2.3 Баға құрамындағы салықтар
Салықтар – заң жүзінде мемлекетпен бекітілген біржақты реттілікте белгілі бір мөлшерде, қайтарымсыздық және өтемсіздік сипаттағы бюджетке аударылатын ақшалай төлемдер (ҚР Салық кодексі, 10 бап).
Баға құрамына келесі салықтар кіреді:
- әлеуметтік;
- қосымша құн салығы;
- акциз.
Әлеуметтік салық – бұл қоғамдық қатынастардың ерекше әлеуметтік-экономикалық немесе мәдени аяларын дамытуға не материалдық қолдауға бағытталған бюджетке төленетін аударымдар. 1999 жылдан бастап әлеуметтік салық Зейнетақы қорына, зейнетақы төлеу бойынша Мемлекеттік орталыққа, әлеуметтік сақтандыру қорына, жалпы медициналық сақтандыру қорына, жұмысбастылықты қолдау қорына аударымдарды және автокөлік жолдарын пайдаланушылардың аударымдарын біріктірді. Бұл салықтың шамасы кәсіпорынның еңбекақы шығындарымен тығыз байланысты, өнімнің өзіндік құнына «сақтандыру аударымдары» ретінде жеке шығындық бап сипатында бола отырып өлшенуге мүмкін болады.
Әлеуметтік салықтың мөлшерлемесі (ставкасы) 21% құрайды (Казақстан Республикасы Президентінің 2003 жылдың сәуір айындағы «Халыққа жолдауында» осы салық мөлшерлемесін 21-ден 13%-ға дейін төмендету шараларын Үкіметке тапсырды). Салықтың қызмет ету уақытында мөлшерлемелер өзгеріліп әр-түрлі төлеушілер үшін 26%-дан 65%-ға дейін сараланады.
Қосымша құн салығы өндіріс үдерісінде және тауарлар (жұмыстардың, қызметтердің) айналымында қосылатын, өнімді өткізу бойынша айналымнан алынатын құнның бір бөлігі және Қазақстан Республикасы аймағына тауарлардың импортталуы кезіндегі бюджетке аударылатын төлемдер ретінде сипатталады.
ҚҚС республика территориясында тұтынылған немесе пайдаланған тауарлар мен қызметтерге қатысты тұтынудағы жалпы салық болып табылады.
ҚҚС өндірілетін және көрсетілетін қызметтер құнының салығы болып табылады. Салық өнімді (тауарларды, қызметтерді) өндірудің және өткізудің барлық кезеңдерінде алынады. Нәтижесінде соңғы тұтынушы салықты толық төлейді, ал өнімді өндіруде және өткізуде төленген ҚҚС-ғы оларды төлеген субъектіге қайтарылуы мүмкін.
Салынатын айналым бойынша бюджетке төленуге міндетті ҚҚС, өткізілген тауарлар (жұмыстар, қызметтер) үшін есептелген ҚҚС сомасы мен алынған тауарларға төленуге міндетті ҚҚС сомасының айырымымен анықталады. Осылайша, кәсіпорын тауарды сатқанда сол кәсіпорында қалыптасқан құнға салық қосып оны өтеп алады. Бұл сату бағасына қосылатын ҚҚС бөлігі мемлекеттік бюджетке аударылады. Сонымен, тауарлардың іс жүзіндегі айналымы салықтық төлемдермен тығыз байланысты, ал салықтың барлық ауыртпашылығы соңғы тұтынушыға жүктеледі.
Қандай да бір жеңілдіктер мен шегерімдер болмаған жағдайда косымша құн салығы табысы төмен тұлғаларды табысы жоғары тұлғалармен салыстырғанда табыстарынан жоғары пайыз төлеуге міндеттейді. Мәселен, бір айда табыстары 6000теңге және 36000 теңге құрайтын екі жанұя 1160 теңгеге ұқсас тауар сатып алады, ал ҚҚС 16% құрайды. Екі жанұя да бірдей жанама салық-160 теңге төлейді. Мұнда ҚҚС бірінші жанұяда-2,66%, ал екіншісінде-0,44% құрайды.
ҚҚС мөлшерлемесі 2001 жылдың 26 маусымында қабылданған Салық Кодексіне сәйкес 16%-ға тең (Казақстан Республикасы Президентінің 2003 жылдың сәуір айындағы «Халыққа жолдауында» осы салық мөлшерлемесін 16-ден 15%-ға дейін төмендету шараларын Үкіметке тапсырды). Экспорттық тауарлар айналымы бойынша (түрлі-түсті және қара металдар экспортын қоспағанда); Ұлттық Банкке асыл металдарды өткізуді (алтын, платина); халықаралық тасымалдаулармен байланысты қызметтер көрсету, жұмыс атқару нольдік мөлшерлемедегі ҚҚС-ғы салынады.
Акциздер бұқаралық тұтыну үшін өндірілетін және Қазақстанның территориясына енгізілетін тауарларға салынады. Акциздік тауарлар мен қызметтерге келесілер жатады:
1) спирттің барлық түрлері;
2) алкогольдік өнімдер;
3) темекі өнімдері;
4) бекіре және қызыл балық уылдырығы;
5) алтыннан, платинадан немесе күмістен жасалған зергерлік бұйымдар;
6) бензин (авиациялықты санамағанда), дизельдік отын
7) жеңіл автокөліктер (мүгедектер үшін арналған қолмен жүргізілетін автокөліктерді санамағанда);
8) тапанша және газдық кару-жарақтар (билік органдарының қажеттіліктеріне арналғандардан басқалары)
9) газдік конденсатты қосқандағы шикі мұнай;
10) ойын бизнесі;
11) лотереяны ұйымдастыру мен өткізу.
Тауардың бағасына екі салықтың енуі тауарды қымбаттады, тұтынушылық сұраныстың төмендеуіне және шикізаттар мен материалдарды қымбаттатып өндірістің қиыншылыққа ұрынуына байланысты ұсыныстың төмендеуіне әкеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |