Реферат тақырыбы: Қазақ халқының батырлары



бет8/9
Дата28.05.2023
өлшемі107 Kb.
#474419
түріРеферат
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Реферат Қазақ хандығының батырлары2

Мәлік Ғабдуллин
Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Қойсалған ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. 14 жасынан бастап атақты жазушы Сәбит Мұқановтың тәрбиесін алады. 1924-1931 жылдар аралығында М.Ғабдуллин Көкшетау қаласындағы жетіжылдық қазақ мектебінде оқиды. 1931-1935 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы Педагогикалық институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінде білім алады. 1932 жылы Мәліктің шешесі Әлия мен тоғыз бауыры ашаршылықтың құрбаны болады.
1936-1937 жылдары әскерге барып, әскери борышын өтеп келген Мәлік Ғабдуллин 1938 жылдың басында «Социалистік Қазақстан газетінде» бас редактордың көмекшісі болып жұмыс істейді. 1938 жылы қазан айында аспирантураға түсіп, Мұхтар Әуезовтің ұстаздығын көп көреді. 1938 жылы «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары болып қызмет атқарады.
1941 жылы Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанған Мәлік Ғабдуллин генерал Иван Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясына барып түседі. 1941 жылдың қыркүйегінен бастап, соғыстың соңына дейін Отанды қорғау борышын абыроймен атқарады. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік солдаттардың біразына басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар ұрыстың нәтижесінде жаудың екі танкісін гранатамен жарып, жаудың 12 солдатын тұтқынға алады. Алған жарақатына қарамастан Мәлік Ғабдуллин жауға қарсы оқ боратады. Соғыста өз әскерін жеңіске жетелеп, рух бере білген қолбасшы ретінде Кеңес Одағының Батыры, гвардия майоры Мәлік Ғабдулиннің кеудесіне Ленин ордені, Қызыл Жұлдыз және І дәрежелі Отан соғысы ордендері тағылады.
Мәлік Ғабдуллин соғыс кезінде шығыстың қос шынарының бірі Мәншүк Мәметованың қазасынан кейін оған Батыр атағын бергізу үшін үлкен еңбек сіңіреді.
«Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барам. Тіпті Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем»,-деген Мәлік Ғабдуллин табандылығы мен өжеттілігінің арқасында 1944 жылы 5 наурызда Мәншүк Мәметоваға Батыр атағын алуға септігін тигізеді.
Соғыс аяқталғаннан кейін қазақтың С.Мұқанов, М.Әуезовтей қаламгерлерінің қасында жүріп, тәлім алған Мәлік өзі де жазуға ден қояды. Мәлік Ғабдулиннің қаламынан «Менің майдандас достарым», «Алтын жұлдыз», «Майдан очерктері, «Достар, жолдастар туралы», «Ызғарлы жылдар» атты шығармалар туды. Жазушының қарапайым тілмен жазылған соғыс уақытындағы оқиғаларды оқырман қызыға оқып, жылы қабылдады.
М.Ғабдуллин республиканың ғылыми-педагогикалық мекемелерінде қызмет атқарды. Қазақ КСР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының директоры (1946-51), Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры (1951-63) болды. 1963-1973 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі болды.
Сондай-ақ Мәлік Ғабдуллин ғылыми-зерттеу саласында көп еңбек етті. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1958, 1964) атты күрделі монографиялық еңбегінде Ғабдуллин ауыз әдебиетін зерттеудің ғылыми-методологиялық негіздерін айқындап, қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, лиро-эпостық дастандар, айтыс өлеңдері, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер туралы жан-жақты терең ғылыми талдаулар жасады, олардың ғылымдық, тәлім-тәрбиелік мәнін ашып көрсетті.
Педагог-жазушы ретінде ол жас ұрпақтың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» (1966) деген кітабында М.Ғабдуллин бесік жырынан бастап, батырлар жырына дейінгі халық поэзиясының тәрбиелік мәнін ашып, оны іс жүзінде пайдаланудың тәсілдерін көрсетеді. Сонымен бірге балаларды патриотизмге, шыншылдыққа тәрбиелеу, олардың болашаққа сенімін арттыру, жас баланы дұрыс сөйлеуге үйрету жөнінде ата-аналарға педагогтық кеңес береді.
М.Ғабдуллин ӀӀ-ӀV сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Ленин ордені, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталған. Қазақ жазушысы, әдебиет зерттеуші, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мәлік Ғабдулиннің артына қалдырған мол мұрасы ұрпаққа өнеге.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет