Публицистикалық шығармашылық негіздері


Қорабай Жапанов – публицист



бет16/56
Дата20.09.2023
өлшемі2.01 Mb.
#478075
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   56
ZhakypB-публикалы0-шы5арма

Қорабай Жапанов – публицист

“Дала уалаятының газеті” бетінде жиі мақалалар жазып, жариялаған қазақтың ірі публицистерінің бірі – Қорабай Жапанов.


“Қорабай Жапанов Павлодар облысының Ермак ауданын-да 1873 жылы туған. Орташа шаруаның баласы. Ауылдың орысша-қазақша мектебінде оқып, кейін мұғалім, әрі ақын бол-ған. Оның “Қарлығаш” дейтін өлеңдер жинағы 1913 жылы Уфа қаласында басылып шықты… Қ.Жапанов революциядан бұ-рынғы прогресшіл бағытты газет-журналдарды жаздырып ал-дырып оқумен қатар өзі солардың тілшісі болған…” [40, 38 б.].
Қорабай Жапановтың журналистік, публицистік қызметі 1894 жылы басталған. Өйткені осы жылы 18–қыркүйекте оның алғашқы мақаласы “Дала уалаятының газетіне” басылды. Қорабай Жапанов – “дүниенің кілті орыста, орыстың тілі мен мәдениетінде” деген Абай айтқан ойды қуаттаған. Бұл ой оның “Ғылым, оқудың қажет екенінің баяны” атты тырнақалды мақаласына да алтын арқауы болады.
“Біздің қыр даласындағы қызметтегі қазақтарға орысша тіл білмектің қажет екені, мұның баршаға бірдей пайдалы екені төмендегі жазуда баян етіледі” /ДУГ. 1894, №17/, – деп басталған мақалада сол кездегі қоғам өмірінде белең алып отырған кемшіліктер сынға алынады. Публицист өзі көзімен көріп, көңіліне түйген жайттарды ашына жазады. “Халық арасындағы ұлықтардың қылған істеріне адамның ақылы жетіп болмайды. Халықтың пайдасын ойлаған адамдар аз… Болыс пенен билер, сіздерге жаман атақтан құтылуға уақыт жетті ғой… Өздеріңді жақсы көріндірейін десеңдер өзге бір түрлі дұрыс, анық амал бар, ғылым, оқу оқып ақылды, әдепті болсаңдар керек, орысша тіл үйреніңдер, орысша оқу үйреніңдер. Орысша кітап оқысаңдар ақыл табарсыңдар, білімдерің артар, тастай болып қатып қалған жүректеріңе дән беріп жібітер, қараңғылықтан көздеріңді ашар” /ДУГ. 1894, №17/. Осылай тебіренген автор қазақ билерінің орыс тілін білмегендігін, дау жұмыстар жөнінде жасаған кесімдерін билік кітаптарына дұрыстап жаза да алмайтындығын ащы сынға алады. Патшалық Ресей отары болғандықтан, орыс тілін білудің ауадай қажеттігін ұлықтарға түсіндіріп бағады.
“Орыстың тілі мен оқуы білуге бір-бірлеп қадам басқан сайын қажет болып келеді. Қалаға келгенде переводчик таба алмай әуре боламыз. Бұған жалынып сөзімізді жеткіз деп арыз жазып, малымызды сатысып бергеніне көп ақша төлейміз” /ДУГ. 1894, №17/, – мұның бәрі күнделікті өмірдің деректері. Сол келеңсіздіктерден құтылу үшін орыс тілін білу керектігіне назар аударады. Жапанов – публицист тек сол күндердің кілтипанын ғана ойлап, шектеліп қалмайды, ол болашаққа көз жібереді. Болашақ жас ұрпақтікі екенін, халықтың болашағы солардың қолында екенін еске салып, жарқын болашақ үшін жастарды оқу-білімге ықыласты ету керектігіне баса көңіл бөледі. “Балаларымызды орысша школдан оқытсақ қымбат емес қой, мұнан оқып шыққан балалар өзіміздің халқымызға көп пайда келтірер еді. Оқу оқып, орысша тілді үйренген соң біздің арамыздағы ретсіздікті жоғалтқаннан басқа хал-ахуал шаруамыз да ілгері басып, көтерілер еді” /ДУГ. 1894, №17/ – деп халқымыздың білімді болған күнін шын армандайды.
“Орыс біз үшін шаруа школын ашты. Біздің балалары-мызға оқу оқуға әрбір школ-медресеге бостандық беріп тұра-ды. Мысалы, Омбы шаһарындағы әр түрлі школ-медреселерде біздің балаларымыз оқып жатады… Сонда да біздер бұларды қуат қылып қырдың ішінде жатып қашан олар қайтып келіп өздерінің өніп-өскен туған халқына орыстың школынан алған өнерлерін көрсетер екен деп күтіп тұрамыз” /ДУГ. 1894, №17/, – деп іштегі бар толғанысын жайып салады. Шын публицист – ел перзенті. Ол елі үшін, елінің болашағы үшін толғанады. Ел – жұртын түзу жолға бастайды, халқының атынан сөз алады. Міне осы қасиеттер – Қ. Жапановты да өз заманының толғақты мәселелерін қозғаған нағыз публицист деңгейіне көтерді. Қ.Жапанов публицистикасының негізгі тақырыптары – оқу-ағартуға үндеу, экономиканы жаңаша бағытта дамыту, кері-тартпа әдет-ғұрыптардан арылу, әйел теңдігі мәселесі болып келеді. Сондай-ақ ру тартысын, болыс-билердің әділетсіздігін әшкерелеп, сынға алады. Ол өз өлеңдерінде де қараңғылықтан құтылып оқу-білім арқылы жарыққа шығуға үндейді.
“Қазақ қазақ болғалы көп жыл өтті,// Ғылымға ұмтылатын уақыт жетті.// Облыс басы қазақша мектеп ашып,// Жылына елу бала берсе нетті.// Қойылса гимназия, школ аты,// Алынса үкіметтен рұқсат хаты.// Көп жинаса көмек деп, – көл болады,// Мазмұны бұл сөзімнің сол болады,// Біріксе үй басынан аз қаражат// Салдыруға мектепті мол болады” [138, 16 б.] – міне Алтынсарин жолын ұстанған ақын, жалынды публицист қазақ балаларының топ-тобымен мектептерде білім алған күнін көргісі келіп, мектептер салуға халықтың өзін көмекке шақырады.
Орыстың ағартушы-демократы Н.Г. Чернышевский бірде былай деп толғаныпты: “Егер менің қолыма өкімет билігін қазір берсе, сол сәтінде-ақ шаруаларды бұғаудан босатар едім, әскердің жартысын таратып… оқу-ағарту, мектеп мәселелеріне мүмкін болғанша көп көңіл бөлер едім” [139, 356-357 бб.]. Публицист Қ.Жапановтың бар ой-арманы да қарапайым халықтың қолын білімге жеткізу. Сол үшін қолына қалам алып, ұлықтарды да сынайды, көпшілікті де іс-қимылға шақырады. Тіпті кейде қазақ оқығандарының теріс қылығын да батыл сынға алады:
“Оқып шыққан жігіттер,// Өз туғанын менсінбей,// Үсті-басы кір болса,// Арамсынып тұрады.// Қойды көрген қасқырдай// Жеп қойғалы тұрады,// Бұларда да кінә жоқ,// Ата-баба мирасы” [138, 23 б.].
Қазақ зиялыларының бұл жандәрмен қимылдары патша үкіметіне ұнай қойған жоқ. Әсіресе жергілікті орыс әкімдері бұл жайтты үнемі назарда ұстап, жоғары жаққа жеткізіп отырды. Мәселен, 1901 жылдың желтоқсан айында Петропавл уезінің бастығы өзінің генерал-губернаторына жолдаған хатында былай депті: “…Көшпелілер арасында орта және жоғары оқу орындарында білім алғандардың көпшілігі өз халқының жалпы білім дәрежесін көтеруге және шаруашы-лықты озық әдіспен жүргізуге барлық күшін салуда” [140]. Қорабай Жапановтың қазақты оқытуға тез бейімдеу үшін жанталаса үн қатуы да – сол істердің бір көрінісі ғана.
“Дала уалаяты газетінің” 1895 жылғы 8 нөмірінде Қорабай Жапановтың “Қазақтар өздерінің балаларын қалайша оқытатұғындарының баяны” деген сын мақаласы басылды. Мұнда публицист қазақ даласында жүйелі мектептер ашылмайынша, бұрынғы ескі тәсілмен бала оқытудың нәтиже бермейтіндігін сынға алады. Хат тану үшін байлар молдаларға өз балаларын оқытатындығын, ал ол оқудың шалалығынан балалар мардымсыз білім алатындығын, көп молдалардың көзбояушылықпен алдайтынын шебер жеткізеді. Әсіресе бай мен молда арасындағы келісім сөздерді диалог арқылы дәл көрсетеді. Бейне бір дала сахнасында қойылған күлдіргі юморлық қойылым тәрізді бейнелейді. Қ.Жапанов – сыншыл публицист. Ол өз қоғамындағы би, болыстардың, бай, молдалардың теріс қылығын, кемшіліктерін әзіл-сықақ тілімен батыл әшкерелейді. Бұл оның публицистикасының бір ерекше-лігі десе де болғандай. Мақаланы бастағанда не мәселені сөз ететінін айтып алады да, оқиғаны өрбітіп, өмірден бірнеше нақты деректер келтіреді. Ал соңында түйінді ой тастайды немесе шешімін таппаған бір мәселені көпшілік талқысына салады, кейде үндеу, шақырумен аяқтайды. Мұның бәрі Қ.Жапанов публицистикасын бөлектеп көрсететін қасиеттер. Мәселен, осы мақаланы: “Біздің туып-өскен даламызға ғылымның қуаныш жарық сәулесі қашан кірер екен. Қашан біздің қазақ оқудың пайдасын білер екен һәм қашан оқудың жемістерімен пайдаланар екен. Қашан тәуір жетік молда (учитель) мен школ медресені қырдың ішінде көрер екенбіз. Елдегі ұлықтар екі партия болып араздасқанды тастап, бұл ең керекті “Жұмыс турасын ойласа тиісті болар еді” /ДУГ. 1895, №8/, – деп тәмамдаған. Мұнда тек жеке автордың ой-арман, мақсат-мүддесі ғана жатқан жоқ, публицистің осы сөздерінде – ХІХ ғасырдың аяғындағы оқу-білімге талпынған талай жанның жүрегінің лүпілі бар.
“Дала уалаяты газетінің” бетінде отырықшылыққа көшу мәселесі, оның артықшылықтары туралы материалдар да жа-рияланады. Қазақтың ұлы перзенттері Шоқан, Ыбырай, Абай шығармаларында – отырықшылық тақырыбы көп қозғалды. Қорабай Жапанов жазғандарында да бұл мәселе қамтылады. Ол да қазақ елінің отырықшылыққа көшіп, егін салып, өрке-ниет көшіне тез ілесіп кеткенін мақсат тұтқан қайраткерлердің бірі. Өзінің газет бетінде жарық көрген бір корреспон-денциясында: “Біздің уездің қыр қазақтары егіншілікті жақсы меңгеруде. Егін былтырғыға қарағанда биыл екі есе артық себілді. …Әр десятина жерден алпыс-жүз жиырма пұтқа дейін астық бастырылуда. Енді әркімнің өз наны болады” /ДУГ. 1895, 16 июль/ – деп қуана жазды. Егіншілікті жақсы игеріп кету үшін, тұрақты өнім алуға қол жеткізу үшін егінді суарудың, ол үшін арықтар қазу керектігін қадап айтады. Тағы бір мақаласында “Кереку уезінің қазағы Әміре Нөгербековтің диқандық тәжірибесін” талдап, оны өзге жұртқа үлгі етіп көрсетеді. “Егіншілік – еңбегімен күн кешкен кедейдің бірден-бір мақсаты болуға тиіс” /ДУГ. 1895, 16 июль/, – деп халықтың қарапайым өкілдерінің ерінбей еңбек етсе, көп нәтижеге қол жеткізе алатындығын, жалпы отырықшылықтың берер жемісі мол екендігін жеткізеді. Патша үкіметі газетінің бетінде Ресейдің отаршылдық саясатының кейбір келеңсіз қырларын сынға да алады. Қ.Жапанов – публицистің пікірінше, орыс шаруаларының қазақтармен қоян-қолтық қоныстануына қарсы емес, бірақ бұл жергілікті халық мүддесіне зиян келтірмеуі керек. “Әскери ведомостволар ең шұрайлы жерлерді тартып алды, оның үстіне сол жерлерді қазақ шаруаларға қайта сатады. Ведомостволар жеріне бір көктем отырғаны үшін әр түндікке 2 сом 50 тиыннан салық салады” /ДУГ. 1894, 14 май/, – деп қынжылыс білдіреді. Осы мазмұндас корреспонденциясы орыс тілінде “Степной край” газетіне де басылады [141]. Бірақ патша цензуралары: “бұл мақаланың мазмұны саясатқа жат, өйткені онда офицер участоктарын ықшамдау сөз болып отыр”[142], – деп байбалам салды.
Қазақ даласындағы қолдан жасаған әлеуметтік теңсіздікке Қ.Жапанов қарсы шықты. Ол өзінің мақалалары мен өлеңде-рінде бұл тақырыпқа да соқпай өткен жоқ. Мұқатай Байсүгіров деген байдың шалға алты жүз сомға сатылған қызының атынан өлең шығарады:
“Құрысқан шал аулақ жүр,// Садаға кет маңымнан,// Теңгерілер күн болса,// қолым кетпес жағаңнан” [138, 24 б.],– деп әйел теңсіздігі мәселесін қозғап, қазақ әйелінің басындағы ащы қорлықты сөзбен өрнектейді.
Тағы бірде: “Би болам деп еліріп шықты біреу,// Старшындық өзіне үлкен медеу” [138, 24 б.], – деп қазақтың шен-шекпенге үйір тобын сынға алды. Осы екі-ақ жол өлеңнің өзінде қараңғы халықты алдап-арбау нәтижесінде шенге қол жеткізген ұлықтардың өлермендігі бетке басылады. ҚЖапанов – публицист дерек-дәйекті күнделікті қазақ өмірінен алып, соның шындық көрінісін қаламына арқау етті. “Өсімқорлар теңге басы 30 тиын өсім деп нарық айтады. Сары майдың пұты 3 сом, бұзау 2 сом тұрады. Алым жия келгенде қазақ қарызға алған 4 сомды береді. Сонда байғұстың екі бұзауы борышқа кетіп, баяғы екі сиыры қалады, өсімі жоқ” /ДУГ. 1896, №13/, – деп жазып, қазақ ауылындағы әділетсіздік пен, біреудің арқасында біреудің күн көру картинасын ашып береді.
1895 жылғы газеттің 9, 10, 20 нөмірінде Қорабай Жапа-новтың “Павлодар оязындағы Шақшан елінен келген хабар” деген корреспонденциясында да автор нақтылы деректер арқылы сол кездегі саудагерлікті көрсетіп берген. Мұнда да қазақ байғұс ұтылады. Павлодар оязындағы Жәмішев станциясында (Тұзқалада) қыста болатын жәрмеңкеден көрініс береді. Қазақтар үй жалдаса орысқа ақшаны бір береді, малын сатса, сатып бергені үшін орысқа ақшаны екі береді. “Бір қазақ ат сатса 5 тиын, бір пұт ұннан 1 тиын” орыс мұжығы қалтасына түседі екен”. Мал бағасы да нақты цифрлармен көрсетіледі: “Ат 20-30 теңгеден сатылды, ту сиыр 25-30 теңгеден сатылды, өгіз 25-тен–40 теңгеден сатылды, түйе 25-45 теңгеден сатылды, қой 4-7 теңгеден сатылды, бойдақ қой 3 теңгеден сатылды” /ДУГ. 1895, №9, 10, 20/. Бұдан басқа сол кезде не саудаланатынына дейін корреспонденцияда айқын көрінген. Әсіресе, ақ ұн, бидай, ақталған тары, қаратары, сұлы, тоңмай, майшам, тасшам, жылқы терісі, сиыр терісі, қой терісі, түйе терісі, жамбы, темір, жез, мыс сияқты тауарлар сатылатындығы және олардың жәрмеңкедегі құны көрсетіледі. Бұл әрине баға мен цифрлардың тізбесі сияқты болып көрінгенмен, газетте жарияланған бұл хабарды сол кезде қанша оқырман оқыды. Оның үстіне экономика тақырыбындағы материалдар сирек жарияланатын кезде, Қ.Жапановтың ел өміріндегі бұл қалтарыстарға да қалам тербеуі – оның тың ізденістерге барғандығын көрсетеді. 1895 жылғы газеттің 27 нөмірінде Қ.Жапанов жазған “Данышпен қатынның хикаясы” /ДУГ. 1895, №27/ деген ертегі де жарық көрді.
Жалпы, Қ.Жапанов өз заманында ел, халқын білім жарығына сүйреген, ағартушылық идеяның жақтаушысы, жаңа заманның жаршысы бола білген қаламгер еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   56




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет