Рефераты қызылорда, 2013



Дата01.07.2016
өлшемі299.8 Kb.
#171074
түріРеферат



ӘӨЖ 338.433.4:338.436 (574.54)

Қолжазба құқығында


МАМАНОВА АЙГҮЛ ТӨЛЕПҚЫЗЫ


Ауыл шаруашылығы өндірісінде материалды-техникалық қамсыздандандыру жүйесін жетілдіру

(Қызылорда облысы мәліметтері негізінде)

6М050600 – Экономика мамандығы

Экономика және бизнес магистрі академиялық дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның


РЕФЕРАТЫ


Қызылорда, 2013

Жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде орындалған.


Ғылыми жетекші: экономика ғылымдарының

кандидаты К.А.Өтегенова


Ресми опонент: экономика ғылымдарының

кандидаты А.Б.Әлібекова


Магистрлік диссертациямен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.



КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасының президенті 2012 жылдың желтоқсан айында жолдаған «Қазақстан – 2050» стратегиясы – Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» - атты дәстүрлі Жолдауында «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру»- деп атап көрсетті [1].

Ауылшаруашылық өндірісінде техникалық база ерекше рөл атқарады, онда әр түрлі өндірістік үдерістерді орындау қатаң түрде белгілі бір мерзімге ие болады. Сондықтан да техникалық еңбек құралдарының құрамы қолданыстағы технология мен технологиялық үдерістерді орындаудың агротехникалық талаптарына сәйкес болуы тиіс.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің техникалық қамсыздандырылуының қалыптасқан төмен деңгейі оның тиімді дамуын тежеуші негізгі фактор бола отырып, дәнді дақылдарды өндіру технологиясының қарапайымдануына, арамшөптердің таралуына, өсімдіктердің ауыруына, топырақтық құнарсыздануына және де нәтижесінде өнімнің саны мен сапасының төмендеуіне әкелді.

Қалыпты эксплуатациялық мерзімнің 7-10 жыл екендігіне қарамастан, Қазақстандағы қазіргі ауыл шаруашылығы машиналар паркінің орташа жасы 12-13 жасты құрайды. Қолда бар техниканың техникалық дайындық коэффициенті 0,7- ден аспайды және техника бірлігіне шаққандағы жүктеме қалыпты жағдайдан 1,3-1,5 есе артық.

Ескеретін жағдай, қолданылып жатқан отандық техника өзінің сапалық параметрлері бойынша әлемдік деңгейден анақұрлым төмен, сондықтан олар ауыл шаруашылығы дақылдарының егісі мен жинауға байланысты технологиялық операциялардың минимальді жоғалтуларын қамтамасыз ете алмайды. Біздің жағдайда техникалық құралдардың тозуы өсірген астық өнімінің 40% дейін жоғары жоғалтуларға әкеледі. Агроқұрылымдардың техникамен төмен жабдықталғандығы оны лизингке алудың қатаң шарттарымен, екінші деңгейлі банктер үшін несие алуға кепілдіктің жоқтығымен байланысты болып отыр. Осының барлығы әртүрлі ұйымдармен ұсынылатын қымбат ауыл шаруашылығы техникасының кең ассортиментінің негізінде болып жатыр.

Облыста машина-тракторлық паркін жаңарту бойынша жұмыстар жалғастырылып жатыр. Соңғы бес жыл ішінде (2007-2011 жылдар) облыстың машина-тракторлық паркін жаңартудың қарқындары тракторлар бойынша 3,6%-ды, тіркелетін техника бойынша 3,1%-ды, астық жинайтын комбайндар бойынша 11,6%-ды құрады. Жаңартудың мұндай қарқындары айтарлықтай төмен. Облыс ауыл шаруашылығын техникамен және ауыл шаруашылығы машиналармен қамтамасыз етудің нақты қалыптасқан жағдайы өте күрделі деп бағаланады.

Қазіргі уақытта техникалық еңбек құралдарын: ауыл шаруашылығын

техникалық қайта жарақтаудың ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламасы бойынша; қаржылық лизинг бойынша; шаруашылық субъектілерінің өз қаржылық жинақтары есебінен; ауылшаруашылық техникасының қайталама нарығында; машина-технологиялық станциялар арқылы; қызмет көрсетуші кооперативтер арқылы; отандық машина жасау кәсіпорындарының делдалдық қызметі арқылы сатып алу арқылы ауыл шаруашылығының техникалық базасын нығайту мен дамытудың ең өзекті мәселе болып табылады.



Тақырыптың зерттелу дәрежесі. Ауыл шаруашылығы өндірісін материалды-техникалық қамсыздандыру мен дамыту жөніндегі пікірлерді шет елдік ғалымдар В.Д. Грибова, В.П. Грузинов, Г.Л. Журавлева, Ю.А. Конкин, Л.П. Кормановский, Л.Ф. Кормаков, М.А. Кочанов, Я.В. Краснощеков, А.Е. Немцев, А.Л. Пустуев, А.Э. Северный, А.Н. Семин, В.И. Черноиванов және т.б. зерттеп, үлкен үлестерін қосты. Ауылшаруашылық машиналары нарығындағы күрделі жағдайдың дамуына қол жеткізу мәселелерін қазақстандық ғалым-экономистер М.Д.Әбішов, М.Баишев, Т.Б.Баяхметов, М.М.Бекмагамбетов, Н.К.Есенғарин, Ж.Ихданов, М.Б.Кенжеғозин, А.Қ.Қошанов, Н.К.Мамыров, К.Н.Нарибаев, Н.К.Нұрланова, Р.К.Сатова, Л.Ф.Сухова, Ө.Қ.Шеденов және басқалар өздерінің ғылыми зерттеулерінде қарастырып, олардың іс жүзіне енгізілуіне елеулі үлестерін қосты.

Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың негізгі мақсаты - аймақтың ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды факторы ретінде агроқұрылымдардың материалдық-технникалық қамсыздан-дырылуының теориялық-әдістемелік және тәжірибелік негізін тұжырымдау.

Аталған мақсатқа сай мына төмендегі міндеттерді шешуді қажет етеді:

- аграрлық сектордың материалды-техникалық қамсыздандыру жүйесінде өндіріс құралдары нарығының қалыптасуы және қызмет етуін теориялық негіздеу;

- аймақтың аграрлық секторындағы материалдық - техникалық потенциалды және оның пайдалануын экономикалық талдау;

- кәсіпорындарда ауылшаруашылық техникаларын және жүк машиналарын пайдалану тиімділігін бағалау;

- машина - трактор паркін пайдалануды ұйымдастыру мен оған техникалық қызмет көрсетудің маңызын зерттеу;

- агроқұрылымдардың негізгі құралдарын жаңартудағы лизингтің экономикалық тиімділігін ұсыну;

- машина жасау өнеркәсібін дамыту негізінде және ауыл шаруашылығының техникалық базасын нығайту жолдары қарастырылды.



Зерттеу нысаны – Қызылорда облысының агроқұрылымдарының материалдық-техникалық қамсыздандырылуын сипаттайтын машина-трактор парктерінің жағдайы.

Зерттеудің пәні – аймақта ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуда материалды-техникалық қамсыздандырылуының теориялық және тәжірибелік қырларының жиынтығы.

Зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздері. Жалпы зерттеудің теориялық әдістемелік негізі ретінде заңдылық актілер, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары, ауыл шаруашылығы техникалық базасын қалыптастырудың проблемаларын зерттеген отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми еңбектері қолданылды.

Зерттеу жұмысының нормативтік – ақпараттық базасы. Ақпараттардың негізгі көздері: ҚР статистика бойынша агенттігінің, Қызылорда облысының статистикалық басқармасының мәліметтері және нормативтік-анықтама материалдары, Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы құрылымдарының жылдық есеп беру мәліметтері.

Зерттеу тәсілдері. Абстракты-логикалық, статистикалық-экономикалық, салыстырмалы талдаулар, экономика-математикалық, болжамдау әдістерін қолдану көмегімен жүргізілді.

Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде аймақтың ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық жағдайына экономикалық талдау жасау арқылы жұмыстың ғылыми жаңалығын айқындайтын мына төмендегі негізгі нәтижелерге қол жеткізілді:

- өндірістік инфрақұрылым ретінде ауыл шаруашылығын материалды-техникалық қамсыздандырудың ғылыми негіздері, әдістері және оны мемлекетік реттеу қажеттілігі тұжырымдалды;

- зерттеліп отырған аймақта ауылшаруашылық техникаларын пайдаланудың қалыптасқан жағдайы мен ұйымдастырылуы зерттелді ;

- ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында материалдық-техникалық ресурстарды тиімді пайдалану көрсеткіштеріне экономикалық талдау жасалынды;

- ауыл шаруашылығын материалдық-техникалық қамсыздандыруды жетілдіру үшін лизингті пайдалану, отандық машина жасау өнеркәсібін дамыту жолдары ұсынылды.

Қорғауға ұсынылған негізгі қағидалар:

- ауыл шаруашылығын материалдық-техникалық қамсыздандырудың экономикалық теориясы мен қызмет ету нарығы анықталды;

- аймақтың агроқұрылымдарында машина-трактор паркін пайдалану үрдісі зерттеліп, даму бағыттары қарастырылды;

- жүк және ауылшаруашылық техникаларын пайдаланудың негізгі тиімділік көрсеткіштеріне экономикалық талдау жүргізілді;

- ауыл шаруашылығының техникалық базасын дамытудың басым бағыттары ұсынылды.

Зерттеудің ғылыми - тәжірибелік маңызы. Диссертациялық жұмыста тұжырымдалған ауыл шаруашылығын материалдық-техникалық қамсыздандыру жүйесін жетілдіруде жасалған қорытындылар мен ұсыныстардың қолдану мүмкіндіктері айқындалды. Жұмыстың теориялық қағидалары мен тәжірибелік тұжырымдарын жоғарғы оқу орындарында «Ауыл шаруашылығы экономикасы», «Агробизнес негіздері» «Сала экономикасы», «Кәсіпорын экономикасы» және әр түрлі курстарда экономикалық пәндерді оқытуда қосымша материалдар ретінде қолдануға болады.

Диссертациялық жұмыстың ғылыми-зерттеу жоспарларымен байланысы. Диссертациялық жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағдарламасына сәйкес орындалды.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу (апробациясы). Диссертациялық жұмыстың негізгі концептуалдық жағдайлары аймақтық ғылыми басылымдарда жарияланған: «Жаһандану жағдайындағы экономикалық даму: тенденциялары және перспективалары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. Болашақ университеті, Қарағанды қаласы. 2013 жыл, 22-23 ақпан; ҚМУ Хабаршысы, №4(36) 2012 жыл. Барлығы 2 мақала, жалпы көлемі 0,6 б.т. авторлық мәтінмен жарық көрді.

Зерттеу жұмысындағы қорытындылар мен ұсыныстар нақты іс тәжірибелерде, атап айтқанда «Ақ Тоған» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік қызметінде қолданылды.



Диссертациялық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыс 82 бетте мазмұндалған, кіріспеден, үш негізгі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Материалдық-техникалық қамсыздандыру - бұл субъективті-объективті құрылымы бар объективті экономикалық қарым - қатынастар. Материалдық-техникалық қамсыздандырудың субъективті-объективті құрылымы – бұл мақсаттары мен қызығушылығы бір бағытқа бағытталаған, материалдық-техникалық қамсыздандырылу объектілерінің қозғалысының сипаты мен формаларының жиынтығы. Өз кезегінде материалдық-техникалық қамсыздандыру субъектілерін қызығушылығы бір объектіге бағытталған заңды және жеке тұлға ретінде айқындауға болады. Материалдық-техникалық қамсыздандыру объектілеріне өндірістің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етуші өндіріс және ұқсату шарттары, тауарөндірушілердің (сатып алушылар) қызметтері мен бейімділігі жатады.

Экономикалық даму жағдайында өндіріс саласы мен инфрақұрылымына, оның ішінде материалдық-техникалық қамсыздандыруға елеулі әсер ететін факторлар, құбылыстар және үдерістер туындайды:



  • еңбек заты мен құралдарының жаңа конструкциялық қағидаларға сәйкес сапалы өзгеруі;

  • шығарылатын және пайдаланылатын өнім түрлерінің технологиялық жағынан түбегейлі конструкциялық жаңартылуы;

  • ғылыми техникалық прогресстің жоғары деңгейі жағдайында халық шаруашылығының әр түрлі салаларымен шығарылатын өнім номенклатурасының интенсивті артуы себбінен мамандану мен қоғамдық еңбек бөлінісіндегі қиыншылықтар туғызады;

  • өндірістік және жеке тұтынушыға арналып шығарылатын өнім номенклатурасының кеңеюі өндірістік үдеріске тартылатын материалдық ресурстар мен жабдықтардың типтерінің, сұрыптарының және көлемдерінің санының одан әрі артуына әкеледі;

  • бір мезгілде машиналар, жабдықтар және техникалық құралдардың жаңа типтерінің пайда болуы, моральдық ескірген өнімдердің кейбір түрлерін өндірістен алып тастауды қажет етеді;

  • ресурстарды тиімсіз пайдалану нәтижесінде ертерек қаржыландырылған шикізаттар мен материалдардың кейбір түрлеріне қажеттіліктің болмай қалуынан, жаңа типті өнімдер шығаруда бірқатар қиындықтар туындайды.

Кәсіпорындар мен бірлесіктерді материалдық-техникалық жабдықтармен, шикізатпен, отынмен және басқа да ресурстармен қамсыздандыруды жетілдірудің отандық мүмкіндіктерін зерттеуде бұл үдеріс басқа салалардың өндірістік инфрақұрылымдарымен салыстырғанда кеш дамығаны байқалады.

Материалдық ағындарды басқару, яғни жеткізілімдерді реттеу, қорларды бақылау және аймақтық деңгейде олардың қажетті көлемін ұстану сияқты ортақ мақсат болу керек. Сонымен қатар, материалдық-техникалық қамсыздандырудың нормативтік базасына негізделе отырып тұтынушылармен жасалған келісім шарттар мен тапсырыстарға сәйкес міндеттемелерді уақытылы және толық орындауға бағытталған өндіріс және өткізуді оперативті жоспарлауды қамтамасыз ету қажет.

Қазіргі кезде материалдық – техникалық қызмет көрсету саласын мемелекеттік реттеудің негізгі бағыттарына антимонополиялық реттеу, сапасыз бәсекелестермен күресу, сапалы өнім мен қызметке бәсекелес орта қалыптастыру басым бағыттарға жатады. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенін материалдық-техникалық қамсыздандыру өндірістік техникалық қызмет көрсетуге байланысты бірқатар қосымша қызмет түрлерімен қатар жүргізілуі тиіс.

Агроөнеркәсіп кешені нарығының мамандандырылған бір бөлігі ретінде материалдық-техникалық ресурстар нарығы барлық АӨК жүйесінің заңдылықтарына сәйкес сегмент ретінде қызмет етеді. Сондықтан, материалдық-техникалық ресурстар нарығының ерекшелігін қарастыра отырып, агроөнеркәсіп кешені нарығының қалыптасуы және әрекет етуінің жалпы заңдылықтары мен қағидаларын ескеру қажет.

Материалдық-техникалық ресурстар дегеніміз – өндіріс құралдары нарығындағы ерекше тауарлар түрі. Оның ерекшелігі ең алдымен, тұтынушылардың шектелілігі жағдайында материалдық ресурстарды жеткізушілер саны күрт азаюы мүмкін немесе АӨК саласында материалдық-техникалық ресурстардың бөлшек саудасы жеткілікті дәрежеде дамымаған. Сондықтан, бұл нарық түрі бойынша ең бірінші айтатын мәселе, оның еркін бәсекелестік құрылымдарының болмауы.

Қазақстан республикасы бойынша мәліметтерге тоқталатын болсақ, Павлодар трактор зауытында ДТ-75Т “Қазақстан” тракторы шығарылады. Ауыл шаруашылық машина жасау кәсіпорындарында, оның ішінде Астана, Қарағанды, Тараз, Қызылорда, Қостанай, Ақтау, Атбасар, Өскемен т.б. қалаларда топырақ өңдеу, тыңайтқыш себу, егістік зиянкестерін жою мақсатында қолданылатын машиналар да топырақ өңдейтін аспалы және жартылай аспалы соқалар, қопсытқыштар, тісті, инетісті және делегейлі тырмалар, тығыздағыштар, тыңайтқыш сепкіштер, көң, сұйық тыңайтқыш шашқыштар; сұйық және түйіршікті улы қоспаларды бүріккіштер және тозаңдатқыштар, дән улағыштар, фумигаторлар, аэрозоль шашқыштар; қар тоқтатқыштар тобына жататын 57 түрлі күрделі және қарапайым ауыл шаруашылық техникасы шығарылады.

Ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын жаңа зауыттар салу үлкен капитал салымдылықты және шығарылатын техникаларды өндіріске енгізуге ұзақ уақытты қажет етеді және бұл ұзақ мерзімді бағдарламаларда қарастырылуы керек. Сондықтан, шет елдік фирмалардың заемды қаражаттарының есебінен бірлескен кәсіпорындар ашқан дұрыс. Автомобиль өнеркәсібінде мұндай тәжірибе кеңінен қолданылып та жатыр. Отандық техникаларға қарағанда батыс елдерінің техникалары қымбатырақ болғандықтан, оларды тек қаржылық жағдайы тұрақты кәсіпорындар ғана сатып ала алады. Төлемқабілеттілік деңгейінің төмендеуінен елімізде шығарылатын техника құралдарын сатып алу мүмкіндігінен айрылып қалмау үшін, отандық техникалық мүмкіндіктердің барлығын максималды түрде пайдалану керек.

Агроөнеркәсіп кешенін өндіріс құралдарымен жабдықтаудың жолы ретінде материалдық-техникалық ресурстардың көтерме нарығын аймақтық жүйесін реттеу де қарастырылады.

АӨК саласын материалдық – техникалық қамсыздандырудың бір жолы, қолда бар инфрақұрылымның өндірістік-техникалық мүмкіндігін пайдалану. Өнеркәсіптік зауыттар жыл бойы ұсынысты қамтамасыз ету үшін шығаратын өнімдер ассортиментін кеңейтті. Ауыл шаруашылығы машиаларын жасауға Қорғаныс Министрлігіне қарасты зауыттар да кірісті. Машиналар, жабдықтар және басқа да өнімдерді шығармас бұрын, нарықтағы жаңа техникаға сұраныс пен ұсыныс, сатып алушылардың төлемқабілеттілігін, бағалар динамикасын және т.б. зерттеуді қажет етті.

Өндіруші кәсіпорындардың өнімдері тұтынушыларға әр түрлі бағамен ұсынылуы мүмкін. Өнімнің ірі партиясын сатып алушыға өндіруші зауыт, әдетте бағасын түсіреді. Ресурстармен қамтамасыз етуші көтерме сатып алатын кәсіпорындар өнімдерді делдал фирмаларға қарағанда арзан сатады. Сатып алушы өнімді екі жолмен сатып ала алады: техниканы тікелей өндірушіден сатып алып, өз көлігімен тасып алу немесе техниканы сатып қана қоймай, оны эксплуатациялау кезінде де жөндеу, кеңес беру қызметтерін атқаратын диллер көмегіне жүгіну. Көтерме нарықта бәсекелестіктің туындауынан делдал фирмалар үстеме бағаларды түсіріп қана қоймай, өткізген өнімге көліктік, экспедициялық сипаттағы қызмет түрлерін де қосымша ұсынады. Бәсекелес көтерме нарығының қалыптасуына шаруашылық субъектілері ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік органдар да мүдделі. Ауыл шаруашылық машиналарын шығарушылар өнеркәсібін кеңейту және қолдау арқылы ауыл шаруашылығы өндіріс көлемін арттыруға жол ашылады.

Ауыл шаруашылығы машиналары, жабдықтары және жанар-жағар майының бағасын мемлекеттік реттеу мақсатында жергілікті жерлердің ауыл шаруашылық департаменттерінде құрамына мемлекеттік органдар өкілдері, аграрлық сектор мамандары және көтерме нарық өкілдері кіретін арнайы коммисия құру қажет. Коммисия баға саясатындағы агротехниканы өткізудегі мемлекеттің мүддесін қорғау керек.

Агроөнеркәсіп кешенінің өндірістік-техникалық нарығының басты мақсаты ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің техникаға, жабдықтарға, қосалқы бөлшектерге және өндірістік-техникалық қызмет етуіне толық қанағаттандыру.

Қызылорда облысы – еліміздегі экономикалық тұрақты дамудағы өңір болып табылады. ҚР Статистика Агенттігінің мәліметтері бойынша Қызылорда облысындағы жалпы өңірлік өнім өндірісі 2009 жылы ағымдық бағада 685,2 миллиард (млрд.) теңгені құрады, 2010 жылы - 641,6 млрд теңге, 2011 жылы 859,1 млрд. теңгені құрады. 2011 жылды 2008 жылмен салыстарғанда 359528,2 млн. теңгеге немесе 71,9%-ға артық орындалған. Өңірдің республика ЖӨӨ -дегі үлес салмағы 2011 жылы -3,9%, 2010 жылы - 4,0%. Республика өңірлері арасында облыс ЖӨӨ көлемі бойынша 2011 жылы 12 орынды, ал жан басына шаққандағы көлемі бойынша 9 орынды иеленіп отыр.

Дегенмен, ауыл шаруашылығы өндірісінің техникалық қамсыздандырылуының қалыптасқан төмен деңгейі оның тиімді дамуын тежеуші негізгі фактор бола отырып, дәнді дақылдарды өндіру технологиясының қарапайымдануына, арамшөптердің таралуына, өсімдіктердің ауыруына, топырақтық құнарсыздануына және де нәтижесінде өнімнің саны мен сапасының төмендеуіне әкелді.

Қалыпты эксплуатациялық мерзімнің 7-10 жыл екендігіне қарамастан, Қазақстандағы қазіргі ауыл шаруашылығы машиналар паркінің орташа жасы 12-13 жасты құрайды. Қолда бар техниканың техникалық дайындық коэффициенті 0,7- ден аспайды және техника бірлігіне шаққандағы жүктеме қалыпты жағдайдан 1,3-1,5 есе артық.
Кесте 1 - 2011 жылғы ІV тоқсанда зерттелген құралымдардың
материалдық-техникалық базасы, (сұралған кәсіпорындардың жалпы санына %-бен)




Жанар-жағармай материалдары

Ауыл шаруашылығы техникасы

молынан жеткілікті

жеткілікті

жеткіліксіз

молынан жеткілікті

жеткілікті

жеткіліксіз

Мемлекеттік кәсіпорындар

-

95

5

-

79

21

Шаруашылық серіктестіктер

3

77

20

1

69

30

2011 жылғы ІV тоқсанда сұралған кәсіпорындар басшыларының 30%-ы өз кәсіпорындарындағы ауыл шаруашылығы техникасының нақты барын "жеткіліксіз" деп, 69%-ы - "жеткілікті" және 1%-ы «молынан жеткілікті» деп бағалады (2011 жылғы IІІ тоқсанда бұл жайында тиісінше 32% және 68% және 1%-ы хабарлады). Сол уақытта ауыл шаруашылығы сұралған құралымдарының басшыларының 92%-ы қолда бар ауыл шаруашылығы техникасының өзгермегендігін, 5% – өскендігін және 4%-ы – оның азайғаны туралы (2011 жылғы IІІ тоқсанда бұл жайында тиісінше 89%, 6% және 4%) хабарлады.

Мұның өзінде респонденттердің 20%-ы жанар-жағармай материалдары жеткіліксіздігін белгіледі, 77% және 3%-ы жанар-жағармай материалдары тиісінше жеткілікті түрде және молынан жеткілікті қамтамасыз етілгенін белгіледі.

Қызылорда облысы Ауыл шаруашылығы департаментінің мәліметтері бойынша, күзгі егін жинау науқанынан кейін тракторлардың 52%-ы, трактор тіркемелерінің 61%-ы, жүк көліктерінің 58%-ы арнайы сақтау гараждарына қойылмайды. Нәтижесінде техникалардың уақытынан бұрын тозуына, жөндеу жұмыстарының қымбаттығы мен жиілеуіне, жөнделген техникалар санының азаюына, жалпы ауыл шаруашылық кәсіпорындарының энергиямен жарақтану деңгейінің төмендеуіне әкеледі.
Кесте 2 - Ауыл шаруашылығы техникаларының жұмысқа жарамдылығы, %


Көрсеткіштер атауы

2008 ж.

2009 ж.

2010 ж.

2011 ж.

Тракторлар

71,6

70,1

72,2

72,1

Трактор соқалары

74,3

74,8

75,7

72,1

Трактор дән сепкіштері

64,6

70,0

73,5

74,3

Қопсытқыштар мен культиваторлар

63,1

69,4

67,0

69,0

Дестелегіштер

57,8

61,4

66,8

70,0

Комбайындар:

дән жинайтын


64,3

67,4

71,2

70,0


жүгері жинайтын

55,0

-

-

61,0

сүрлем және жемшөп жинайтын

54,3

58,0

59,6

60,0

Минералды тынайтқыш шашқыштар

53,2

57,2

65,9

65,0

Трактор шалғылары

60,1

62,5

63,7

60,1

Шөп тайлағыштар

67,7

75,7

70,6

72,4

Трактор тырмалары

57,2

61,8

62,2

66,6

Жаңбырлатқыш және су

сепкіш машиналар мен қондырғылар


-

-

85,7

86,4


Сауу қондырғылары,

агрегаттары және аппараттар


57,2

55,9

63,5

72,1

Ауыл шаруаылығы техникаларының жұмысқа жарамдылығы көрсеткіші техникаға қызмет көрсету, жөндеу және сақтау талаптарына да тікелей байланысты.

Ғылыми институттардың есептеуінше: дәнді дақылдардың ауыспалы егісінің әрбір 2,5 мың гектарына қалыпты жағдайда 64 машиналарды (жиырма бір түрлі), оның ішінде 12 тракторды қамтиды. Жалпы металлсыйымдылығы 206 тоннадан артық. Минималды және нөлдік технологияға көшкенде, жүк машиналар саны 11-ге ( он түрлі) және 2 тракторға азаяды. Сәйкесінше металлсыйымдылық та 127 тоннаға дейін азаяды. Дала машиналарының санын азайту есебінен жалпы салмағының айтарлықтай өзгеруі жермен жүретін агрегаттардың топыраққа түсіретін қысымын азайтып, оның деформациялануы мен жерасты горизонттарының нығыздалуына жол бермейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің механикаландыру ғылыми-өндірістік орталығының есептеулері бойынша, елде ауыл шаруашылығы техникаларының негізгі түрлері бойынша: 3300 трактор, 3000 аса комбайндар, 6700 сепкіштер, 100- бастырғыш қажеттілігі бар.

Бірақ та бүгінгі күні машина трактор паркін мұндай көлемді толықтыру мүмкін болмай тұр. Оған ауылшаруашылық өндірушілерінің төлем қабілетсіздігі, ауыл шаруашылығы мен машина жасау өнеркәсібінің өнімдері арасындағы баға диспаритеті, машина-технологиялық орталықтардың техника және жабдықтармен жабдықталмауына байланысты деңгейде төмен қызмет көрсетуі себеп болып отыр.

Машина-трактор паркін импорттық өнімдермен толықтыру қарқыны экономиканың аграрлық секторының толық техникалық жарақталуына қол жеткізе алмайды. Сондықтан, елдің потенциалын ескере отырып, отандық ауылшаруашылық машина жасау өнеркәсібін дамыту объективті қажеттілікке айналды.

2011 жылғы мәліметтер бойынша, Қазақстан Республикасында өндірілген тракторлар саны 1239 дананы құрап, өткен жылмен салыстырғанда 88,5 %-ға немесе 582 данаға артқан.
Кесте 3 – Қызылорда облысы ауыл шаруашылығында өндіріс құралдарын пайдалану тиімділігі

Көрсеткіштер

2007 ж

2008 ж

2009 ж

2010 ж

2011 ж

11/07 жж,%

1000 га шабындыққа тракторлармен қамсыздандырылуы, дана

3,3


3,4

4,5

4,9

5,2

156,7


1000 га жиналатын дәнді дақылдар алқабының комбайндармен қамсыздандырылуы, дана

1,5

8

11,2

14,7

16

10,6 есе

Кестеде берілген мәліметтерден Қызылорда облысы ауыл шаруашылығында өндіріс құралдарын соңғы бес жылдағы пайдалану тиімділігіне баға беруге болады.

2007 жылы 1000 га шабындыққа тракторлармен қамсыздандырылу 3,3 дана болса, 2011 жылы 5,2 дана болып 56,7 %-ға артып отыр. Ал, 1000 га жиналатын дәнді дақылдар алқабының комбайндармен қамсыздандырылу деңгейі 2011 жылы 16 дана болып, 2007 жылмен салыстырғанда 10,6 есеге дейін артып отыр.

Бұл көрсеткіштер ауыл шаруашылығы өндірісінің қалыпты жұмысын әлі де болса қамтамасыз ете алмай отырғанын көрсетеді. Тракторлар және басқа де ауыл шаруашылығы техникаларының жетіспеуі техниканы пайдаланға жүк түсіріп қана қоймай, агротехникалық талаптардың уақытылы жүргізілмей, созылып кетуіне және ауыл шаруашылық өнімдерін толық жинап ала алмауға әкеліп отыр. Сонда, дәнді дақылдар жинайтын комбайндар 300-400 гектар жер көлемінде астық динап, нормадан 2-2,5 есе көп аумақты өңдейді екен.

Нарықтық инфрақұрылымды дамытуда ауыл шаруашылығының өндірістік және өткізу үдерістерінде пайдаланылатын жүк автокөліктерінің маңызы зор.

Автокөлік құралдарының жалпы жүрісінің пайдалы жүріске (жүкпен) шаққандағы үлесін сипаттайтын жүрісті пайдалану көрсеткішімен расталады. Республика бойынша орта есеппен бұл көрсеткіш 40% деңгейінде тұр. Осы сапалық көрсеткіштердің талдаулары белгілі бір дәрежеде пайдалану қызметінің жеткіліксіздігін, жүк таситын автокөліктердің паркінің тым көптігін көрсетеді.

Техникалары мен құрал-жабдықтарды, қосалқы бөлшектердi тиiмдi пайдалану мақсатында құрылған "РЗА-Транс" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi 2009 жылдан бастап жұмыс iстейдi және әкiмшiлiк ғимараты, қыс мезгiлiнде көлiктердi тоғаратын гараж, жөндеу шеберханасы бар. Кәсiпорынға қызмет iстейтiн барлық техникалар мен тасымал көлiктерi осында шоғырланған. Алты К-701, бiр К-700, үш Т-150, бес БМ-10, бес Т-130 тракторлары, әртүрлi маркадағы шынжыр табанды он үш эксковатор, екi ХСМG жүк тиегiшi, бес автокран, бес сүт, нан, ет өнiмдерiн, үш жанар-жағар май, екi сүт таситын автокөлiк, бұдан басқа елу үш түрлi маркадағы автокөлiк, екi грейдер, екi трайлер автокөлiктерiмен жарақтандырылған.

Серiктестiк "РЗА" АҚ ұйымдастырған бүкiл жұмыстарды қажеттi техникалармен қамтамасыз етедi. Жарамсыз техникаларды жедел жөндеп, дер кезiнде iске қосу, егiстiк жерлердi айдаудан бастап, өсiрiлген дақылды жинау, тасымалдау, мал азығын дайындау, құрылыс жұмыстарына, мал шаруашылығына керектi материалдарды жеткiзу, нан, сүт, ет өнiмдерiн, жұмысшыларды тасымалдау, тағы басқа техникамен атқарылатын түрлi жұмыстарды орындау "РЗА-Транстың" негiзгi мiндетi.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ – ның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржы қаражаттарына, сонымен қатар лизинг негізінде ауыл шаруашылығы техникалары мен технологиялық жабдықтарға деген қол жетімділігін қамтамасыз ету арқылы республиканың аграрлық секторын дамытуға қолдау жасау.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ мелиоративтік техниканы қаржыландыра бастады. Енді Қызылорда облысының күріш өсірушілерінің «ҚазАгроҚаржы» компаниясының қаржы лизингісінің арқасында мелиоративтік жұмыстар жүргізуге арналған екі мақсатты техника сатып алуға мүмкіндіктері бар.

Бәріне мәлім, күріш шаруашылығының белгілі бір ерекшелігі бар, бұл ерекшелік барлық салалардың дамуының күріш өсіру шаруашылықтарындағы капиталды қажет ететін суару жүйелерінің – коллекторлық-дренаждық желілердің, гидро-техникалық құрылымдардың, суару каналдарының және т.б. жағдайына байланыстылығынан байқалады. Қызылорданың күріш өсірушілері айтқандай, осы бүкіл инфрақұрылымның жайғастырылу мәселесі көбінесе шаруашылықтардың механикаландыру құралдарымен қамтамасыз етілуіне байланысты. Бұл ретте, әңгіме күріш жинау комбайндары мен өзге ауыл шаруашылығы техникалары жөнінде болып отырған жоқ, бұларды сатып алуда ауылдықтарда ешқандай проблема жоқ – «ҚазАгроҚаржының» тиісті бағдарламалары техника сатып алуға мүмкіндік беріп қана қоймайды, сонымен бірге күріш тазалайтын, күрішті қайта өңдейтін желілерді де сатып алуға мүмкіндік береді. Проблема мелиоративтік техника паркін – бульдозерлерді, экскаваторларды, құбыр тартқыштарды, яғни ауыл шаруашылығы санатына жатпайтын, бірақ оларсыз күріш чектерінің жұмыс күйін қалпында сақтауға болмайтын техникаларды жаңартуда болып отыр.

2012 жылдың басынан бастап, «ҚазАгроҚаржы» мелиоративтік техникалардың қаржы лизингісін көздейтін бағытты бекітті. Жаңа бағытқа сәйкес қазақстандық күріш өсірушілер бульдозерлер, экскаваторлар, канал қазғыштар (канал тазалағыштар), шөмішті тегістеуіштер, қайырма тегістеуіштер, жаймалауыштар, құбыр тартқыштар, тиегіш-экскаваторлар, жаңбырлатқыш және суландыру машиналары, аспалы алысқа сорғалап ағатын жаңбырлатқыштар, қос консольды және басқа да жаңбырлатқыш машиналар, жылжымалы суарғыштар, автомабиль шассиіндегі суарғыш машиналар, стационарлық суарғыш машиналар, суландыру жүйелері, тамшылатып және импульстік суару жүйелері, дренаж төсегіштер, лазерлік тегістеуіштер, жер тегістегіштер мен басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстарына арналған мелиоративтік техникалар.

«ҚазАгроҚаржы» бағытты меншікті өз қаражаттары мен тартылған қаражаттар есебінен қаржыландырмақшы. Меншікті қаражат есебінен қаржыландыру талаптары – жылдық 8 % (тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 8,2 % бастап) 5 жылға дейінгі мерзімге. Тартылған қаражат есебінен сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 11 % (тиімді – 11,5 % бастап) тартылған қаражат валютасына индекстеумен және 13 % - тартылған қаражат валютасына индекстеусіз (тиімді мөлшерлеме – 13,6 %) 5 жылға дейінгі мерзімге. Бастапқы жарнасы – лизинг затының құнынан 25 % .

2000-2011 жылдар арасында «ҚазАгроҚаржы» Қызылорда облысына шамамен 9,3 млрд. теңге инвестициялаған. Облыстың шаруашылық жүргізуші субъектілерінің жалпы сомасы 5,3 млн.теңгеге 978 бірлік техника сатып алуын қаржыландырған.

Қазақстанның ДСҰ-на кіруі ауылшаруашылығының дамуына едәуір көмегі тиеді, себебі ішкі нарықтағы бәсекелестік ара түспек. Осыған байланысты елдегі ауылшаруашылығының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде ауылшаруашылық машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігі маңызды роль ойнайды.

Қазіргі таңда ауылшаруашылық машина жасау кәсіпорындары аргарлық секторда техникалық қайта жабдықтауды және оның ДСҰ-на кіруде бәсекеқабілеттілігінің жоғарылау барысында мәселелерді толық шеше алмайтыны анық. Сонымен бірге, осы экономика саласы ауылшаруашылық техника мен құрал-жабдықтар тізімін іс жүзінде өндіруге мүмкіндік тудырады.

Қызылорда облысының машина жасау саласында жөндеу қызметін көрсететін «Құмкөл сервис» ЖШС, «Олжа» ЖШС, «Квант» ЖШС, сондай-ақ «Аралвагон» вагон құрастыру зауыттарын атауға болады.

Отандық ауылшаруашылық машина жасау саласының әлсіздігі мен бәсекеге қабілетсіздігі саланың экспорттық позициясында көрінеді. 2007жылы Қазақстан әлемдік нарықтағы 1% үлесімен әлемнің 180 елі ішінде ауылшаруашылық машина жасау өнімдер экспорты бойынша келесі орындарды иеленді: топырақты өңдеу және жерді қопсытуға арналған ауылшаруашылық құрал-жабдық – 68 орын, егінді жинауға арналған ауылшаруашылық құрл-жабдық пен техника – 57орын, азық-түлік өнімдерін өндіруге арналған ауылшаруашылық құрал-жабдық пен техника – 65орын, трактор – 67 орын.

Ауылшаруашылық машина жасау жалпы экономиканың дамуы үшін маңызы бар, себебі күрделi техникалық - технологиялық параметрлермен өнiм өндiре отырып, елдiң ұзақ мерзiмдi бәсекеге қабiлеттiлiгiн жетiлдіруге мүмкiндiк туғызады. Қазақстан Республикасы экономикасының даму бағыттарының бірі елде ауылшаруашылық машина жасау қластерін құру болып табылады деп болжануда. Бұл мiндет нақты алғышарттар құрылады, себебi ауылшаруашылығының негізгі тұтынушысы экспорттық нарыққа шығудың ұзақ мерзімді мақсатын ескере отырып, әлеуетті тар рынокты қалыптастырады.
ҚОРЫТЫНДЫ
1 Ауыл шаруашылығының материалдық - техникалық дамуының ең басты міндеті – халықты азық-түлікпен, ал өнеркәсіпті шикізатпен, сондай-ақ, ауылдық аумақтардың әлеуметтік - экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Кәсіпорындар мен бірлесіктерді материалдық-техникалық жабдықтармен, шикізатпен, отынмен және басқа да ресурстармен қамсыздандыруды жетілдірудің отандық мүмкіндіктерін зерттеуде бұл үдеріс басқа салалардың өндірістік инфрақұрылымдарымен салыстырғанда кеш дамығаны байқалады.

Ресурстарды тиімді және үнемді пайдалануға деген талаптар мен қажеттіліктердің артуы материалдық-техникалық қамсыздандырудың негізгі бағыттарын жетілдіру қажеттілігіне әкелді. Ауыл шаруашылығында техникаларды тиімді пайдалану үдерісіне саланың өндірістік және табиғи-маусымдық ерекшеліктері, машиналар, жабдықтар, запас бөлшектер, тауарлар және т.б. жеткізудегі қиындықтар, аграрлық өндірістің аумақтық алшақтықтары, жұмыс көлемінің көптігі, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы машиналарының эксплуатациялық пайдалану ұзақтығын анықтайтын ішкі және сыртқы факторлардың алуан түрлілігі әсер етеді.

2 2012 жылы Сыр бойында 75,4 мың гектар жерге күріш дақылы себілген. Облыс бойынша егілген күріштің 25 пайызы Жалағаш ауданына тиесілі. Аудан бойынша өткен жылы лизингіге 44 су жаңа ауыл шарушылық техникаларын алса, биыл 7 айдың ішінде 30 техника алуға қол жеткізген.

2012 жылдың күзгі егін жинау науқанына 164 жатка, 221 астық жинайтын комбайн, 77 жүк автокөлігі, 194 трактор тіркемесі қатысуда. Сонымен қатар «Ақжарма - 2» шаруа қожалығы 3 «Енисей» комбайыны, 3 жатка, 4 ХТЗ тракторларын лизингілік жолмен алды.

Қалыпты эксплуатациялық мерзімнің 7-10 жыл екендігіне қарамастан, Қазақстандағы қазіргі ауыл шаруашылығы машиналар паркінің орташа жасы 12-13 жасты құрайды. Қолда бар техниканың техникалық дайындық коэффициенті 0,7- ден аспайды және техника бірлігіне шаққандағы жүктеме қалыпты жағдайдан 1,3-1,5 есе артық.

3 Ауыл шаруашлығында ірі техникаларды пайдалану жер көлемінің бірлігіне шаққандағы эксплуатациялау көлемін арттырады. Бірақ, маусымдылыққа сәйкес операциялардың орындалу уақыты шектелілігі жағдайында ірі машиналардың егін егу және жинау науқанында пайдалылығы өте көп. Ірі техникалардың өнімділігі, ұсақ техникаларға қарағанда әлдеқайда жоғары.

2007 жылы 1000 га шабындыққа тракторлармен қамсыздандырылу 3,3 дана болса, 2011 жылы 5,2 дана болып 56,7 %-ға артып отыр. Ал, 1000 га жиналатын дәнді дақылдар алқабының комбайндармен қамсыздандырылу деңгейі 2011 жылы 16 дана болып, 2007 жылмен салыстырғанда 10,6 есеге дейін артып отыр. Бұл көрсеткіштер ауыл шаруашылығы өндірісінің қалыпты жұмысын әлі де болса қамтамасыз ете алмай отырғанын көрсетеді.

Сонымен, Қызылорда облысының ауыл шарушылығында өндіріс құралдарын пайдалануды талдауды қорытындылай келе, машина – трактор агрегаттарын пайдаланудың тиімсіздігіне ауыл шаруашылығы техникаларының моральдік және физикалық жағынан тозуы салдарынан, олардың өнімділігі және экономикалық тиімділігі азайып кеткен.

4 2011 жылдың соңында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығында агроөнеркәсіптік кешеннің қажеттіліктерін онша сәйкес келе бермейтін әртүрлі тракторлардың 1130 данасы, трактор соқалары 320 дана, астық жинайтын комбайндар – 536 дана, жемшөп жинағыш комбайндар – 10 дана, минералды тыңайтқыш шашқыштар 94 дана болды.

Кәсіпорынның тиісті жұмыс кезеңінде қажетті машиналар саны жеткіліксіз болған жағдайда төмендегідей шешімдер қабылданады:

- жеткіліксіз машинаны лизинг келісім-шарты бойынша сатып алу

- машинаны прокатқа алу

- тауар өндірушілерімен бірігіп техниканы пайдалану

- техника қажеттілігін азайту мақсатында жұмыстың орындалу мерзімін ұзарту немесе жұмыс көлемін азайту

5 Ауыл шаруашылығы өнімдері мен ауылшаруышылық машиналар жасаушы затыттарының өнімдері арасындағы сәйкессіздік пен алшақтықтан, техниканы лизингтік келісім шарт негізінде алу да тиімсіз болды. Мысалы, Павлодар трактор зауытының ДТ-75 тракторын 25000 АҚШ долларына шағып ұсынғанымен, сатып алуға ниеттілер санаулы. Лизингтік төлемдердің қымбаттығына қарамастан, бүгінгі күні ауыл шаруашылығы машиналары паркін толықтырудың басқа көзі – тек қолма-қол ақшамен сатып алу.

Лизингтік қатынастарды дамыту және ароқұрылымдарға қол жетімді болу үшін, мемлекет лизингтік бағдарламаларды қабылдап, оған қолдау көрсетуі қажет. 2000-2011 жылдар арасында «ҚазАгроҚаржы» Қызылорда облысына шамамен 9,3 млрд. теңге инвестициялаған. Облыстың шаруашылық жүргізуші субъектілерінің жалпы сомасы 5,3 млн.теңгеге 978 бірлік техника сатып алуын қаржыландырған.

6 Ауылшаруашылық машина жасау жалпы экономиканың дамуы үшін маңызы бар, себебі күрделi техникалық - технологиялық параметрлермен өнiм өндiре отырып, елдiң ұзақ мерзiмдi бәсекеге қабiлеттiлiгiн жетiлдіруге мүмкiндiк туғызады. Қазақстан Республикасы экономикасының даму бағыттарының бірі елде ауылшаруашылық машина жасау қластерін құру болып табылады деп болжануда. Бұл мiндет нақты алғышарттар құрылады, себебi ауылшаруашылығының негізгі тұтынушысы экспорттық нарыққа шығудың ұзақ мерзімді мақсатын ескере отырып, әлеуетті рынокты қалыптастырады.

Ауылшаруашылық машина жасау ортасында индутриалдық-инновациялық даму стратегиясын орындау Қостанай облысында ұлттық агроонеркәсіптік технологиялық бизнеспарктің құрылуын және дамуын болжамдайды. Қазақстанда технопарктерді құру үрдісі екі кезеңде – ұлттық және аймақтық жүзеге асырылып жатыр.

Диссертацияның тақырыбы бойынша жарияланған еңбектер тізімі:

1. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін еңбек құралдарымен қамсыздандыру // ҚМУ Хабаршысы, №4 (36). – Қызылорда, 2012 жыл.-178-181 б.



2. Агроқұрылымдарды материалдық-техникалық қамсыздандырудың экономикалық маңызы // «Жаһандану жағдайындағы экономикалық даму: тенденциялары және перспективалары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. Болашақ университеті, Қарағанды қаласы. 2013 жыл, 22-23 ақпан.
РЕЗЮМЕ

Маманова Айгуль Тулеповна


Совершенствование системы материально-технического снабжения сельскохозяйственного производства
Предмет и объект исследования. Предметом исследования является совокупность теоретических и практических изысканий совершенствования материально-технического снабжения сельскохозяйственного производства в регионе.

Объектом исследования является материально-техническое снабжения сельскохозяйственного производства региона.

Цель диссертационной работы заключается в теоретическом обосновании предложений и выводов по формированию теоретических методических и практических основ материально-технического снабжения агроформирований в качестве важного фактора развития сельско-хозяйственного развития в регионе.

Теоретической и методологической основой исследования выступают труды отечественных и зарубежных ученых - экономистов, посвященные решению проблем формирования технической базы сельского хозяйства, нормативные акты, указы Президента Республики Казахстан, постановления Правительства РК.

Научная новизна диссертационной работы заключается в следующем:

  • определены научные основы, методы материально-технического снабжения сельского хозяйства в качестве производственной инфраструктуры и потребность их государственного регулирования;

  • исследованы состояние и организация использования сельскохозяйственной техники в анализируемом регионе;

  • проведен экономический анализ эффективности использования материально-технических ресурсов в сельскохозяйственных предприятиях;

  • предложены пути развития отечественного машиностроения и использование лизинга для совершенствования материально-технического снабжения в сельском хозяйстве.

Апробация работы. Основные научные результаты исследования докладывались на международной конференции и научных изданиях.

SUMMARY
Mamanova Aygul Tulepovna

Improvement of system of logistics of agricultural production
Subject and object of research. Object of research is set of theoretical and practical researches of improvement of logistics agricultural productions in the region.

Object of research is set of theoretical and practical researches of improvement of logistics agricultural productions in the region.

The purpose of dissertation work consists in theoretical justification of offers and conclusions on formation of theoretical methodical and practical bases of logistics of agroformations as an important factor of development of agricultural development in the region.

As theoretical and methodological basis of research works of domestic and foreign scientists - the economists, devoted to the solution of problems of formation of technical base of agriculture, standard кты, decrees of the President of the Republic of Kazakhstan, the resolution of the government of RK act.

Scientific novelty of dissertation work consists in the following:

  • scientific bases, methods of logistics of agriculture as production infrastructure and requirement of their state regulation are defined;

  • the condition and the organization of use of agricultural machinery in the analyzed region are investigated;

  • the economic analysis of efficiency of use of material resources in the agricultural enterprises is carried out;

  • ways of development of domestic engineering industry and leasing use for logistics improvement in agriculture are offered.

Work approbation. The main scientific results of research were reported at the international conference and scientific editions.

Басуға 22.04.2013ж. қол қойылды.

Пішімі 60х94 1/16. Офсеттік қағаз.

Офсеттік басылым. Көлемі 1,0 б.т.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ баспаханасы

Қызылорда қ., Әйтеке би к., 29А





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет