Публицистикалық шығармашылық негіздері


Бейімбет Майлиннің сыншылдық, сатиралық



бет32/56
Дата20.09.2023
өлшемі2.01 Mb.
#478075
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   56
ZhakypB-публикалы0-шы5арма

Бейімбет Майлиннің сыншылдық, сатиралық
бағыттағы публицистикасы

20-шы, 30-шы жылдардағы қазақ публицистикасының ерекше қарқын алып дамуына жеке публицистер зор үлес қосты. Осы кезеңдегі публицистика туралы сөз қозғағанда Бейімбет Майлин шығармаларына соқпай кету мүмкін емес. Бейімбеттің шығармашалығы туралы Т.Нұртазиннің, Т.Қожа-кеевтің, Қ.Жармағамбетовтің, Ә.Жиреншиннің, С.Ордалиевтің, Б.Наурызбаевтың, Т.Бейісқұловтың, Б.Сарбалаевтың, С.Байменшиннің арнайы зерттеу еңбектері бар.


Бейімбет публицистикасын зерттеу нысаны ретінде қарастырып, оның газет-журналдар бетінде жарияланған 500-ге тарта мақала, очерктері мен 200-ге жуық фельетондары бар екендігін ғылыми дәйектеп жүрген ғалым Т.Бейісқұловтың еңбегі ерекше [205]. Мұның өзі – Бейімбет публицис-тикасының бірнеше ғылыми зерттеуге нысан болатындығын айғақтайтын дәлел. Оның үстіне замандастарының ішінде ең өндірте жазған да осы Бейімбет екендігіне дау жоқ.
Өз шығармашылығын “Айқап”, қолжазба “Садақ” журналындағы, “Қазақ”, “Алаш”, “Бірлік туы”, “Сарыарқа”, “Жас азамат”, “Ұран” газеттерінде жарияланған мақала, хабар, корреспонденцияларынан бастаған Б.Майлин – публицистің шеберлігі мен еңбекқорлығы, әсіресе, кеңестік кездегі басылымдар беттерінде жарқырап көрінді. Оның “Еңбекшіл қазақ”, “Ауыл”, “Ақ жол”, “Еңбекші қазақ”, “Сыр бойы”, “Әйел теңдігі”, “Ауыл тілі”, “Лениншіл жас”, “Жаңа арна”, “Жұмыскер тілі”, “Жаршы”, “Қазақ әдебиеті”, “Әдебиет майданы”, “Социалды Қазақстан”, “Қарағанды пролетариаты”, “Оңтүстік Қазақстан” басылымдарында шығармаларының жарық көруінің өзі – Ілияс Жансүгіров айтқандай: “Жазғаны-ның көптігі мен көркемдігінен де Бейімбет алда келеді” [206, 10 б.], – деген сөздің шын дәлелі іспеттес.
Бейімбет Майлин өзінің әрі көп, әрі саналы, әрі ықшам, сан алуан түр, пішін қолданып, көптеген шеберлік тәсілдерін пайдаланып жазғандығымен де қазақ публицистикасын биік белеске көтеріп кетті. Бейімбет публицистикалық мұрасын негізгі төрт топқа бөліп қарастырғанды жөн санадық:
Қоғамдық өмірдің көлеңкелі жақтарын сынайтын фельетондары, оқушаулары мен сын мақалалары.
Кеңестік кезеңде орын алған өзекті мәселелерге арналған проблемалық мақалалары.
Қазақстанның өндіріс орындарынан жазған очерктері.
Әдебиет мәселесіне арналған сын, рецензиялары, хаттары.
1925 жылы “Лениншіл жас” журналы Бейімбеттің бір топ өлеңдерін жариялап, редакциялық мақала қоса беріледі:
“Бейімбет – өзін тұрмыстан алып жазылған әдемі әңгіме, тартымды өлеңдерімен танытқан белгілі ақын-жазушыла-рымыздың бірі. Бейімбет біздің газет-журналымызға үнемі жазып келеді, Бейімбеттің бір бізге ғана емес, қазақ әдебиетіне еткен 12-13 жылдық еңбегі бар. “Бейімбет – ауыл ақыны” – дейді Смағұл (Сәдуақасов – Б.Ж.). – Ауыл ақыны екені рас. Бейімбеттің тілі – ауылдың қоңыр шаруа, кедейлерінің тілі. Бейімбет ауылдың күйін, мұңын жырлайды…” [207].
Шынында да “Бейімбет – ауыл ақыны” [207] ғана емес, ауыл – публицисі де бола білді. “Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз”, – деген принципті ұстанған Бейімбет ауылдардағы кемшіліктер түзелсе, қазақ жайы жақсаратынына сенді. Сол үшін өз замандастарына сыншылдық көзқарас тұрғысынан қарады, оның фельетон, мақалалары да сол мақсат билігінен өрбіді.
Қызылордада жүріп Ілиясқа жазған бір хатында: “Пуртекел” деген нәрсе жазып Сараға (Есова – Б.Ж.) жібердім. “Әйел теңдігіне” басылар деймін. Басылмаса, Сарадан алып оқы. Ұнатсаң “Жаршыға” жіберерсің, әрине, ерінбесең дегенім ғой” [208], – депті. “Пуртекел” оқшауына /Е-і Қ. 1926, 14 қаңтар/ оқиғасы ұқсас тағы бір оқшауы “Пуртекел істей салып едім” /Е-і Қ. 1926, 11 наурыз/ деген атпен “Еңбекші қазақта” жарық көреді. Оқиғаның қысқаша мазмұны былай: Қызылорда болысындағы 12 ауылдың етікшісі Әбдісадық Мәмбетұлы деген жігіт Есжан шалдың жас әйелімен көңіл қосып алып қашып кетеді. Шал қуып барып, әйелін қайта әкеледі. Әйелдің өтініші бойынша қайта келген Әбдісадықты ұрып-соғып, әрі мал ұрлап жатқан жерінен ұстадық, бірінші келгенінде де бір өгіз, 50 сом ұрлап еді деп жала жауып, Есжан шалдың арызына қоса ауылнайға протокол жасатып қояды. Іс сотқа баратын кезде: “Ақсақалдар айтқан соң, сөзін қоймай, пүртекелді істей салып едім” /Е-і Қ. 1926, 11 наурыз/, – деп ақталады ауылнай. Ел ішінде болған істі өзек етіп ала отырып, Бейімбет екіжүзділікті, жазықсыз жала жабатын жалақорлықты сынға алады. Әрі сол кездегі өз теңіне қосыла алмай сорлап жүрген қазақ әйелінің басындағы ауыр халді де қозғайды.
Қазақ публицистикасында фельетон “оқшау” түрінде пайда болғанын айта кетуіміз керек. Бұл туралы Т.Нұртазин: “Оқшау” деген сөз революциядан бұрын “Қазақ” газетінде әдеби салтқа енген. Ондай әдіспен тек қана фельетон емес, (әрине, көбінесе фельетон солай аталған), оқиғасы өткір, кенеттен болғандай боп келетін сюжетті шығармалар атала берген. Кейде өзінің ішкі маңызының оқыс-ірілігі ия жаңалығымен көзге түсетін шығармалар да “Оқшау” деген бұрыштамамен басылып жүрген” [209, 172 б.], – дейді. Профессорлар Б.Кенжебаев, Т.Қожакеев те сондай тұжырым айтады. Бейімбет көп шығармаларын “Оқшау” деп жазды.
“Тереңөзек төрелері” /Е-і Қ. 1929, 6 наурыз/, “Шаянның шарлатаны” /Ж. 1931, №3/, “Әкімшілік күші” /Е-і Қ. 1926, 24 желтоқсан/, т.б. оқшау, фельетондарында да қоғамдағы кемшіліктерді, адамдардың бойындағы қулық, жалқаулық, пайдакүнемдік, ел мүлкіне қол салушылық, жағымпаздық сияқты келеңсіз қылықтарды сынайды.
Бейімбеттің “Серый ма?… Карешнеби ма?” фельетонында ел-елде құрылып жатқан кооператив дүкеніндегі алып-сатарлық, саудагерлік, қарапайым халықтан артық алу, қымқыру қарекеттерін шенейді. Оқиға сюжетінде бір шал сатушыдан көйлектік сәтен сұрайды. Сондағы сатушының: “қандай сәтен, серый ме, карешнеби ме?” /Е-і Қ. 1928, 18 қыркүйек/ – деген жауабынан оның бейнесін ашады. Товар бағасынан артық ақша алып, халықты қан қақсататындарды түйреп өтеді. Сауда саласындағы былықтардың бетін ашатын тағы бір оқшауы – “Сый-тарақ” деп аталады. Сарыағаштағы кооператив дүкеніне келген Дүйсен ақсақал кемпіріне көйлектік мата сұрайды. Сатушы көйлекке бірдеңені қосып береді.
“ – Ау, шырағым, бұның не?
Отағасы, ол – сый.
Сый болғанда тегін бересің бе?
Тегін бе? – деп піркәншік бала ала көзімен қарады.
Тегін бермейтін болсаң, ондай керексізді алатын артық ақшам жоқ.
Оны қосып алмасаң, сиса да берілмейді”, – деп піркәншік бала сисаны тақтайдың қуысына ырғытып жіберді.
Шырағым-ау, кемпірім мұнымен қай жерін тарайды?
Онда біздің жұмысымыз жоқ. Тауар керек болса, бірге аласың…” /А.Т. 1928, 28 желтоқсан/. Осы дүкендегі шағын диалог арқылы кеңестік кооперативте істейтіндердің пайда түсіру үшін ойлап тапқан зорлығы сыналады. Профессор Ф.Оразаев “Бейімбеттің 20-жылдардағы творчестволық жеміс-терін стилдік тұрғыдан ауызға алғанда, ең алдымен, жазушы-ның диалог құру шеберлігі бірінші кезекке шықпақ” [210, 210 б.], – деген тұжырымы осы тұрғыдан айтылса керек. Диалог Бейімбеттің басқа фельетондарында да көп кездеседі.
Сатушының – менмен, үлкенді сыйламайтын томырық, жылпос, қу бейнесі мен қарапайым қазақ шалының қорғансыз, лажсыздан көнетін бейкүнә кейпі қатар өріледі. Бейімбет фельетондары соншалықты шынайы, өзі куә болған оқиға-ларды жазатындағы көрініп тұр. “Сөледке, шұлық, құйыс-қан…” /Е-і Қ. 1929, 3 сәуір/ фельетонында да ауыл копе-ративіндегі осы тектес оқиға сыналады.
“Салқамбай тоба қылды” /Е-і Қ. 1926, 4 қараша/, “Құлбай” /А-л. 1924, 13 тамыз/, “Гүлсім Рахымжанқызы” /Е-і Қ. 1923, 27 мамыр/, “Торға түскен торғай” /Е-і Қ. 1923, 15 ақпан/, “Бітсін күңдік” /А-л. 1924, 18 наурыз/, “Байту молда” /Е-і Қ. 1925, 24 сәуір/, “Қалыңмал соты” /А.Т.1927, 18 мамыр/, т.б. фельетон, оқшау, мақалаларында әйел теңдігі мәселесін кең көтеріп, қалыңмал, әділетсіз билік, дінбасылардың зорлығын ашық сынайды. 20 жылдары бұл тақырыпты жан-жақты көрсетіп, өмірде болған нақты оқиғалар негізінде шығармалар жазудағы Бейімбеттің мақсаты – қазақ қызының азаттығын, еркіндігін өз қолына әперу болатын. “Айнажанның соры ғой”, “Айшаның қайраты”, “Зәуре қыздың некесі” мақала, оқшауларында нақты өмірде бар қазақ қыздарының көне әдет-ғұрып құрбаны болып, екінші, үшінші әйелдікке, шалға тұрмысқа шыққандығы баяндалып қана қоймайды, кінәлі адамдар бүкіл ел алдында қараланады, газет бетінде сотталады. Жалпы Бейімбет фельетондарынан аңғаратын бір ерекшелік – оның газет бетінде шындықты айтып, кінәлілерді, жат қылықты адамдарды аямай сөзбен сынауы – басылым бетіндегі бүкілхалықтық оқырмандар сотына салуы сияқты да көрінеді.
Осының жарқын дәлелі “Уайттың тойы” /Е-і Қ. 1929, 22 ақпан/ фельетонынан көрініс табады. Мұнда автор отбасының некесін бұзып, өз правосын артық пайдаланып, біреудің күйеуін түрмеге жауып, әйелін өзі зорлықпен құшқан кеңес милициясының “менмен”, ұрдажық бейнесін жасайды. Осындайлардан қоғамды тазалау үшін халық алдында, газет бетінде соттайды: “Қалай болғанда да осы туралы Ишан базарында бір сот құрмай жөніміз келмес: мелетсенің міндеті не? Уайт мелетсе міндетін атқарған ба? Мына істері мелетсенің міндетіне кіре ме? Кірмейтін болса қандай статьяға жатады? Осының бәрін шешіп беру керек” /Е-і Қ. 1929, 22 ақпан/.
Бейімбет – фельетонист, Бейімбет – сыншы барлық деректерді өмірден алады, өзі куә болған оқиғаларды шырайын шығара жазады. Ол төрткүл Қазақстанды түгелге жуық аралап, әр жерде болған келеңсіз жайттарды дер кезінде фельетон тезіне салады. Бейімбет фельетондары мен сын мақалаларына Қостанайдың Меңдіғара еліндегі, Жаңарқа, Жітіғара, Жуалы, Балқаш ауданындағы, Түркістан, Қызылорда, Тереңкөзек, Шаян, Торғайдағы, Қарасай еліндегі ауылдық кеңестегі, Адай уезіндегі, Лепсі уезі Сарқан болысындағы, Сарыағаштағы, Еңбекшіқазақ, Ақсу, Қармақшы, Алакөл аудандарындағы, Алматы, Қарағанды, Аягөз, Балқаш, Өскемендегі, Орда ауданындағы орын алған қоғамдық өмірдің көлеңкелі жақтары арқау болады. Мұның өзі Б.Майлин – публицистің ғажап еңбекқорлығын, фельетон дәруі арқылы елді сауықтыруға бағытталған сыншылдығын көрсетеді.
Бейімбет кеңестік кезеңдегі көкейкесті мәселелерді проблема ретінде де күн тәртібіне қойып отырды. Мәселен, “Ағашты сақтаңдар” /А-л. 1924, 20 ақпан/, “Ағаш қараушылардың ісі жолды ма, жолсыз ба” /А-л. 1926, 22 шілде/, “Аманқарағайдың ағаш бақылаушыларында қателіктер толып жатыр” /А-л. 1926, 25 желтоқсан/ деген мақалаларында орман ағашын ретсіз кесіп-қырқуды сынға алады. Әрі табиғат байлығын қорғау проблемасын көтереді. “Бұрынғы кезде ағашы қалың жерлердің осы кезде жалаңаштанып қалғаны бар… Бүгін керек ағаш ертең де керек, биыл керек ағаш ендігі жылы да керек… Ағашты қорғау, сақтау керек. Өстіп, гүлденіп тұрған ағашты кесіп алу қиын емес, бірақ қайтадан сондай ағашты өсіріп алуға 60-70 жыл керек… Ағашты ретсіз кесу мен қырқу – надандықтың белгісі” /А-л. 1924, 20 ақпан/. Сонау 20-жылдары Бейімбет көтерген проблема бүгінгі күнде де бар. Бұл Майлин қойған проблеманың шын өзектілігінің айғағы.
“Еңбекші қазақта” 1926 жылы жарияланған “Мәдениет мұралары” проблемалық мақаласының да негізгі идея, айтар ойы әлі күнге күшін жойған жоқ. Бүгінгі тәуелсіз еліміздегі “Мәдени мұра” бағдарламасымен де астасып жатқан ойлар бар. Онда Бейімбет қазақ даласындағы тарихи ескерткіштерді, мәдени мұраларды сақтау, келешекке жеткізу проблемасын алға тартады.
“Алдымен қорғайтын, не күйде тұрғанын жазып білдіретін, тұрғын елдің аузында жүрген материалдарды жинайтын мәдениет мұралары біздің хабарымызша мыналар:
Қожахмет Жасауи мешіті, моласы (Түркістан қаласында)
“Көк кесене” мола (Қызылорда уезінде)
Сайрам қаласының мешітіндегі тас баған (Шымкент уезі)
“Сұғанақ ата” (Қызылорда уезінде)
“Айша Биби” (Әулиеата уезінде)
“Бес там” (Қызылорда уезінде)
“Аннас” (Қызылорда уезінде)
“Жанкент” (Ақтөбе губернесінде)
“Байтақ ата” (Ақтөбе губернесінде)
“Білеулі” (Үстірттің Қарақалпақ жағының ішінде)
“Қарағай-құдық” (Ақтөбе губернесінде)
“Сарайшық” (Орал губернесінде)
“Алаш ханның моласы”
Осы айтылған мұралардың айналасындағы жолдастардың жіберген материалдары ірі жұмыстың бастамасы болар еді” /Е-і.Қ. 1926, 20 қараша/, – деп Бейімбет қазақ даласындағы тарихи жәдігерлеріміздің болашағына алаңдаушылық білді-реді, келер ұрпаққа аманат етіп тапсырады. Осы проблемалық мақаланың басында:
Маркстің “Ескі заманның мәдениетінен мәжнүн есалаңдар ғана безеді” /Е-і.Қ. 1926, 20 қараша/ деген сөзін эпиграф етіп алып, кеңестік қыңыр саясатқа астарлы түрде қыр көрсететіні де бар.
1927 жылы жазған “Аш-жалаңаш” /Е-і.Қ. 1927, 21 қазан/ мақаласында, атынан көрініп тұрғандай қараусыз, үй-күйі жоқ, аш-жалаңаш балалардың ауыр халын суреттейді. Сөйте отырып, Кеңес өкіметінің құрылғанына 10 жыл болса да оларға қарасатын мекеменің жоқтығын, үкімет, партия, кеңес ұйымдары тарапынан қамқорлықтың болмауын проблема етіп көтереді. Барша адал жүректі адамдарды жетімдерге жәрдем беруге шақырады.
“Олай емес, “Казакский язык!” деген оқшауында қазақ тілінің ахуалын сөз етеді. “Қазақ ұлты – Кеңестер Одағындағы тең құқықты ұлттың бірі. Қазақ тілі де тең құқықты тіл. Бұрын қазақ тілін елемейтіндер, қазақ тілімен сөйлеуді ар көретіндер, осы күні тілі жаңа шығып келе жатқан баладай, балдыр-бұлдыр сөйлейтін болып жүр” /Е-і.Қ. 1928, 14 маусым/, – деп қуанышын да жасырмайды. Бірақ қазақ тілінде іс қағазын жүргізуге кедергі жасап Сырдария губернелік әкімшілік бөліміндегі хатшылық қызметін атқаратын Киселев сияқтылар болыстардан қазақша хат келсе, өшіккен адамдай, бүктеп-бүктеп үстелінің қуысына тыға салатынына қынжылады. Үкімет қаулысының орындалуына осындай кедергілердің ел-елде, жер-жерде бар екенін айтып үлкен проблема көтереді. Бұл проблеманың біздің қоғамымызда әлі толық шешімін таппай келе жатқанын білеміз. Бейімбет ана тіл мәртебесіне көлденең тұрғандарды осыдан 80 жыл бұрын сынап кеткен.
30-жылдары Бейімбет елді аралауға шығып, Семейге барған сапарынан “Алматы – Семей арасы”, “Қара жолдың үстінде”, “Тесіктас қойшылары”, “Кино” очерктерін, Шымкент қорғасын заводын аралап, “Қорғасын заводында”, Қарағандыға барып “Қарағанды”, “Борамбайдың бірінші адымы”, “Қайта қайралды” очерктерін жазады. Бейімбет очерктері бір жағынан жолжазбаға ұқсайды, екінші жағынан жеке адамдар туралы портреттік очерктерге де келеді. “Алматы – Семей арасы” очеркінде Түркістан – Сібір теміржолшыларының еңбегін, Талдықорған жеріндегі Бүйен Ақсу елінің тұрмыс-тіршілігін суреттейді. “Бүйен Ақсу алыста жатқан, артта қалған ел көрі-неді. Бірақ мәдениет шамы жарығын түсіре бастапты. Мектеп ашылыпты, жастары оқып, іске кірісіпті”, егер бұл шалғай мекенге теміржол тартылса, мұндағы ел мәдениет көшіне ілесер еді” /Е-і.Қ. 1929, 3 қараша/, – деген ойын білдіре кетеді.
“Қара жолдың үстінде” жолсапар очеркінде Аякөз қаласының, Мақаншыға қарай жүргендегі “Ақшәулі” ауылының жайын баяндайды. “Аякөз кішкене қала екен. Кішкене болғанымен керектің бәрі бар: пошта бар, телеграф бар. Әжептәуір кәператип дүкендері бар… екі жерде ысталабай, мектептері бар” /Е-і.Қ. 1929, 11 қараша/, – деп кеңес үкіметінің әкелген жаңалықтарына шын қуанады. Ақшәулі ауылында сегіз жылдық сауатсыздар мектебі ашылып, 450-дей адам сауаттанғанын үлгі ете әңгімелейді.
1933 жылы Шымкентке барып ондағы өндіріс орында-рынан очерк жазады. “Ынтығып келген заводтың есігін атта-ғанда екінші дүниеге кіргендей болдым. Ойыншық деймісің; бүкіл дүние жүзінде үшінші орынды кеңестер одағында бірінші орынды алатын завод болса; осы құрылыс Қазақстан жеріне орнап, мыңдаған колхозшы бүгін келіп станокке ие болып, социалистік отанға биылдың өзінде он мың тонна қорғасын береміз деп еңбекпен алысып жатса…” /Сд.Қ. 1933, 3 ноябрь/, – деп қорғасын заводындағы еңбек ырғағына, онда қазақ жұмысшыларының жүргеніне ерекше марқайыс, шаттаныс сезімін білдіреді.
Шымкенттен келе салып, көп кідірмей, Қарағандыға аттанады. “Алматыға қайтқан соң жазуға кірісу қиын соқты. Кемшілігім бар екен. Сондықтан Қарағандыға аттандым. Онда барған соң геройларым кеңейді, материалдарым толықты” /Сд.Қ. 1933, 3 январь/, – деп Бейімбет шахтерлер арасынан бір-ақ шығады. Қарағандыға бара жатқанда: “Есіл, Нұра бойлары тағылық өмірдің құшағында тұрғанда, қойнымдағы кенім ақтарылады, кеудемді темір жол басып өтеді – деп ойлады дейсің бе?.. Қарайғыр көмір алабы болған Қарағандыға бара жатқанына бұлданғандай, жер сілкінтіп арқырайды. Бұлдана-тын да жөні бар: тартып келе жатқан жүгінің көбі Қарағанды Омбының құрылысына қаланатын “кірпіш”. Осы келе жатқан жүргіншілердің ішінде кімдер жоқ: жолдастық көмегін көрсе-темін деп келе жатқан Донбасс жұмысшылары да осында, ірі мектеп бітірген мамандарың да осында, тәжірибе жұмысына келе жатқан оқытушыларың да осында” [211, 39-40 бб.].
Автор алғаш Қарағандыға осындай көтеріңкі көңіл-күймен келеді, бірақ өндірісті аралай келе, шахтерлер өміріндегі олқылықтарды көреді, техника жетпейтініне көзі жетеді. Сол кемшіліктерді де проблема түрінде очеркте жазады. Бейімбет-тің осы сапарында “Қарағанды” [211, 40 б.], “Шахты – 17” /Қар.П. 1935, 15 сәуір/, “Шахты №3-26” /Сд.Қ. 1935, 28 сәуір/ деген циклды очерктерін жазып, жариялады.
Бейімбеттің Шымкент, Қарағанды сапарларынан жазылған очерктері “Алыптарды аралағанда” деген атпен 1934 жылы кітап болып басылып та шығады.
Майлин – публицист “Таймас” атты портерттік очеркінде “Мойынтал” ұжымы кеңесінің төрағасы Таймастың бейнесін жасайды. Семей округінің Қызыл тас ауданындағы алғашқы қазақ киномеханиктерінің бірі Сәдуақас Қарашұлы туралы “Кино”, Шымкент заводының жұмысшысы Хамит хақында “Қиын емес үйренеміз”, Қарағанды шахтері Боранбай Қонысбаев жөнінде “Боранбайдың бірінші адымы”, “Бәстескенде байқалады”, “Қайда қайралды” атты портреттік очерктер циклын жазады. 1935 жылы Балқаш, Қоңырат кенді орындарына барып “Болат құстың кеудесінде”, “Екінші күн”, “Оқытушылар” очерктерін жазып, жариялайды.
Бейімбет очерк жазуға басында қиналады. Бірақ сапарларда көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін әбден ойда пісіріп алып, қазақ даласындағы өндіріс орындарының жұмысы туралы тұңғыш қалам тербейді. Оның үстіне өндіріс тақырыбына жазудың қосымша қиындықтарына кездеседі. Сол үшін де зерттеп, зерделеп барып, жол очерктерін, портреттік, проблемалық – аналитикалық очерктерді жазудың нағыз үлгісін көрсетеді. Тағы бір айта кететін жайт – журналистік іссапарға шығып, өндіріс, елді мекендерді аралап, көзімен көріп жазуға алғаш талпыныс жасаған осы Бейімбет екендігіне оның тынымсыз шығармашылық жолы дәлел.
“Бір өзі туған әдебиетіміздің бір байтақ әлемі” деген ат алған Б.Майлин көптеген әңгіме, өлең, повесть, роман кітаптарын шығарумен бірге әдебиет мәселесіне үнемі араласып отырды. Әдеби сын, рецензия, хаттар жазып, әдебиет кеңістігіндегі жайттарды қызу талқыға салды.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында “ескілікті көксеу”, “байшылдық”, “ұлтшылдық” сарыннан арылу сияқты тенденциялар бой көрсетті. Сол кезде ұлы Абай шығармалары туралы да әрқилы теріс пікірлер айтылып жүрді. Бейімбет осы уақытта Мәскеудегі Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінің оқушысы Б.Кенжебаевтың “Абай” атты әділ баға берген мақаласын 1925 жылы “Еңбекші қазақ” газетіне (№350-360) басқызып жібереді. Кейіннен Бейсембайға хат жолдап: “Батыл жазу керек осылай!” [212], деп ырзашылық, шын қуанғандық білдіреді.
“Сәкен!” деген мақала-хатында /Сд.Қ. 1936, 12 шілде/ қатарлас қаламдасының әдеби жетістіктеріне жоғары баға береді. С.Сейфуллиннің кейбір әдеби кітаптары сынға ұшырап жүрген кезде, Бейімбеттің бұл қолдауы шын жанашырлықтың, адал достықтың белгісі еді. “Қалам батыры – Қалмақан” /Сд.Қ. 1936, 12 қыркүйек/ деген мақаласында Бейімбет өзі қол ұшын беріп, арбакеш-делбешіден жазушылыққа дейін өскен Қ.Әбді-қадыровтың он жылдық ақындық жолына талдау жасайды.
Бейімбет пен Ілиястың достығы, байланысы жеке зерттеу еңбегіне арқау боларлықтай. Оның І.Жансүгіровке жазған хаттарында қазақ әдебиетінің көптеген мәселелері талқыға түсті.
Бейімбеттің “Екі оқушыға жауабым” атты тарихи хаты да әділ бағасын алатын уақыт жетті. “Бейімбеттің 20 жылдық ақындық өмірі”, “Бейімбет туралы”, т.б. сын мақалалардағы жазықсыз “жаптым жала, жақтым күйе” салқыны табиғи тума таланттың жолын кескені ақиқат еді. Бірақ заман қыспағына түскен қаламгер: “Жазып жүргеннің өзінде де мен сол өлеңде-ріме қорашсынып қарайтын едім. Қаншама тәуір етіп жаздым десем де, артынан өзім оқыған соның бірдемесі жетпегендей, оқушыларға дөкірт, оғаш көрінетін сияқтанып тұрушы еді” /Сд.Қ. 1934, 12 маусым/, – деп төменшіктеуіне тура келді.
Тарихи шындықтың бетіне тура қарасақ, Бейімбеттің бір өзінің жазғаны - әдебиетті биік белеске көтеріп кетті. Ал оның публицистикалық мұрасы – қазақ публицистикасының күміс баулы алтын діңгектерінің бірі. Майлин публицистикасының ерекшеліктері ретінде – оның қазақ фельетон жанрын қалыптастырып, түрлік жағынан байытқанын, сыншылдық көзқарасын, бүкіл шығармаларындағы юмор мен сатираның кездесетіндігін, тақырып тапқырлығын, тың проблема көтере білуін, елге түсінікті қарапайым тілмен жазуын, диалогты, монологты, авторлық баяндауды шебер пайдаланатындығын, жазғанының көптігі мен көркемдігін, халықпен біте қайнасып, көзбен көріп барып жазатынын, іссапарға шығуын, шығарманы тартымды бастау, қызықты оқиғаны өрбіту, ойлы аяқтау тәсілдерін меңгергендігін айтуымыз керек. Сондай-ақ ең көп бүркеншік аттар қолданғандардың бірі де – осы Бейімбет болатын. 1913 жыл мен 1937 жылдың аралығында ол “Бимет Майлин”, “Бимұхамед Майлин”, “Малай”, “М-тай”, “М”, “Б-М”, “Біз”, “Кедейшіл”, “Оқытушы”, “Оқушы”, “Шолушы”, “Қоңыраушы”, “Қайдауыл”, “Балықшы”, “Бір көрген”, “Көз”, “Жалаңаяқ”, “Жолшыбай”, “Жолаушы”, “Естіген”, “Көзі көрген”, “Тілші”, “Б-ж”, “Шаңқан”, “Шоң”, “Б-т”, “М.Б”, “Мен”, “Б”, “Ішінде болған”, “Газетші”, “Өзім”, “Жасқаншақ Алтай”, “Жасқаншақ”, “Алтай”, “Жуас”, “Алакөз”, “Егінші”, “Қарабала”, “Мұғалім”, “Жалшы”, “Ел аралаған”, “Бейімбет”, “Майлыұлы”, “Мереке”, т.б. бүркеншік аттармен қол қойған. Сонымен 20-шы, 30-шы жылдардағы қазақ публицистикасы-ның ерекше қарқынмен дамуын, жаңа түрлік, жанрлық тұрғы-дан ауқым аясының кеңеюін Б.Майлин – публицистикасынсыз елестету де мүмкін емес.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   56




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет