Роман тақырыбы, идеясы «Ақбілек» романы – кезінде жеке кітап болып басылып үлгермеген шығарма. Романда азамат соғысы кезіндегі қазақ даласындағы аласапыран жағдай, әлеуметтік тартыстар, жеке адамдар тағдыры сөз болады. «Мұнда феодалдық-рушылдық ортада жікшілдік тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының жаңа заман шындығын пайдаланып, өз бақытын табуы, тең құқылы азамат болуы бейнеленеді», –дейді С. Қирабаев[9, 14 б.]. Ақтар қашып, қызылдар қуып, қазақ елі тыныштықтан айрылған заманда көптеген қиянат, зорлық-зомбылықтар болып жатты. Әсіресе қазақ қызының бұрын болмаған қорлыққа ұшырауы – ауыр сын. Оны жеңіп шығу үшін қайрат-жігер, төзім керек болады. Романдағы басты кейіпкер өмір ауыртпалығын осындай қасиеттері мен білім арқасында жеңіп шығады. Ақбілек, Қарамұрт, Бекболат бейнелері Негізгі кейіпкер Ақбілек – роман басында уайым-қайғысыз жүрген ерке қыз. «Мамырбайдың Ақбілегі, Ақбілегі – жас түлегі, айы-күні – сұлу қызы, алтын сырға, күміс шолпы сылдырлатып, былдырлатып, ақ көйлегін көлеңдетіп, қызыл, жасыл көрпелерін қағып үйге әкелген ед» [9, 145 б.]. Ақбілек екі кештің арасында бақытсыздыққа ұшырайтынын қайдан білген. Тауды паналап жүрген қашқын ақтар Мұқаштың көрсетуімен Ақбілекті тауға алып кетеді. Бірінші рет көріп тұрған өңшең орыстардың ортасында Ақбілек қара мұрт орысқа назар аударады. «Олар күліп жаңылдап отырғанда, төрде жатқан ұзын бойлы, аққұба, қара мұрт орыс оянып, қырынан жатып, Ақбілекке көз салды. Ол өзгелердей сөйлескен де, күлген де жоқ, көп күліп жатқанда, біреу сазарып отырса, оның жаны жұмбақ қой. Жұмбақ нәрсе адамды құштар қылмақ қой. Әлде өзіне бастас қылғысы келді ме, немесе одан бір жылы сөз күтті ме, болмаса әйелге біткен жеңсікқойлық мұны да жеңді ме, әйтеуір қапаста қапаланып, жалынарға жан таба алмай отырған Ақбілектің көзі еріксіз қара мұртқа түсті». Ақбілектің қара мұртқа үмітпен қарауы одан бір көмек күткендікті білдіреді. Проф. Қ.П.Жүсіп өз дәрісінде осыны Л.Толстой айтқан «жан диалектикасы» деп түсіндірді. Кейін өзі үшін екі орыстың жекпе-жекке шыққанын естігенде Ақбілекті мақтаныш сезімі билейді: «Алды-арты тұйық, қараңғылық, не болары белгісіз… сонда да Ақбілек тірі, Ақбілек сұлу… Ол елден асты. Қазақ тұрсыз, атағын орыс естіп, іздеп келіп, алып қашты… орыс біткен бұған бола қырқысты…» [9, 160 б.]. Ақбілек бұл істің Мұқаштан келгендігін білмегендіктен осылай ойлады. Ақбілек басында орыстарды құбыжық көргенімен, кейін оларға үйренісуге тура келеді. «… анасын, ауылын ойлап, аузына дәм салмай, аштан қатып, бүк түсіп көрсе де, әрі-беріден соң шыбын жаны түскір шыдатпады, мезгілсіз өле алмады. Өмір шіркін неден сонша тәтті болды екен! Адам дегеніңіз «Басқа түссе, баспақшыл» болады екен. Абақты екеш абақтыға да, зынданға да, соғысқа да жүре-жүре адамның еті үйреніп көндігіп кетеді деседі, өлім жазасына бұйырылғанын естіген адам да тамақ жеп, ұйқы ұйықтап, өмір сүруден безе алмайды деседі. Дүниеде адамнан көнгіш мақұлық бар дейсіз бе? Ақбілек те бірте-бірте тұтқынға еті өлгендей, бойы үйренгендей болды» [9, 170 б.]. Жазушы осында жалпы адам баласының өмірдің кез келген жағдайына көндігетінін айтып отыр. Ақбілектің көзқарасынша Қара мұрттың өзіне бәйек боп, жас баладай күтуі ерсі, таңсық. Қазақ ғұрпында еркектің әйелге олай кішіреймейтінін білетін Ақбілек Ќара мұрттың мінезін оғаш көреді. ¦лттыќ ерекшелікті кµреміз. Ақбілек жас болса да ширақтығымен өзін қара мұрттың мылтығынан аман алып қалады. – Мені өлтірме! Қасықтай қанымды қи! Мен саған тағы керек болмасымды қайдан білесің? Мен түсімде саған еріп қала барып жүр едім. Сен бұл жолдан аман-есен қайтасың, елге аман барасың…- деді [9, 173 б.]. Ақбілектің қасқырларды көргенде ойына бірден от жағу келмейтіні нанымды берілген. Қолындағы таяғын сермеп, айналып жүргенде аяғы күлге тиіп кетіп, шоқ шашырағанда ғана есіне от түсуі жазушылық шеберлікті білдіреді. Еліне қарай кетіп бара жатқан Ақбілектің сезімін жазушы психологиялық параллелизммен шебер жеткізеді: «Асуға шыға бергенде, артына бір қарады. Аяқ астында томардай томпиып қостар тұр. Анау тау жылғасындағы ағаш, анау көгал, анау сай-сала, анау орқаш-орқаш тас Ақбілектің адамгершілігін аяққа таптаған, абыройын төккен жер. Оларға көзі түскенде күйінген, өкінген, жиренген - әйтеуір өзегін өртеген бір жаман сезім пайда болды. Төрдегі таза төсенішті былғап кеткен күшікті желкесінен ұстап, өз тезегіне өзінің тұмсығын тигізсең, қандай жеріп, қыңсылап, кейін шегінеді. Артына қарағанда, Ақбілек те сол күшік тәрізді болды. Қарағысы келмеді, теріс айналды» [9, 177 б.]. Осы үзінді роман жанрының психологиялық екенін айқындай түседі. Намысы тапталғаннан кейінгі қыздың қорлануын жазушы бейнелі суретпен көз алдымызға дәл келтіреді. Ақбілектің аяғы ауыр екенін жазушы әуелі нақты айтпайды, жанамалай білдіреді. «… тағы бір өрге шыққанда аяғы қорғасын құйғандай ауырлап кеткен тәрізденді; сүйектері сынып бара жатқандай болды. Ақ сүйек ойнағанда ор қояндай орғып, бір қажымайтын аяғы түскірге не болды? [9, 177 б.]. Қыз тәжірибесіз болғандықтан екіқабат екенін білмейді. Қыздың аяғының ауырлап кетуі –деталь. Жазушы Пушкиннің «бәрін айтпау» деген қағидасын ұстанған. Жолда бір ауылға тоқталғанда да қыз кедейдің үйіне барғанды қалайды. Себебі көпшіліктің көзіне күйсіз қалпында түскісі келмейді, бейсауат жүрісінен де қысылады. Мұнда да қыздың байыптылығы, ақылдылығы білінеді. Аулына келе жатып Ақбілек өз-өзінен жирене бастайды: «Енді бұрынғы нәрестедей уыз денесі былғанып, арамданып қалған тәрізді, бұрынғы кіршіксіз, аппақ кеудесіне енді қара құзғын ұя салып кеткен тәрізді; күнә-сұмдықты білмейтін ақ жүрегі арамдықтың неше атасын біліп, бұрынғы қыз басы қатын боп қалған тәрізді: бұл былғанған дененің кірі, жанның күнәсі өмірі тазармайтын тәрізді. Өз аулының тауына, жеріне жақындаған сайын таза жерді басуға өзінен-өзі ұялып, атылып өліп кетпей, қара мұрттың мылтығына бекер-ақ жармасқан екем деген өкініш пайда болды; ит жалап кеткен ыдыстай, өзінің денесін де арам деп білді…» [9, 194 б.]. Бұл монолог Ақбілектің ішкі арпалысын, тартысын білдіреді. Ақбілек аулына келгенде біраз уақыт ауыл адамдары оған бәйек боп, жаны ашитындай, сыйлайтындай көрінеді. Ақбілек «жұрттың көзқарасы маған өзгермепті, менен ешкім жиренбейді екен» деген ойда болады. Сіңлісі Сара мен інісі Қажікенді күтіп, бауырмалдығын көрсетеді. Бірақ Ақбілекте басқа қайғы пайда болады. Әкесі бұрын қызы дегенде өліп тұратын болса, енді қарамайтын, сөйлемейтін болған. Онсыз да қорланып жүрген Ақбілекке әкенің суып кетуі ауыр тиеді. «Әкесінің қабағы қашан жадырар екен, қашан жылы қарар екен, қашан тіл қатар екен?» – деп сарылып, сарғайып күтеді. Жар дегенде жалғыз әкем мені жек көрсе, енді мен кімге сыямын?» деп қайғырды» [9, 242 б.]. Ақбілек қанша қайғырғанмен, әкесі қарамайды, қызы да күдерін үзіп, үй шаруасымен айналысады. Жеңгесі Ұрқия Ақбілекке жұрттың «орыстар не істеді екен, орыстан кейін не боп қалды екен?» деп ойлайтынын айтады. Ұрқияның өз ойы да осы болатын. Ақбілек жеңгесіне бастан - аяқ баяндап береді. «Оңаша болса: жеңгесі Қарашат жайынан оны-мұны сұрап қояды. Ақбілек дүние көрген кісі боп, кейде қарамұрттың қылықтарын асыңқырап айтатын да болды. Өткен күндер бір түрлі жиренішті болса да, айта-айта жиренішті жақтары ұмытылып, сұлу жақтары көбейіп, ертегі тәрізденіп кетті». [9, 244 б.]. Кеше ғана арын таптап жұртқа масқара қылған қарамұрт туралы Ақбілектің кексіз, тамсанып әңгімелеуі туралы Б.Майтанов былай дейді:« Ажал тырнағынан құтылғанына қуанған Ақбілектің Қарамұртты мүлде естен шығара алмауын көрсетуде көлгірсушілік жоқ» [10, 37 б.]. Қайткенде де Ақбілек Қарамұртқа ызаланбайды. Тіпті Бекболат келгенде де оның саусақтарын Қарамұрт саусақтарымен салыстырады. Сөйтіп жүргенде аяғы ауыр екені білінеді. Ақбілекке бұл жаңа дерт болады. Ақбілекке өгей шешесі Өрік қатты өштеседі. Әсіресе аяғы ауыр екені білінгенде қуанғаннан жүрегі жарыла жаздайды. «Бұ хабарды естігенде, Өрік өлген байы тіріліп, екі баласы қолына тигендей қуанды. Дүниеде әйел бір-бірімен өштеспесін. Әйел өштессе, аяу дегенді білмейді. Қайдағы жараның аузын жұлып алатын нәзік, жанды жерді аңдиды. Әйел шақса, шаяннан бетер шағады. Әйел өмірі кешірмейді» [9, 279 б.]. Жазушы әйелдер психологиясын жетік біледі. С.Шаймерденов үнді жазушысы Тагордың «Күйреу» романын аударғанда былай депті: «Мен өзім оқыған классикалық әдебиетте әйел жанын дәл осы Тагорша терең түсініп, нәзік те, шебер суреттей білген жазушыны білмеймін» ,–дейді. Жүсіпбекті Тагордан кем түседі дей алмаймыз. Ақбілек ұзақ азаптанып, Көркембай кемпірдің жаман үйінде ұл босанады. Бірақ оған қуанатын Ақбілек емес. Аналық сезімін туғанға дейін көрген азап, қорлығы тұмшалап тастағандай. Кемпірге баланың көзін жоғалт дейді. «Ақбілек те Ескендірден (сәбиін білмей тұрып) қашқан. Ұяттан қашқан. Моральдық фактор үстемдік көрсеткен. Бәрінен бұрын өзін сүйген. Өзін аяған, әкесін, жақынын аяған. Ақбілек бейнесі сонда да тартымды. Оған себеп – жазушының ұлттық орта, психология талаптарын айқын сезіне біліп, кейіпкерін жағдай мен мінез бірлігі тұрғысынан сенімді түрде суреттеуі» [10, 38 б.]. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей Бекболат та «екіқабат екенің рас болса, түңілейін» деп хат жазады. Әйтпесе ол Мамырбайдың бермеймін дегеніне қарамай Ақбілекке үйленбек боп жүреді. «Бір қайғының үстіне бір қайғы жамылып, Ақбілек ең соңғы алданышынан айрылғандай, ойын қара тұман басты; кешегі баладан неге өліп кетпедім екен деген ой тағы келді. Өзін бұл дүниеге керексіз, артық адамдай көрді» [9, 283 б.]. Бұдан кейінгі Ақбілектің өмірі бес жыл өткен мезгілден кейін шегініс арқылы Кәмиламен диалог арқылы баяндалады. Ауылдағы жанашыры жеңгесі Ұрқия болса, қалаға оқуға келген соң туған жеңгесі Мағиша қамқоршы болады. Ақбілек Семейде, Орынборда төрт жылдай оқиды. Басқа қыздар секілді жігітпен қыдырмайды. Жеңгесінің ақылын тыңдайды. Жеңіл жүріске салынып кетпей, білім алып шығады. Ол салмақтылық, шыдам, ерік-жігер көрсетеді.. Ақбілек әуелі Ақбала деген оқығанға көңілі кетіп, екеуі үйленбек боп жүреді. Бірақ Ақбала Ақбілектің жағдайын естігенде бас тартады. Балташ деген оқыған жігіт Ақбілектің басынан өткенін білсе де үйленеді. «Сенің өткен күндегің маған керек емес, адамшылығың керек. Өткенге сен жазалы емессің», – дейді Балташ [9, 313 б.]. Ақбілек Балташпен некеге тұруға барғанда баяғы Қарамұртты көреді. Ақбілек оған кештім дегендей басын изейді. Қарамұрттың да өкінген сыңайы байқалады. Ал Ақбілек Балташқа ешнәрсе сездірмейді. Сыр сақтай білетіндігі, кейбір нәрселерді айта беруге болмайтынын жас та болса байыптай алатыны аңғарылады. Ақбілек Балташпен еліне бара жатып жолда бір ауылға түседі. Кірген үйлері Бекболаттікі боп шығады. «Бекболатпен жолыққан күндер замат көз алдына елестеп өтті. Әйтсе де өткен күнге өкінген жоқ. Бұрынғы арман қылатын тұрмыс енді аяқ астында қалғандай, өзі басқа бір жаңа, жарық дүниеге көшкендей. Бір жоғары көңіл пайда болды. Бекболат бұрынғыдай емес, сақал, мұрты да көбейіп, бет-аузы да ажымданып, бойы да аласарып, қораш боп қалғандай көрінді» [9, 319 б.]. Жазушының Ақбілекті Қарамұртпен, Бекболатпен кездейсоқ кездестіріп отыруы Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы кейіпкерлердің бір -біріне жолығып қалып отыруларына ұқсайды. Толстой да Наташа мен Андрей Болконский, Болконский мен Анатоль Курагин, Пьер Безухов пен Долоховтарды өмірлерінің әр түрлі соқпақтарында ойламаған жерден кездестіріп отырады. Бұл тәсіл кейіпкерлердің өмірге деген көзқарастары өзгеріп, өздері не биіктеп, не төмендегендерін дәлелдеу үшін қажет болған. Ақбілек бұрын үйінде жүргенде Бекболатқа қосылсам деп, көз алдына бақытты тұрмысты елестетуші еді. Енді уақыттың өзі оларды қайта жүздестіріп, Ақбілектің жоғарылап кеткенін, Бекболатты менсінбейтіндей халге жеткенін көрсетіп отыр. Кезінде қорлық көріп, Ұрқиядан басқаға керек болмай кеткен Ақбілек енді оқыған, жар тапқан әйел боп келе жатыр. «Ақбілек Алтайға шыққанда, баяғы апасын өлтіретін, өзінің абұйырын алатын, өгей шешенің қорлығын шегетін, Көркембай кемпірдің көр үйшігінде жаны көзіне көрінетін, алай-түлей, қараңғы күндер барса келмеске біржола кеткендей, анау алыста, етекте біржола қарасы өшкендей боп көрінді. Ақбілек бейнеттен, қорлықтан, күнәдан құтылып сонау жеті қат көктегі ғарышқа апарып, жүрегін алтын легенге салып жуғандай, анадан жаңа туғандай тәрізді. Оның жүрегін жуып, тазартқан леген – аяулы жаны, Қаратаудай қайратты, ай мен күндей ғылым еді» [9, 320 б.]. Бұл үзінді – роман идеясы, түйіні. Ақбілек оқудың арқасында жаңа адам боп өзгерді, көзі ашылды, жар тапты. Бұрынғы күйіктен із де қалмады. Ескендірдің өз баласы екенін білгенде Ақбілекті аналық сезім балқытады, өлтірмей алып қалғанына Ұрқияға риза болады. Кейін өз қолына алмақ болады. «Кезінде көзін құрттыға санаған Қарамұрт пен өзінен туған баласы – Ескендірге деген махаббат – аналық ұлы мейірім шуағы. Қасірет тозағының аспанынан бақыт жұлдызы шыға ма? Әкесін сүймей, оның перзентін шаттық көру қандай ғажап! Түсініп бағыңыз. Адам жаны неліктен төзімді, неге жұмбақ? Небір қияметті көтеретін адам жүрегі қандай берік?! Қаншама қайшылық бір адамның жанына қалай сыймақ? Керемет қасіреттен кейін баянды қуаныш табыла ма? Бүгінгі қуаныш кешегі қасіретпен қайтіп үйлеспек? Ақбілек тағдыры алдымен осы тақылеттес жан жүйе болмысына тән кермек сауалдарды алға тартуымен нанымды» [10, 38 б.]. Жазушы Ақбілек бейнесіне қатысты оқиғалардың бәрін логикалық, психологиялық дәлелдермен бере білген. Ақбілек бейнесін С.Қирабаев пікірімен қорытуға болады: «Әрине, Ақбілектің бұл күйге жетуі оңай бола салған дүние емес. Жазушы оның қайшылықты тағдырын жеңілдетпей,үлкен психологиялық образ дәрежесіне көтере білді.» [9, 15 б.]. Автор кейбір кейіпкерлердің өзін сөйлетіп, кім екендіктерін өздеріне айтқызады. Соның бірі – Қарамұрт. Қарамұрт байдың баласы, әскер академиясын бітірген, құл-құтанға бағынбаймыз деп қашқандардың бірі. «Мал-мүлкімді талады, кісімді өлтірді, қызымды алып кетті деп, бізді бұзық адам көріп, қазақтар жазғырады-ау… аң сықылды жайылған қазақ, біздің неғып мұндай күйге түскенімізді қайдан білсін?» [9, 150 б.]. Ол да өздерін ақтайтын дәлелдер келтіреді. Жетіскеннен тау паналап жүргеміз жоқ дейді. Өңшең еркек болғандықтан бізге де әйел керек болды дейді. Оның бір дұрыс ісі –Ақбілекті көпке ортақ етпей, өзі иемденуі, сол үшін өлімге бас тігуі. Бір оғаш ісі – кетерде Ақбілекті атып кетпек болуы. Алдыңғысы – адамшылығы болса, кейінгісі – тасжүректігі. Адам өлтіру тауық өлтіргендей болып кеткендігі. Ол өзін емес, заманды айыптайды. Бекболат та өзі туралы өзі баяндайды. «Қара торы, орта бойлы, қошқар тұмсық, түлкі мұрт шүңірек көз жігітпін» [9, 149 б.]. Бұрын бір байдың, осы күні орта шаруаның баласы екенін, Ақбілекті елден таңдап айттырғанын, қалыңдығына жасырын келе жатқанда Ақбілекті әкетушілердің оғы тиіп жараланғанын айтады. Ауруханада жатып Ақбілекті ойлайды. «Ол осы күнде не күйде екен? Әлде тұтқында екі көзі жаудырап, жасын бұлап жүр? Әлде орыстар өлтіріп тастады? Әлде бір сары орыспен құшақтасып отыр? Әлде бәрі жабылып … деген ойға келгенде, шауып келе жатып, биік жардың ернеуіне төніп қалған кісіше, денесі шіміркеніп, жүрегінің астыңғы жағындағы бір нәзік қыл үзіліп кете жаздағандай болды» [9, 196 б.]. Жазушы Бекболат басындағы үрейленуді бейнелі түрде көз алдымызға елестетеді. Бекболат Ақбілекті алғаш көргенін есіне алады: «Маңдайы қасқиып, мойны қаздиып, көзі мөлдіреп, ерні үлбіреп, үріп ауызға салғандай жұтынып тұр еді-ау! Тал бойында бір міні жоқ, жаңа шығып келе жатқан сүйріктей еді. Шашбауын сылдыр еткізіп, сып етіп түрегелгені, тізесімен ақ көйлегін серпе тастап, аяңшыл бедеудей кербездене аяқ басқаны, дауысы күмістей сыңғырлап тәп-тәтті күлгені, … нәп-нәзік торғын қолымен қолтықтап көтеріп аттандырғаны, – бәрі-бәрі сондағыдай сайрап көз алдына келді» [9, 200 б.]. Ақбілектің сұлулығы, сымбаттылығы, нәзіктігі, әдептілігі, ақылдылығы, Бекболаттың көз алдынан кетпейді. Таразы басына сезімі мен жұрт талқысы қатар салынады. Қандай шешім қабылдарын білмей, біраз құбылады. Бәрін сарапқа салады: «Орыстардың талқысынан қалған қызды бұл ала ма? Алмай ма? Дүйім елге әйгілі боп, абиұры кеткен қызды қалай алады. Екі сөздің бірінде құрбы-құрдас бетіне басады ғой. Бірақ құдайшылыққа келгенде Ақбілек сорлыда не жазық бар? …Ел өсегінен қорқып, шынымен алмай кетпегі ме? Қой, өмірде қызық болмас. Өзге қызды алса да, оның суреті көз алдынан кетпес. Өмір бойы өкінер де жүрер» [9, 201 б.]. Сөйтіп Бекболат қабырғасымен кеңесіп, Ақбілектің жолында бәріне көнуге тоқтайды. Мұнда Бекболаттың ішкі тартысы көрінеді. Ақбілектің хабарын зарығып күтеді, табылғанын естігенде қуанғаннан оның орысқа масқара болғанын ұмытып кетеді, боранда адасып кетіп табылғандай болады. Досы Ақбергенге де соңғы байламын айтады. Ақбілекпен де кездесіп қайтады. Бірақ аяғы ауыр екенін естігенде қазақшылығынан аса алмайды. Кейін Ақбілектер жолда Бекболаттың үйіне тоқтағанда Бекболаттың Балташтан төмендігі, оқымағандығы білініп қалады. «Ақбілек трагедияның ішкі жаны болса, Бекболат – сыртқы кескіні. Бекболат – оқиғаның дүмпуі, жаңғырығы, қасіреттің зардабы, жағдаяттың қисынсыз құрбаны. Бекболат еш нәрсеге айыпты емес. Бірақ ол кінәлі жандай абыржиды» [10, 46 б.].