Р. М. Муталиева қазіргі қазақ әдебиеті


Мұқаш, Балташ, Ақбала бейнелері



бет4/6
Дата10.06.2016
өлшемі0.6 Mb.
#126375
1   2   3   4   5   6

Мұқаш, Балташ, Ақбала бейнелері

Ақбілекті орыстарға көрсетуші – Мұқаш. Ол да өзін былай таныстырады: «Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау, жар қабақтау, кірпі шаш, қырыс маңдай, қара сұр жігітпін. Жасым отыз бесте. Әкем Тойбазар, өзім Мұқаш болғалы, аузым асқа, ауым атқа жарыған емес» [9, 153 б.].

Өмірі жарып көрмеген Мұқаш кейін әр түрлі кәсіп істеп, орыстармен араласып, тіл үйренеді. Кеңес өкіметі орнағанда мылтық асынып, яшейкенің жұмысын істейді. Өзіне пайда түсіріп, кегі бар кісілерден өшін алады. Болыс болмақ боп жүргенде Мамырбайдың Төлегені үстінен арыз түсіріп, сайлатпай қояды. Қашып жүрген ақтармен араласып, оларға Ақбілекті көрсетіп кегін алады. Жолда келе жатып: «Япыр-ау, мен қазақпын ба? Қазақ болсам өз қаныма неден мұнша өшіктім? Ағасы болмаса, бұ қызда не жазық бар еді? Тегі, мен өлерімді білмейтін, ақымақ шығармын. Әйтпесе, елді осынша шапқыншылыққа ұшыратып, осынша қан қақсатып, зарлатып, қарғыс алып, жексұрын болғанда, қайда сиям, қалай тіршілік етем деп ойладым екен», – деп ойлайды» [9, 161 б.]. Істегенін таразыға салып сараптайды. Біресе мен болмасам да, басқа біреу істер еді, байларды аямау керек деп құбылады.

Осы ойлармен үйіне келгенде ұлына жақындағысы келмейді. «Күнәға батпаған періштедей сәбиге жаман қолын, арам демін, арам ернін тигізуге батылы бармады. Молдадан да, ұйықтап жатқан нәрестеден, нәресте емес өзінен ұялғаны күштірек тәрізденді» [9,

163 б.]. Жамандық істесе де, жүрек түкпірінен ұят, өзінен жирену сезімдері қылт етіп бой көрсетіп қалады. Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романында да кісі өлтірген бір кейіпкер балаларынан қысылып, былай дейді : «Оларды сүюге, оқытуға, тәрбиелеуге қалай ғана дәтім шыдайды, оларға ізгілік жайында қалай айтпақпын: мен кісі өлтірдім ғой» [11, 382 б.].

Адамның ішкі психологиясын суреттеу жағынан Жүсіпбек пен Достоевский арасынан ұқсастық көруге болады. Достоевский өзінің шығармашылық мақсаты туралы былай деген болатын: «При полном реализме найти в человеке человека» [12, 400 б.]. Адамның ішіндегі адамды тауып, тану үшін жазушыда ерекше қабілет болуы керек.Ондай қабілет Жүсіпбекте ерекше дамыған.

«Жалшыдан көтерілмек болған Мұқаш біресе қызыл, біресе ақ жағында жүріп, Ақбілек трагедиясына жол ашып берді. Жеке басының араздығы үшін елінің намысын таптады. Ақбілек үшін өкінуі көп талықысынан сескену ғана. Мұқаш қызмет таңдайды, әліне қарамай болыстыққа жүгіреді. Төңкеріс Мұқаш тәрізді түйсіксіз шолақ белсенділердің мансабына бола жасалып па еді? Мұқаш солай ұғынады. Талай кедей байлықтың көзі айла, аярлық тіпті ақыл-сана биіктігімен сабақтас екенін біле қойды ма екен?» [10, 41 б.].

Сондай аласапыран кезде талай Мұқаш секілділердің мансапқа ұмтылып, ебін тауып біреуге жағынып беделді орынға ие болмаққа жанталасқандарын жазушы әдейі көрсетіп отыр. Мұқаш секілді қай бейне болмасын, бәрі де заман сырын аңғартатын типтік тұлғалар.

Сол Мұқаш ақтарды қызылдарға ұстап беріп, жақсы атты боп, болыстыққа сайланғысы келгенмен жаман істері ашылып, елге жексұрын болып, өкіметтен жақсы ат ала алмай, пұшайман болып еліне қайтады.

Балташ бейнесі көбіне Ақбаламен салыстырыла беріледі. Ақбаланың қасында ол онша көзге ілінбейді. Бірақ Бекболаттан жоғары. Романда Балташ былай суреттеледі: «… енді бірі келбетті де, киімі де қоңырлау, жүріс-тұрысы да солапаттау Балташ деген жігіт еді;» [9, 217 б.]. Оның түсінігі таптық тұрғыда. Әбен деген бай туралы: «Бай неліктен бай болады дейсің? Елді жеумен, нашардың қанын сорумен, солардың еңбегімен бай болады. Матайдың Әбені, меніңше, елді құртқан, барып тұрған сыболыш кісі, ең зиянды элемент. Меніңше, оның көзін жою керек», – дейді [9, 221 б.] Өзін кедейшіл етіп көрсетеді. Айтысу жағына келгенде Ақбаладан білімі кем. Балташ, Ақбала, Төлегендер саяси-әлеуметтік жағынан, жаңа өкімет талаптарына көзқарастары жағынан көбірек бейнеленеді. Қазақ оқығандары арасында үш ағым болады. Үшінші ағымның айтатыны: бізде тап жоқ, тап тартысы деген орысқа еліктегендік. Біздің кейіпкерлер бұл ағымда жоқ. Мұнда Жорғабек пен Тыпаң бар. Тыпаң сол үшін Әбен байдың елге жасаған жақсылықтарын айтып, жақтаған болатын. Балташ қолдайтын бірінші ағым: «қазаққа төңкеріс жасау керек: байдың жер-суын, мал-мүлкін, жазаласа артық қатынына шейін кедейлерге тартып әперу керек; пышақ үстінен бөліп беру керек, бай, кедей деген айырманы жойып, қолма-қол теңгеру керек» [9, 228 б.].

Кеңес өкіметі орнаған соң осы ағым іске асырылды. Көпшілік Балташ секілді кедейшіл боп, осы ағымды жақтады. Жазушы романда қазақ ұлтының тағдыры осылайшы көкпарға тартылған серкедей болғанын алдымызға жайып салады.

Ақбілектің айтуынша: «Балташ көп сөйлемейді. Ақбаладан гөрі қоңырлау, бұйығылау, білімі де Ақбаладан төменірек пе деп ойладым» [9, 296 б.]. «Балташ менің ойлағанымдай емес, недәуір білетін, артық желігі жоқ, сыпайы, есті жігіт көрінді» [9, 298 б.].

Ақбаламен салыстырғанда Балташтың Ақбілекке деген махаббаты күшті боп шығады. Қыздың басынан өткерген оқиғасын естігенде Ақбала тайқып шыға келсе, Балташ Ақбілекті сүйетінін айтып:

– Сенің өткен күндегің маған керек емес, адамшылығың керек. Өткенге сен жазалы емессің. Сен тисең, мен сені аламын, – деді [9, 313 б.].

Балташ бастапқыдай емес, бірте-бірте өсе береді. «Өйткені ол Ақмола, Семей, Орал, Бөкей губернелерінің бәрінде қызмет етіп, жалпы қазақ жайымен, әр алуан жағдайымен, оқығандарымен әбден танысып, ақыл ауданы, дүние тануы кеңейген еді. Ол өзінше әркімге сын беруге жарайтын, біреудің атағына, беделіне, сөзіне сатылмайтын, өзінше жол тұтынған жігіт еді» [9, 314 б.].

Ақбілектің жары осындай болуға тиіс қой.

Ақбала да оқыған, үлкен қызметкер, сөйлесе жұртты аузына қаратады. Оның саяси көзқарасы екінші ағым бойынша: ондай төңкерістен мін шықпайды, онымен кедей теңелмейді дейді. Осы күнде байдың малын тала десе, бұзақылар талап кететін, кедейлер байдың малын пайдаға асыра алмай, жау малындай ішіп-жеп қоюы; сөйтіп жалпы мемлекеттің байлығы кемуі, байды кедей қыламыз деп жүріп, кедейді бай қылып алу қаупі, кедей оңай олжаға қызығып еңбекке үйренбей кетуі, кедей ақыл-ой, сана-саңылау жағынан теңелмей тұрып, жалаң малмен теңеле алмайтыны [9, 228 б.].

Қайсы ағым болсын сол кезде қазаққа зияннан басқа пайдасы болмады. Конфискация, ашаршылық, колхоздастыру, т.б. саяси науқандар қазақ жерінің ойран-ботқасын шығарды.

Ақбаланың сипатталуы: «Бұ келген төрт жігіттің бірі: қошқар туған қозыдай келбетті, бітімді Ақбала еді» [9, 216 б.].

Ақбілекке де Ақбаланың білімі, сөйлегені, жүріс-тұрысы ұнаған болатын. Ақбаладай жары бар кісінің арманы бар ма деп жүретін. Ақбілектің бағалауынша: «Балалар шешен, білгіш деп мақтайтын. Орта бойлы, маңдайлы, аққұба жігіт еді. Көзқарасы, сөйлесі сабырлы жігітке ұқсайды» [9, 296 б.].

Ақбаланы Ақбілектен бас тартқаны үшін жазғыруға да болмайды. Себебі уақыт ыңғайына қарай қазақ психологиясы әлі өзгерген жоқ. Абыройы жоқ қызға үйлену ол кезде үйреніспеген нәрсе, сұмдық боп есептелінді. Ақбала үшін махаббаттан ар-намыс жоғары тұрады. Махаббат үшін құрбандыққа бармайды. «Қыз тарихын білген Ақбаланың кешірім сұрап, бастапқы райынан қайтуы – алдамшылық емес, адамшылық. Оның тарапынан кінәлау, қорлау да, табалау да жоқ» [10, 48 б.].

Бұл пікірдің дұрыс жағы да бар, бірақ жар таптым деп, жүрегі алып-ұшып жүрген Ақбілек үшін оның бас тартуы – ауыр соққы.



Мамырбай, Бозінген, Алтынай, Өрік, Ұрқия бейнелері

Ақбілектің әкесі Мамырбай бұрын да тұйық адам болады. Ақбілекке бұрын шешесінен артық бәйек боп жүретін. Орыстардан келгелі Ақбілекке қарамайды, сөйлеспейді. Ақбілектің өзінен болса бір сәрі, кінәсыздығын біле тұра қатыгездік көрсетеді. Онсыз да қарабет боп жүрген қызының қайғысын ауырлата түседі.

Мамырбайдың салқындауының себебі: «Бұрынғы нәрестедей бала, ақ қағаздай таза көріп жүретін Ақбілегі енді күйе жаққан қағаз, бала емес қатын боп қалды. Ақсақал баласын құдай қосқан күйеуінен де қызғанатын іші тар кісі еді, баласы кірсіз, таза болғанын қалаушы еді. Енді Ақбілек баласы емес, бөтен әйел іспетті. Кімнен қалған әйел десейші! Қазақ, қазақ болса бір сәрі ғой. Ол о ма? Келген-кеткен кісінің көзі Ақбілекте болатынын алдымен әкесі сезеді. Бәрі де: «Мамырбайдың орыс талқылаған қызын қара!» деп, ақсақалды көзге шұқыған тәрізденеді. Енді Ақбілегі әкесіне масыл болды. Бала ұстаған емес, жұртқа тамашалауға маймыл ұстап отырған кісі тәрізденді. Ақбілектің қырсығынан ақсақал масқара боп абыройынан, адамдығынан айрылғандай болды» [9, 246 б.].

Шешесі болса, бұлай теріс қарамас еді, «әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген сөзді Мамырбай расқа шығарды. Қызын емес, өз қара басының намысын ойлап жүр. Өгей шешенің қатыгездігінен де балаларын арашалай алмайды.

Өзі екінші әйел алу үшін Бекболатты қызынан айыруға көнеді. Ақбілектің аяғы ауыр екенін естігендегі Мамырбай күйініші: «Бүйтіп масқара болғанша, неге баласын түсіріп тастамады екен? Бұл – орыстың баласы ғой. Орыс түгілі, өз күйеуінің баласын оң жақта тапқан қызды кім естіген? Одан масқара нәрсе бар ма? – деп азуын шайнады. Ақбілекті тауып әкелген кездегі жиренгені, қынжылғаны – мынаған астар болмай қалды. Япыр-ай, бұ қызды енді қайтсе екен? Көзін қайтіп жойса екен? Буындырып өлтірер ме еді… Таспен атып өлтірсе қайтер еді? Қол-аяғын байлап, суға тастап жіберсе, нетер ед?» [9, 281 б.]. Мүмкін, Мамырбайдың осындай күйде болғандығы шынайылық, солай болуы тиіс нәрсе шығар. Бұрын естіп-біліп көрмеген масқаралықпен бетпе-бет келу кімге болсын оңай тимесі анық.

Осындай қатыгез ойларда болған Мамырбай кейін қызын басқа түрде көрем деп ойлаған жоқ еді. Ақбілек оқу оқып, жар тауып, бес жыл дегенде еліне келгенде ақсақал өз қызын өзі танымай қалады.

«Ақбілек баяғы емес, өзгерген: өнер тапқан, жетілген, ысылған, әйелдерге көсем болған. Бұрынғы бұйығы, ұялшақ, сызылған, мұңайған Ақбілектің ізі де жоқ. Ақбілектің қызығын, ісін көргенде ақсақал таңданады: «Бұл қалай боп кеткен? Қаланың не қасиеті бар? Жұп-жуас, ұялшақ бала емес пе еді!» деп ойлайды. Қалайда Ақбілек жат. Енді ақсақал одан именеді. Баяғы өзінің қаталдығын ойлағанда, өзінен-өзі ұялады. Кешірім сұрасам қайтер еді деп бір ауық ойланады. Бірақ әке басымен балаға кішіреюді лайық көрмейді» [9, 323 б.].

Ақбілек басына іс түскенде әкесі демеу бола алмады. Сонда да қызы әкесіне кектенбейді, табысқанына қуанады.

Романда жазушы әр түрлі әйелдер бейнесін шеберлікпен жасаған. «Ж.Аймауытов сомдаған әйелдер бейнесінің нанымдылық күші жоғары. Жазушы түсінігінде әйелдер жақсылықтың да, жамандықтың да бастау-бұлағы. Жазушы негізінен қазақ жағдайындағы жаулық жамылған жандардың тіршілік-дағдысын сыйына дәріптеу орнына сыни көзбен мысқылдай, әшкерелей, сықақ ете суреттеуге бейім» [10, 39 б.].

Бұл жағынан Жүсіпбек Бейімбеттен қалыспайды.



Мысалы

«Саулы Бозінген» деген әйел оқиға желісінде Ақбілек ақтардан қашып келе жатып бір ауылға тоқтағанда көрінеді. «Бозінген» бүкіл ауылды құлақтандырып барып, Ақбілекті көруге келеді. Өзінің екіқабат боп ұзатылған Айтжанымен салыстырады. «Бозінген отбасының әйелі емес, бір болыс елдегі әңгімені үйде отырып біліп отыратын, еркектердің партиясына да, дау-шарына да кірісіп кететін, сақ құлақ, еті тірі көшелі кісі ғой. Және біздің «Бозінген» еркектермен дойбы, карта, асық ойнайтын, насыбай ататын, қонаққа өлең айтқызбай жібермейтін, бозбала келсе, екі езуі жиылмайтын сері кісі ғой. … таза көрпелері салтақ-салтақ боп, төсек-орны жуырда жиналмай, қоқып, ыбырсып жатар еді» [9, 190 б.].

Жазушы Бозінгенді мақтап отырған жоқ, кекетіп отыр. Жақсы әйел «Бозінген» атанбайды ғой. Бозінген - әйелдер арасында кездесе беретін шаруаға қыры жоқ, өсек-аяң, қыдыруды жақсы көретін, еркекке жеңілтек әйелдердің бір үлгісі.

Ал Өрік – нағыз тасбауыр өгей шешелердің жиынтығы. Оның портретінің өзі сөйлеп тұрғандай: «Ақбілек жаңа шешесіне көз қырын салды. Көзі тікшиген, жұқа қабақ, қаймақ ерін, таңқы мұрын, тымырайған, қайқаңдау, қара сұр адам екен. Үйге жылан кіріп келгендей Ақбілектің жүрегі су ете түсті» [9, 273 б.].

Өріктің қандай адам екенін түрі айтып тұр. Ауыл әйелдері де оның шеше боп жарытпайтынын, көк долы екенін аңғарады. Өрік келе шаруаны қолға алады, бір сабақ жіп бермейтін сараңдығын көрсетеді. Балаларға мейірімсіз болады. Ара түскен Ақбілек:

– Ойбай-ау! Ұят қой! Пәленшенің қатыны дейді ғой, – деп тағы бірдеңе айтпақ болып еді, Өрік одан жаман дәуірлеп:

– Қатыны болсам, не ғыппын? Ойнас қылыппын ба? Өтірік айтыппын ба? Құдайға шүкір, оң қолым таза, аузым оймақтай? Құдай сендей абиыры кеткеннен, орыс салдақылағаннан сақтасын! – деп бастырмалатып, аузынан көбігі бұрқырап жатқанда, Ақбілек шыдай алмай, еңіреп шыға жөнеледі» [9, 277 б.].

Өрік Ақбілек пен әкесін араздастыра түседі. Ақбілектің аяғы ауыр екенін білу үшін түймеңді салып шық деп өтірік қамқорсыған болады. Өзіне камзол пішпек боп, Ақбілекке «түймеңді салшы, қиғанын көрейін» деп аярлық істейді. Тіпті болмаған соң Ақбілек ұйықтап жатқанда ішін ұстап көреді. «Ақбілекпен өштігі әуелде өткен күнін көксеуден туса да, жүре-жүре ол себеп ұмытылып, енді тек өштіктің қызығына түскендіктен өшігуші еді. Жығылғанды жұдырықтау оған өнер, мақтан есепті көрінуші еді. Үйткені адам – айуанның айуаны ғой. Кімнің басына күн туса, соны табалауға, мұқатуға, одан әрі батпаққа батыруға құмартып тұрады: табаласа, аяғымен таптаса, сонда айызы қанады. Әсіресе, ел мақтаған, кірсіз адамды кірлеуге жаны өш болады. Үйткені кір көңіл адам кірсізді көре алмайды, күндейді; өзіндей қылуға тырысады» [9, 280 б.]. Жүсіпбектің «Адам – айуанның айуаны» дегені де Достоевскийдің адамның қатыгездігі туралы айтатын тұжырымымен үндес келеді.

Әйелдердің кешірімсіз болатыны туралы да Достоевский мен Жүсіпбек пікірлері бір жерден шығады: «Дүниеде әйел бір-бірімен өштеспесін. Әйел өштессе, аяу дегенді білмейді. Қайдағы жараның аузын жұлып алатын нәзік, жанды жерді аңдиды. Әйел шақса, шаяннан бетер шағады. Әйел өмірі кешірмейді» [9, 279 б.]. Достоевский «Ағайынды Карамазовтар» романында кейіпкеріне былай айтқызады: «Әйелге кінә менде, кешіре гөр деп кінәңды мойындап көрші:кекетіп-мұқату міне сонда басталады! Бұл сылтыңсыз жай кешіре салмайды, әбден жер-жебіріңе жетіп, болмағанды болды деп, жоқты бар деп мысыңды құртады, ештеңені де ұмытпайды, бірдеңені ойлап шығарудан да тайынбайды, сонсоң кешірсе, осыдан кейін ғана кешіреді» [11, 711 б.].

Өрік келте ойлайтындығын, ақылы шолақтығын көрсетті. Кейін Ақбілек оқыған боп өзгеріп қайтқанда Өріктің қарауға беті болмайды. Қалай қарасын? Ақбілек жаны қысылып толғатып жатқанда Мамырбай екеуі үйлерінен қуып шықпады ма? Сонда Өрік: «Сені жайратып отыра алмаймыз, сенің қағанағыңды жуатын адам жоқ» деген болатын.

Ақбілектің жеңгесі Ұрқия – адамгершілігі мол, жүрегі таза, адал, кеңпейіл әйел. Ақбілектің шешесі қызын Ұрқияға ғана сеніп, ойынға жіберетін. Ақбілектің қиын күндегі серігі, сырласы Ұрқия ғана болады. Ақбілек үшін Ұрқия өтірік екіқабат боп, жазықсыз сәбидің көзге түрткі болмай өсуіне себеп болады. Бірақ сондай жақсы адам бір балаға зар болады. Зар болса да Мағжанның Шолпаны секілді күнә жасамайды, күйеуінің көзіне шөп салып, бала табуға ұмтылмайды. Ұрқия – баяғы замандағы жақсы, адал жеңгелердің үлгісі.

Мұқаштың әйелі Алтынай – жоқтан бар жасайтын, үнемшіл, шаруақор әйел. «Алтынай малын сауады, өргізеді, көздейді, байлайды, отынын тереді, отын жағады, суын әкеледі, күлін шығарады, тамағын істейді, киімін өзі тігеді, үйін жаяды, сыпырады, қорасын тазалайды. Жұмыстан қалт етіп қолы босаса, есік алдына шықса, ауыл-үйді қыдырса, болмаса абысын-ажындарымен әңгімелессе, қолынан ұршығы түспейді. Не дегенмен Алтынайдың қолы берекелі қатын. Жылына тістей қатып, тырнақтап жүріп, үш сиырдан үш-төрт қарын май алады» [9, 165 б.].

Тұрмысы оңды болса, Алтынайға одан басқа ешнәрсе керек емес.

Романның көркемдік ерекшеліктері

Жанры жағынан роман – психологиялық шығарма. Оны жоғарыда кейіпкерлерді талдағанда көз жеткіздік.

Арасында ақ өлең үлгісімен жазған. Сюжеттің басталуы, аяқталуында, композициясында артық боп тұрған кейіпкер де, оқиға да, сөз де жоқ. Юмор, сарказмды көп қолданады.

«Романның сюжеттік құрылымы жүрдек. Ол кезекті (хроникальны)] және себепті (концентрический) сюжеттердің бірлігіне негізделген. Орама (кольцевая) композицияның белгілері бар. Тартысының шарықтау шегінен (бұл – кең көлемдегі, екінші реттегі тартыс) кейінгі шешімін күтетін сәтте «Махаббат» атты төртінші бөлім арқылы шығарма бастамасы (экспозициясы) пайда болады [10, 32 б.].

Жазушының бейнелеу құралдары көбінесе ауыл тұрмысынан алынады. «Ықаң шылымын тұтатқанда әуелі аузын толтырып, түтінді жөдемелете будақтатып жіберді. Оны көргенде Бекболаттың көзіне кешке таман басына күл шашқан бұқа елестеді» [9, 215 б.].

Темекі тартқанды көрмеген Бекболаттың есіне бұқа түсуі нанымды болса, оқырман үшін күлкілі, жазушы қолмен ұстағандай жанды сурет жасай қойған.

«Мұртын тазының құйрығындай ширатқан, шашын енесі жалаған бұзаудай тарап, жылтыратқан ақ киімді дәрігер де матүшкелерге орысшалап, ауру жатқан үйлерді нұсқап, бірдеңе тапсырып жүр» [9, 196 б.].

Автор ауылда өскендігін білдіріп, қазаққа таныс көріністі шебер қолданған. Байқағыштық, ұқсатқыштық шебер жазушыға ғана тән қасиеттер. Дәрігердің қандай адам екенін білмесек те, оны да сықақтан автордың құр қалдырмағанын аңғарамыз.

«Пароход сорпа жалаған кәрі төбетше суды сылп-сылп ұрып қозғала бастады» [9, 314 б.].

Мұнда да ауылға тән көрініс пен техниканың жанды сурет жасағанын көреміз, тіпті пароходтың жүзіп бара жатқаны естілгендей әсер береді.

Мұндай суреттер көптеп кездеседі.

«Тыпаң орған шабындының түбірі бейнелес шашын бір сипап, шылымын жілік тістеген Майлыаяқша бір езуіне ырсита қыстырды» [9, 214 б.]. Тыпаң шашын сипаттап жазуға жазушы көп әуреленбей-ақ, бізге таныс орылған шабындының түбірін келтіре салады. Жазушы көп айтылатын «кірпі шаш» деген сөзге басқа теңеу тапқан. Темекіні езуіне қыстыруы да иттің сүйек тістегеніне ұқсатылып күлкіңді келтіреді.

«Бекболат қаңылтыр аяқтағы сылдыр сорпаны жеріген жылқыша тамсап, ұрттаған болды» [9, 200 б.]. Ол кездегі қазақтар қаланың, аурухананың тамағын ішіп үйренбегендіктен, жылқының лай судан жерігеніне теңеуі дәл шыққан.

«Қонақтар қызарып-қызып сөйлегенде бірінің иығына бірі асылып, көздері кішірейіп, бірін-бірі тізеге салып қап», ─ деп, қонақтардың мас болғандағы қимылдарын бейнелейді. Осындағы «көздері кішірейіп» деген тіркес ─ деталь. Адамның көп ішкенде көзінің кішірейіп кететінін аңғартады.Ғ.Мүсірепов «Сөз жоқ, соның іздері» әңгімесінде де маскүнем Айдарбектің көзін «үшбұрыштанған» деген сөзбен береді.

«Етті үстелге әкеп қойысымен, Төлеген төргі үй жақтан ішіне тығып бірдеңе алып кеп еді, Тыпаң жымың ете түсіп, білмегенсіп:

─ Сенің қолыңдағы не? – деп өңірінен тартты.

Кішкене «Бозжорға» еді, ─ деп Төлеген сыпайы қонағына қарап жымиды» [9, 219 б.]. Мұндағы «бозжорға» ─ арақ. Б.Майлиннің «Желдірбай Жындыбаев» әңгімесінде Желдірбай ауылнайдан «көкмойының бар ма?» деп сұрайтын. Бұл сөз де сол кездегі арақтың сыпайы атауы болған.

«Бекболат та қалақтай алақанын қырынан жапсырып жатыр» [9,217], – деп Бекболаттың қонақтармен амандасуын жай сөзбен айта салмай, көз алдымызға суретін елестетеді. «Қалақтай» деген сөз Бекболаттың ауыл баласы екенін, қолының жалпақ екенін айқындай түседі. В.Набоковтың «Қапас құрсауы» романында осыған ұқсас мысал бар: «Кречмар, мұнда кімнің қожайын екенін аңғара алмай, қолын жуып жатқан адам құсап ысқылап тұрған Горнге қарсы жүрді. Горн қолын әлі ысқылап сабындап тұр, басын сәл ғана изеп қояды» [13, 273 б.]. Бұл мысал ыңғайсызданып тұрған адамның қимылын нақтылай түседі.

«Өзіне дейін қазақ прозасында роман дәстүрі терең тамыр жаймағанына қарамастан, «Ақбілек» романы стильдік, композициялық тұрғыдан, сөз жүйесі бойынша іргелі көркемдік талаптарға қысылмай-қымтырылмай жауап береді» [10, 31 б.].
2.2 Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романы

Жоспар:


1) Роман тақырыбы, идеясы.

2) Қартқожа бейнесі.

3) Дәрмен, Андрей, Полидуб, Сұлтанмахмұт бейнелері.

4) Романның көркемдігі.



Роман тақырыбы, идеясы

«Бұл – қазақ кедейінің өмірін, оның әлеуметтік арпалыстар кезіндегі күрделі тағдырын эпикалық үлгіде көркем бейнелеуге арналған қазақ әдебиетінің алғашқы көлемді шығармасы» [9,

9 б.].

Мұнда ақ патша заманынан бастап 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, елді біресе ақтар, біресе қызылдар билеп, аласапыран болған кез, жұрттың малын тартып алу, байларға қысым секілді әлеуметтік ірі оқиғалар кең көлемде баяндалады.



Осындай жағдайларды суреттеуде Жүсіпбек өзінің реалист жазушы екендігін дәлелдейді.

Қазақ жерінен тыныштық кетіп, дүние астаң-кестең боп жатқанда Қартқожаның оқуға ұмтылуы, оқудың арқасында көзі ашылып, мұқтаждықтан құтылып, елге жаны ашитын, ел қамын ойлайтын азамат боп шығуы – роман идеясы.

Роман 1926 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап боп басылып шығады.

Қартқожа бейнесі

Негізгі кейіпкер Қартқожа шығарма басында былай сипатталады: «Со кезде қожадан талай бала оқиды. Сол балалардың ішінде босаға жақта – астында бір жапырақ тай тері, мұрнын қос-қостан тартып, қожасының ақ сабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір жапырақ қағазына үңіліп, құнысып, бір бала отыратын еді. Жасы 10-11 шамасы болар ма екен, қалай… Екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы да сатпақ, көзінің былшығы да бір тазармайды. Со баланың қақ-соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны. Жасында болпиған сүйкімді бір бала болады ғой, тап сол бала осы еді [9, 32 б.].

Балалар да, осындай момынды басынады, ыза қылғысы келеді. Бірақ Қартқожа оларды елең қылмайды. Қағазын шұқылаудан жалықпайды, ойын баласы боп асыр салуды білмейді. Ерекше оқуға құмарлығы, ынтасы байқалады.

Қартқожаның әкесі Жұман да момын адам: кісіден тіленбейді, кісіге жағынбайды, бес уақыт намазын оқып: «А, құдай, бергеніңе шүкір» деп, барға қанағат, жоққа сабыр ететін бір бейуаз. Ол сұғанақтық етіп біреудің дүниесін пайда қылған жан емес… Үзіп-жұлып шығатын артық білімі де жоқ, әйткенмен бір қазақтан ақылсыз да емес, желікпен, бұзықтықпен ісі жоқ» [9, 33 б.].

Әкесі қандай болса, балалары да соның ыңғайымен, тәрбиесімен өскендігі байқалады.

«Қартқожаның шешесі де бір түрлі момын, біртоға жан. Күйбеңдеп шаруасын істеп, балаларының үсті-басын бүтіндеп, анаған да, мынаған да «қарағым, шырағым» дегеннен басқа, бар дәмін кісіге бергеннен басқа бөтен мінезі жоқ. Кей қатын аузы сүйреңдеп өсек айтады; енді біреулер ауылды басына көтеріп, шаңқылдап баласын, байын қарғап жатады. Ондайдың бірімен ісі бола ма екен?! Жо-жо-жоқ» [9, 34 б.].

Әке-шешесі бір-біріне сай, сабырлы, мінездері жақсы болса, Қартқожа олардан асып қайда барсын?

Қартқожа жастайынан кедейліктен қорлық көреді. Бай балаларынан өзі талай қорлық-зорлықты көрсе, әкесі де бай, тілмаш, ауылнай, шабармандарға малын жегізеді. Қартқожа осылардан кек алсам деген арманмен өседі.

Қартқожа молда болып, жаназа шығарып, құран оқитын болды. Бірақ бәрібір өзін де, әкесін де зорлықтан құтқара алмайды. Намаз оқып, құдайға, пайғамбарға, әулиелерге де жалбарынып көреді. Одан да түк шықпайды.

Ол оқыған тілмаштарды көрсе қызығатын болды. Мектепке түсіп оқығысы келеді. Медреседе оқитын бір шәкіртке жолығып, оқуға деген ынтасы одан сайын арта түседі. Сөйтіп жүргенде шаруалары қырын кете бастайды. Аты мен биесі өлгенде әке-шешесі жылайды, үйді айналып, Қартқожа да жылайды.

Мұнан Қартқожаның үй ішіндегі жағдайға көңіл бөліп, жаны ашып отыратыны, көңілі бос, сезімталдығы көрінеді.

Жұт жылы әкесі қарызға астық әкелем деп, суық тиіп, қаза табады.

Қартқожа бір байдың үйінде бала оқытады. «Кісі жоқта бие де сауа салады. Қонақ келсе, шай жасап, төсек салып, даяршы да болып кетеді. Молда басымен даяршы болғанына қорланса да, сыртына шығармай, шыдап жүр» [9, 48 б.].

Ол кісінің көңілінен шыға біледі, күй талғап жатпайды, кеуде көтеруді, шалқаюды білмейді, әлі де өзін байдың қасында төмен санайды.

1916 жылғы июнь жарлығында Қартқожа он сегізде болса да, тізімге он тоғызда болып ілінеді. Тізімге ағасы да ілініп, үйде еркек кіндік қалмайтын болған соң, уайым күшейеді. Қара жұмысқа кететіні белгілі болған соң, ауылға деген қимастық сезімі арта түседі: «Қартқожа үйге сүйеніп, ашамайды шынтақтап, ауылға қарап отыр. Оған ауыл бір түрлі жылы, бір түрлі қызықты, еттен ет бауыр болып көрінді. Қоңырсыған сүт, қаңсыған қазан, қайнатқан қаймақ иісі де тәтті. Күлімсі шуаш иісі шыққан қойлар да бірге туғандай, түтіннің иісі күндегіден жағымды тәрізді, ала бұзауын қуалап, құйрығынан алам деп, домалап жатқан Кенжетайы да бір түрлі жарастықты» [9,

58 б.].


Мұнда Қартқожаның туған жерге деген елжіресі, тіпті малына дейін ыстық көруі нанымды суреттелген. Кіндік қаны тамған жерден жырақта жүрген қай адам болмасын осындай күй кешері сөзсіз. Бір жағынан Қартқожада ауылды қайтып көремін бе, көрмеймін бе деген де алаңдаушылық бар.

Қартқожа аулының жігіттері өздерінше көтеріліс ұйымдастырады. Қартқожа да көптің бірі боп ішінде жүреді. Көпшілік оған желік бітіреді. Астында бір байдың жүйрігі, қасында қарулы жігіттер болған соң уайымын ұмытып, қыза түседі.

Жасақта жүргенде жұбаныш болар ойларға кетеді: «Дәрмен сықылды ерлері тұрғанда, Алабас сықылды таулары, гүл аңқып масатыдай құлпырған жерлері тұрғанда, әлекедей жаланған жасөспірім жігіттері тұрғанда қазақты ешбір жау ала алмайтындай көрді. Біресе бұл жарлық әншейін қазақты шошытуға, тәубесін есіне түсіруге, ұйқысын ашуға жіберген «құдайдың сыны» шығар, ел боз қасқасын айтса, құрмалдығын берсе, жарылқайтындай көрінеді. Қайтсе де осынау сар далада асыр салып сайраңдап, сай сүйекті сырқыратып жатқан жаны бірге жастарды ертең жоғалады деуге көңілі жібермеді, өлімге қимады» [9, 76 б.].

Бұл – Қартқожаның елі туралы алғашқы ойы, жеке басынан гөрі жұртын ойлай бастағаны. Қайткенде де ол уайымшыл, ойшыл, жүрегі жұмсақ. Басында бір үйдің баласындай болған жігіттердің арасында алауыздық туып, бірлік кете бастағанда Қартқожаның көңілі су сепкендей басылады.

Жасақ отрядпен соғысқанда быт-шыттары шығып, қаша жөнеледі. Қартқожа да жан сауғалайды.

Ауылға келсе, жасаққа қатысқаны үшін бір сиырын алып кетіпті. Қатысқандардың өзін ұстап жатыр дегенді естіген бір отағасы:

– Сендерді іздейтін болса, шырақтарым, қашам деп, ауылды масқара қып жүрмеңдер. Алдымен өзіміз ұстап береміз, – деді.

Мына сөз Қартқожаның өңменінен атып жібергендей болды. Туысқанның, ауылдың түрі мынау. Енді қайда барғанда жан қалады? Ағайыннан, ауылдан қайранның жоқтығын, қазақтың береке, ұйымның бас паналатқандай ешбір тиянақтың қалмағанын, қиын-қыстау күн туса, әркім өз басын қорыштап кететінін Қартқожа сонда білді» [9, 92 б.].

Бұл үзінді қазақта ынтымақ, береке, ұлттық намыс жоқтығын көрсетеді. Қолдаудың орнына қайта кері тартушылық кездеседі.

Қартқожа ағасының орнына бүкірді жалдап, өзі майданға аттанады.

Майданда жүзбасы болады. Талай техниканы көреді. «Қартқожаға «парақод», «пойыз», «аптамабел», «айырплан», «окоп», «бомба», «гранат», «пулемет», «самолет» деген сөздер ауылдағы Сәрсембай, ала сырмақ, қара кебеже, тор байтал дегенмен бір есеп болып кетті» [9, 97 б.].

Жазушының жеңіл юморы байқалады, Қартқожаның ауылдағы мал мен үй жабдықтарынан басқа ештеме көрмей, басқа дүниеге топ ете қалғанын, оған да үйренгенін әзілдей отырып баяндайды.

Қартқожа бір татармен Рига қаласын аралайды. Дүниенің қызығын көруге ақша мен ғылым ғана керек екен деген түйін жасайды.

Майданда танысқан Андрейдің оған көп көмегі тиеді, орысшаға үйретеді.

Қартқожа майданнан еліне қайтқанда туған жердің қадірі туралы жазушының өзі де шалқып, толғанып кетеді: «Туған жердің кәдірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін?

Туған жердің кәдірін алыс жерге ұзатқан, ұзатқанына әлде талай жыл өткен қыз білмесе, кім білсін?

Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, шет жайлап, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе, кім білсін?

Туған жердің асылын қараңғы үйге қамалып, қара нан мен қара шай жүрегін кесіп жатқанда, қазы, қарта, сары қымыз көзінен бір-бір ұшып есіл елін сағынған, бір көруге зар болған тұтқын білмесе, кім білсін?

Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туғалы ұзап шықпаған, бауырмал әженің бауырында еркелеп өскен, үлбіреген балапан жүректі Қартқожа қайтіп сүймесін?» [9, 103 б.].

Қартқожа көзінің жасы мөлтілдеп, туған жерімен аман-есен табысады.

Ауылда жүріп Андрейдің оқы дегені есіне түсіп, оқу іздеп Баянға келеді. Үй ішін кәсіп қыламын деп алдап кетеді. Орыстың байына малай боп, қора тазалайды, ат суарады, су әкеледі, отын жарады, тақтай да тіліседі.

Мектепте орын болмайды. Бір мұғаліммен танысып, содан газет, кітап алып, елдегі болып жатқан саяси-әлеуметтік өзгерістермен таныса бастайды.

Сөйтіп жүргенде ауылдан бір жігіт келіп, ағасының жылы біткенін, жеңгесіне әмеңгер болу керектігін, жеңгесі кетсе, кәрі әжесіне қиын болатынын айтады.

Қартқожа іштей ақылға салып, безбендейді. «Әжесінен соңғы үлкен көріп, сыйлайтын, сыпайы сөйлесетін жеңгесін, өзінен жасы үлкен апасындай жеңгесін, ағасының қойнында жатқан жеңгесін Қартқожа қалай қатын қылып алады? Ағасының аруағынан ұят қой! Өлгенді сыйламайтын заңды кім шығарады? Адамшылыққа лайық па деп бір ойлады. «Жоқ, оның балалық, шешеңді, жетімдерді аямағандық. Әмеңгер болған жалғыз сен бе? Жеңгеңді алмасаң, кемпір қалай жан сақтайды? Ағаңнан қалған тұяқтар қайда қалады? Оларды кім күтеді? Қаның, бауырың емес пе? Сен оқығанда үйдегі шаруаңды кім ұқсатып отырады?. –деп тағы біреу айтып тұрғандай болады» [9, 109 Б.].

Қартқожа жас басымен өмір сынына түседі, ұят пен туысқандық борыштың қайсысын таңдарын білмей, қыс бойы басы қатады. Жеңге қойнына бармақ түгілі ол әлі бір қызға көңіл білдіріп көрген жоқ қой. Жасынан қызды ауылды торып өскен, әккі жігіттердей болған жоқ, қыз емес, оқуды ойлады.

«Түн қасарғанмен, күн еркіне қояр ма? Қыз қасарғанмен, күйеу еркіне қояр ма? Өмір қасарғанмен, өлім еркіне қоя ма? Көнбейін десе де Қартқожаны тұрмыс еріксіз көндірді.

Қартқожа бала еді. Жаны да, тәні де әйелден таза еді. Көрмегенін көрді. Әйелмен «обалға» батты, жеңгесін «қатыным» деп айтуға батылы бармайды, көпке дейін «жеңгей» деп жүреді. [9,

110 б.].


Жазушының шешендігі толғау, терме айтып отырғандай. Қартқожа басындағысын баяғының билерінше мақамдап жеткізеді.

Басында момын боп өскен Қартқожа қалай бұлтарсын? Кезінде ағасын қалдырып, майданға да кетті емес пе? Өз бақытын әжесі, жетім інілері үшін құрбандыққа шалады. Туысқа жанашырлығын, қамқорлығын жасайды. Өз қара басын екінші орынға қояды.

Баянға барғанда баяғы мұғалім жолығып, Семейде мұғалімдер курсы ашылып жатқанын, шығыны қазынадан екенін хабарлайды. Оқуды армандап жүрген Қартқожаның жүрегі жарыла жаздайды. Керек қағазын алып, көп шәкіртпен бірге ол да партаға отырады. Қала өмірімен танысады. «Өмір қызу. Қартқожаның жүрегі де қызу» [9,

112 б.].


Қартқожа бір жыл оқып, елге мұғалім боп шығады, Қарашолақ ауылына қызметке орналасады.

«Қарашолақтың арызы Қартқожаның қолынан шығады. Шелпекке құран оқып, молдалық та істеп қояды. Ерлі-байлы кісінің арасына бүтінші де болып қояды. Мұндай бесаспап мұғалім кімге жақпасын. Қарашолақ ауылы Қартқожаға қожадай қол беретін болды. Азды-көпті табысына құба төбел киім алып, көбін үй-ішіне керек-жарақ алып қайтуға сақтады. Жаз шыға Қартқожа еліне қайтуға рұқсат сұрады. Қартқожаның шолақ оқуы бітіп қалып, өзінен-өзі ұялып жүргенін Қарашолақ қайдан білсін…» [9, 115 б.].

Баяғы бай балаларына мазақ болатын Қартқожа бір ауылға сыйлы мұғалім болды. Ақша тауып, үйін асырайтын халге жетті. Бірақ шолақ оқуы бітіп қалғанына қарағанда бұл оқуы жеткіліксіз. Қартқожа көңілі тағы оқи түсуді қалайды.

Қалаға барса, большевиктер мен ақтар соғысы жүріп жатыр екен. Баянның жігіттерін іздеп жүріп, подвалға тығылып жатқан өз болысын көріп қояды, кезінде 1916 жылғы жарлықта Қартқожа тізімге іліккені туралы білуге барғанда сөйлескісі келмей, «кет әрі мыжымай» деген болатын. Сонда Қартқожаның зығырданы қайнаған болатын. Сол болыс жампаңдап амандасып, тығылғанымды ешкімге айтпа!»деп тапсырады. «Дүние – кезек» деген осы.

Қартқожа елге келіп, інісін, жиенін, туыстарын оқыта бастайды, жастарды оқуға үндейді.

Апасының ауылына барғанда ақтар келіп қалады. Қартқожа жолда солдаттарға тап болып, оларға лаушы болуға мәжбүр болады. Солдаттардың ауылды тонап, әйелдерін зорлағанын көреді.

Бір офицер қазақтың сұлу қызын арбасына салып әкетіп бара жатқанын көріп, аяйды.

Қартқожа Семейде ашылған қазақ институтына түседі. Қыстай отыны болмай, оқу аспабы жетіспей оқу нашар болады.

Қартқожа елге келіп, оқуға қаражат табуға бала оқытады. Осы кезде байлардың малын алу туралы хабар шығады. Мал жиюшы отрядтың көзге түскен малды айдап кеткенін, малына ара түскен біреуді атып тастағанын көреді.

Семейге оқуға бара жатып, Қартқожа жолдағы ел жайын байқай отырады: «Мына жерге не ғып мал бітсін? Мал не ғып тұрсын? Бұл ел қалай күн көріп жүрген» деген ой келеді. Бірақ бұл елдердің бір кезде бай болғаны анық, малды мыңдап айдағаны анық. Мал кеткен соң, елінен сән кетіп, жерге кінә қоясың. Әйтпесе қазақ жерінің көбі-ақ осындай емес пе? Әлде қазақ ұзын өріс кең жайлаудан, көк шалғыннан, қалың таулардан айрылған соң, түйеге қом, атқа үйек, қойға шайыр, сиырға әуке бітпей, малдан шұрай кетіп, мәйектене алмай, өңі жұқарғаннан қысқа шыдамсыз болды ма? Әлде малға сүйеніп күнелтетін қазақтың дәурені кеткелі тұр ма?» [9, 129 б.].

Қартқожа осындай ойларға беріліп, елдің өткеніне, келешегіне көз жібереді. Қазақ отырықшы болып та күн көре алмайтынын өзі болған Қарашолақ аулынан біледі. Оның үстіне қазаққа жер жете ме деп ойлайды.

Қартқожа елі үшін қызмет ететін азамат болатындығын, ел қамын ойлайтындығын, ел тұрмысына алаңдайтындығын, өз руы емес, жалпы қазағы үшін қам жейтінін байқатады.

Қалаға жақындағанда қазынаға алынған малды көреді. Өңшең арық-тұрық, қотыр мал. Жұрт жақсыларын айырбастап алыпты.

«Малдың алуын білсе де іс қылуын білмеген екен. Мал кім көрінгеннің қолында кетіпті. Не елге, не қазынаға пайда келтіре алмай, есіл малдың бей-берекет болғанына Қартқожаның жаны ауырады. Амал не?» [9, 131 б.]. Мұнда авторлық позиция да байқалады.

Семейге келіп, қазақ институтына түседі, қосымша бала оқытады.

Басшы мекемелерде, оқу, сауда орындарының бәрінде қызмет етіп жүрген қазақтар екенін көрген соң Қартқожаны ұлттық мақтаныш сезімі билейді.

Қартқожа гезеттен қазақтың үштен екісі аштан қырылып жатқанын оқып уайымдайды. Жазушы сол кезедегі көптеген саяси-әлеуметтік мәселелердің шет-жағасын көрсетіп отырған.

Қазақша оқу Қартқожаның білімге деген шөлін қандырмайды, орысша үйренгісі келеді.

«Орысша білмесем, кісіге де, өзіме де пайда тигізе алмаймын. Орысша оқымасам, адам болып жүрмеймін, не де болса орысша оқудың соңында өлейін деп, Қартқожа өзіне-өзі серт қылды. Қартқожа біртоға, бірбет жігіт – сертінен қайтып көрген емес» [9, 134 б.].

Ол қасына інісін ертіп, жалғыз өгізі мен атын жегіп Омбыға жол тартады. Жолда аты өледі. Қырсықтың басы болып жүрмесін деп ырымдайды. Өйткені әйелін ренжітіп кеткен, әжесі де разы болмай қалған. Сонда да көнбістікпен шыдады. Шыдамаса, оңай жерден мақсатқа жетем деп ойласа, жолға шықпас еді.

Жолда 12 жасар шамасында қызы бар бір әйел бірге келе жатады. «Қартқожа байқап жүретін. Әлгі кішкене қызды түскен жерде тезекке, суға айдайтын, жөнді тамақ та бермейтін. Түн болса, көлік күзеттіріп қоятын. Байғұстың жөнді киімі де жоқ. Шашы білте-білте, түрі жүдеу, арық. Қартқожа әлгі қызды ішінен аяп келе жататын» [9, 135 б.].

Әлгі әйел қыздың өгей шешесі екен, қалаға апарып біреуге сатпақ немесе жай беріп кетпек. Қартқожа қызды сұрап алады. Жолдастары мазақтап, күледі.

– Атың бір жерде, арбаң бір жерде қалды. Өзің жаяу келе жатырсың. Бұ қызды қайтпексің? Әй, Қожанасыр! – десті.

Қартқожа оны өзіне қарындас етіп, оқытатынын айтады. Қартқожаның кісіні аяғыштығы, мейірімділігі, бауырмалдығы көрінеді. Жетім қызға жаны ашып, өзіне бауыр етіп алды.

Қалаға барған соң өгізін сатып, пұл қылады. Құжаттарымен бірге ақшасын базарда ұрлатады. Қарындасы, інісі үшеуі далада қаңғып қалады. «Қартқожа тағы ойланды. Жан-жағындағы еңгезердей үйлерге қаранды. Мыңдаған үйі, миллиондаған жаны бар қала тым болмаса есігінен қаратпады-ау! Мұны білімнің, адамгершіліктің орны дейді-ау! Адамгершілігі қайда? Білімді ел тас бауыр бола ма екен? Мына тұрғандар үй ме? Жыртқыш, жалмауыз ғой. Ай, кеңпейіл қазағым-ай! Қадірің осындайда білінеді екен ғой» [9, 138 б.].

Қартқожа өзі болса көшеде панасыз сандалып жүргендерге көмектесер еді. Қазақ даласының есепсіз қонақжайлылығы, мәдени орындары болмаса да жомарттығы қаламен салыстырылады. Қазақ ауылы кісіні далаға қондырмайды. Ақшаң жоқ екен деп үйден шығарып жібермейді.

Осылай қорланып жылап жатып, түс көреді. Әжесі қайда бару керектігін айтып, жұбатады. Қартқожа губерниялық атқару комитетіне барып, оқу бөліміне жолдама алады. Қанша қиындық көрсе де, төзіп, шыдап, армандаған оқуына қол жеткізеді.

«Қос қабат тас болат үйдің үстіңгі бөлмесінде электр нұрына шомылып, Архимед, Торилел, Пифагор, Ньютон, Богданов, Каутский, Уйпперлермен айналысып, терең ойға бойлап отырған қошқыл жігіт кім?

Үш қабат ақ үйдің аузында домалаңдаған, шолақ көйлекті қара торы қыз бала: «Ағатай-ау, мен пионер болдым!» деп жүгіріп келіп, мойнынан құшақтай алғанда: «Рас па, жаным?» деп, жымиып тұрған жігіт кім?

«Сабағыңды жақсы оқы! Ұқпаған жеріңді келіп сұрап алып тұр!» деп, он екі жасар балаға ақыл айтып, шығарып салып тұрған ажарлы жігіт кім?

Күштіден зорлық көріп, не жері, не жесірі кетіп, арызын қайда берерін білмей қаңғып жүрген қазаққа ақыл айтып, жөн сілтеп тұрған қайырымды жігіт кім?

Базарда ақшасын алдырып, зарлап келе жатқан қазақты есіркеп, қалтасындағы барлық тиынын ұстата беріп тұрған мейірімді жігіт кім?

Әкесі зорлап малға сатқанына көнбей, қаладағы бір таныс қазақтыкіне қашып келіп, мұңын кімге шағарын білмей, басына күн туып отырған Гүлсімге ағалық міндетін атқарып, пәтеріне келіп оқытып тұратын қара жігіт кім?

Бала оқытып тапқан тебен-теңгесіне қырық шақты кездей нәрсе алып, елге баратын қалашыдан әжесіне сәлемдеме жіберіп отырған бауырмал жігіт кім?

Жаздыкүні Гүлсімнің ауылында 30 шақты үлкендерді оқытып, хат танытып, Гүлсім мен екеуі бірін-бірі сүйіп, күзге таман қалаға алып қашып келген ер жігіт кім?

Шәкірттердің жиналысында ұйымның ісі туралы баяндама қылып, кемшілікті тура айтып, өз міндетін дұрыс атқарып, сенім алып тұрған жігіт кім?

Қартқожа, Қартқожа, Қартқожа…» [9, 139 б.].

Қартқожа өзін ғана ойлаған жоқ, інісін де, қарындасын да оқытты. Қиналған кісілерден көмегін аяған жоқ. Сүйген қызына үйленіп, жеңгесіне ерік беріп, бақыт тілейді.

Жазушы қазақ оқығандары Қартқожадай болса екен деген мақсатта болған. Әйтпесе, сол кездегі оқығандардың бәрі Қартқожадай елі үшін күйзелетін, басына күн туғанда қол ұшын беретіндей болған жоқ. Қартқожа қалада сандалып жүріп, адвокат Жайдарқанға көмек сұрап барғанда, ол үйінен қуып шығады. Ол да – қазақ оқығандарының бір үлгісі.

«Жазушы табиғатынан бұйығы, ұстамды, сабырлы, жоқ-жітік, кедей-кепшіктен шыққан адамның бірте-бірте оянып, жарыққа ұмтылып, зор қиындықпен білім алып, әлеумет күресіне тартылып, ақырын-ақырын өзгере жүріп, жаңа күрескерлерінің қатарына қосылуын психологиялық тұрғыдан сенімді бейнелеуін «Қартқожа» романының ең басты кемелді олжасы деп білеміз» [2, 110 б.].

Қартқожаның өсу эволюциясы көз жеткізерлік. Қазақша, орысша білім алған Қартқожа елге қызмет ету үшін Баянға оралады. Елге пайдам тимесе, не үшін оқыдым деп ойлайды. Бұл да – жазушы идеясының бірі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет