Периодонттың дәріден (химиялық заттардан) жедел қабынуын емдеу.
Периодонт қабынуының бұл түрінде көпшілік жағдайда тісі сырқат адамдар дәрігерге уыттану сатысында келеді және қабыну үрдісі мышьяк қышқылының және күшті антисептиктер әсерінен (фенол, формалин) дамуы мүмкін.
Сондықтан, бірінші қабылдауда тісжегі қуысын егеп-тазалап, сауыт қуысын ашып, өліеттенген сауыт және түбір ұлпасын алып тастайды. Ал күшті антисептиктер әсерінен периодонтта тітіркенуі үрдісі байқалса, ертеректе қалдырылған білікті немесе анжыны алып тастайды. Түбір өзегін мұқият антисептиктер ертіндісімен (натрий гипохлоридінің 5%, сутегінің асқын тотығының 3%, фурациллиннің 1:5000 қатынастағы ертінділері) және ферменттермен (трипсин, химотрипсин) жуып, кептіреді. Мышьяк қышқылы уытты әсер еткен жағдайда түбір өзегінде 1-2 күнге антидоттар болып саналатын дәрілермен (унитиолдың 5% ертіндісі, иодинолдың 1% ертіндісі, Люголь ертіндісі) мақта білік қалдырып, уақытша пломбы қояды. Ал көп түбірлі тістерде калий иодидінің 10% ертіндісімен электрофорездеу әдісін жүргізеді. Басқа жағдайларда түбір өзегінде қалампыр майымен, эвгенолмен, ауырусыздандырушы дәрілермен ылғалданнған білік қалдырады.
Егер осы жүргізілген емдеу шараларынан кейін де ауыру сезімі күшейе бастаса, уақытша пломбыны алып тастау керектігі жөнінде кеңес беріледі.
Көпшілік жағдайда екінші қабылдауда ауыру сезімі болмайтындықтан, түбір өзегін ұсақ аспаптармен және антисептиктермен өңдегеннен кейін қатаятын пломбылық материалмен түбірұшы тесігі деңгейіне дейін пломбылайды.
Ал егерде бірінші қабылдауда жүргізілген емдеу шаралары периодонттағы уыттану үрдісін тежей алмаса, екінші қабылдауда физиотерапиялық әдістерді қолданады.
Бұл кезде натрий хлоридінің изотониялық ертіндісімен гальванизациялау, иодтың 5% спиртті тұнбасымен (үлкен азу тістерде), калий йодидінің қаныққан ертіндісімен (алдыңғы топтағы тістер мен кіші азу тістерде) электрофорездеу әдістерін жүргізген тиімді. Осыдан кейін тіс қуысында зарарсызданған мақта анжы қалдырып, уақытша пломбы қояды. Егер тіс ауырмаған болса, 1-2 сөткеден кейін үшінші қабылдауда түбір өзегін пломбылайды және тұрақты пломбы қояды.
Достарыңызбен бөлісу: |