Периодонттың жарақаттан жедел қабынуын емдеу.
Емдеу шараларының негізгі мақсаты – периодонтты жарақаттаушы себептерді жою (қойылған пломбы биік болса, артығын алып тегістеу) және симптоматикалық ем жүргізу (ауырусыздандырушы дәрілерді және физиотеропиялық шараларды қолдану). Егер тіс жарақаттаушы ықпал әсерінен орнынан тайған болса, тістің электрқозғыштығын анықтайды (қантамыр-нерв шоғырының жағдайын білу үшін) және рентгендік тексеруден өткізеді (тіс түбірінің сынған-сынбағанын анықтау үшін). Бұл кезде тайған тісті қайта орнына орнықтырып, көрші тістерге шендеуішпен бекітеді және аса көп шайнау күшін түсірмеу туралы кеңес беріледі. Жарақаттан кейін 3-4 апта өткен соң тістің электрқозғыштығын қайта анықтайды. Егер электрқозғыштық көрсеткішінің қалпына келу нышаны байқалмаса, тіс сауытын тесу арқылы өліеттене немесе ыдырай бастаған ұлпаны алып тастап, түбір өзегін пломбылайды. Себебі, өзекте өліеттенген ұлпа ыдырауынан бөлінген белсенді заттар жүре келе периодонтта созылмалы қабыну үрдісін туындатады. Периодонттың жарақаттан жедел қабынуы ұлпа қабынуын емдеген жағдайда түбір өзегін пломбылау кезінде пломбылық материалдың түбірұшы сыртына шығып кетуі нәтижесінде дамуы мүмкін. Бұл кезде емдеу шаралары ауызды жылы ертінділермен (ас содасының, ас тұзының 1-2% ертінділері, шөптер тұнбалары) бұлаумен (күніне 3-4 рет) ауырусыздандырушы дәрілер тағайындаумен және физиотерапиялық шаралармен шектеледі. Кейде сырқат тіс тұсындағы ауыспалы қатпарға анестетиктер ертіндісімен линкомицин ертіндісін бірге күніне бір рет енгізуге болады (1мл. және линкомициннің 30% ертіндісінің 1 мл.). Барлығы 2-3 инъекция. Егер ауыру сезімі басылмаса, қойылған пломбыны алып, түбір өзегінен пломбылық материалды алуға тура келеді және симптоматикалық ем тағайындалады.
Периодонттың жедел қабынуының барысы – клиникалық сауығу. Бірақ қабынуға ұшыраған периодонт тіні қабыну тоқтағаннан кейін бастапқы қалпына келмей, ірі талшықты тыртыққа ұқсас тінге айналады және өзіне тиісті қызметін атқара береді. Кей жағдайларда периодонттың жедел қабынуы созылмалы қабынуына ауысады немесе өте ауыр патологиялық үрдістерге жататын альвеола сүйегі қабығы мен сүйек майының қабынуымен асқынуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |