Пікір жазғандар: М.Өтемісов атындағы БҚму доценті, философия докторы (PhD) И. С. Сұлтаниязова



бет41/49
Дата03.01.2022
өлшемі0.92 Mb.
#451191
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   49
УМК Шарипова

Өзін-өзі бағалау сұрақтары:

1.Біржанның өзіне дейінгі ақындардан өзгешелігі неде?

2.Біржанның асқақ өнер иесі болуының себебі неде деп ойлайсыңдар?

3.Біржан өлеңдеріндегі қоғамдық-әлеуметтік мәселелер нені аңғартады?

4.Біржан әнші-ақын, айтыс ақыны екенін қалай дәлелдейсің?

5.Біржан өмірінің мәні неде?

6.Біржан туралы қандай әдеби, өнер туындысын білесіңдер?
Дәріс 2.15. Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы шығармашылығы, Балуан Шолақ

Баймырзаұлы шығармашылығы, Жаяу Мұса Байжанұлы

шығармашылығы.

Дәріс жоспары:


  1. Әсем әуендер ән-өлеңдер –Ыбырай мұрасының негізі

  2. Балуан Шолақ Баймырзаұлы- ұлттық мәдениетке зор үлес қосқан көрнекті тұлға.

  3. Жаяу Мұса- қазақ мәдениетінің тарихына зор үлес қосқан ақын әрі сазгер.

15.1.Заты даңқты, тумысынан текті, кесек жаратылған Арқаның арысы Ыбырай Сандыбайұлының өлең-жырларының нәзік  кестесі, өрнек-нақышы, сыр- сымбаты да сан қилы, нешеме алуан поэзиялық, музыкалық құбылыстарға бай. Саз-келісім жағынан алғанда, біресе жігерлі, серпінді, отты, ойнақы, бұрқыраған, қуатқа толы яки жұмсақтығы жібектей әсем әуенді, қоңыр үнді, терең сезімге құрылған, я болмаса салтанатты шадыман... Сондай әндерінің қатарына «Қарақат көз», «Гәкку», «Мақпал», «Алтыбасар», «Жиырма бес», «Желдірме», «Сүйгенім», «Арарай», «Қалдырғандарды» жатқызуға болады. Халыққа кең жайылған, біздің тұсымызда көп айтылатын әннің бірі – «Қарақат көз». Ән аса көңілді, жастық дәуірдің суретін береді. Сөзінде сұлу қызыдың сымбатын неше саққа жүгіртіп, мақтайды. Әні сол сөзіне лайықты көркемдік мазмұны тура келіп жатыр десе де болады.

Қарақат көзді ақ білек,    

Айтайын бір сөз үлгілеп,                

Ішіме салдың қайғы-дерт,                  

Жүректің басын тілгілеп.        

Бұрандамай ей, қалқа,              

Айтсаңшы бір сөз үлгілеп.

Қарақат көзді ақ саусақ,                                                                             

Лебізің сенің балқаймақ.                                                                                  

Жолыңа сенің сарп етпей,                                                                                  

Неге керек малды айдап.                                                                                  

Шамасын білмес надандар,                                                                              

Атын бір қалсың борбайлап.        

Келесі бір әнге тоқталар болсақ, айтушылар «Арарай» әнін Ыбырай шығарған деседі. Ал сөзіне қарағанда бірқатар анахронизмдер бар. Өйткені Ыбырай «Арғы затым сұрасаң, Тобықты да Құнанбай» деп айтуы мүмкін емес. Бұл сөзді кейінгі орындаушылардың біреулері қосып жіберуі мүмкін. Ән, сөзсіз Ыбырайдың қолынан шыққан секілді. Себебі жоғарыдағы «Қарақат көздің» ырғағына, ойнақылығына, көңілділігіне, өткірлігіне жақын. Ыбырайдың әндері біздің заманымызда үлкен беделге ие болды. Оның «Гәккуі» «Қыз Жібек» операсында Жібектің негізгі ариясына айналды. Тіпті Жібектің образын былай қойғанда халық «Гәккуді» естісе, сол Жібектің образын бірінші рет сахнада жасаған біздің заманның ұлы актрисасы, әншісі Күләшті көз алдына келтіреді. Ал Күләштің аты аталған жерде «Гәкку» ауызға алынбай қоймайды. Тек, бір айта кететін нәрсе – «Қыз Жібекке» енген «Гәкку» қазақтың жалынды ақыны, әншісі Иса Байзақовтан жазылған. Халық арасында айтылып жүрген «Гәккудің» нұсқасынан біраз өзгешілігі бар. Бірақ бәрінің де түбірі бір екені байқалады. Исаның вариантында «Гәкку» бұрынғысынан жетіліп, толысып, байып, формалық жағы шыңдалып, үлкен творчестволық лабораториядан өткен сияқты. Сондай-ақ Ыбырайдың «Арарайы» «Ер Тарғын » операсында Ақжүністің әні болып енді. Мұның бәрі де дарынды композитор, асқан әнші Ыбырайдың творчествосында заманның алдын ораған прогрессивтік тілі, демократиялық негізі болғандығын дәлелдейді. Ыбырайдың ән мирасы әлі тегіс жинақталған жоқ. Сол сияқты өмірбаянында да картадағы ақтай қалған жерлері бар.     Қазақ әндері жөнінде XIX ғасырда өмір сүрген атақты поляк зерттеушісі А. Янушкевич қазақтың иен даласында болып жатқан кейбір өмір көріністерін хатқа түсіріп, кітап етіп шығарған екен. Қазақ аулында болған кезде Жазық есімді әнші-ақын қыздың әнін тыңдап, қатты риза болғандығы  соншалық өз көңілін былай  білдіреді: «Біз оның  талантына қатты  таңқалдық. Ол толғауларын  табан астында шығарды. Ұйқас, ырғағы қатаң сақталады. Тілді еркін мергендігі байқалады, ал  даусынан әйелге ғана  тән бір ғажайып сезімталдық сезіледі. Мен оны тебірене  тыңдадым. Ең атақты мадонналардың орындаған әнін тыңдағанда да мұндай әсер алмаған  болар едім. Қазақ тілін білмегеніме қатты ашуландым, оның үстіне  біздің тілмаштарымыз сиқырлы өлең сөздерін түсіне де, аудара да алмады».     Сол кезеңдегі әлеуметтік теңсіздікке де әнші-ақындарымыз үн қата білді. Әсіресе, әйелдер теңсіздігі, махаббат жолында құрбан болған жандар өмірі әнмен бірге астасып келіп жатты. Ыбырай әндерінің ішінде махаббат лирикасы молырақ көрініс тапқан. Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бес», «Шалқыма», «Бір қызық ит жүгіртіп, аң ауласа», «Гәкку» сияқты көптеген әндерінде ақынның өз өмірінің айшықты тұстары әсерлі баяндалады. Ғашықтық әндерінің бірі – «Гәккуде» сүйген қызы Кәкиманы аққу құсқа теңейді:                       

Шомылған айдын көлде сіз бір аққу,              

Мұндай сөз естідің бе бек ләззатлу.                

Сырнай мен домбыраның арасында,          

Балқыған қорғасындай қайран гәкку.  

«Гәкку» Ыбырайдың сүйген қызы Кәкимаға арнап шығарған әні көрінеді. Академик Ахмет Жұбанов әннің шығу жайын былай көрсетеді: «дастархан жиналғаннан кейін Ыбырай домбырасын алып қағып, құлақ күйін түсіріп, дауысын байқайын деді ме, жоқ Кәкиманы назарын аударып, бір қарасын деді ме, айқайлап жіберді. Ол кезде жалғыз Кәкима емес, отырғандардың бәрі де бір бұрылды. Тіпті далада жүргендер де тыпырлап, есікке лықып келіп, дауыс тез үзілген себепті қайта шалқайды... Ыбырай Кәкиманы аса ұнатып,  тартқанын, сұлу үнін, ұялшақ болғанымен сыпайы мінезін, сөйлесе сөзге шешендігін көріп, тіпті осы ауылда қыстап қалу керек болса да, бас тартпайтынын іштей сезіп отырды... Халық тарап, екеуі аз уақыт оңаша қалғанда сырларының тоқетерін түйіп, бір-біріне ұнайтындықтарын айтысты... Ертеңгі астан кейін, жүрер алдында, қаумалаған халықтың сұрауы бойынша қоштасу ретінде тағы бірнеше ән орындады да, аяғында: «Кәкимажан, мынау салған менің арнағаным», - деп жаңа бір әнге басты. Әннің жөнін Кәкима білмесе ешкім сезген жоқ. Оны тек Ыбырай екеуі ғана біледі.  Осылай дүниеге Ыбырай шығармашылығының шыңы «Гәкку» әні шықты. «Гәкку» деген Кәкиманың атын өзгертіп, еркелетіп айтқан өлеңі. Осыдан бұл халық арасында «Гәкку» болып жайылып кетіпті.

Баймырзаұлы Балуан Шолақ 1864 жылы қазіргі Көкшетау облысына қарасты Еңбекші ауданында дүниеге келген. Балуан Шолақ жауырыны жерге тимеген балуан, бүкіл қазақ даласына есімі кең тараған сазгер. Бала кезінде саусағын үсітіп алғандықтан, ел оны еркелетіп «Балуан Шолақ» деп атап кеткен. Ал азан шақырылып қойған аты – Нұрмағанбет. Нұрмағанбеттің шыққан тегі  Ұлы жүздің Дулат тайпасындағы Сәмбет руы. Нұрмағанбеттің аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударып, өмірлерінің соңғы күндеріне дейін сол жерде тіршілік еткен. Балуан Шолақ та атығай, қарауыл рулары қоныстанған Көкшетау өңірінде өмір сүреді. Балуан Шолақтың әкесі Баймырза ағаш шебері, шешесі Қалампыр қарулы кісі болған деседі.  «Алып - анадан» деп бекер айтылмаса керек. Балуан Шолақ та шешесіне тартып, алып денелі батыр болған. Балуан 14 жасынан бастап күресті ермек етіп, ат қуып, шауып келе жатқан тұлпардың үстінде адам сенгісіз жаттығуларды шебер орындаған. Ат үстінде тігінен не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, аяғын үзеңгіге қыстырып, жатып шабуы батырдың тұла бойындағы қара күшті айқындайды. Түрлі жиындарға қатысып, 51 пұт қара тасты көтеріп, жиналған қалың жұрттың таңдайын қақтырған балуан  35 жасында орыс балуаны Иван Коренмен бақ сынасып, оның қабырғасын сындырады.   Бұған қоса, Балуан Шолақ бала кезінен ән-күйге құмар болған. Уақыт өте келе жас балуан бұл екі өнерді  өз бойында қатар дамытқан.  Батырға өмір берген Баймырза мен Қалампыр қайтыс болғаннан кейін, Нұрмағанбет өз өмірін Ғаникей деген қызбен байланыстырып, қасына әнші-күйші, палуандарды, өнерлі жастарды жинап алып, ел аралап, салдық құрады.  Балуан Шолақ Біржан салды ұстаз көріп, Ақан серінің әндерін тамаша орындаған. Бұл кісілілердің шеберліктерін берік ұстанып, уақыт өте келе өзі де ән шығара бастаған. Батырымыз қазақтың әншілік өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосып, жарыққа теңдесі жоқ туындыларды әкелген. Әнші-сазгер Көкшетау, Қараөткел, Қарқаралы, Сарысу маңындағы барлық елді-мекендерді аралап, қазақ өлеңдерін бүкіл өлкеге таратқан.  Балуан Шолақтың ән-өлеңдері "Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ, Оң колым отқа күйіп болдым олақ", — деп жырлап, "Шолақ" атанған ақын қысқа ғұмырында ауыздан-ауызға тарап, марапат пен мадақтан кенде қалмады.     

Бұл күнде отыз бесте менің жасым,                 

Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.           

Кешегі сентябрьдің базарында,              

Көтердім елу бір пұт кірдің тасын... - дейді ол "Сентябрь" өлеңінде.

Балуан Шолақтың көптеген асыл туындылары  Ғалия сұлудың арқасында өмірге келді. Сұлуды құлай сүйген ақын:              

Үш жүзге атым шыққан алуан Шолақ,   

Денеме тегіс біткен күш пенен бақ.        

Көргенде сұлу әйел есім қалмас,         

Жігіттің бойындағы күнәм сол-ақ. - деп ағынан жарылады. Ғалия да Балуанды ұнатады. Дегенмен, екі ғашық өмір айдынында бірге жүзе алмады... Жалған жаламен абақтыға жабылғанда ақынды  сүйген жанға деген сағыныш дерті дендеп, қарс айрылған көкірегінен әдемі жырлар төгілген.                                    

Айым да — сен,Ғалия, күнім де — сен,

Оң қабағым тартады күлімдесең.

Менің көңілім Ғалия дуалансын,  

Ауған түйе секілді бейімдесең.          

Қара өткелде Ғалия сен емес пе ең,    

Бұл Арқаның шортаны мен емес пе ем.

Сүмбіл шаш, құралай көз,Ғалияжан,   

Ынтығымды құрытқан сен емес пе ең?

Музыка саласында аянбай еңбек еткен А.В Затаевич батырымыздың бірнеше өлеңдерін жинап,  «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты жинақтарына қосады.  Сарыарқаны сазды әуенімен тербетіп, алып күшімен көз сүйсіндірген сері, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақын Балуан Шолақ Баймырзаұлы 1916 жылы Өзектісайда қайтыс болды.


Қазақ халық музыкасы өнерінде Жаяу Мұсаның орны дара. Ғұмыры қиындыққа толы болғанымен, басынан өткен қиын-қыстау сәттерді ол өз өнерімен ұсташтыра білген. Мұса 1835 жылы Баянауыл өлкесіндегі Жасыбай көлінің маңында кедей шаруа Байжанның әулетінде дүниеге келеді. Анасы Нақыш ерте қайтып, Мұса үлкен әкесі Тайжанның қолында өседі. Жеті жасында хат тани бастаған ол бала кезінен зерек, алғыр әрі өнерлі болып өседі. Ауылға келген сал-серілер мен әнші-жыршылардың өнеріне қызығушылық танытып, домбыра тартып, ән салуды үйренеді. Бозбала шағында Қызылжарға келіп, орыс тілін үйреніп, қобыз, скрипка, сырнай тартуды меңгере бастайды. Кейін білімін жетілдіру мақсатымен Омбыдағы орыс мектебіне оқуға түседі. Маңдайына жазылған соқпалы да соқпақты жолдарға қарамастан, бойдағы өрелі рух пен жүректегі қайтпас жігерліктің арқасында ол талай әндерін тұщына шырқаған. «Хаулау», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары», «Тұтқын зары», «Сүйіндік», «Баянауыл», «Жуан аяқ», «Шорман балаларына», «Жаздың күні», «Жазда», «Ұлытау», «Сарын», «Тұрымтай», «Қаршыға», «Көгершін», «Күлдіргі Құлбай», «Қазан қыздары», «Сұрша қыз», «Шолпан», «Ақ шашақ», «Сәулем қыздар», «Гауһар қыз», «Ләйлім», «Қырғыз қызы», «Келдім, Сапар басыңа» т.с.с шығармалары оның ән жазу шеберлігінің кеңдігінің дәлелі. Әндерімен қатар, ол «Қыз күйі», «Қыз-бала күйі», «Қызқарқара», «Қамшылау» сияқты күйлерді шығарған. Ақан сері, Біржан сал ізін жалғастыра отырып, Жаяу Мұса серттен таймай, ғұмыр бойы алысқан жауларын білімі мен өнерімен жеңе білген. Ұлттық музыка өнерінің алыптарының бірі Жаяу Мұсаның әр шығармасы құдды бір жауһар іспетті. Халықтың сол кездегі мұң-зарын өнері арқылы бейнелей алған ол келер ұрпаққа үлкен мұра тастады.


Жаяу Мұса Байжанұлының «Ақ сисасын» білмейтін исі қазақ жоқ шығар. Бұл — қазақ музыкасының алтын сандығындағы сүбелі олжаның бірі. Жалпы, «Ақ сиса» — өз уақытындағы қоғамдық бүлік пен күрестің гимніне айналған атышулы ән. Оның шығу тарихы туралы түрлі пікірлер айтылады.Ауылының қасынан өтіп бара жатқанда, Шорманның жуандары мінген атын тартып алып, өзін соққыға жығады. Бірақ ақын жуандардың мұндай зорлығынан жасқанып, жасымайды. Шорман тұқымының зорлық-зомбылығына деген ыза-кектің әсерінен композитордың «Ақ сиса» әні дүниеге келеді деген деректер бар. Әркім әртүрлі айтады. Дегенмен бұл классикалық шығарманың теңсіздік, зорлықшылық үстем тап өкілдеріне деген ызадан өрілген әлеуметтік маңызы зор. Тек Шорман жуандарын ғана әшкерелеп қоймай, қазақ даласындағы феодалдық тұрмыс жағдайды сынайтын әуезді туынды. Алайда қазіргі күні «көк жәшіктен» күрескер ақынның ыза-кегінен туындаған әнді заман ағымымен өңдеп селтеңдетіп қойғанын да жасырмау керек. Былтыр ақын-сазгердің Павлодарда 175 жылдығы тойланған уақытта да бұл жайт кеңінен сөз болған. Ақын, Жаяу Мұсаның өмірін кеңінен зерттеп жүрген Ғалым Жайлыбайдың айтуынша, «Ақ сиса» — жеңілдікті көтермейтін шығарма. Әннің бойында қазақтың қамын жеген қайраткердің басындағы трагедия ғана емес, бүкіл қазақ халқының «әлімжеттік» кезеңдегі жағдайы сипатталған. Бұл өмір бойы тауқымет тартқан ақын-сазгердің елі үшін жанайқайы іспетті. Бір ән арқылы да Жаяу Мұсаның қандай болғанын біліп-тануға болады.

Жалпы, Жаяу Мұса өзегін өртеген өртті өз шығармаларының бойына сіңіре білген. Ол үшін түрлі музыкалық әдіс-тәсілдерді кеңінен пайдаланған. Скрипкада ойнаған сазгердің музыкалық білімі де жетік болғаны даусыз. Оған Ахмет Жұбановтың жазған жазбаларындағы деректері де дәлел бола алады. Атақты музыкатанушы: «Ресейдің шеткері қалаларының бірі болған Омбы секілді қалада ең болмағанда бастапқы музыкалық білім алудың өзі орындалмас арман болатын. Дегенмен Омбы Мұсаның музыка мектебіне айналады: ол орыс классиктерінің шығармашылығын мұқият зерттеп, сыни әдебиет оқып, концерттерге қатысты. Бұл қалада Мұса бірінші рет үрлемелі аспаптар оркестрінің ойынын естиді, орыс халық аспаптары оркестрімен танысып, кәсіби музыка туралы алғашқы мәлімет алады. Егер ол бұған дейін тек ән мен күйді ғана есітсе, енді басқа музыка жанрлары — марш, вальс, мазурка және т.б. болатындығын білді» дейді Жаяу Мұса туралы. Яғни қазақ топырағына шетелдік стильдерді әкелуші деп танысақ артық емес. Ал ақынның жиеншары, ақын Арман Қани «Ақ сиса» Жаяу Мұсаның ең күрделі шығармаларының бірі екенін айтады. Кез келген әншінің жеріне жеткізе орындауына жүректері дауалай бермейді. Жалпы, ақын әлемдік музыканы меңгергендіктен, аталмыш шығарма марш түрінде шығарылған. Бірнеше нұсқасы бар. Дегенмен қай-қайсысын айтуға да әннің жілігін шағып, майын ішкен өнерпаз керек. Рухпен айтылатын рухты ән болғандықтан ол ырғалта жөнелетін жеңілдікпен орындауға келмейді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   49




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет