіз. Осы кітапты жазу барысында белгісіз автор қыпшақ тілін негізге алуды мақсат етіп қойғандығын айтады, себебі қыпшақ тілі сол дәуірлерде кең көлемде қолданылған. «Ат-тухфа...» тек жазба мұра ғана емес, түркі тілін зерттеуге арналған грамматикалық трактат екендігі белгілі. Белгісіз автор қыпшақ тілінің қолданылу ерекшеліктерін, грамматикалық, фонетикалық ережелерін араб лингвистикалық дәстүрі бойынша талдап көрсеткен. Ескерткіш тіліндегі түбірлердің қосымшалары бір бөлек, сөзжасамы бір бөлек әңгімеленген [6, 31-82]. Орта түркі жазба ескерткіштері тілін сөз ететін келесі бір еңбек – түрколог ғалым Э.Н. Наджиптің «Тюркоязычный памятник ХІV века «Гулистан» Сейфа Сараи и его язык» атты еңбегі. Монография Алматы қаласында 1975 жылы жарық көрді. Кітаптың І бөлімінде морфологиялық талдаулар берілген. Мұнда Сейф Сараидің «Гүлистан бит - түрки» ескерткіші тілінің морфологиясы жан-жақты зерттелген. Сонымен бірге автор ескерткіш тілін басқа да тарихи жазбалармен және қазіргі түркі тілдері (өзбек, татар, башқұрт, ұйғыр, әзірбайжан, құмық, қарақалпақ, ноғай, түрік, қазақ) материалдарымен салыстыра отырып талдаған. Ескерткіш тілінің орта ғасырда жазылған басқа да ескерткіштер тілімен ұқсастықтары мен айырмашылықтары айқындалған. Түркітанушы ескерткіш тіліне нақты жасаған талдауларына сүйеніп, «Гүлистан бит - түрки» ескерткіші тілін оғыз, қыпшақ тайпалары тіліне жақын деген тұжырым жасаған [7, 102]. Академик А.Н. Кононовтың «История изучения тюркских языков в России» атты кітабында Орхон-енисей, көне ұйғыр жазба ескерткіштері, сондай-ақ ортағасырлық араб, парсы, түркі ғалымдарының еңбектері және XYIII ғасырдан бергі Батыс Европа мен орыс ғалымдарының зерттеулері туралы толық мағлұмат берілген [8, 215-242]. Т. Қордабаев «Түркология және қазақ тіл білімі» атты еңбегінде қазақ тілін зерттеген орыс түркологтарының ешқайсысы да сөздерді тапқа бөлгенде қандай принципті басшылыққа алатынын айтпағандықтарын [9, 116] және ол еңбектерде жеке сөздердің құрамы мен олардың қандай жұрнақтар арқылы жасалатыны, әртүрлі жалғаулар арқылы қалай түрленетіні сияқты мәселелердің ғана қамтылып, ол сөздердің неліктен белгілі бір сөз табына жататындығы, сөз таптарының неліктен жеке сөз табы болып табылатындығы, олардың өзіндік лексика-грамматикалық сипаттары қандай деген сияқты күрделі теориялық мәселелердің қамтылмағандығы туралы жазған [10, 71 б.]. 1971 жылы Ғ. Айдаров, Ә. Құрышжанов, М. Томановтың авторлығымен «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» атты зерттеу баспадан жарияланды. «Көне ұйғыр жазу ескерткіштерінің тілі» бөлімін Ғ.Айдаров жазған. Мұнда түбір сөздер, туынды сөздер, біріккен сөздер, күрделі сөздер, көптелу, тәуелдену, септелу, жіктелу категориялары әңгімеленеді. Ескерткіштерден нақты мысалдар келтіріледі [11, 140-142]. «Көне қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштердің тілі» бөлімін Ә. Құрышжанов құрастырған. Ол қыпшақ тілі ескерткіштеріндегі түбірдің жай-күйін айта келіп, жалғаулар мен жұрнақтар туралы біршама мағлұмат береді [11, 213-229]. «М. Қашғари заманындағы түркі халықтарының тілі» бөлімін жазған М.Томанов «Дивану луғат-ит түрк» сөздігіндегі түбірлер туралы баяндайды [11, 157-161]. Аталған еңбектерде тарихи жәдігерлердің дыбыстық, грамматикалық ерекшеліктері жан-жақты ашылып, тарихи сөздік құрам, оның ішінде бір буынды, екі буынды, үш буынды сөздер және күрделі сөздер туралы құнды пікірлер айтылған. Сөз таптарының түбір, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу түрлері мен көмекші сөз таптары (служебные части речи) ретінде септеуліктер, шылаулар, демеуліктер қарастырылған. Сөз тудырушы және сөз түрлендіруші элементтердің ескерткіштердегі көріністері берілген.
Әдебиеттер:
1. Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі .- Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. -229 б
2.Сартқожаұлы Қ. Байырғы түркі жазуының генезисі. Алматы: Арыс, 2007. -301 б
3. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. - Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. – 255 б.
-
Мұсабаев Ғ. Қазақ тіл білімінің мәселелері. - Алматы: Арыс, 2008. -470 б.
-
Аханов К. Тіл білімінің негіздері. - Алматы: Санат, 2009. -496 б.
Қосымша:
6. Махмұт Қашқари. Түркі сөздігі. Алматы, Сөздік-Словарь, 2006. -336 б
7. Түркі тілдері (Энциклопедиялық басылым). Астана: Фолиант, 2002. -699
4-тақырып. Қазіргі түркі халықтары. Түркі тілдері және олардың классификациясы.
Түркі халықтарының дүниеде таралуы, демографиясы. Түрік, өзбек, ұйғыр, қазақ, қарақалпақ, қырғыз, татар, башқұрт, әзербайжан, түркімен, чуваш, саха, құмық, қарашай, балқар, ноғай, гагауыз, хакас,т.б. халықтары.Қазіргі түркі халықтарының этнографиясы, материалдық және рухани мәдениеті туралы мәліметтер.
Тілдердің материалдық туыстастығын айқындайтын критерийлер. Түркі тілдерінің құрылысы, типологиялық сипаттамасы. Түркі тілдерін жіктеу прициптері(тарихи, географиялық, фонетикалық, фонетика- морфологиялық). Түркі тілдерінің негізгі классификациясына шолу. Өткен ғасыр түркологтарының( И.Н.Березин, В.В. Радлов, Ф.Е.Корш) түркі тілдерін жіктеудегі тәжірибелері.А.Н:Самойлович, В:В:Богородицкий, С:Е:Малов, Н.А.Баскаков, И.Бенцинг,К.Менгес, А.Дж.мре,т.б. жасаған классификациясы. Қазақтардың сөйлеу мәдениетінің, тілінің тарихын зерттеу жұмыстарына жазба ескерткіштер материалдарын тартудың, сол арқылы тіліміздің толығу, даму жолдарын білудің маңызы зор.
Тіл фактілерін тарихи тұрғыдан алып зерттеудің, білудің ғылым үшін де, практикалық іс үшін де үлкен мәні бар. Өйткені қандай құбылыстың, фактінің болмасын өткенін, тарихи даму жолдарын білмей тұрып, оның қазіргі күйін, сырын жете білу мүмкін емес [1,5].
Қай тілдің болмасын, өткен тарихын, грамматикалық құрылысының даму жолдарын зерттеу, үйрену үшін, ең алдымен, тілдің сол өткен күйін білдіретін, өткен дәуірлерінен сақталған тілдік фактілер, жазба материалдар болу керек. Тілдің әрбір тарихи кезеңдегі күйін білдіретін жазба материалынсыз, тілдік фактісіз оның өткен тарихын зерттеу, білу мүмкін емес. Олай болса, тіл тарихын, тілдің грамматикалық құрылыс тарихын зерттеудегі, білудегі алғашқы қадам тілдің әрбір тарихи кезеңдегі күйін білдіре алатын жазба материалдар бар ма, болса олар қайсылар деген сұрауға жауап беруден басталу керек [1, 8].
Қазақ мәдениетінің тарихына қатысты кезеңдердің бірі – кейінгі орта ғасыр, яғни ХІІ-ХV ғасырлар аралығы болып табылады. Осы уақыттар аралығында түркі халықтарының, оның ішінде қазақ ұлтының қалыптасуына зор үлес қосқан қыпшақтардың тілі, әдебиеті, тарихы және т.б. туралы жазылынып қалған бірқатар тарихи мұралар бар: Рабғузи «Қиссас ул-Әнбия», Құтыб «Хұсырау-Шырын», Сайф Сараи «Гулистан би т-түрки», Махмуд бин Али «Нахдж ал-Фарадис», Ахмет Иасауи «Диуани Хикмет», Абу Хайиан «Китаб ал-Идрак ли-лисан ал-атрак», ат-Түрки «Китаб булғат әл-муштақ фи-луғат ат-түрк», «Хуласа», «Мунийат ал-ғуззат», ас-Самарқанди «Китаб муқаддима» т.б.
Бүгінгі қыпшақ тілдерінің тарихын түсініп, танып білу үшін орта ғасырлық жазба ескерткіштер тілін оқып үйрену, зерттеу, мұрағаттар материалдарын есепке алу маңызды, қажет іс. Ескіні білмей – бүгінгіні түсіну қиын-ақ. Қазақ тілінің тарихына қатысты жазба мұраларды игеру, зерттеу ұлт тарихын бағдарлауға да негіз болады.
ХІV ғасыр жазба ескерткіштерінің жазылу уақыты қазақ тілінің ұлт тілі ретінде қалыптасу кезеңімен сай келеді. Ал аталмыш ескерткіштер лексикасының өзара айырмашылықтарынан гөрі ұқсастықтары мол, бір жазба дәстүрге негізделген, сондықтан біртұтас (монолитті) жүйе ретінде қазақ тілімен сабақтастыра зерттеу көптеген тың тұжырымдарға жетелейді [2.16].
Қазақ тілінің тарихына, сонымен қатар түркі тілдері тарихын зерттеуде ең көне, алғашқы материал ретінде Орхон-енисей жазба ескерткіштерін атай аламыз.
Қазақ тілінің бұдан кейінгі тарихын осы кезеңде Қыпшақ бірлестігі, тайпалық одақтар құрамында болған тайпалар, рулар тілдерімен байланысты болғаны тарихтан мәлім.
Осы Х-ХV ғасырлар арасында осы бірлестікке енген тайпалар мен рулар тілінде жазылған жазба ескерткіштер түркі тілдеріне ортақ мұра болып есептеледі, қазақ тілі үшін тума материал болады.
Қазақтың біртұтас этнос болып қалыптасуында, ұлт тілінің дараланып өсіп-жетіліп өркендеуінде Алтын Орда мемлекеті зор рөл атқарды. Ол дүниежүзілік тарихта, әлемдік мәдениетте өзіндік орны бар іргелі де қуатты мемлекет еді. Бұл солтүстік-шығыста Бұлғар облысы, Еділдің орта және төменгі жағалауын, оңтүстік Қырым, Кавказдың Дербентке дейінгі, тіпті одан да арғы далаларды, шығыста батыс Сібір мен Сырдарияның төменгі жағалауын алып жатқан кең байтақ ел болатын [2, 4].
Алтын Орда мемлекетінің территориясын мекендеген халықтардың этникалық құрамы туралы әртүрлі мәліметтер бар. Түркітанушы П.М.Мелиоранский «Араб филолог о турецком языке» деген еңбегінде: «Золотая Орда состояла из смеси различных турецких и монгольских племен» деп көрсеткен. Белгілі ғалым Ә.Құрышжанов тарихи деректерге сүйене отырып, Алтын Орда халқының дені қыпшақ рулары болған деген қорытындыға келеді. Сол қыпшақ рулары қазіргі қазақ халқының арғы тегі екені даусыз. Бұл ру, тайпалар әлемдік мәдениетке өз үлестерін қосып, кейінгі ұрпақтарға мол мәдени мұралар қалдырып кетті.
Діні мықты елді жау алса да, тілі мықты елді жау ала алмайтынына тарих куә. Алтын Орда мемлекеті тарихтың өкпек желіне ұшырап, қанды соғыстар мен саяси жағдайлардың әсерінен күйреп, бірнеше ұсақ хандықтарға ыдырап кетсе де, оның орнында сол дәуірдегі бабалар тілінде жазылған құнды әдеби жазба ескерткіштер қалды [2, 5].
Көптеген түркі тілдес халықтардың, алдымен қазақтардың қалыптасуы ортағасырлық қыпшақтар тарихымен тығыз байланысты. Қыпшақ этносының үлкен-үлкен топтары қырғыздардың, қарақалпақтардың, өзбектердің, татарлардың, башқұрттардың, Кавказ маңындағы, Оітүстік Сібір мен Алтайдағы түркі халықтарының құрамына қосылды; қыпшақ тайпалары Орыс, Грузия, Армения, Византия, Румыния, Венгрия, Мысыр және Сирия халықтарының тарихында өз ізін қалдырды.
Қыпшақтардың тарихи даму кезеңдері әртүрлі тілдерде жазылынып қалған: көне түркі, қытай, орыс, грузин, византия, латын, араб, парсы, моңғол және т.б. Алғашқы дереккөздердің мәліметтік деңгейі хронологиялық немесе аумақтық шектеулігіне байланысты әртүрлі болып келеді. Жалпы дәстүр және мәдениет аясына біріккен араб және парсы тілді дереккөздер орны ерекше: олардағы маңызды материалдар – VІІІ ғасырдың бас кезеңінен бастап, кейінгі орта ғасырларға дейінгі бірнеше ғасырларды қамтиды, қыпшақтардың шығыстан батысқа – Ертіс алабынан Днепр мен Нилге дейінгі таралу кезеңдері баяндалады.
Көне, ескі қыпшақ мәдениеті туралы ІХ-ХVІІ ғасырларда Орта Азиядан бастап, Таяу Шығыста, сондай-ақ Испанияда араб, парсы және кейбір түркі тілдерінде жазылған ескерткіштер саны мол. Ортағасырлық ескерткіштер ХVІІІ ғасырдан бастап зерттеу нысанына алынып келеді, бірақ ол зерттеулер тұрақты түрде жүзеге асырылып отырмады. ХІХ ғасырда, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде арабтардың классикалық географиялық және тарихи шығармаларының ғылыми айналымға енуіне байланысты сапалық тұрғыдан, соның ішінде Орта Азиялық түркі халықтары туралы жаңа зерттеулердің пайда болуына алғышарт жасалынды [3, 6].
Бүгінгі уақытта жалпы түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің де тарихына байланысты көне түркі, ескі түркі, ескі қыпшақ, армян, араб, ескі грек, ескі қазақ тілдерінде, әртүрлі графикалық үлгілерде жазылған жазба жадыгерліктердің бірқатары ғылыми тұрғыдан зерттеу объектісіне алынып, қазіргі мәдениетіміздің игілігіне ұсынылып жүр [3, 48].
З. В. Тоғанның пікіріне қарағанда, қазақ тілінің тарихына қатысты жазба мұраларды қазақ ауызекі тілінің (фольклорының) материалдарымен салыстыра зерттеу ісін жүзеге асыра білу қажет. Ортағасырлық жазба мұраларда «түрки тіл» деп берілген жазба тілдің стильдік, морфологиялық ерекшеліктері кейінгі зерттеушілердің назарына ілінбей келеді. Ал «түрки» тілдің синтаксистік, ареальдық-синтаксистік ерекшеліктері осы уақытқа дейін мүлдем зерттелінген емес. Жазба мұралар тілінде қолданылған, жалпы түркі халықтарына ортақ жазба мәдениет тілі ескі қыпшақ, ескі оғыз, түрки, шағатай тілдері деп сараланғанымен, әлі де болса олардың синтаксистік қолданымдары, өзара айырмашылықтары тілдік-тарихи тұрғыдан нақтыланған жоқ. Келешектегі зерттеу жұмыстарында түркітанушы ғалымдар осы мәселеге арнайы тоқталып, ауқымды зерттеу жұмыстарын жалғастыруы қажет деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |