1 ПСИХОЛОГИЯНЫ КӘСІБИ ТҰРҒЫДА ОҚЫТУ ҚҰРАЛЫН ПАЙДАЛАНУ ТЕОРИЯСЫ
1.1 Психологияны оқыту үрдісінің сипаттамасы, оқытудың формалары
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті-ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» делінген. Бұл міндеттерді шешу үшін әр педагогтың күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәрбиеге, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды. Сондықтан да, әр педагог өз әрекетінде қажетті өзгерістерді, әр түрлі тәжірибелер жөніндегі мағлұматтарды, жаңа әдіс тәсілдерді кезінде қабылдап, дұрыс пайдалана білуі керек.
Қазіргі заманғы психологиялық білім мен оның тәжірибесіне деген қызығушылықтың өсуі жоғары мектептегі психологияны оқытудың әдістемесіне жаңа, әрі тиімді әдістерді енгізуді қажет етіп отыр. Психологияны оқытудың тиімділігі негізінен педагогтың оқу процесін психология ғылымының теориясы мен тәжірибесінің мазмұнына сай ұйымдастыру іскерлігіне байланысты болады.
Осыған байланысты психология пәнінің оқытушысы психологияның теориялық сұрақтарымен бірге, студенттерде жоғары мектепте оқу барысында пайда болатын психологиялық мәселелерге қатысты сұрақтарына да жауап бере білуі керек болатыны түсінікті. Себебі, психологияны оқыту әдістемесі студенттердің ерекшеліктерін ескеруі міндетті.
Оқыту процесі студенттердің өздері қабылдап алған барлық білім, түсініктердің сана-сезімдеріне қандай әсер ететіндігін түсінуіне негізделген кезде ғана тиімді болады. Оқытушы шеберлігінің бірден бір көрінісі - өз пәнінің мақсаттарын адамның қоршаған ортамен және басқа адамдармен қатынастары тұрғысынан қарастыру, ғылыми пәнді социумның, өнердің, мәдениет пен тұрмыстың мазмұнына үйлестіре алу және студенттердің құндылық бағдарларын нақты оқу мақсаттарына айналдыра алуында екені анық.
Психологияны оқытудың мақсаты дәл осы мазмұнды қамтиды: өмірдің әр түрлі жағдайларында адамдардың өзара әрекеті мен қарым-қатынасын орнатудың теориясын және тәжірибелік білімдері мен әдістерін студенттерге меңгертуді көздейді. Психологияны оқыту басқа адамдардың ойлау бейнелері мен әрекет бейнелерін анықтайтын жағдайларды өзгерту мен түсіну тәсілдерін меңгертуге ғана емес, сонымен бірге, адамның өз тіршілік әрекеті мен санасын да өзгертуге бағытталған.
Студенттердің тұлғалық сапаларын қалыптастырудағы оқытушы мен студент арасындағы бірлескен іс-әрекеттің алатын орны мен оған психологиялық жағдай туғызуға қажетті шарттар жайлы С.М.Жақыпов, Е.И.Исаев, С.Д.Смирнов, В.И.Слободчиков өз еңбектерінде баян етеді.
Қазіргі уақытта оқытудың тиімділігі мәселесі мемлекеттік деңгейдегі аса өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл мәселені шешу жолдарының бірі -студенттердің теориялық білімді практикада еркін қолдана алатындай деңгейде қабылдауына мән беру. Психология ғылымының жетістіктерін өмірдің барлық салаларында пайдаланып жатқанда, білім беру міндеттерін шешуге қолданудың қажеттілігі анық.
Оқыту процесін ұйымдастыруда педагогикалық талаптар деңгейінен көрінумен бірге, психологиялық мәселелерін ескеру қажеттігі ертеден бері айтылып келе жатқанымен, дәл қазіргі уақытта оқытудың басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Психологиялық сипаттағы мәселелерді ескеру және оларды шешудің нәтижесінде оқытудың тиімділігінің артатыны, оқу іс-әрекетінің жетіле түсетіні, берілетін білімнің сапасы артатыны, білімді қабылдаушылардың тұлғалық дамуы қамтамасыз етілетіні және т.б. осы сипаттағы зерттеулер психолог ғалымдар Б.Г.Ананьев, П.Я.Гальперин, В.В.Давыдов, Л.В.Занков, Л.Б.Ительсон, А.Н.Леонтьев, А.В.Петровский, С.Л.Рубинштейн, Д.Б.Эльконин, еліміздің ғалымдары Қ.Б.Жарықбаев, С.М.Жақыпов және басқа да зерттеушілердің еңбектерінде баяндалған.
Оқытудың психологиялық мазмұнын қарастыратын теорияларда мән берілген басты мәселелерге оқу материалының мазмұнының оқушы психологиясына ықпалы, оқытудың әдіс-тәсілдерінің оқу материалының ерекшеліктері мен оқушы психологиясына сай болуы, оқытудың тиімділігі, оқытуды ұйымдастыру мен басқару мәселелері, оқытудың құрылымдық ұйымдасуының компоненттері арасындағы өзара байланыстарды қамтамасыз ету (оқу мотивациясы, оқу тапсырмалары, оқу міндеттері, бақылау және өзін-өзі бақылау, бағалау және өзін-өзі бағалау), оқыту арқылы оқушының тұлғалық және дара ерекшеліктерін дамыту, оқыту барысында бірлескен іс-әрекеттің қалыптасуы және тағы басқалар кіреді.
Аталған мәселелерді талдау оқытудың құрылымының психологиялық мазмұнын анықтап берді: білім беру жағдайына қатысушылардың (мұғалім, оқушы) мәні мен мақсаттары, оқу пәнінің құрылымдық мазмұны, оқу пәнінің мазмұнын меңгеру процесін ұйымдастырушы әрекеттер, оқу іс-әрекетінің жалпы тәсілдерін меңгерудің бір деңгейінен келесісіне өту, тұлғаның дамуын оқыту процесінде әлеуметтік тұрғыдан реттеп отыру формасындағы мұгалім мен оқушылар арасындағы және оқушылардың өзара оқу әрекетінің жүйесі, және осы аталғандардың оқуды меңгеру барысындағы өзгерістері: білімнің пәндік мазмұнын меңгеру процесінің деңгейі мен фазаларының, жеке оқу әрекеттерінің өзара байланысын қалыптастыру.
Студенттің мамандығына қатысты білімді, дағдылар мен ептіліктерді игертудің психологиялык механизмдерін анықтап, оқу іс-әрекетінің тиімді психологиялық жағдайларын қарастыру білім беру әдістемесінің ғылыми негізін құрайды. Оқытудың психологиясын талдау психологияны жоғары мектепте оқытудың әдістемесін жетілдіруде пән оқытушысының кәсіби мүмкіндіктерінің атқаратын рөлін анықтауға мүмкіндік берді.
Психология пәнінің әдіснамасын зерттеумен айналысушы ғалымдардың пікіріне қарағанда (Б.Ц.Бадмаев, В.К.Боярчук, В.Е.Гинецинский, С.М.Жақыпов, т.б.) психологияның пәндік және іс-әрекеттік мақсатына келесі мақсаттар кіреді:
· жаңа психологиялық білімдерді қарастыру;
· психологиялық білімдерді тәжірибелік мәселелерді шешуге қолдану;
· психологиялық білімді беру және тарату.
Аталған зерттеушілер психологияны оқыту әдістемесін педагогикалық училищеде (И.В.Дубровина, З.М.Панибратцева), жоғары оқу орындарында (В.К.Боярчук, В.Е.Гинецинский), педагогикалық мамандықтарда (Б.Ц.Бадмаев, Е.А.Климов, В.Я.Ляудис), техникалық мамандықтарда психологияны оқыту (Т.В.Наумова, А.А.Немцов), орта мектепте (К.Н.Корнилов, О.О.Савина) оқыту бағыттарында қарастырады.
Психология пәнінің оқытушысы психология ғылымының теориясын ғана емес, тәжірибесін де меңгеруі қажеттігі психологияны оқыту әдістемесі пәнінінің негізін құрайды. Психология пәнінің оқытушысы үшін студенттерге психологиялық білімді берудің әдістері мен тәсілдері, құралдары мен мүмкіндіктері өте мол. Осыларға оқытушының педагогикалық бай тәжірибесі мен тұлғалық сапалары, ізденімпаздық талабы мен шығармашылық қабілеті үйлесіп жататын болса, ондай оқытушы тек пән оқытушысы ғана болып қалмай, психолог маман ретінде де қалыптасып, өзінің жеке әдістемелік іскерлігін дамытуда биік деңгейлерге жете алады.
Психологияны оқыту әдістемесі жайлы зерттеулер психологияны оқытуды жетілдіруді мынадай бағыттарда қарастырады:
- психологияны оқытуда белсенді әдістерді пайдалану;
- психология пәнінің мазмұнына өзгерістер енгізу, яғни ғылыми-теориялық мәселелерге өмірлік тәжірибелер призмасы арқылы қарау;
- психологиялық теорияларды жеке адамдық міндеттерді шешуде пайдалану деңгейінде түсінуге қол жеткізу.
Болашақ маманның кәсіби қалыптасуы туралы зерттеулерге сүйенсек, әр мамандықтың ерекшелігіне сай студенттердегі қабілет мазмұны да әртүрлі болып қалыптасады. Мысалы, гуманитарлық бағытта даярланатын маман өз кәсібіне қатысты мынадай құрылымдық мазмұнды меңгергені жөн: біріншіден, мамандығына байланысты терең білім; екіншіден, өз бетімен іздену арқылы кәсіби білімін көтеру мәдениеті; үшіншіден, адамдармен жұмыс жасауға психологиялық жағынан дайындық.
Сонымен, болашақ мамандардың дайындығын жетілдіру мен оқыту сапасын арттыру жоғары оқу орны үшін тек педагогикалық қана емес, сонымен бірге психологиялық мәселе:
1) оқу материалдары адам психологиясына зор талап қояды. Себебі, шындықтағы құбылыстардың сыр сипатын, мән-жайын ұғыну өте күрделі әрекет;
2) жоғары мектеп оқытушысы тарапынан жылылықты сезіну студенттің өзінің «керектігін», өмірдегі орнын, орнықтылықты сезінуіне мүмкіндік береді;
3) студенттерді оқу процесіне тартудың психологиялық жолы -оқытушының студенттермен байланыс орната білуінде;
4) психологияны оқытудың басты мақсаты - студенттердің психологиялық ойлау икемділіктерін қалыптастырып, алған психологиялық білімдерін түрлі психикалық фактілер мен құбылыстарды ғылыми негізде түсіндіре білуде, сонымен катар адамның тұлғалық дамуына аса қажетті психикалық өзгерістерге ықпал етуде қолдана алуға үйрету. Сондықтан, психология пәнінің өзіндік ерекшеліктерін пайдалана отырып, инновациялық мүмкіндіктерді жасаудың жолдары сан алуан;
- психология курсын оқытудың мазмұны мен әдістемесін студенттің тұлғалық сипатына (тұлғалық жетістіктеріне) негіздеп қайта кұру арқылы әр студенттің қайталанбас тұлға екендігіне көз жеткізу;
- студенттің өзіне-өзінің сенімділігін арттыру;
болашақ мамандығына қажетті сапаларды меңгерту;
- басқалармен өзара дұрыс қарым-қатынасты ұйымдастыра білуге, оларды түсінуге, дау-дамайсыз ортақтаса білуге, қарым-қатынас мәдениетіне үйрету.
Психология пәні жоғарғы оқу орнындағы барлық мамандық бойынша оқытылып, болашақ мамандардың психологиялық сауаттылығы бүгінгі күннің басты талаптарының біріне айналды. Көп салалы психология курсының қай-қайсысы болмасын студенттің тұлғалық дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Психология пәнін студенттерге меңгертуде жоғарғы мектептің психология пәнінің оқытушысы тек педагог қана емес, психолог маман сапасында да көріне білуі біз мән беріп отырған қазіргі заманғы маманды даярлауда басты рөл атқарары анық.
Сонымен қатар «психологияны оқыту әдістемесі» психология ғылымының негізгі базалық саласына жатады және «психологияны оқыту әдістемесінің» пәні білім беру (оқыту мен тәрбие) үрдісін ұйымдастырудың психологиялық заңдылықтары, құралдары мен тәсілдері болып табылады.
Білім беру (оқыту мен тәрбие) үрдісін ұйымдастырудың психологиялық заңдылықтарын кейбір жалпы алғанда көптеген оқушылар үшін осы үрдісті ұйымдастырудың тәсілдері мен психиканың қалыптасу және даму ерекшеліктерінің аралығындағы қатынасы деп түсіндіреді. Психиканың қалыптасу ерекшеліктері туралы сұрақ-қоршаған ортадағы және генетикалық факторларының күрделі қатынасы туралы-психологияны оқыту әдістемесінің төңірінде ғана емес, сондай-ақ педагогика, медицина, философия, дидактика және т.б. ғылым саласында да осы құралдармен және эксперименттік ізденістермен таныстыру маңызды. Осы білімдер келешекте студентке психологияның аталған іргелес ғылымдарды тиімді игеруге, сонымен қатар оқытушы ретінде нәтижелі қызмет атқаруға мүмкіндік береді.
Соның салдарынан темпераментімен, қабілеттерімен, мінезімен, ой түрі мен, тұтастай т.б. психикалық даму деңгейімен айрықшаланатын оқушылар мен жұмысқа дайындық жүргізу барысында студент-психолог өзінің педагогикалық іс-әрекетін компонентті орындауда, тек психологияны оқыту әдістемесі саласында бүгінгі педагогикалық-психологиялық біліммен қаруланған жағдайда ғана нағыз маман бола алады.
Психологияны оқыту әдістемесі оқу үрдісінде алған фактілік материал мен теориялық білім берудің практикалық жағдайында (оқушылардың психологиялық таңдауы, педагогикалық-психологиялық диагностика және психикалық дамудың прогностикасы, оқытудың сәттілігінің болжамдануы және жақсы оқытуды қамтамасыз етуге қажетті психологиялық жағдайды анықтау, ата-аналармен жұмыс және т.б.) көптеген практикалық міндеттерді шешуге маңызды мәні бар.
Алған білімдердің орта білім беру жүйесіндегі реформаның психологиялық ерекшеліктері, мектептегі білім берудің ұлттық үлгісі, білім берудің дифференциациясы мен индивидуализациясы, оқушылардың кәсіптік бағдарын ұйымдастырудың психологиялық ерекшеліктері, білім берудегі информатизацияның психологиялық ерекшеліктері, тәрбие және оқыту жүйесі дамуының бүгінгі кезеңдегі психологияның рөлі мен орны, психологияны оқыту әдістемесі ғылыми практикалық пән ретінде және оның педагогикалық пәндер жүйесіндегі алатын орны, пәнге жалпы сипаттама және психологияны оқыту әдістемесі курсының мақсаттары деген сұрақтарға сенімді бағдарлануға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |