1. Тақырып Анатомия пәні, міндеттері және зерттеу әдістері.
1. Адам анатомиясының пәні, басқа пәндер арасындағы орны.
2. Зерттеу әдістері: өлгеннен кейін, тірісінде, қазіргі кездегі.
3. Жалпы пәннің мақсаты мен міндеттері.
4. Осьтар мен жазықтықтар.
Анатомия — тірі организмдердің үлкейткіш аспаптардың көмегінсіз көзге көрінетін құрылысын зерттейтін іргелі (фундаментальды) биологиялық морфологиялық ғылым. Анатомия — зерттеу нысандарына байланысты жануарлар және өсімдіктер анатомиясы болып екіге бөлінеді. Жануарлар анатомиясынан адам анатомиясы жеке ғылым саласы ретінде бөлінді. Зерттеу бағыттарына сәйкес анатомия өз кезегінде бірнеше салаларға бөлінеді:
-
жүйелі анатомия — адам мен жануарлар дене мүшелерінің құрылысын, олардың атқаратын қызметтерімен байланыстырып, мүшелер жүйелері ретінде (тері жабыны, сүйектер , бұлшық еттер, ас қорыту, тыныс алу, зәр бөлу, көбею, тамырлар, эндокринді бездер, жүйке жүйелері) зерттейді;
-
мүсіндік (пластикалық) анатомия — адам мен жануарлар организмдерінің сыртқы дене бітімі мен дене бөліктерінің тұрақты жағдайдағы немесе қозғалыстағы пропорциялық арақатынасын зерттейді. Мүсіндік анатомияның негізін қалаған италиян ғалымы Леонардо да Винчи;
-
топографиялық анатомия — адам мен жануарлар организмдерінің белгілі аумақтары мен бөліктеріндегі әртүрлі жүйелер мүшелерінің орналасу орындары мен сол аймақтағы олардың арақатынастарын зерттейді;
-
салыстырмалы анатомия — әртүрлі типтер мен кластарға жататын жануарлардың белгілі бір мүшелерінің немесе мүшелер жүйелерінің құрылыстарын салыстырып зерттейді;
-
түр анатомиясы — жануарлардың түрлеріне байланысты, олардың дене құрылысындағы ерекшеліктерді анықтайды;
-
түқым анатомиясы — мал түқымдарына сәйкес, олардың дене құрылысындағы салыстырмалы айырмашылықтарды зерттейді;
-
жас анатомиясы — жануарлардың жасына байланысты, олардың дене мүшелері құрылысындағы құрылымдық өзгерістерді анықтайды;
-
қалыпты анатомия — ересек адам мен жануарлар организмдерінің дертсіз қалыпты жағдайдағы құрылысын анықтап зертгейді;
-
сырқаттық (патологиялық) анатомия — ауырған организм дене мүшелерінің құрылысын қалыпты анатомия мөліметтерімен салыстыра отырып зерттейді;
-
микроскопиялық анатомия — жануарлар организмі мүшелерінің микроскоппен ғана көрінетін құрылысын зерттейді.
Адам мен жануарлардың қалыпты анатомиясы көптеген ғылыми салалардан тұрады:
остеология — сүйектер жүйесі туралы ілім;
синдесмология — сүйектер байланыстары туралы ілім;
миология - бұлшықеттер туралы ілім;
дермотология тері жабыны және онын туындылары туралы ілім;
спланхнология — ішкі ағзалар туралы ілім;
эндокринология — ішкі секреция бездері туралы ілім;
ангиология — тамырлар жүйесі (қанайналым, лимфаайналым, қантүзу мүшелері) туралы ілім;
неврология — жүйке жүйесі туралы ілім;
эстезиология — сезім мүшелері туралы ілім.
Қазіргі кездегі анатомияда адам денесі құрылысын зерттеудің түрлі әдістері бар. Зерттеу әдісін таңдап алу зерттеу мақсатына байланысты.
Ең ескі, бірақ әлі де маңызын жоғалтпаған, ғылымға ат берген (грекше anatemno – кесу,боршалау), препараттау. Бұл әдіс ірі түзілістердің сыртқы құрылысы мен топографиясын зерттеуде қолданылады. 20-30 есе үлкейткенде көрінетін объектілерді макро және микропрепараттанғаннан кейін сипаттап жазуға болады. Бұл әдістің бірнеше түрлері бар: түсіп келе жатқан тамшы астында, су қабаты астында препараттау. Оны түрлі қышқылдармен дәнекер тканьді қопсытумен, зерттелетін құрылымдамдың (нервтердің, бездердің) таңдап боялуымен, түтікті жүйелерді (қан тамырларды, өзектерді) боялған массалармен толтырумен (инъекциялаумен) толықтыруға болады.
Инъекция әдісі, егер инъекциялық масса рентген сәулелерін тұтатын болса, рентгенографиямен, егер арнайы өңдеуден кейін объект мөлдірленіп, ал инъекцияланған тамырлар мен өзектер контрастанып, лайланатын болса, жарықтандыру мен ұштастыра қолданылады. Кейіннен тканьдерді қышқылдарда еріте отырып тамыр, өзек, қуыстарды инъекциялау (коррозиялық әдіс) кеңінен қолданылады. Бұның нәтижесінде мүшенің (тамыр, нерв және т.б.) басқа анатомиялық түзілістерге қатысты орналасуын тоңазтып қатырылған дененің арамен кесілген жерін зерттейді. Осы аралап кесу әдісіе бірінші рет қолданған Н.И.Пирогов. Егер қалыңдығы микрометрлермен өлшенетіндей кесінді даярлап, оны гистологиялық бояулармен өңдесек, онда мұндай кесінділерден алынған деректерді тканьдік арақатынастар туралы мағлұматтармен толықтыруға болады. Бұл әдіс гистотопография деп аталады.
Гистологиялық кесінділер мен гистотопрограммалар бойынша зерттелетін түзілістің суретін немесе көлемін алуға болады. Бұл амал графикалық немесе пластикалық реконструкция болып табылады. Бәрқатар анатомиялық міндеттерді шешу үшін гистологиялық және гистохимиялық әдістер қолданылады. Жұқалығы соншалық, жарықтық микроскоптан көрінбейтін құрылымдарды көруге мүмкіндік беретін электрондық микроскопия анатомияға кеңінен енгізілуде. Аз және көп үлкейткенде де зерттеу объектісінің көлемдік кескінін беретіндей сканирлеуші электрондық микроскопия әдісінің болашағы зор.
Бұл аталған әдістердің барлығы өлген адамның денесін тексергенде қолданылады. П. Ф. Лесшафт айтуынша «анатомияны зерттегенде негізгі объект әр уақытта тірі организм болуы тиіс, ал өлі препарат тірі организмді тексергендегі деректерге қосымша болуы керек».
Әдебиет: [1,2,4,5]
2. Тақырып Тірек-қимыл аппараты.
1 Сүйектің құрылысы, өсуі және дамуы. Сүйектің химиялық құрамы. Сүйектің жіктемесі. Қаңқаның қызметтері.
2. Дене қаңқасының құрылымдары. Омыртқа жотасы, бөлімдері, иілімдері. Әр бөлімдегі омыртқалардың ерешеліктері.
3. Бас қаңқасының бөлімдері, құраушы сүйектер. Бас сүйектердің байланысуы. Бас қаңқасының жыныстық ерекшеліктері.
Тірек-қимыл жүйесінің маңызы: тірек-қимыл жүйесіне (аппаратына) қаңқа мен бұлшықеттер жатады. Бір-бірімен дәнекер ұлпалар (шеміршек пен сүйек) арқылы байланысқан сүйектер қаңқа түзеді. Қаңқа (скелет) ағзаның тірегі, ал оның бұлшықеттері қимыл-қозғалысты қамтамасыз етеді. Тірек-қимыл жүйесі адамның тік жүру қалпын (пішінін) сақтайды (омыртқа жотасы мен жамбас белдеулері). Қаңқа мидан бастап, барлық ішкі мүшелерге қорғаныш қызметін атқарады. Мысалы, ми бір-бірімен берік байланысқан ми сауытын құрайтын сүйектердің ішінде жатады. Жүрек пен өкпені кеуде қуысы сүйектері қорғаса, құрсақ қуысындағы мүшелерді – жамбас белдеулері сүйектері қорғайды. Қаңқаға бұлшықеттер бекінеді. Ағзаның қоршаған орта жағдайларына бейімделуінің бір белгісі – қимыл (қозғалу). Денені қозғалысқа келтіретін сүйектер мен бұлшықеттер. Кез келген қозғалыста (жүгіру, секіру) ағзаның барлық мүшелері сүйекті таяныш (тірек) етеді. Сүйек кемігінде қан жасушалары түзіледі. Сүйектің құрамында минералды тұздар мен микроэлементтер болатындықтан минералды алмасуға қатысады.
Сүйектер тығыз және борпылдақ дәнекер ұлпаларынан түзіледі. Сүйектің сырты – тығыз ұлпа, ішкі бөлімі – борпылдақ ұлпадан құралады. Сүйектің сыртында сүйек затымен тұтасып кеткен сүйек қабы болады. Сүйек қабының астыңғы бетінің жасушалары бөлініп сүйек затын түзеді. Сондықтан сүйек қабы арқылы сүйектер жуандап өседі. Сүйек сынғанда біртіндеп бітіп, қайта қалпына келуі де сүйек қабына тікелей байланысты. Сүйек қабында қантамырлары мен жүйкелер болатындықтан сүйекке ұдайы қоректік заттар жеткізіледі. Сүйектің екі шетіндегі шеміршекті қабаттағы жасушалардың бөлінуінен сүйек ұзарып өседі. Қаңқаның толық сүйектенуі 20–25 жасқа дейін жалғасады. Адам 25 жасқа дейін өседі. Ересек адамның сүйегінің үштен екі бөлігін бейорганикалық, ал қалғанын органикалық заттар құрайды. Органикалық заттар иілгіштік, серпінділік, ал бейорганикалық заттар мықтылық қасиет береді.
Сүйектің құрамы. Сүйектің құрамында 50% су, 12,5% нәруыз тектес органикалық зат оссеин (жұмсақ, серпінді органикалық зат) 21,8% минералды заттар (кальций фосфаты), 15,7% май болады. Оссеин заты сүйекке серпінді, иілгіштік қасиет береді. Жас балалардың сүйегінде органикалық заттардың мөлшері көбірек. Сүйектері иілгіш болатындықтан спортқа, циркке, балетке жастайынан қабылдайды. Адамның жасы ұлғайған сайын сүйегінде органикалық заттар азайып, минералды заттар көбейеді. Құрамында минералды заты көп сүйектер иілгіштік қасиетінен айырылып морт сынғыш келеді.
Сүйектердің байланысы. Сүйектердің сыртында бұлшықеттер, сіңірлер бекінетін әр түрлі сайшалар (борозда), төмпешіктер, қантамырлары мен жүйкелер өтетін тесіктер болады. Қанқаны құрайтын сүйектер әр түрлі байланыстар түзеді. Атқаратын қызметіне қарай байланыстар: қозғалмайтын, жартылай қозғалмалы және қозғалмалы деп бөлінеді.
Қозғалмайтын байланысқа ми сауыты сүйектері мен сегізкөз жатады. Бұлар бір-бірімен тұтасып қозғалмайтындай болып байланысқан.
Жартылай қозғалмалы – шеміршектер арқылы омыртқалар бір-бірімен байланысқан.
Қозғалмалы немесе буындық байланыстарға аяқ-қол сүйектерінің байланысы жатады.
Буындар. Адам денесінде 230-дан астам буындар бар. Буын деп сүйектердің қозғалмалы байланысатын жерін айтады. Әрбір буынның сырты тығыз дәнекер ұлпадан түзілген қабықпен қапталған. Оны буын қапшығы дейді. Буын қапшығында қабырғаларынан бөлінетін буын сұйықтығы болады. Сұйықтық үйкелісті кемітіп, сүйектердің буын ойығында еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Сонымен буында буын беті, буын қуысы, буын сұйықтығы және буын қапшығы болады.
Сүйектің бір-бірімен байланысатын шеті жылтыр, тегіс шеміршекпен қапталған. Қозғалу кезінде шеміршек үйкелісті азайтып, оқыс соққыны (толчок) әлсіретеді.
Адам қаңқасының бөлімдері. Адам қаңқасы бір-бірімен өзара буын қалталары арқылы байланысқан жеке сүйектерден тұрады. Қаңқада 200-ден астам сүйектер бар. Ағзада болатын барлық сүйектер пішіні, мөлшері жағынан ұзын сүйектер, қысқа сүйектер, жалпақ сүйектер деп бөлінеді.
Ұзын сүйектерге қол-аяқты құрайтын жіліктер жатады. Ұзын сүйектердің жілік майы толтырып тұратын ортаңғы бөлігі қуыс болғандықтан түтікті сүйектер деп те атайды.
Қысқа сүйектерге – омыртқа, алақан, табан, саусақ сүйектері жатады.
Жалпақ сүйектердің ұзындығы мен ені әр түрлі. Жауырын, бас сүйектері, қабырға, төс, жамбас сүйектері – жалпақ сүйектер.
Қаңқа – тұлға, бас сүйегі, иық белдеулері мен қол сүйектері және жамбас белдеулері мен аяқ сүйектері деп бөлінеді.
Тұлға қаңқасы – омыртқа жотасы мен қабырғалар және төс сүйегінен тұрады.
Омыртқа жотасы тұлғаның негізгі тірегі. Адамда омыртқалардың саны 33–34, олар: 7 мойын омыртқа; 12 арқа омыртқа; 5 бел омыртқа; 5 сегізкөз омыртқа; 4–5 құйымшақ омыртқалар.
Омыртқаның құрылысы – әр омыртқаның денесі мен доғасы болады. Омыртқа доғасында көптеген қанаттары (бір арқа, екі бүйір, екі үстіңгі және екі астыңғы буындық) бар. Омыртқа доғасы иіліп, денемен тұтасқан. Омыртқалардың дәл ортасындағы кең қуыста жұлын орналасады. Мойын омыртқалардың (7) пішіні жағынан басқа омыртқалардан біршама айырмашылықтары бар: омыртқа денесі кішілеу, бірінші мойын омыртқасының (ауыз омыртқа) денесі болмайды, ортасындағы қуысы үшбұрышты. Мойын омыртқаларының біріншісі бас сүйегімен байланысып, басты бұруға қатысады. Денеге күш түсуіне байланысты 3-мойын омыртқадан бастап 7-омыртқаға дейін пішіндері сәл өзгереді. Омыртқа денесі ұлғайып, арқа өсіндісінің ұшы (7-омыртқадан басқасы) екіге ажырап ашаланады.
Арқа омыртқалары (12) мойын омыртқаларынан ірілеу, арқа өсіндісі көлбеу орналасқан. Бүйір өсінділерінде және омыртқа денесінде қабырғалар бекінетін шеміршекті буын ойықтары болады. Арқа омыртқалар қабырғалармен байланысады.Бел омыртқалары (5) басқа бөлімнің омыртқаларымен салыстырғанда денесі жалпақ әрі үлкен. Арқа қанаттары да жуан, бұл бел бөлімінің көбірек қозғалуына әсер етеді. Бел омыртқаларына дене салмағының күші көбірек түседі.
Сегізкөз омыртқалары (5) бір-бірімен қозғалмастай тұтасып кеткен. Пішіні үшбұрышты, ішке қараған беті сәл иіліңкіреп ойықтау болып келеді. Ойыс жағынан сегізкөз омыртқаларының тұтасып кеткен іздері 4 көлденең бұдыр сызық болып анық көрініп тұрады. Сегізкөз омыртқаларында 4 жұп тесіктерінен жұлын жүйкелерінің тарамдалған ұштары шығады.
Құйымшақ омыртқалар (4–5) қалдық ретінде тұтасып кеткен. Тек бірінші омыртқада омыртқаның кейбір белгілері ғана сақталған. Қалғандары біртіндеп кішірейген.
Барлық омыртқалар бір-бірімен шеміршектер, бұлшықеттер, сіңірлер арқылы байланысып, омыртқа жотасын құрайды. Омыртқа жотасы – тұлғаны алға, артқа, бүйіріне қарай иіп-қозғалту арқылы түрлі қимылға келтіреді.
Омыртқа жотасы төрт жерінен алға және артқа қарай иіледі. Мойын мен бел омыртқалардың тұсында екі иілім алға қарай иілген. Арқа мен сегізкөз омыртқаларының тұсында екі иілім артқа қарай иілген. Жаңа туған нәрестенің омыртқа жотасы түзу, иілімдері болмайды. Нәрестенің мойны қатқанда мойын, отыра бастағанда арқа иілімі білінеді. Қаз тұрып жүре бастағанда бел мен сегізкөз омыртқаларының тұсындағы иілімдер байқалады. Иілімдер 18–20 жаста толық қалыптасады. Омыртқа жотасының иілімдері кеуде, жамбас қуыстарының мөлшерін кеңейтеді. Бұл иілімдер дененің тепе-теңдігін жеңілдетіп, жүгіріп, секіргенде серпімділікті күшейтеді. Бұл омыртқалардың бір-бірімен жалғасқан жеріндегі шеміршектердің созылғыштық қасиетіне де байланысты. Омыртқа жотасының алға және артқа қарай иілімдері адамның тік жүруіне байланысты қалыптасқан. Бұл қалыпты құбылыс. Ал омыртқа жотасының бір бүйіріне қарай иілуі (қисаюы) – сколиоз ауруына әкеп соқтырады.
Омыртқа жотасының бір бүйіріне қарай қисаюының негізгі себептері:
а) орындықта түзу отырмау;
ә) жазу столы мен орындықтың биіктігінің сәйкессіздігі;
б) көбіне бір қолымен ауыр жүк көтеру;
в) сүйектер мен бұлшықеттердің нашар дамуы және т. б.
Сондықтан да жүргенде, тұрғанда, отырғанда омыртқа жотасын түзу ұстауға тырысу керек. Ауыр жүк көтермеу, жүйелі түрде спортпен шұғылдану керек.
Кеуде қуысының қанқасын 12 арқа омыртқа, 12 жұп қабырғалар, алдыңғы жағын жалғыз төссүйек құрайды. Қабырғаның алдыңғы шеті шеміршекті болады. Жоғарғы 7 жұп қабырғалар шеміршек арқылы төссүйекпен байланысқан. Келесі шеміршек шеттері қабырғалардың жұптарымен өзара қосылып доға түзеді. Қабырғалар омыртқалармен буын арқылы қозғалмалы, төссүйекпен шеміршек арқылы жартылай қозғалмалы байланысады. Қабырғалардың 11, 12-жұптарында шеміршек болмағандықтан алдыңғы шеттері бұлшықеттердің арасында бос жатады. Қабырғалар тыныс алу мен тыныс шығарғанда кеуде қуысы көлемінің ұлғайып, кішіреюіне әсер етеді. Кеуде қуысында орналасқан мүшелер: жүрек, өкпе, ірі қантамырлар, кеңірдек, бронхылар, өңеш және жүйкелер. Кеуде қуысының пішіні жынысына, жас ерекшеліктеріне, дене бітіміне, дамуына байланысты. Кеуде қуысының жоғарғы және төменгі тесігі болады. Жоғарғы тесігі артқы жағынан бірінші арқа омыртқасының денесімен шектеледі. Бүйірі бірінші жұп қабырғалармен, алдыңғы жағы төссүйектің жалпақ бетімен бітеді. Жоғарғы тесік арқылы өңеш, кеңірдек ірі қантамырлар мен жүйкелер өтеді. Жануарлармен салыстырғанда денесін тік ұстап, тік жүруіне байланысты адамның кеуде қуысы екі жағына керіліп, кеңейген.
Бассүйек қаңқасы – ми сауыты мен бет бөлімдерінен құралған. Ми сауыты бөлімі бір-бірімен берік (қозғалмай) байланысқан маңдай, төбе (2), самай (2), шүйде және т. б. сүйектерден құралған. Жаңа туған нәрестенің маңдай бөлімінде бүлкілдеп тұратын жұмсақ жері – еңбегі (родничок) болатынын байқаған шығарсыңдар. Пішіні ромбы тәрізді, тынысалу қозғалысының әсерінен бүлкілдейді. Ми сауыты бөліміндегі сүйектер бірден қатаймай бірнеше даму сатысынан өтеді. Алдымен жұқа жарғақты, содан соң шеміршекті, ең соңында сүйекке айналады. Нәрестенің маңдай тұсы жарғақты, мұндай жерлер самайдың тұсында да болады. Бала 2 жасқа келгенде сүйектері қатая бастайды. Ми сауытының шүйде сүйегінде жұлын мен миды жалғастырып тұратын үлкен шүйде тесігі болады. Адамның бассүйегінің ми сауыты бөлімі жануарлармен салыстырғанда үлкен. Бет бөліміне – үстіңгі және астыңғы жақ сүйектері, бет, мұрын, таңдай және т. б. сүйектері жатады. Астыңғы жақ сүйегі самай сүйегімен шықшыт буыны арқылы байланысқан.
Кейбір бассүйек бөлімдерінде (маңдай, үстіңгі жақ және т. б.) ауа болатын қуыстар бар. Ол сүйектердің жеңіл болуын қамтамасыз етеді.
Қол қаңқасы – иық белдеуі мен қол сүйектерінен тұрады. Иық белдеуіне екі бұғана мен екі жауырын сүйектері жатады. Жауырынның пішіні үшбұрышты үш қырлы, жұқа әрі жалпақ сүйек. Бұғананың бір шеті төссүйекпен, екінші шеті жауырынмен байланысады. Қол сүйектеріне жататындар: тоқпан жілік, кәрі жілік пен шынтақ сүйегі (білек), қолбасы сүйектері. Кәрі жілік шынтақ сүйегімен байланысады. Тоқпан жіліктің ішкі қуысын жілік майы толтырып тұрады.
Қолбасы сүйектеріне – білезік, алақан, саусақ сүйектері жатады. Білезікте (запястья) 2 қатар орналасқан 8 сүйек, алақанда 5 сүйек, саусақтарда 14 сүйек болады. Саусақ сүйектерінің басбармақтан басқасының әрқайсысында 3 қысқа сүйек (фаланги), ал басбармақта екеу болады (42-сурет).
Аяқ қаңқасына – жамбас белдеуі мен аяқ сүйектері жатады.
Жамбас пен сегізкөз тұтасып жамбас қуысын құрайды. Жамбастың өзі бір-бірімен тұтасып кеткен 3 сүйектен (мықын, шат, шоңданай) тұрады.
Әдебиеттер: [1-9]
Мультимедиялық құралдар тізімі:
-
Тірек-қимыл жүйесі.
-
Адам қаңқасы.
-
Сүйектердің құрылысы мен құрамы.
3 Тақырып Ас қорыту жүйесі.
1. Ауыз қуысы. Сілекей бездері. Тістердің құрылысы және мамандалуы. Тіл.
2. Жұтқыншақ. Өңеш.
3. Қарын құрылысы.
4. Ащ ішеі. Тоқ ішек.
5. Қарын асты безі. Бауыр.
Асқорыту мүшелері мен асқорыту бездері қосылып асқорыту жүйесін құрайды. Асқорыту жүйесінде тағам әр түрлі механикалық және химиялық өзгерістерге ұшырайды. Тағам құрамындағы нәруыздар, майлар, көмірсулар суда ерімейді. Сондықтан олар қан мен лимфаға өте алмайды. Асқорыту мүшелерінде тағамның шайналып ұсақталуы механикалық өңдеу делінеді. Асқорыту бездерінен бөлінген сөлдің әсерінен ыдырауы химиялық өзгерістерге жатады.
Асқорыту мүшелеріне – ауыз қуысы, жұтқыншақ, өңеш, асқазан (қарын), аш ішек және тоқ ішек жатады. Асқорыту мүшелерінің іші қуыс, түтікке ұқсас.
Асқорыту мүшелерінің қабырғасы негізінен үш қабаттан тұрады: сыртқы қабаты – дәнекер ұлпадан тұратын сірқабат. Ортаңғысы – бұлшықет қабаты, ішкі қабаты – эпителий ұлпасынан тұрады.
Ауыз қуысы. Ауыз қуысын кіреберіс (ұрт) және нағыз ауыз қуысы деп екі бөлімге бөледі. Ұрттың сыртын бұлшықеттер мен еріндер жауып тұрады. Оның ішкі жағында үстіңгі, астыңғы жақ сүйектері, қызылиек және тістер орналасқан. Нағыз ауыз қуысы алдыңғы жағынан жақ сүйектерімен, тістермен, ал артқы жағынан аңқамен (зев) көмкерілген.
Ауыз қуысының үстіңгі жағындағы қатты таңдай мен жұмсақ таңдай, оны мұрын қуысынан бөліп тұрады. Жұмсақ таңдайдың артқы бөлімі жіңішкеріп әрі ұзарып бөбешікпен (тілшік) аяқталады. Ауыз қуысына сілекей бездерінің өзектері ашылады. Тағам алдымен ауыз қуысында шайналып ұсақталады әрі сілекеймен араласып жұтылады. Тамақты жұту күрделі физиологиялық процесс (75-сурет).
Ауыз қуысында тіл орналасқан. Ол көлденең жолақты бұлшықет ұлпасынан тұрады. Тілдегі бұлшықет талшықтарының кейбір тобы – ұзына бойы, екінші тобы – көлденең, үшіншісі – тік бағытта жатады. Осыған байланысты тіл өте қозғалмалы мүше. Тілдің түбі, денесі және ұшы болады. Тіл кілегейлі (шырышты) қабықшамен қапталған. Тілдің кілегейлі қабықшасының үстіңгі бетінде түрлі пішінді көптеген дәм сезу емізікшелері бар. Тілдің ұшы – тәттіні, екі бүйірі – қышқыл мен тұзды, ал түбі – ащыны сезеді. Сондықтан тіл дәм сезу мүшесіне де жатады. Сонымен бірге тіл сөйлеуге және тамақты жұтуға да қатысады. Ауыз қуысы тікелей аңқа (зев) арқылы жұтқыншақпен байланысады.
Жұтқыншақ – түтік пішінді қуыс, бұлшықетті мүше, көлденең жолақты бұлшықет ұлпасынан тұрады. Жұтқыншақ мойын омыртқалардың алдыңғы жағында орналасқан. Ересек адамда оның ұзындығы, шамамен 11–13 см. Жұтқыншақтың төменгі бөлігі әрі өңешпен, әрі көмекеймен байланысады. Жұтылған тамақ жұтқыншақ арқылы өңешке түседі (75-сурет). Тыныс алғанда ауа жұтқыншақ арқылы көмекейге өтеді. Жұтқыншақ арқылы тамақ та, ауа да өтеді. Сондықтан ол әрі асқорыту, әрі тыныс алу мүшелер жүйесіне жатады.
Жұтқыншақ екі бүйіріндегі тесіктер арқылы ортаңғы құлақ қуысымен байланысқан. Жұтқыншақтың ауыз қуысына жалғасқан жерінде бозғылт-қызыл түсті бадамшалар (миндалина) орналасқан. Олар ірі лимфа түйіндерінен түзіліп, қорғаныштық қызмет атқарады. Бадамшалардың іші лейкоциттерге толы болады. Олар тағам немесе ауамен түскен микробтарды жояды. Егер бадамша қабынса, қызметі дереу бұзылады. Бадамшалар лимфа жүйесіне жатады.
Өңеш – ұзындығы 25 сантиметрдей іші қуыс бұлшықетті мүше. Оның жоғарғы бөлімі жұтқыншақпен, төменгі бөлімі асқазанмен жалғасады. Өңешті астарлап жатқан кілегейлі қабықшасы көп қабатты эпителиймен қапталған. Эпителийлердің ұзын қатпарлары тамақ өткен кезде өңешті кеңейтеді. Өңештің ортаңғы бұлшықетті қабықшасының көп бөлігі бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасынан тұрады. Осы бұлшықеттердің толқын тәрізді оқтын-оқтын жиырылуы нәтижесінде тағам асқазанға түседі. Өңеш көкеттің ортасындағы тесіктен өтіп, құрсақ қуысындағы асқазанмен (қарынмен) жалғасады.
Асқазан (қарын) – құрсақ қуысының жоғары бөлімінің сол жағында көкеттің астында орналасқан асқорыту жолының кеңейген мүшесі (76-сурет). Асқазан іші қуыс қалың бұлшықетті мүше. Асқазан жоғарғы жағынан өңешпен төменгі жағынан аш ішектің басталар жері ұлтабармен жалғасады. Асқазанның ішкі жағын астарлап жатқан қатпарлы кілегейлі (шырышты) қабықшасы оның көлемін үлкейтеді. Асқазанның қабырғасындағы бірыңғай салалы бұлшықет талшықтары үш түрлі бағытта орналасқан. Ішкі қабаты – қиғаш, ортаңғысы – сақина тәрізді, ал сыртқысы – ұзыннан орналасқан. Асқазанның қатпарлы кілегейлі (шырышты) қабықшасында өте көп ұсақ бездер бар. Бұл бездерден қарын сөлі бөлінеді. Асқазанның өңешпен және ұлтабармен (он екі елі ішек) байланысқан жерінде сақина тәрізді бұлшықеттер болады.
Аш ішек – асқазан мен тоқ ішекті жалғастыратын түтік пішінді бұлшықетті мүше. Оның ұзындығы ересек адамдарда 5,5–6 метрдей. Аш ішектің асқазаннан басталған 25–30 сантиметрдей бөлімі – ұлтабар (он екі елі ішек) деп аталады. Ұлтабарға бауырдан келетін өт қабының өзегі және ұйқы безінің де өзегі ашылады (77-сурет).
Аш ішек ирелеңдеп орналасқан. Оның ішкі қабырғасында көптеген сақина пішінді қатпарлар бар. Сонымен бірге аш ішектің кілегейлі қабықшасында тұйық өскін түріндегі бүрлер өте көп. Мұндай бүрлер тек аш ішекке ғана тән. Бұл бүрлер ішектің ішкі сіңіру бетін ұлғайтады. Аш ішектің бұлшықет қабықшасындағы ішкі бұлшықет талшықтары сақина тәрізді, сыртқысы ұзына бойы орналасқан. Аш ішек қабырғасындағы бұлшықет талшықтары, оқтын-оқтын толқын тәрізді жиырылып-босаңсып тұрады. Осының нәтижесінде жеген тамақ ішектің ішімен алға қарай жылжып отырады.
Тоқ ішектің ұзындығы 1,5–2 метрдей (78-сурет), аш ішектен екі еседей жуан. Тоқ ішектің аш ішектен басталған жері – соқыр ішек деп аталады. Ол оң жақтағы мықын тұсында орналасқан. Соқыр ішектің төменгі шетінде ұзындығы 7–8 см-дей құрт пішінді тұйық өскін болады. Оны аппендикс (латынша «appendіx» – қосалқы) деп атайды. Ол лимфа жүйесіне жататын мүше.
Оның қабынуынан болатын ауру – соқырішек (аппендицит) деп аталады. Тоқ ішектің соңғы бөлімі – тік ішек. Тоқ ішектің сыртында май қабаты қалың болады, оның кілегейлі қабықшасында жарты ай пішінді ірі әрі жалпақ қатпарлар көптеп кездеседі. Тоқ ішекте су қайтадан денеге сіңіріледі де, нәжіс қалыптасады. Тоқ ішекте өте көп бактериялар (әсіресе ішек таяқшалары) болады, олар ағзаға пайдалы. Бұл бактериялар өсімдік жасунықтарын (клетчатка) ыдыратады, кейбір витаминдерді синтездейді. Зиянды микробтардан қорғап, тамақтың дұрыс қорытылуын қамтамасыз етеді. Дәріні қалай болса солай пайдалану ішектегі пайдалы бактерияларға зиянды әсер етуі мүмкін. Сондықтан да дәрі-дәрмектерді (антибиотиктерді) тек дәрігердің кеңесі бойынша пайдалану керек.
Достарыңызбен бөлісу: |