1.3. Сұрау есімдіктері
Сұрау есімдіктері де – түгелдей туынды сөздер. Олардың ішінде кім? не? қай? сөздері ескі көне сұраулы сөздер де, өзге түрлері – осы негіздерге әр түрлі қосымшалар қосылу арқылы жасалған сөздер. Сонда сұрау есімдіктерінің құрамы мынадай болмақ.
1. Кім? сөзі кі- және –м тұлғаларынан құралған. Кім? қазіргі түрікмен, азербайжан, құмдық, ноғай, қарақалпақ, өзбек тілдерінде ким; түрік, караим, қазақ, ұйғыр, қырғыз тілдерінде кім; татар, башқыр, хакас, шор, ойрат, алтай тілдерінде кім; тува тілінде кым түрінде қолданылады. Кім? сөзінің шығу тегі және оның құрамы деген мәселе – таласта жүрген мәселелердің бірі. Ол жөнінде тюркологияда мынадай пікірлерді кездестіруге болады.
Біріншіден, кім сөзін кі- және –м деген тұлғалардан құралады деп қарау да, -м тұлғасын –ма, -ме сұрау шылауларымен тектес деп тану. Бұл пікірді қолдаушы ғалымдар В.Котвич, Г.И.Рамстедт былай дейді: «Элемент –та наряду с –т заключен в тюркск. Kim, тув. qym, шор. käm чув. kam «кто», могол. jem «что», jemjemä «что за, какого рода» общетюркск. nämä, тат. nimä» . Бұл пікірді А.Н.Кононов та қостайды.
Екіншіден, кім сөзін монғол тіліндегі küm-ün (человек), «адам», «кісі» деген сөзден пайда болған деп қарау.
Біздің – ойымызша, кім сөзінің кі- тұлғасы қай (< қан) сөзінің қа- тұлғасымен тектес болса керек. Бұған, ең алдымен, қазақ тіліндегі қані сөзінің кәні боп қолданылуындағы қа-//кә- түбір тұлғаларындағы қ//к дыбыстарының кім мен қай сөздеріндегі қ//к дыбыстарымен ыңғайлас болып келетіні дәлел болса, оған қосымша монғол және бурят тілдерінде кім сөзінің қай (< қан) сарынымен хан «кто?» түрінде айтылуы бұл ойды толықтыра түседі. Мұндағы а//ә//і дауысты дыбыстарының алмасып қолданыла беруі жалпы Алтай және түрік туыстас тілдерге тән заңдылық.
Кім сөзіндегі –м дыбысының шығу төркінін дәлдеп айту қиын. Бірақ оның кі- түпкі түбір тұлғаға адам жайындағы ұғымды үстеп тұрғаны даусыз. Ол ұғым кі- түпкі түбір тұлғаға үстейтін н дыбысының мағынасына мүлде қарама-қарсы. Егер қа- түбіріне –н морфемасы қосылса, қан > қай сияқты заттар мен қойылатын аттрибутивтік мәнді сөз болып шығады да, егер –м морфемасы қосылса, (қам>) кім сияқты адамға ғана қойылатын субстантивтік мәнді сөз болып шығады.
2. Не? сөзінің әуелгі формасы нен, яғни нäң «вещ, предмет» сөзінен шыққан болу керек. Мұндай фактіні, біріншіден, қазақ және қарақалпақ тілдерінің қолданылу дағдысында кездесетін нендей сөзінің құрамынан өте айқын көрсек, екіншіден, салар тілінде нäң сөзі күні бүгіннің өзінде не «что» сұрау есімдігі ретінде қолданылып отырғанын көреміз. Нен тұлғасының соңғы н элементі жөнінде Н.А.Баскаков: «нендей//недей» «подобно чему?» - атрибутивно-обстоятельственная форма, образовавшая из основы не-н-дей, где –н субстантивирующий элемент, известный по множеству различных грамматических форм словообразования и словоизменения (напр., склоняемые в локальных падежах формы имен с аффиксами принадлежности 3-го лица)», - деген. Одан әрі нен тұлғасының шығу төркіні жайында –н элементін бөліп алып: «Возможно, что элемент –н является генгетически общим с аффиксом родительного падежа местоимения не или с аффиксом принадлежности 3-го лица и представляет собой историческим слово с самостоятельным значением «тело, вещ» (ср. кк. Нень, немее, нема, теме, не), а затем слово отвлеченной семантикой – «вещ, нечто, что?» (ср. кк. не?), с одной стороны, и слово с отвлеченным же значением – «владение, отношение или принадлежность субъекту владения» (ср.кк. аффикс родительного падежа), - с другой», - дегенді айтқан.
Не? сөзі қазіргі азербайжан тілінде нә, гагауз, караим тілдерінде нä; түрік, құмық, ноғай, қарақалпақ, қазақ, ойрат, алтай тілдерінде не; татар, башқыр тілдерінде ни; шор тілінде ноо, тува тілінде чуу формасында айтылады.
Н.К.Дмитриев башқыр тіліндегі нәмә сөзі туралы: «Нәмә? (что?) вообще может рассматриваться, как так называемое «местоимение существительное». Исторически было, повидимому, сущест вительным в значении «предмед, вещ» и потом уже превратилось в вопросительное местоимение. Этимологически нәмә, возможно, разлагается на два элемента... На эту мысль наводит то обстоятельство, что в некоторых тюркских языках нәмә звучит, как нимә», - дейді. Сөйтіп нәмә сөзін нә және мә тұлғаларына бөлшектейді. К.Броккельманн мен М.Рясянен nämä сөзін nä-mä етіп бөлшектейді де, -mä тұлғасын одағай (Interjektion) деп таниды.
Бұл жөнінде Ф.Г.Исхаковтың пікірі өзгеше айтылған. Мысалы, автор былай дейді: «Местоимения нәмә, немее, нима, нимә, ниме употребляемое в разных тюркских языках в значении «что», повидимому, являются сложными словами, исторически образованным из двух корней: 1) нә//не//ни и 2) мә//ме//ма< мен чусвашская разновидность местоимения, означающего «что»».
3. Немене? сөзі немее (<не-ме) және не деген тұлғалардан құралған. Неме туралы жоғарыда айтылады.
4. Неше? сөзі не (ja//je) және –ше қосымшасынан құралады. Бұл сөз қазіргі түрікмен тілінде нәче, азербайжан тілінде нечә, түрік – пісе, құмық – нече, татар – ничә, башқыр – нисә, ноғай, қарақалпақ, қазақ, қырғыз тілдерінде неше, өзбек – неча, ұйғыр – пәссә, тува – чеже, хакас тілінде нинче түрінде қолданылады.
Неше сөзіндегі не тұлғасы бір кездерде өзінің әуелгі толық формасы нен түрінде айтылған болу керек.
5. Қай (<қан) сөзі байырғы сұрау мәнді қа- тұлғасы мен –й (-н) дыбысынан құралған. –й дыбысы алғашқы кезде –н болған. Ол, ең алдымен, қазақ тіліндегі қані, қанша, қандай сияқты сөздердің түбіріндегі –н дыбыстарынан білінсе, екіншіден, ескі ескерткіштер мен мұраларда кездесетін канта (Будд. 620), (БСл. ІІ, 27), кантан (КТб, 32), қанда (МК, І, 396), қані (ССК, 200) деген сөздердің түбірінде сақталатын –н дыбыстарынан өте айқын көрінеді. Бұған қосымша, С.Е. Маловтың «Памятники древнетюркской письменности» атты еңбегінен gan (какой? Ths, 36), qanynca (сколько? Ths, 63) деген сөздерді де кездестіреміз. Бұлардың бәрі де қай сөзінің бір кездерде қан болғанын толық дәлелдей алады.
Қай сөзінің қа- және –й (<-н) болып бөлшектелуі – қазір талас тудырмайтын мәселе. Бірақ оны қандай тұлға деп тануда бір ізділік жоқ. Ол жөнінде ғалымдардыңмынадай пікірін келтіруге болады. В.Банг qayu, qan, qai сөздерін qa-yu, qa-n, qa-i етіп бөлшектейді де, К.Броккельмани qa- тұлғасын бөлек қарағанмен, оны одағай (Interjektion) деп таниды. Г.И.Рамстедт ка- тұлғасын ежелгі сұраулы түбір деп атайды. Н.А.Баскаков, А.Исқақов, А.Н.Кононов қан, қай сөздерін қа-н, қа-й деп бөлшектеп, қа- тұлғасын ежелгі сұрау мәнді тұлға деп көрсетеді. Дегенмен, соңғы –н дыбысы мен мен, сен, ол (ан) жіктеу есімдіктеріндегі –н дыбысының тектес екендігіне ешкім күмән келтірмейді.
6. Қайсы? сөзі қай (<қан) және –сы (<сол) тұлғасынан құралған. Қайсы сөзі қазіргі түрікмен тілінде хайсы, азербайжан – һансы, құмық, қарақалпақ, қазақ, қырғыз тілдерінде қайсы; башқыр-қайһы, өзбек-қайси, ұйғыр-қайсі, тува-қайы, хакас-хайзы, шор-қайзы және алтай тілінде қажы түрінде айтылады. Бұлардың әр тілде әр түрлі айтылуына қарамай, бәрі де екі бөлімнен: 1) һан//қай//кай//хан және 2) –сы//-һы//-си//-сі//-зы//-ы сияқты бөлімдерден құралатыны анық білінеді.
Қайсы дегендегі қай тұлғасы туралы жоғарыда айтылды. Ал, -сы жөнінде мына сияқты пікірлерді кездестіруге болады. Н.К.Дмитриев башқыр тіліндегі қайһы? сөзінің соңғы –һы тұлғасын ІІІ жақ тәуелдік жалғауының аффиксы дейді де, оның қалыптасу жүйесі жөнінде: «Прибавление именно формы –һы заставляет предполагать здесь два аффикса принадлежности 3-го лица; -ы и –һы, т.е. қайһы первоначально звучало кай-ы-һы», - дегенді айтады.
В.Банг керісінше qaisisi дегендегі элемент, ол –si ІІІ жақ тәуелдік жалғаулары делініп теріс түсіндіріліп жүр, бұл элементтердің екеуі екі басқа функцияны атқаратын әр басқа тұлғалар деген. Кейіннен Н.А.Баскаков кьайсы дегендегі –сы сөз тудырушы аффикс болған дей келе.
Біздің ойымызша, қайсы сөзінің –сы тұлғасы тәуелдік жалғауы емес. Бұл жөнінде В.Банг және Н.А.Баскаковтың пікірлерін орынды деп танимыз. Қайсы есімдігі қай (<қан) сөзі мен ежелгі сілтеу мәнді со тұлғасының бірігіп айтылуы негізінде пайда болған. Со сілтеу мәнді тұлғаның қай сөзіне қосылып айтылуы негізінде қайсы сөзінің жауап ретінде қажет ететін заттары мен құбылыстарына баса көңіл бөлуді, айқындықты талап етуді үстеген. Мысалы «қай бала» мен «қайсы бала» дегенді қай, қайсы сөздерін бірдей дәрежеде айтылып тұрған сөздер деп қарауға болмайды. Ал, қайсысы дегендегі екінші –сы – тәуелдік жалғауы. Бұл жөнінде Н.А.Баскаковтың бірінші –сы сөз тудырушы (словообразовательный) аффикс, екінші –сы сөз түрлендіруші (слово изменительный) аффикс деп атауы өте орынды.
7. Қанша? сөзі қан (<>қай) және –ша қосымшасынан құралған. Бұл тұлғалар жайында қай? есімдігі мен неше? есімдігін сөз еткенде айтылған. Қанша сөзі қазіргі түрік тілінде kac, қарақалпақ, қазақ, қырғыз тілдерінде қанша, өзбек – қанча, ұйғыр – gancә, тува –каш, хакас – ханча, шор – канче және алтай тілінде канча болып қолданылады.
8. Қашан? сөзі қа- және –шан тұлғаларынан құралған. Қашан қазіргі түрікмен, хакас тілдерінде хачан, азербайжан – һачан, құмық, ұйғыр тілдерінде качан, татар – кайчан, башқыр – касан, ноғай – кашан, қарақалпақ, қазақ тілдерінде қашан, өзбек – качон, тува – кажан, шор, қырғыз, алтай тілдерінде качан түрінде қолданылады. Сонда олардың бірінші бөлігі ха//һа//қа//ка//қай (<қан), екінші бөлігі –чан//-сан//-шан//-чон//-жан сияқты болып келеді. Қа – байырғы сұрау мәнді тұлға. Мұның толық түрі қай (қан) болса керек. Өйткені татар тілінде кайчан деген толық формада айтылу дағдысы бар. –Шан туралы мынадай бағытта айтылған пікірлерді кездестіреміз.
Бірінші, -шан формасын шағын > шақ сөзінен қысқарған форма деп қарау. Бұл пікірді ұсынушы ғалымдар. В.Банг (qai +cagïn zu caq «Zeit»), Г.И.Рамстедт (qacan «когда» из qai+cagun от caq «время»), Н.К.Дмитриев (из кьай чагын, кай-сағ-ын? – в какую пору), Н.А.Баскаков (кьа (й) –ша (кьы) н, букв. «каким временем»), В.Н.Хангильдин (қай чагын) және Ф.Г.Исхаков (кай чагын) т.б. өз еңбектерінде –ша тұлғасын шағын, шақ сөзінен қысқарған форма деп таниды.
С.Құдайбергенов қырғыз тіліндегі қашан сөзін К.К.Юдахин айтқандай қа-чен (чен «өлшем» деген мағынада) болуы мүмкін дейді.
С.А.Аманжолов –шан тұлғасын шанда боп қолданылатын шан түбірімен ұштастырады да, «В говоре Аральского района слова литературного языка қашан, состоящего из қай-шан и имеющего одно и то же значение, что шанда. Это же самое слово мы видим в парном слове анда-санда (иногда), очевидно, у первой половины этой пары начальный звук ш выпал, а у второй ш перешел в с», - дегенді айтқан.
Бұл екі пікірдің де орны бар. Өйткені шағын >шақ сөзі де, шан (шанда сөзі де – мезгілді, уақытты білдіретін), қашан? сұрауының негізгі мағынасына лайықты сөздер. Бұлардың тек мағына емес, тұлғалық, ру, ықшамдалу іздері де талас тудыра қоймайтын мәселелер сияқты. Осы себептен біз бұл сөздерді түп негізінде бір сөзден тараған, бірақ қалыптасу іздері екі басқа жолмен дамыған формалар деп танимыз. Яғни қашан сөзінің құрамындағы шан әуелде шақ (уақыт, мезгіл) сөзінің көне көмектес (инструментальный) септік жалғауының –ын формасын толық қабылдап, шағын (<шақ-ын) түрінде қолданылатын болған. Бертін келе, мүмкін ол қа- (қай<қан) тұлғасымен қосылып айтылу дәуірінен басталған да болар, шан (қа(й<н) шан) формасына көшкен. Демек, бастағы шақ-ын сөзінің түбір тұлғасының қ дыбысы түсірілген де, -ын көмектес септік жалғауынан тек –н ғана қалған. Сонда қашан сөзінің қалыптасу ізін қай(<н) –шақ-ын>қайшан>қашан жолымен пайда болған деуге болады.
9. Қані? (қане?) сөзі қан (<қа-н) және –і//-е тұлғаларынан құралған. Қан тұлғасы жөнінде қай? есімдігін сөз еткенде айтылды. Ал, -і//-е тұлғалары міне (міні), әне (әні) сілтеу есімдіктеріндегі –е//-і тұлғаларымен тектес болу керек. Бұл сөз ескі мұраларда һаны (КТб, 9), qany (Hib, 200, w 52), qaju (w, 28,30, 39; w, 51; suw, 15; M-H, 160δ) деген сияқты формаларда кездеседі.
1.4. Өздік есімдіктері
Бұл сөздердің алғы өз бөлшегі бір кездерде жеке қолданылған «сердцевина, сущность, внутренность» деген сияқты дербес мағынадағы сөз болғаны да жұртқа мәлім. Өз сөзінің осы мағынасына қарай П.М.Мелиоранский: «Собственно говоря «өз» не местоимение, а существительное, первоначальное значение которого есть «лучшая часть, сердцевина, сущность», деп те көрсеткен болатын.
Өз сөзінің алғашқы мағынасы «внутренность, сущность, сердцевина, самая основа, нутро» деген мағыналар болғаны жөнінде Л.Будагов, В.Радлов, Н.П.Дыренкова, Н.К.Дмитриев, К.Броккельманн, Н.А.Баскаков, және А.Н.Кононов сияқты ғалымдардың еңбектеріне арнайы түрде атап өтілген.
Өздік есімдігі қазіргі азербайжан, құмық, қазақ, ұйғыр, қырғыз тілдерінде өз; татар, башқыр тілдерінде үз; қарақалпақ – ез, өзбек – уз, және тува тілінде бот боп, хакасс - поз, ойрат – уз, шор – поз//пой, алтай тілінде пой, түрік тілінде kendi түрінде қолданылады. Мұндағы kendi сөзін ken (пупок) сөзімен байланысты емес пе деген пікір бар. Сонда түрік тіліндегі kendi қазақ тіліндегі кіндік сөзімен тектес болып шығады.
Өз, үз, ез, уз есімдіктері бір кездерде ешқандай тәуелдік жалғауынсыз жеке қолданылған сөз болу керек. Оған, ең алдымен, өз сөздеріне үнемі қосылып айтылатын тәуелдік жалғауларының өзі бертін келе пайда болған морфемалар екені дәлел болса, екіншіден, ескі мұраларда кездесетін өз сөзінің ешбір қосымшасыз таза түбір күйінде қолданылған формалары да айғақ бола алады. Мысалы: Махмуд Қашкарийде мынадай сөйлемдер бар. Бу бізінің өз кіші ол – бу бізінің яқин кишимиз (МК, І, 80).
С.Құдайбергенов өз сөзін бой дегеннен шығарады, сөйтіп оны мен жіктеу есімдігімен де байланыстырады. Автор былай дейді: «Бұл етістерді төмендегідей схемамен көрсетуге болады: бод>бие дене, организм (тело, организм) > өз (сам) > мен (я)».
Біздің ойымызша, бәрінен де өз сөзін өре сөзімен байланыстыра сөз ету әлдеқайда орынды сияқты. «Өресі жетпеді» деген тіркестегі өре сөзі – күні бүгінге дейін қазақ тілінде жиі қолданылатын және барлық елге бірдей түсінікті, түп негізінде бойы сөзімен мағыналас сөз. Ал, жаңа сөз жасалудағы р мен з дыбыстарының алмасуы, сондай-ақ, сөздің соңындағы дауысты дыбыстардың түсіп қалып отыруы түрік тілдерінің қайсысына болса да жат құбылыс емес.
Өз сөзі ежелгі бір көне заманда белгілі бір субъектінің тұлғасын, мүсінін (қазіргі ұғымдағы «өзін») көрсете қолданылатын сөз болған болу керек. Қазақ тілінде «өзің өз болғалы, етек-жеңің сөз болғалы» деген мақал бар. Дәл осы мағына ауру адамдар мен есінен танған адамдардың халі жөнінде қолданылатын «өзіне келмей жатыр», «өзіне келгенше» деген сияқты орындарда да аңғарылады.
1.5. Жалпылау есімдіктері
Жалпылау есімдіктері – түгел дерлік бертін келе пайда болған сөздер. Дәлірек айтқанда, жалпылау есімдіктері – түгелдей өзге сөз таптарына тән сөздерден, яғни жеке сөздердің өзіне тән лексикалық мағыналарынан алшақтай келе, белгілі бір заттар мен құбылыстарды топтай, жинақтай көрсету дәрежесіне түсу нәтижесінде келіп пайда болған сөздер. Бұл заңдылық тіл білімінде прономинализация деп аталады.
1. Бар есімдігі, тюркологтардың айтуы бойынша, лексикалық тәсіл арқылы «бар» сөзінен («бар», «жоқ» дегендегі) пайда болған. Бар есімдігі құмық, қарақалпақ, қазақ тілдерінде бар, алтай тілінде пар түрінде қолданылады. Бар сөзі басқа да жалпылау есімдіктерінің жасалуына негіз болған.
2. Бәрі деген жалпылау есімдігі бар есімдігіне ІІІ жақ тәуелдік жалғауын (-і) үстемелеу арқылы пайда болған. Қазақ тіліндегі сөздердің өзгеріске түсудегі өзіндік заңдылығына байланысты, бұл сөз (бәрі) тәуелдік жалғауын қабылдағанда, түбір сөз (бар) жуан буынды болғандықтан, тәуелдік жалғауын да (-ы) жуан түрінде, айталық, бары, барың сияқты түрде қабылдау керек еді. Бірақ олай емес, бәрі боп келеді. Мүмкін, бұл басында осылай да болған болу керек, ал, кейіннен бар сөзінің есімдіктер қатарына ауысуы негізінде мағыналық жіктің алшақтау әсерінен айтылу нормасы да өзгеше болып қалыптасуы ықтимал. Ал, түбірдегі а дыбысының ә болып кетуі осы соңғы і дыбысының ықпалына байланысты. Бәрі сөзінің ертеде бары түрінде айтылу ізі кейбір ескерткіштерде кездесіп қалады. Мысалы: Карлук тірлігі бары тунгіскä кäл ті – Карлуки, сколько их еще было в живых, попали к тюргашам (МЧ, 40).
3. Барлық есімдігі бар сөзіне –лық аффиксын қсып айту арқылы жасалған. Барлық есімдігін «бар» әр тарап сөзінің субстантивтенген «барлық» түімен («Барлық жақсы ғой, жоқтық жаман» деген сияқты) шатастыруға болмайды.
4. Барлығы деген есімдік барлық (бар-лық) және –ы тұлғаларынан құралған. Мұндағы –ы ІІІ жақ тәуелдік жалғауы да, қ дыбысы ы дыбысының әсерінен ғ болып айтылып тұр.
5. Барша сөзі бар және –ша аффиксынан құралған. Барша қазіргі татар, өзбек тілдерінде барча; қарақалпақ, қазақ тілінде барша; ұйғыр – barcь, шор – парчын және алтай тілінде парчан боп қолданылады.
6. Баршасы деген есімдік барша және –сы ІІІ жақ тәуелдік жалғауынан құралған. Баршасы қазіргі шор тілінде парчазы түрінде қолданылады.
7. Бүкіл (бүтін) есімдігі – тюркологтардың айтуы бойынша «біт» (бітіру, біту) етістігінің негізгі мағынасынан алшақтай қолданылу негізінде, лексикалық жолмен пайда болған сөз. Мысалы, Н.К.Дмитриев былай дейді: «бөтә (весь, целый) этимологически происходит от глагольного корня бөт – (расти, вырастать, проявляться до конца, кончаться»). Н.А.Баскаков та осы пікірді ұсынады. Бүкіл қазіргі түрікмен тілінде бутин; азербайжан, түрік, ноғай, өзбек, құмық тілдерінде бүтүн; башқыр – бөтә, қарақалпақ – бютюн, тува – будун және хакас тілінде пудун боп қолданылады. Қазақ тілінде бүтін//бүткіл//бүкіл деген варианттарда қолданылу дағдысы бар.
8. Күллі сөзі арап тілінен ауысқан күллүн сөзінен пайда болған. Күллүн араб тілінде «целое, совокупность» және «весь, вся, все, всякий, каждый» деген мағыналарда қолданылады. Күллі қазіргі түрік тілінде külli , қарақалпақ тілінде гюллен болып айтылады.
9. Таммам сөзі де араб тілінен ауысқан, тамамун сөзінен пайда болған. Таммам араб тілінде «полнота, совершенство» және «окончательно, совсем, совершенно, вполне полностью» деген мағыналарда қолданылады.
1.6. Белгісіздік есімдіктері
Белгісіздік есімдіктері де – бертін келе пайда болған сөздер. Олар негізінде өздерінің негізгі лексикалық мағыналарынан алшақтай келе белгісіз мәнге ауысқан (прономиналданған) және кейбір өзге тілдерден ауысып келген сөздерден құралады. Сонда белгісіз есімдіктердің шығу тегі мен даму жүйесі мынадай болмақ.
1. Бір есімдігі сан есім «бір» сөзінен пайда болған. Басында бір ғана зат не құбылысты белгілей алатын «бір» сөзі сөйлемде қолданылу мақсаттарына сай өзінің бірлік ұғымының үстіне ол заттың сапалық жағын көрсетудің белгісіз болу мағынасын аңғарту функциясын қабылдаса керек.
2. Біреу сөзі бір және –еу қосымшасынан құралған. Біреу де сан есім қатарында қолданылатын «біреу» сөзінен лексикалық тәсіл арқылы ауысқан. Қазіргі татар тілінде берэу; ноғай, қарақалпақ тілдерінде бирев; өзбек тілінде бирев сияқты болып әр түрлі фонетикалық өзгерістерімен ғана айтылады.
3. Кей сөзінің шығу тегі туралы белгілі бір пікірді кесіп айту қиын. Сонда да болса, мынадай жорамал ұсынуға болатын сияқты.
Біріншіден, кей сөзі қай есімдігінің фонетикалық өзгеріске түскен бір түрі емес пе екен деген ой келеді. Кей сөзін қай есімдігінен шықты деудің кейбір тілдік фактілерге сүйене алатын орындары бар. Мысалы, қазақ тілінде кейбірі деудің орнына қайбірі деп кейбіреулері деудің орнына қай біреулері деп айту дағдысы бар. Сондай-ақ кей кезде деудің орнына қай кезде деп те айта береді. Кей мен қай сөздерінің мағыналық алшақтығы, яғни сұраулық мағынадан белгісіздік мағынаға көшу жолы қай сұрай есімдігінің қатыстық мағынада қолданылуы негізінде «Қай күні ол маған былай дейді» деген сияқты белгісіз мәнде айтылу дәуірін бастан өткізген болу керек, соның негізінде барып қалыптасса керек.
4. Әр есімдігі «Һәр» деген парсы сөзінен алдыңғы Һ дыбысын түсіріп айту негізінде пайда болған. Әр қазіргі азербайжан, түрік, татар, башқыр тілдерінде һер; құмық – гьар; ноғай, шор, қырғыз тілдерінде ар; қарақалпақ – хар, өзбек – хар және ұйғыр тілінде һә(р) болып қолданылады.
5. Әлде есімдігі араб тіліндегі іллә сөзінің алғы і дыбысының ә дыбысына және екінші л дыбысының д дыбысына алмасып қолданылуы негізінде пайда болған. Әлде араб тілінде «если не, исключая, кроме» деген мағыналарда қолданылады. Әлде сөзінің араб тіліндегі бұл мағынасы тек талғаулы жалғаулықтар есебінде қолданылатын орындарда ғана сақталған. Әлде қазіргі татар, башқыр тілдерінде әллә, өзбек тілінде алла түрінде қолданылады.
6. Пәлен есімдігі араб тіліндегі «фуләнун» сөзінен пайда болған. Пәлен араб тілінде «такой-то» мағынасында айтылады.
1.7. Болымсыз есімдіктер
Болымсыз есімдіктер – қазақ тілінде ерте заманнан-ақ қолданылып келе жатқанына қарамай, түп негізінде есімдіктен өзге категорияларға тән сөздерден пайда болғаны анық аңғарылады.
1. Түрік тілдерінің лексикасында араб-парсы тілдерінің тікелей қарым-қатынасының нәтижесінде ауысып келген сөздер жиі кездеседі. Міне, осындай сөздердің бірі-парсы тілінен ауысқан «еш» сөзі. Еш парсы тілінде анықтау (определ.) есімдіктері қатарында аталады. Бірақ онда еш сөзінің болымсыз мәнді есімдік екендігі арнайы түрде ескертіледі.
2. Түк сөзі адамның, малдың т.б. тірі жәндіктердің тәніне, денесіне шығатын өте нәзік уақ қылшықтар, жүндер дегенді білдіруші «түк» сөзінен пайда болған. «Түк»-өзге түрік тілдерінде де осы мәнде қолданылатын сөз. Мысалы, қырғыз, өзбек, ұйғыр, қарақалпақ тілдеріндегі түк; тува тіліндегі дук, татар тіліндегі төк т.б.
3. Дым сөзі не құрғақ деп айтуға, не су деп айтуға келмейтіндей болып, белгілі бір заттың болар-болмас қана сулану дәрежесіне түсуінің атауы «дым» (дымқыл) сөзінен пайда болған. «Дым» өзге түрік тілдерінде де осы «влага, сырость» мәнінде қолданылады. Мысалы, башқыр, татар, қарақалпақ тілдеріндегі дым; түрікмен тіліндегі нем; ұйғыр тіліндегі нэм; қырғыз тіліндегі ным//ым т.б.
Былайша айтқанда, түк пен дым сөздері өзінің негізгі лексикалық мағыналарынан айырылып, тиянақсыз жалпылық мағынадағы ешнәрсе, ештеңе, дәнеңе сияқты болымсыз есімдіктер дәрежесіне ауысып, солармен мәндес қалыпқа түскен.
4. Дәнеңе сөзі дә және неңе тұлғаларынан құралған. Мұндағы неңе сөзі туралы сілтеу, сұрау есімдіктерінің тұсында айтылды. Ал, дә- тұлғасының пайда болу жүйесі туралы мынаны айтуға болар еді.
Біріншіден, дә - тұлғасын туыстық атаулар қатарында қолданылатын атадан-атаға ауысып, үрім-бұтақты қуалай келе жатқан «немене» (не-мене) сөзіндегі не- тұлғасымен ұштастыруға болатын сияқты. Мысалы, ата қуып санағанда, егер әкеден төмен қарай түсетін болсақ:
1) Әке өзі болады да, 2) өз баласы өзіне – бала болады, 3) баласының баласы – немере болады; 4) немеренің баласы – шөбере болады; 5) шөберенің баласы – немене болады.
Бұдан ары атаудың өзі де бітеді. Сонда бұл «немене» деген кім? «Немене» деген енді «әкеге» дәнеңе де емес, оның жақындық туыстығы болмашы ғана, жоқ есебінде, яғни ол енді бастағы тараған «әкеге» түк те емес, ешкімде емес деген сөз. Демек, «немене» сөзіндегі не қосымшасын «дәнеңе» сөзіндегі дә қосымшасымен тектес, негіздес, соның бір варианты деп есептеуге болады.
Екіншіден, бұл дә- тұлғасын, немене сөзіндегі не- тұлғасын еске ала отырып, чуваш тіліндегі болымсыз есімдіктері тудырушы ни қосымшасымен ұштастыруға болады. Чуваш тілінде болымсыз есімдіктер тек ни (частица) арқылы ғана жасалады. Мысалы: нимен – ничто, никам – никто, нименлә - никакой, никаман – ничей (р.п.нимак) т.б. Осындағы ни –қосымшасымен түп негізінде қазақ тіліндегі дә, не қосымшаларымен тектес, бірақ әр тілдің өз ерекшелігіне ьайланысты айтылу жүйелерінің өзгеше болып келетіндігінен дыбыстық алмасуға (д>н немесе н>д, и>е немесе е>и) ұшыраған тұлға болу керек. Мұндай дыбыстық алмасулар-түрік тілдері арасында өте жиі кездесетін заңды құбылыс.
5. Бір де болымсыз есімдігі шығу тегі жағынан сан есім бір және де шылауларымен ұштасады. Бір-жарты, ширек және ондық, жүздік т.б. бөлшектерді еске алмағанда, санаудың ең соңғы шегі, ұсақ бөлімі болып саналады. Міне, сол санның шектік ұсақ бөлімі деген ұғым де шылауының көмегі арқылы болымсыз мәнге ие болып, ол болымсыз мән кейіннен бірте-бірте болымсыз есімдіктермен мәндес дәрежеге түсіп одан болымсыз есімдік пайда болған болу керек.
Сіз сөзі зат есімдердің септелу жүйесіндегі септік жалғауларының жалғану ретімен септелген болса, онымен салыстырғанда мен, сен, ол есімдіктерінің септелу жүйесінде біраз ерекшеліктер бар. Ол ерекшеліктер негізінде бес түрлі:
1) ілік, барыс, табыс, шығыс септіктерінде түбір сөздің соңғы н дыбысының түсіп қалуы;
2) мен, сен түбірлерінің барыс септігінде ма (н), са (н) болып өзгеріске түсуі;
3) барыс септігінің –ған формасында келуі;
4) көмектес септігінде –ы, -і дыбыстарының пайда болуы;
5) ол есімдігінің соңғы л дыбысының септік жалғауларын қабылдауда н дыбысына айналуы.
Ілік, барыс, табыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі –н дыбысының түсіп қалуы не сақталуы жөнінде ғалымдар арасында көптеген пікірлер бар. Ол пікірлерді жүйелей келгенде, негізгі үш салаға бөлуге болады. Бірінші – мен, сен, ол (ан) сөздерінің соңғы –н дыбыстары қосымшалар қатарына ауысып кетеді деген пікір, екінші – мен, сен, ол (ан) сөздерінің соңғы –н дыбысы түсіп қалады деген пікір. Үшінші – мен, сен, ол (ан) сөздерінің соңғы –н дыбысы түбірде сақталып отырылады деген пікір.
Бірінші, мен, сен, ол (ан) сөздерінің соңғы –н дыбысы септелгенде қосымшалар қатарына ауысып кетеді деген пікірді қолдаушылар В.А.Богородицкий және В.Бангнан бастап М.Рясяненге дейінгі шетел ғалымдары.
Екінші, мен, сен, ол (ан) сөздерінің соңғы дыбысы –н түсіп қалады деген пікірді қолдаушылар – түрік тілдерінің көптеген мамандары және түгел дерлік қазақ тілінің мамандары.
Үшінші, мен, сен сөздерінің соңғы –н дыбысы түбірде сақталып отырылады деген пікірді ұсынушы – Н.К.Дмитриев.
Септік жалғаулары мен –н дыбысы жайлы бұл келтірілген пікірлердің ішінде, ғалымдардың басым көпшілігі мақұлдап отырғанындай, н дыбысының қысқартылу, ықшамдалу (редукция) негізінде түсіп қалатындығы дұрыс екендігі анық байқалады.
Септеу үлгісіндегі екінші ерекшелік – мен, сен есімдіктерінің барыс септігінде ма-, са- болып өзгеріске түсуі. Мұның негізгі себебін мен, сен есімдіктерінің тарихи шығу төркінімен байланысты, яғни олардың ертеректегі көне қалыптарын бойында сақтағандық дағдыларымен байланысты сөз еткен жөн болады. Мысалы, қазақ тіліндегі мен, сен есімдіктері туыстас түрік тілдерінде, айталық, гагауз, қараим, ноғай, тува тілдерінде бäн, мäн, сäн, орхон-енисей ескерткіштерінде мäн, сäн және Х-ХІІІ ғасыр түрік текістерімен Орта Азия тэфсирлерінде мэн, мäн, сäн, сэн болып келеді. Бұған қарағанда түрік тілдерінде мен, сен сөздерінің көне түбір морфемалары бір кездерде ма-, са- формасында қолданылғаны анық сезіледі. Демек, қазақ тіліндегі мен, сен жіктеу есімдіктерінің септелу жүйесінде ерекшеленіп отырған бұл өзгешелік те осы сөздердің көне тарихымен тығыз байланысты қаралғаны жөн.
Септеу үлгісіндегі үшінші ерекшелік – барыс септігінде н дыбысының пайда болуы. Барыс септігі қазіргі түрікмен, түрік тілдерінде –на; азербайжан –нә; гагауз, караим, карачай, татар, ноғай, ұйғыр тілдерінде –на; башқыр, тува тілдерінде –ңә, құмық, ноғай, хахас, қырғыз тілдерінде –ға; өзбек, шор тілдерінде –га; ойрат –ге; қарақалпақ, қазақ тілдерінде –ған; құмық –ғар; алтай тілінде –а//-е боп келеді. Ал, ескі қолжазбалар мен ескерткіштерде бәнгä (О-Н, 20, ҮІІ-ҮІІІ), мәңә (МК, І, 195, 210, 212), саңар (Н, 54; В, 31), саңа (Тон, 32; КВ, ІІ, 15), сәңа (МК, І, 372), аңару (Тон, 20), аңар (Н, 42, 44; В, 24,28; КВ, ІІ, 43, 46), мәә (ОИУ, § 49) дегендей түрлерде кездеседі.
Бұл келтірілген пікірлерді жүйелей келгенде, негізінде үш салаға топтауға болатын сияқты. 1) Барыс септік жалғауы басында –ғару болған да, кейіннен –ғар формасына түсіп, одан –ған түріне ауысқан. Сонда -ғару>-ғар>-ған боп қалыптасқан. 2) Барыс септік жалғауының соңғы н дыбысын ингредиент деп тану, бұл негізінде оғар>оға>оған дегенге тура келеді. 3) Шалғай метотезис арқылы н және ғ дыбыстарының орын алмасуы, яғни онға>оған боп қалыптасу.
-ғар арғы кезде –ғару формасынан қысқарған деген пікірде екі түрлі жағдай бар: 1) -ғар қосымшасын ғару формасынан қысқарды деу; 2) –ған қосымшасын –ғар қосымшасынан пайда болды деу. Бұл екі пікірдің алғысын толық мақылдауға болады. Өйткені -ғару>-ғар ізі – ескі қолжазба ескерткіштерден бас тап бүгінгі түрік туыстас тілдердің қазіргі айтылу нормасынан да көптеп кездесетін дағдының бірі.
Біздің ойымызша, барыс септігінің –ған формасы –ғар формасынан шықпаса керек. Бұл формаларды тілдің даму процесінің бір кезеңінде бірқатар пайда болып, күні бүгінге дейін қатар өмір сүріп келе жатқан формалар деп қараған жөн сияқты. Бұлай деп айтуымызға осы екі формадан жеке-жеке салаға бөліне өрбіп тараған көптеген қысқарған формалардың -ғар>-ңар>-ңа//-ңә//-ңе және –ған>-ға//-га//-гә//-ге сияқты формалардың бар екені берік тиянақ бола алады.
Сонда, қазіргі қолда бар материалдарда кездесетін және барлық ғалымдардың ең көне форма деп жүрген –ғару//-ғары формасының бір кездерде –ғану//-ғаны сияқты варианттары болуы да мүмкін. Бұл варианттар бертін келе екі түрлі бағытта ықшамдалып,
-ғару//-ғары > -ғар
-ғану//-ғаны > -ған
деген сияқты қатар формалар тудыруы да ықтимал. Олай болса, -ғар сияқты –ған формасы да барыс септігінің көне жалғауларының бір түрі есебінде танылуы шарт.
Септеу үлгісіндегі төртінші бір ерекшелік – көмектес септігінде і, ы дыбыстарының пайда болуы. Көмектес септігі хакас тіліндегі минінень, синінень, анынань; ойрат тілндегі мени-ле (мен-ле), сени-ле (сен-ле), аны-ла (ол-ло//ол-ла) және қазақ тіліндегі менімен, сенімен, онымен дегендерден өзге түрік туыстас тілдерде кездеспейді.
Бұл көмектес септігінің тұлғалық құрамы ме-ні-мен, ми-ні-нен, ме-ни-ле деген сияқты жеке бөлшектерден тұрады. Ондағы ме-, ми- дегендер – түбір морфемалар да, -ні, -ни дегендер – бір кездерде толық түрде қолданылған –нің морфемасының фонетикалық өзгеріске түсе ықшамдалған дәрежесінің бір көрінісі, -мен, -нень, -ле дегендер – көмектес септік жалғаулары. Олар – ертеде толық мағыналы сөздерден бірлән>билән>білә>ілә>лә//ле; бінән>мінән>інән>нән; мынан//менен>манн//мен деген сияқты жолдармен пайда болған қосымшалар.
Көмектес септігінің құрамындағы бұл формалар мен қосымшалардың алғашқы тұлғалары ескі қолжазбалар мен ескерткіштерде мәнің бірлә (КВ, 11, 63; В, 33; МК, 1, 190, 194, 234, 352), аның бірлә (МК, 1, 235, 238, 240), аның білә (МК, 1, 244, 266) сияқты боп өте жиі кездесіп отырады. Сол сияқты ауыз әдебиеттерінің нұсқаларына кездесетін «меніңменен», «сеніңменен» сияқты көмектес септік жалғауының түрлері де тегін формалар емес.
Септеу үлгісіндегі бесінші ерекшелік – ол есімдігінің соңғы л дыбысының септік жалғауларын қабылдауда н дыбысына айналуы. Бұл мәселе ол сөзінің түпкі төркінімен байланысты сөз болуды қажет етеді. Мысалы, ол сөзі көне ескерткіштерде ан, аналар деген формаларда кездеседі. Ал, қазіргі түрік тілдерінің біразында андағ, ондағ және көпшілігінде ондай, онсыз, онша деген сияқты формаларда ан, он түрінде қолданылады. Ол сөзінің бұлайша ан түрінде, яғни соңғы дыбысының н болып айтылуы оның мен, сен есімдіктерінің соңғы л дыбысы бір кездерде н түрінде қолданылған деген ойға тоқталуды мақұлдайды. Н және л дыбысының алмасып, ауысып қолданылу дағдысы-түрік тілдерінің қай-қайсысына болса да тән ортақ заңдылық.
Қорытынды:
Есімдіктерді тануда ғалымдар арасында бірқатар пікірталастар да кездеседі. Рылов Ю.А. оны грамматикалық категорияға жатқызса, Крушельницкая К.Г. коммуникативті-синтаксистік категорияға, Алехина М.И. контекстуалды категорияға жатқызса, Ревзин И.И. оны "жасырын синтаксистік категория" деп атайды. Тілдік семантикаға деген қызығушылықтың артуы, ғылымдардың байланысы тілді де тұтас жүйе ретінде қарастырып, есімдіктер мәндерін сан қырлы сипатын анықтауға жол ашып отыр. Есімдіктер мәні жағдаят сипатымен тығыз байланысты. Мұнда сөйлеуші позициясына ерекше мән беріледі, себебі оның нысанға қатысы, тыңдаушыға әсері т.б. байланысты сөйленістің белгілілік деңгейі анықталады. Есімдіктер мәндерінің жиынтығы тілдік бірліктердің көптүрлілігімен ерекшеленеді.
Қазақ тіліндегі есімдіктердің құрылымы өте күрделі. Ол имплицитті (морфологиялық, синтаксистік, лексикалық құралдар арқылы) және эксплицитті түрде көрініс табады. Тіл фактілерін функционалдық тұрғыдан қарастырғанда ғана тілдің түрлі деңгейлеріндегі құралдарды бір категория (белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы) шеңберінде сөз етуге болады.
Есімдіктер категориясын референтті категория ретінде қарастыру есімдердің мәніне ғана емес, тілдік емес нысандарға, сөйленіс пресуппозициясына, тілдік және тілдік емес контекстерге, сөйлеуші мен тыңдаушының орнына, олардың аялық білімдеріне назар аударуды қажет етеді. Есімдіктер категориясының логика-семантикалық және прагматикалық сипатын тексеру есімдіктер сияқты инвариантты мәнді анықтауға да мүмкіндік береді. Белгілілік мәні анафора, дейксис немесе сөйлесушілердің аялық білімінің нәтижесінде туындауы да мүмкін.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Крушельницкая К.Г. Коммуникативное задание предложения и способы ее выражения // Учебное пособие по сопоставтиельной грамматике немецкого языка. –М., 1978. –125 с.
2. Бондарко А.В. Теория морфологических категорий, –Л., 1976. –255с.
3. Химик В.В. Категория субъективности и ее выражение в русском языке. –Л., 1990. –С. 152.
4. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. –Алматы: "Ана тілі", 1991.–445 б.
5. Омарова А. Қазақ тіліндегі нөлдік морфеманың функционалды және семантикалық аспектісі. Филол. ғыл. докт. дисс.–Алматы, 2006–282б.
6. Краткая грамматика казак-киргизского языка. Фонетика и этимология. Составил П.М.Мелиоранский. СПб. Часть І‚ 1894‚ Часть ІІ‚ 1897. –15 с.
7. А.Ибатов «Қазақ тіліндегі есімдіктердің тарихынан», Алматы,1966.
8. Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. –Алматы: "Арыс", 2007. –488 б.
Ақпарат көзі - www.temakosan.net интернет сайты
Достарыңызбен бөлісу: |