Мектеп оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеу – ең алдымен оқыту үрдісінде қалыптасады. Әр түрлі пәндерді оқыту кезінде бастауыш сынып оқушыларының достық, жолдастық, өмірге деген белсенді көзқарас, Отан туралы ұғымдары қалыптасып дамиды. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ата- аналарды қадірлеу, еңбектенуге үйренеді. Бұл жаста балалар сапалы тәртіпке, жолдастық өзара көмекке, адамның көңіл- күйін түсіне білуге дағдыланады. Олар мектептегі оқу әрекетіне деген өзіндік қатынастарын, отбасында, қоғамда өзін – өзін ұстауды біледі. Соның нәтижесінде бастауыш сынып оқушыларында дербес және қоғамдық мінез – құлық, адамгершілік қарым- қатынасы дамиды.
Жас жеткіншектер 5-9 сынып оқушылары өздерін ересектер қатарына қосып, өз бетімен тіршілік етемін деп қиял жетегімен кетеді. Бұл жастағы оқушылардың дамуына ұйымшылдық, тәртіптілік, қамқорлық, құнттылық, т.б. қасиеттер әсер етеді.
Жасөспірімдердің немесе 10-11 сынып оқушыларының ғылымға, мамандықтаңдауға ынталары артады. Бұлар әділеттілік, борыш, ар- намыс, ұят, адалдық сынды моральдық ерекшеліктерге көңіл бөледі. Олар үлкендермен қарым – қатынас жасауда өзін- өзін тәрбиелеуді қажет етеді. Сондықтан бұл жаста көбірек ерік берген жөн. Өскелең ұрпақтың адамгершілік тәрбиесін іске асыруда қоршаған ортаның ықпалы орасан зор. Оқушылардың бойына тәрбие негіздерін дарыту мектепте оқытылатын барлық пәндерге бірдей жүктеледі. Әсіресе, оқушының адамгершілікке тәрбиелейтін пәннің бірі- тарих. Ол шәкірттердің бойында отансүйгіштікті, ұлтжандылықты,сенімділікті қалыптастырады. Қазақ халқындағы хандар мен билердің, шешендер мен жыраулардың орны бөлек. Тарих пәні оқушылардың рухани дүниесін байытып, өзінің қоғамдағы орнын табуға, ұрпақтың батырлығына көмек көрсетуді тудырады, олардың ізгі талап – тілектерін оятады. Сонымен бірге, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, мәдениетін, оқушылардың моральдық қасиеттерін қалыптастырады.
Елімізде рухани адамгершілік тәрбиені жетілдіру мемлекеттік міндет деңгейінде көтеріліп отыр. Бұл міндеттің практикалық шешімі — «Өзін – өзі тану» пәнінің енгізілуі, оның авторы С.А. Назарбаева. Өзін – өзі тану пәнінің басты міндеті- өзінің дүниетанымына үңілу, өзіңді сүю мен сыйлай білу, өз ісіне жауапты болу, өз арыңмен келісімде өмір сүру, өзіңнің жанына жақын іспен айналысу, адамдарға мейірімділік таныта білу, ізгілікті болу. Тәжірибе көрсеткендей, өзін- өзі тану білім берудің құнды мәнін нығайта отырып, тұлғаның шексіз сүю, өз ісіне және жеке күшіне сену, ізгілікті іс жасау, көп білу және өзін –өзі жетілдіру, физикалық, психикалық, рухани дамуда үйлесімдікке қол жеткізу дағдыларын қалыптастырады.Бұл пән балалардың өзара қарым – қатынасын дамытуына ғана емес, сондай –ақ баланың өзін – өзі тануына адамгершілік негіздерін жинақтауына, сана- сезімінің қалыптасуына, қоршаған ортамен махаббат, ізглік және өзара түсіністік негізінде өзара қарым – қатынас құра білуіне, бір тұтас тұлғаның қалптасуына әсер етеді.
Мектеп оқушыларына тәрбие беру тек жеке пәндерде ғана емес, сыныптан тыс іс- шараларда,үйірме жұмыстарында рухани құндылықтарға баулуға болады. Мұндай жұмыс түрлеріне сынып жетекшінің эстетикалық әңгімесі, түрлі ой жарыстары, пікір таластарын жатқызуға болады.
Жасөсіпірімдерді адамгершілікке тәрбиелеуде өмірде кездесетін түрлі жағымсыз жағдаяттардан сақтану мәселесі де ескерілуі қажет. Көбіне көптеген отбасыларда күнделікті тірлік қамымен балалардың рухани қажеттіліктері ескерілмей, екінші орынға жылжиды. Бала дұрыс, адамгершілік іс- әрекеттерді, салауатты өмір салтын, жақсы мен жаманды айыра білу, өзін — өзі жетілдіруге деген ынтасын қалыптастыруы керек, қажет кезде өз бетімен шешім қабылдап, дұрыс таңдау жасауы үшін кішкентайынан өз дегенін іске асыруға баулу керек. Ал бұл дағдылардың барлығы жанұяда қалыптасады.
Балаларды адамгершілікке тәрбиелеуде ата- ананы оқу –тәрбие үрдісіне қатыстыру, олармен тығыз байланыс орнату мәселесі негізгі мәселе болуы тиіс.В.А. Сухомлинский: «Егер баланы тәрбиелеген дәрежеге жеткізудің сәті түссе, адамгершілік тәрбие жеке адамды жетілдіруге тиімді ықпал жасайды» дей отырып, «Егер біз балаға қуаныш пен бақыт бере алсақ, ол бала дәл сондай бола алады»,- деген болатын.
Рухани дүниесі бай, қажеттіліктері мен қызығушылықтары, талғамы, ой-өрісі кең адамдарды толық қалыптасқан, мінезі тұрақты адам дейміз. Мінездің тұрақтылығы адамның рухани-адамгершілік түсініктерінен туындайды. Ендеше, оқушыларды рухани-адамгершілік тәрбиесі арқылы толыққанды жетілген азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың басты мақсаты. Рухани-адамгершілік тәрбиесінде мұғалім оқушыны тұлға ретінде танып біліп қана қоймай, оның дамуында кешегіні, бүгінгіні, болашақты көре білуі қажет.
Түйіндей келе, адамгершілік тәрбиесі – бұл адамның туғаннан басталатын және өмір бойы жалғасатын, адамдардың мінез- құлық нормаларын игеруіне бағытталған үздіксіз үрдіс. Оның мазмұны оқушының жеке тұлғалық қасиеттерінің қалыптасу шеңберінде дамиды. Сондықтан оқу – тәрбие жұмысын ұйымдастыруда оқушылардың жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеру маңызды орын алмақ.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
С. Ғ.Тәжібаева Мектепте тәрбие жұмысын ұйымдастыру технологиясы. Оқу құралы. Алматы,Білім,2008
О.К. Трубецкая Балалардың рухани- адамгершілік құндылықтарын қалай жетілдіруге болады // Сынып жетекшінің анықтамалығы №12(48) 2012
Л. Омарова Адамгершілік тәрбиені қалыптастыру мәселелері // Бастауыш мектеп № 2 2004
Достарыңызбен бөлісу: |