АСЫРУДЫҢ РҰҚСАТ БЕРУ ЖӘНЕ ХАБАРЛАМА ЖАСАУ ТӘРТІБІ
16-бап. Реттелетін қызметтің немесе әрекеттердің
(операциялардың) қауіптілік деңгейлері
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі алда жүзеге асырылатын қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейіне қарай енгізіледі және мынадай деңгейлерге бөлінеді:
1) бірінші санаттағы рұқсаттар – жоғары деңгейлі қауіптілікке байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін лицензиялар;
2) екінші санаттағы рұқсаттар – лицензиялар болып танылмайтын, орта деңгейлі қауіптілікке байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін барлық рұқсаттар;
3) хабарламалар төмен деңгейлі қауіптілікке байланысты, бірақ мемлекеттік органдардың осындай қызмет түрлерінің немесе әрекеттердің басталғандығы немесе тоқтатылғандығы туралы ақпарат алуын талап ететін қызмет түрлеріне немесе әрекеттерге қатысты енгізіледі.
2. Қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері реттеушілік әсерді талдау негізінде белгіленеді.
17-бап. Рұқсат беру және хабарлама жасау тәртіптері
туралы жалпы ережелер
1. Жеке және заңды тұлғалардың жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруды бастау және кейіннен жүзеге асыру үшін жарамды рұқсатының болуы немесе осы Заңда белгіленген тәртіппен хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға хабарлама жіберуге міндетті.
2. Жеке және заңды тұлғалардың осы Заңда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсатты алмай немесе тиісті хабарламаны жібермей жүзеге асыруына жол берілмейді.
Осы Заңда өздеріне қатысты рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру басталғанға дейін жеке немесе заңды тұлғалар рұқсатты алуға және ол жарамды болуға тиіс, ал хабарламаны жеке немесе заңды тұлға жіберуге тиіс.
3. Осы Заңға сәйкес өздеріне қатысты рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі енгізілгенге дейін қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсатсыз немесе хабарламасыз жүзеге асырып келген жеке және заңды тұлғалар осы Заңда өздеріне қатысты рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі енгізілетін қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыруды жалғастыру үшін тиісті рұқсатты алуға немесе тиісті хабарлама жіберуге міндетті.
4. Осы баптың 1 және 2-тармақтары осы Заңның 18-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде және 28-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларға қолданылмайды.
5. Осы Заңда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, меншікті қорғау, ұлттық қауіпсіздікті және құқық тәртібін қамтамасыз ету мақсатында қызметтің немесе әрекеттің (операцияның) қауіптілік деңгейіне қарай жүргізіледі.
6. Осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда рұқсаттардың және хабарламалардың толық тізбесі көзделеді.
7. Рұқсаттарға, сондай-ақ оларға қосымшаларға қатысты беру, ұзарту, қайта ресімдеу, қайта бастау және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да әрекеттерді жүзеге асыру мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болып табылады және осы Заңға қайшы келмейтін бөлігінде «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
18-бап. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін
енгізу және оның күшін жою тәртібі
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі тиісті рұқсатты немесе хабарламаны осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар немесе хабарламалар тізбелеріне енгізу арқылы ғана енгізіледі.
2. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу үшін реттеуші мемлекеттік органдар «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
Осы тармақтың күші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды.
3. Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекетке (операцияға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген кезде рұқсат алу міндеті қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғада рұқсат алу тәртібін регламенттейтін және (немесе) рұқсат алу үшін міндетті талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық акт қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайды.
4. Рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткенге дейін қолданысқа енгізіле алмайды.
Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген жағдайда, өтініш берушілер рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгенге дейін, бірақ көрсетілген актілер қолданысқа енгізілгенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей рұқсат алуға өтініш беруге құқылы.
Бұл ретте осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес берілген өтініштер бойынша рұқсаттар беруді немесе оларды беруден уәжді бас тартуды рұқсат беру органдары осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгеннен кейін, оларды беру үшін белгіленген мерзімдерде жүзеге асыруға тиіс.
5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес рұқсат алуға өтініш берген өтініш берушілер рұқсат берілгенге дейін немесе оны беруден уәжді түрде бас тартылғанға дейін рұқсат беру тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай-ақ жүзеге асыруға құқылы.
Осы тармақтың күші қаржы саласындағы қызметке және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметке берілетін рұқсаттарға қолданылмайды.
6. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күшін жою осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар мен хабарламалар тізбелерінен рұқсатты немесе хабарламаны алып тастау арқылы жүзеге асырылады және жеке немесе заңды тұлғаның қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай-ақ немесе хабарлама жібермей-ақ жүзеге асыру құқығына әкеп соғады.
Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
19-бап. Реттеушілік әсерді талдау
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін қолданудың тиімділігіне қарай, реттеушілік әсерді талдау нәтижелері бойынша рұқсаттардың немесе хабарламалардың жекелеген түрлері бір түрден екінші түрге ауыстырылуы не олардың күші жойылуы мүмкін.
Жүзеге асырылуы үшін осы Заңға сәйкес рұқсаттың болуы немесе хабарлама жіберу талап етілетін қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күші жойылуға жатады.
2. Осы баптың күші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды.
Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
20-бап. Өтініш берушілердің құқықтары
1. Өтініш берушілердің:
1) рұқсаттар мен хабарламалар туралы толық және анық ақпарат алуға;
2) рұқсат беру органдарының және хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, халыққа қызмет көрсету орталықтарының және (немесе) олардың қызметкерлерінің лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін немесе хабарламалар қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға;
3) рұқсаттарды конкурс арқылы беруді қоспағанда, осы Заңның 48-бабының ережелерiн ескере отырып, рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алу үшiн немесе хабарлама жiберу үшiн өтiнiштiң электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға;
4) осы Заңның 48-бабының ережелерін ескере отырып, берілетін рұқсаттың және (немесе) оған қосымшаның электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға құқығы бар.
2. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең дәрежеде рұқсаттар алады және хабарламалар жібереді.
Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
21-бап. Рұқсат беру органдарының құқықтары мен міндеттері
1. Рұқсат беру органдарының өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға лицензиялауды немесе рұқсат беру рәсімін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратқа, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы сауалмен жүгінуге құқығы бар.
2. Рұқсат беру органдары:
1) осы Заңға сәйкес лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыруға;
2) мүмкіндігі шектеулі адамдардың рұқсаттар алуы кезінде олар үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері, бұл үшін талап етілетін құжаттар тізбесі туралы және осындай құжаттарды алу және ресімдеу тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда беруге;
4) мемлекеттік органдарға және халыққа қызмет көрсету орталықтарына лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру үшін, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды және (немесе) ақпаратты беруге;
5) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қолдануға;
6) рұқсаттар беру үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін және толығып отыруын өз құзыреті шегінде қамтамасыз етуге;
7) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, рұқсаттар беру кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді пайдалануға жазбаша келісімін алуға, оның ішінде электрондық құжат нысанында алуға;
8) инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның сауалы бойынша «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес инвестициялық басым жобаларды іске асыратын инвесторларға қатысты лицензиялау мен рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты беруге міндетті.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
4-тарау. РҰҚСАТТАР
22-бап. Рұқсаттардың қолданысы
1. Рұқсаттар беру біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкес келетін барлық тұлғалар үшін тең негіздерде және тең жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Осы Заңға 1 және 2-қосымшаларда ескерту ретінде:
1) лицензияның иеліктен шығарылатындығы туралы;
2) рұқсат беру кезінде конкурс рәсімдерінің қолданылатындығы туралы;
3) рұқсаттың қолданылу мерзімі туралы;
4) рұқсат беру кезінде осы Заңның 25-бабы 3-тармағы бірінші бөлігінің және 26-бабы 1 және 2-тармақтарының күші қолданылмайтындығы туралы мәліметтер;
5) басқа да қажетті мәліметтер көрсетіледі.
3. Рұқсаттардың күші, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына қолданылады.
23-бап. Рұқсаттардың сыныптары
Реттеу объектілеріне қарай рұқсаттар мынадай сыныптарға бөлінеді:
1) 1-сынып – қызметке берілетін рұқсаттар;
2) 2-сынып – объектілерге берілетін рұқсаттар;
3) 3-сынып – біржолғы рұқсаттар;
4) 4-сынып – ресурстары шектеулі немесе квоталарды пайдаланатын қызметке берілетін рұқсаттар;
5) 5-сынып – жеке тұлғаларға кәсіби қызметке берілетін рұқсаттар;
6) 6-сынып – өнімге берілетін рұқсаттар.
24-бап. Рұқсаттардың және (немесе) оларға қосымшалардың
нысандары
Рұқсаттардың және (немесе) оларға қосымшалардың нысандарын рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша реттеуші мемлекеттік органдар, сондай-ақ қаржы саласындағы қызмет және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бекiтедi.
Рұқсатқа қосымша рұқсаттың ажырамас бөлігі болып табылады.
Лицензияға қосымша лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) немесе лицензия берілген немесе берілетін объектілерді көрсету, сондай-ақ қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асырудың нақты мекенжайын көрсету үшін ресімделеді.
Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз).
25-бап. Рұқсаттарды алуға арналған өтініштерді
қараудың жалпы тәртібі
1. Рұқсат беру органы лицензиялау кезінде немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беруге өтініш берушінің құжаттарын алған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеруге міндетті.
Өтініш беруші құжаттардың толық емес топтамасын ұсынған жағдайда, рұқсат беру органы көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан уәжді түрде бас тартады.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында белгіленген жағдайларда өтініш берушінің Нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың келісімдерін (ілеспе рұқсаттарды) алу үшін рұқсат беру органы өтініш берушінің рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алуға арналған құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушінің алдағы қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру орны бойынша тиісті мемлекеттік органдарға сауал жібереді.
Мемлекеттік органдар рұқсат беру органының сауалы негізінде он жұмыс күні ішінде тиісті рұқсат беру органына өтініш берушінің лицензиялау кезінде немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде қойылатын талаптарға сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы жауапты жібереді.
Екінші санаттағы рұқсаттар үшін нормативтік құқықтық актілерде осы баптың 1-тармағында, осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайлар үшін өзгеше мерзімдер белгіленуі мүмкін.
3. Мемлекеттік органдар белгіленген мерзімдерде жауап ұсынбаған жағдайда, рұқсат беру келісілген деп есептеледі.
Осы тармақтың ережелері осы Заңға 1 және 2-қосымшаларда тиісінше ескерту бар рұқсаттарға қолданылмайды.
4. Рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беру үшін тиісті рұқсат беру органына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі көрсетілген органның құжаттарды қабылдаған күні туралы белгімен өтініш берушіге жіберіледі (табысталады). Бұл ретте тізімдемені өтініш беруші жасайды.
Өтініш рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда берілген жағдайда рұқсат беру органының уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған, тиісті өтініштің қабылданғандығын растау туралы құжат беріледі.
Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз).
26-бап. Рұқсат беру мерзімін өткізіп алу салдары
1. Егер рұқсат беру органы осы Заңға сәйкес айқындалған мерзімдерде өтініш берушіге рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны бермеген не оларды беруден уәжді түрде бас тартпаған жағдайда, оларды беру мерзімдері өткен күннен бастап рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша берілді деп есептеледі және рұқсат беру органы оларды бір мезгілде рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне енгізеді.
2. Рұқсат беру органы рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны беру мерзімі өткен кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіге тиісті рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны беруге міндетті.
Рұқсат беру органы рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны бес жұмыс күні өткеннен кейін бермеген жағдайда рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша алынды деп есептеледі. Бұл жағдайда рұқсат алынғанға дейін рұқсат беру органы немесе халыққа қызмет көрсету орталығы өтінішті қабылдау кезінде берген рұқсат алуға арналған тиісті өтініштің қабылданғанын растайтын құжат осы Заңда рұқсат беру тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру заңдылығын растау болып табылады.
Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда өтініш берілген жағдайда рұқсат беру органының уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған құжат өтініштің қабылданғандығын растау болып табылады.
3. Осы баптың ережелері осы Заңға 1 және 2-қосымшаларда тиісті ескерту бар рұқсаттарға қолданылмайды.
27-бап. Рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беру үшін
шетелдік заңды тұлғалардың құжаттарды ұсыну
ерекшеліктері
Шетелдік заңды тұлғалар жеке бизнес-сәйкестендіру нөмірін алған жағдайда дербес немесе филиалдар және (немесе) өкілдіктер басшыларының өкілеттіктері болған кезде осы заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген филиалдары және (немесе) өкілдіктері арқылы және осындай филиалдардың және (немесе) өкілдіктердің деректемелерін және бизнес-сәйкестендіру нөмірлерін пайдалана отырып, лицензиялау немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асырған кезде алынатын алымдарды немесе төлемдерді төлеуді жүзеге асырады.
5-тарау. ЛИЦЕНЗИЯЛАУ
28-бап. Лицензиялау салалары
1. Лицензиялауға мынадай:
1) телерадиохабарларын тарату;
2) мәдениет;
3) білім беру;
4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс;
5) мұнай және газ;
6) өнеркәсіп;
7) ақпараттандыру және байланыс;
8) есірткі, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы;
9) денсаулық сақтау;
10) атом энергиясын пайдалану;
11) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
12) жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнайы техникалық құралдар;
13) қару-жарақ, әскери техника және жекелеген қару түрлерінің, жарылғыш заттар мен олар қолданылатын бұйымдар айналымы;
14) улы заттар айналымы;
15) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындау;
16) этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру және олардың айналымы, темекі өнімдерін өндіру;
17) тауар биржалары;
18) экспорт және импорт;
19) қаржы саласы және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет;
20) ғарыш кеңістігін пайдалану;
21) ойын бизнесі;
22) ветеринария;
23) ауыл шаруашылығы;
24) көлік;
25) сот сараптама қызметі;
26) жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету салаларындағы жекелеген қызмет түрлері немесе әрекеттер (операциялар) жатады.
2. Мынадай субъектілердің:
1) мемлекеттік органдардың және мемлекеттік қызметшілердің өкілеттіктер шегінде;
2) дербес білім беру ұйымдарының және олардың ұйымдарының, оның ішінде көрсетілген ұйымдарда білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыруға білім беру бағдарламаларын енгізетін және (немесе) іске асыратын шетелдік заңды тұлғалардың;
3) Қазақстан Даму Банкінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктер шегінде;
4) кредиттік серіктестіктер, орталық депозитарий, тіркеуші, мемлекет қатысатын кредиттік бюро, өзара сақтандыру қоғамдары, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі операторы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Ұлттық почта операторы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асыратын қаржы саласындағы қызметті және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты;
5) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің уәкілетті ұйымының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктер шегінде қару-жарақ, әскери техника және жекелеген қару түрлерінің, жарылғыш заттар мен олар қолданылатын бұйымдар айналымы саласындағы қызметті лицензиясы болмай жүзеге асыруына жол беріледі.
29-бап. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
беру шарттары
1. Лицензиялар лицензиардың орналасқан жері бойынша беріледі.
2. Егер жергілікті атқарушы органдар немесе орталық мемлекеттік органның аумақтық органдары лицензиарлар болып табылса, лицензия және (немесе) лицензияға қосымша:
1) олардың қызметті жүзеге асыру орны бойынша берілетін «объектілерге берілетін рұқсаттар» сыныбы бойынша берілетін лицензияларды қоспағанда, жеке немесе заңды тұлғаны не шетелдік заңды тұлғаның филиалын немесе өкілдігін тіркеу орны бойынша;
2) Қазақстан Республикасының аумағында филиалы немесе өкілдігі жоқ шетелдік заңды тұлғаға, Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленген жағдайларды қоспағанда, оның қызметті жүзеге асыру орны бойынша беріледі.
3. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алу үшiн өтініш беруші мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтiнiш;
2) қаржы саласындағы қызметті және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметті, сондай-ақ азаматтық және қызметтік қару мен оған патрондардың айналымына байланысты қызметті, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті, күзет қызметін жүзеге асыруға байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар үшін – жарғысының (салыстырып тексеру үшiн түпнұсқалары ұсынылмаған жағдайда нотариат куәландырған) көшiрмесi;
3) заңды тұлға үшiн – өтініш беруші заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтамасы;
4) жеке тұлға үшiн – жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
5) жеке кәсiпкер үшiн – өтiнiш берушiнi жеке кәсiпкер ретiнде мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң (салыстырып тексеру үшiн түпнұсқа ұсынылмаған жағдайда нотариат куәландырған) көшiрмесi;
6) «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы төленген жағдайларды қоспағанда, жекелеген қызмет түрлерiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алымның төленгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен өтініш берушінің бiлiктiлiк талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар.
4. Осы баптың 3-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсыну, лицензиарда осы құжаттарда қамтылған ақпаратты тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алуға мүмкіндік болған жағдайда талап етілмейді.
Шетелдік заңды тұлға, шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам болып табылатын өтініш беруші өзінде осы баптың 3-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген құжаттар болмаған кезде өтініш беруші туралы осыған ұқсас мәліметтерді қамтитын басқа да құжаттарды ұсынады.
Қаржы саласындағы қызметпен және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысу құқығына лицензия беру кезінде құжаттар тiзбесiне қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi де белгiлей алады.
5. Осы баптың 2-тармағының күші «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 73-бабында көзделген тәртіппен лицензия алу жағдайларына қолданылмайды.
6. Лицензиясы бар қызмет түрi немесе әрекет (операция) шеңберiнде жарамды лицензияға қосымшаны алу үшiн мынадай құжаттар қажет:
1) өтiнiш;
2) өтініш берушінің бiлiктiлiк талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;
3) ұсынылуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құжаттар.
7. Егер осы Заңға 1-қосымшада өзгеше көзделмесе, лицензиялар олардың қолданылу мерзімі шектелмей беріледі.
8. Егер иеліктен шығару осы Заңға 1-қосымшада көзделген жағдайларда иеліктен шығарылуы мүмкін «объектілерге берілетін рұқсаттар» сыныбы бойынша берілген лицензияларды қоспағанда, лицензиялар иеліктен шығарылмайтын болып табылады.
30-бап. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
беру туралы өтініштерді қарау мерзімдері
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы, қаржы саласындағы және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет, білім беру, мұнай және газ саласындағы лицензияларды және (немесе) лицензияға қосымшаларды қоспағанда, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны не оларды беруден уәжді бас тартуды лицензиар он бес жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
2. Атом энергиясын пайдалану саласындағы, қаржы саласындағы және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет, білім беру, мұнай және газ саласындағы лицензия және (немесе) лицензияға қосымша не оларды беруден уәжді бас тарту Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген тиісті құжаттармен қоса өтініш ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.
3. Экспорттық бақылауға жататын өнімнің импорты мен экспорты саласындағы лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны не оларды беруден уәжді бас тартуды лицензиар осы Заңның 37-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген мерзімдерде береді.
Ескерту. 30-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
31-бап. Жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы
үшін лицензиялық алым
Жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым (бұдан әрі – лицензиялық алым) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес лицензия (лицензияның телнұсқасы) беру (қайта ресімдеу) кезінде, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген өзге де жағдайларда алынады.
Лицензиялық алымның мөлшерлемелері «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленеді.
Лицензияға қосымшаларды (лицензияға қосымшалардың телнұсқаларын) беру кезінде лицензиялық алым алынбайды.
Осы Заңның 44-бабында көзделген жағдайларда лицензияларды және (немесе) лицензияға қосымшаларды беру кезінде лицензиялық алым алынбайды.
32-бап. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
беруден бас тарту
1. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту, егер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында жеке немесе заңды тұлғалардың осы санаты үшін қызмет түрімен айналысуға тыйым салынған;
2) лицензиялық алым енгізілмеген;
3) өтініш беруші біліктілік талаптарына сәйкес келмеген;
4) лицензиар тиісті келісуші мемлекеттік органнан өтініш берушінің лицензиялау кезінде қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіні туралы жауап алған;
5) өтініш берушіге қатысты лицензиялауға жататын қызметті немесе жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру немесе оларға тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі (үкімі) болған;
6) сот орындаушысының ұсынуы негізінде сот өтініш беруші-борышкерге лицензия беруге уақытша тыйым салған жағдайларда жүзеге асырылады.
Қаржы саласындағы қызметпен және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысуға лицензияларды және (немесе) лицензияларға қосымшаларды беруден бас тарту үшін қосымша негіздерді Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
Экспорттық бақылауға жататын өнімнің экспортына және импортына лицензиялар беруден бас тарту үшін қосымша негіздер «Экспорттық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
2. Осы баптың 1-тармағының күші «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 73-бабында көзделген тәртіппен лицензия алу жағдайларына қолданылмайды.
3. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден қағаз жеткізгіштегі немесе электрондық құжат нысанындағы уәжді бас тартуды лицензиар өтініш берушіге лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін белгіленген мерзімдерде береді.
33-бап. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
қайта ресімдеу
1. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша мынадай:
1) жеке тұлға-лицензиаттың тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) өзгерген;
2) жеке кәсіпкер-лицензиат қайта тіркелген, оның атауы немесе заңды мекенжайы өзгерген;
3) заңды тұлға-лицензиат осы Заңның 34-бабында айқындалған тәртіпке сәйкес қайта ұйымдастырылған;
4) заңды тұлға-лицензиаттың атауы және (немесе) орналасқан жері өзгерген;
5) егер нақты лицензияның иеліктен шығарылатындығы осы Заңға 1-қосымшада көзделген жағдайларда, лицензиат үшінші тұлғалардың пайдасына объектімен бірге «объектілерге берілетін рұқсаттар» сыныбы бойынша берілген лицензияны иеліктен шығарған;
6) «объектілерге берілетін рұқсаттар» сыныбы бойынша берілген лицензия үшін немесе лицензияға қосымшалар үшін объектілерді көрсете отырып, объект нақты көшірілмей оның орналасқан жерінің мекенжайы өзгерген;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында қайта ресімдеу туралы талап болған жағдайларда қайта ресімделуге жатады.
2. Рұқсат беру тәртібі енгізілген қызмет түрінің және (немесе) кіші түрінің атауы өзгерген жағдайда, лицензиаттың лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге құқығы бар.
Атауы өзгерген қызмет түріне лицензиясы бар лицензиат лицензияны алдын ала қайта ресімдеген жағдайда, лицензияға қосымша алуға құқылы.
3. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу үшін өтініш беруші мынадай құжаттарды:
1) рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бекiткен нысан бойынша өтiнiштi;
2) лицензияларды қайта ресімдеу жағдайлары үшін – «электрондық үкімет» төлем шлюзі арқылы ақысын төлеуді қоспағанда, лицензиялық алым төлегенін растайтын құжатты;
3) алынатын ақпараты мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қамтылған құжаттарды қоспағанда, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу үшін негіз болған өзгерістер туралы ақпарат қамтылған құжаттардың көшірмелерін;
3-1) осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес лицензия қайта ресімделген жағдайда, лицензияны иеліктен шығаруға келісуі туралы лицензиаттың хаты беріледі;
4) ұсынылуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құжаттарды ұсынады.
4. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу туралы өтінішті өтініш беруші лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу үшін негіз болған өзгерістер туындаған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде беруге тиіс.
Лицензияны осы баптың 1-тармағының 7) тармақшасында көзделген негіз бойынша қайта ресімдеген жағдайда, өтініш берушінің лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беру мерзімі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
Осы Заңның 34-бабының 4 және 5-тармақтарында көзделген негіздер бойынша қайта ресімдеуді қоспағанда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу кезінде лицензиар өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін тексермейді.
5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылмаған немесе тиісінше ресімделмеген жағдайда лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны осы баптың 1-тармағының 1), 2), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бастамашылық жасалған қайта ресімдеуден бас тартады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу кезінде өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру қажеттігі көзделсе, осы талаптарға сәйкес келмеу де лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеуден бас тарту үшін негіз болып табылады.
6. Бір немесе одан көп банк операциялары, сақтандыру қызметіндегі бір немесе одан көп сынып лицензияланатын қызмет түрінен алып тасталған жағдайда, өтініш беруші тиісті нормативтік құқықтық актінің қолданысқа енген күнінен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде лицензияның қосымшасымен бірге лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті. Қаржы саласындағы қызмет және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет түрінің атауы өзгерген жағдайда, егер мұндай өзгеріс лицензияланатын қызмет түрі мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, өтініш беруші тиісті нормативтік құқықтық актінің қолданысқа енген күнінен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.
7. Қайта ресімделген лицензиялар және (немесе) лицензияларға қосымшалар осы Заңның 48-бабының ережелері сақтала отырып, электрондық нысанда ресімделеді.
8. Егер осы Заңның 34-бабында өзгеше мерзім белгіленбесе, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеуді лицензиар осы баптың 3-тармағында көзделген құжаттар берілген кезден бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
34-бап. Заңды тұлға-лицензиат қайта ұйымдастырылған
жағдайда лицензияның және (немесе) лицензияға
қосымшаның қолданысы
1. Заңды тұлға-лицензиатты бірігу нысанында қайта ұйымдастыру кезінде онда бар лицензия және (немесе) лицензияға қосымша бірігу нәтижесінде жаңадан пайда болған заңды тұлғаға осы Заңның 33-бабының 3 және 4-тармақтарында айқындалған тәртіппен қайта ресімделуге жатады. Сол бір лицензияланатын қызмет түріне немесе лицензияланатын қызмет түрінің кіші түріне лицензиялары бар бірнеше заңды тұлға-лицензиаттар біріккен кезде, өтініш берушінің таңдауы бойынша осындай бір ғана лицензия және (немесе) лицензияға қосымша бірігу нәтижесінде жаңадан пайда болған заңды тұлғаға қайта ресімделуге жатады.
2. Заңды тұлға-лицензиатты қайта құру нысанында қайта ұйымдастыру кезінде онда бар лицензия және (немесе) лицензияға қосымша, қайта құру нәтижесінде жаңадан пайда болған заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысаны үшін лицензияланатын қызметтің түрімен немесе лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрімен айналысу Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, қайта құру нәтижесінде жаңадан пайда болған заңды тұлғаға осы Заңның 33-бабының 3 және 4-тармақтарында айқындалған тәртіппен қайта ресімделуге жатады.
3. Заңды тұлға-лицензиатты басқа заңды тұлғамен қосылу нысанында қайта ұйымдастыру кезінде қосылған заңды тұлға-лицензиаттың лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы осы Заңның 33-бабының 3 және 4-тармақтарында айқындалған тәртіппен соңғысына қайта ресімделеді. Егер қосылатын заңды тұлғада және қосылатын заңды тұлғаны өзіне қосып алған заңды тұлғада сол бір лицензияланатын қызмет түріне немесе лицензияланатын қызмет түрінің кіші түріне лицензиялар болса, қосылатын заңды тұлғаның лицензиясын заңды тұлғаны қосып алған заңды тұлғаға қайта ресімдеу жүргізілмейді.
4. Заңды тұлға-лицензиатты бөліп шығару нысанында қайта ұйымдастыру кезінде онда бар лицензия және (немесе) лицензияға қосымша бөліп шығарылған заңды тұлғаның келісімі болған кезде, бөлініп шыққан заңды тұлғаның лицензияланатын қызметтің тиісті түрін және (немесе) лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі расталған жағдайда ғана қайта ұйымдастыру нәтижесінде бөлініп шыққан заңды тұлғаның біреуіне қайта ресімделуге жатады.
Қайта ұйымдастыру нәтижесінде бөлініп шыққан заңды тұлға лицензияны осы тармақта көзделген негіз бойынша қайта ресімдеуге өтініш беруші болып табылады.
Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ұйымдастыру нәтижесінде бөлініп шыққан заңды тұлғаға қайта ресімдеу үшін өтініш беруші осы Заңның 33-бабының 3-тармағында көзделген құжаттардан басқа, өзінің біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы мәліметтер мен құжаттарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген бөліп шығарған заңды тұлғаның лицензияны бөлініп шыққан заңды тұлғаға қайта ресімдеуге келіскені туралы шешімін ұсынады.
Қайта ұйымдастыру нәтижесінде бөлініп шыққан заңды тұлғаға лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта рәсімдеу туралы өтінішті өтініш беруші бөліну нысанындағы қайта ұйымдастыру аяқталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде береді.
Лицензиар осы Заңның 33-бабының 3-тармағында, осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген құжаттар ұсынылмаған немесе тиісінше ресімделмеген жағдайда, сондай-ақ өтініш беруші біліктілік талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны осы тармақта көзделген негіз бойынша бастамашылық жасалған қайта ресімдеуден бас тартады.
5. Заңды тұлға-лицензиатты бөліну нысанында қайта ұйымдастыру кезінде онда бар лицензия және (немесе) лицензияға қосымша қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңадан пайда болған осы заңды тұлғаның біліктілік талаптарына сәйкестігі расталған жағдайда, бөліну нәтижесінде жаңадан пайда болған заңды тұлғаның біреуіне қайта ресімделуге жатады.
Бөліну нәтижесінде жаңадан пайда болған заңды тұлғалардың біреуі лицензияны осы тармақта көзделген негіз бойынша қайта ресімдеуге өтініш беруші болып табылады.
Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны бөліну нәтижесінде жаңадан пайда болған заңды тұлғалардың біреуіне қайта ресімдеу үшін өтініш беруші осы Заңның 33-бабының 3-тармағында көзделген құжаттардан басқа, өзінің біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы мәліметтер мен құжаттарды ұсынады.
Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны бөліну нәтижесінде жаңадан пайда болған заңды тұлғалардың біреуіне қайта ресімдеу туралы өтінішті өтініш беруші бөліну нысанында қайта ұйымдастыру аяқталған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде береді.
Лицензиар мынадай:
1) осы Заңның 33-бабының 3-тармағында және осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген құжаттар ұсынылмаған немесе тиісінше ресімделмеген;
2) өтініш беруші біліктілік талаптарына сәйкес келмеген;
3) егер лицензия және (немесе) лицензияға қосымша заңды тұлғаларды-лицензиаттарды бөлу нәтижесінде жаңадан пайда болғандардың ішіндегі басқа заңды тұлғаға бұрын қайта ресімделген жағдайда, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны осы тармақта көзделген негіз бойынша бастамашылық жасалған қайта ресімдеуден бас тартады.
6. Лицензиар өтініш берушінің осы баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген негіздер бойынша лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеуге құжаттарын алған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеруге міндетті.
Ұсынылған құжаттардың толық болмауы фактісі анықталған жағдайда лицензиар көрсетілген мерзімдерде өтінішті одан әрі қараудан уәжді түрде бас тартады.
7. Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында белгіленген жағдайларда өтініш берушінің Нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың келісімдерін (ілеспе рұқсаттарын) алу үшін лицензиар өтініш берушінің осы баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген негіздер бойынша лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеуге арналған құжаттарын тіркеген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушінің қызметті жүзеге асыру орны бойынша тиісті мемлекеттік органдарға сауал жібереді.
Мемлекеттік органдар лицензиардың сауалы негізінде он жұмыс күні ішінде тиісті лицензиарға өтініш берушінің қойылатын талаптарға сәйкес келетіні немесе сәйкес келмейтіні туралы жауап жібереді.
Нормативтік құқықтық актілерде осы баптың 6-тармағының бірінші бөлігінде, осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайлар үшін өзге де мерзімдер белгіленуі мүмкін.
8. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу үшін тиісті лицензиарға немесе халыққа қызмет көрсету орталығына ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі көрсетілген органның құжаттарды қабылдап алған күні туралы белгі қойылып, өтініш берушіге жіберіледі (тапсырылады). Бұл ретте тізімдемені өтініш беруші жасайды.
Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда өтініш берілген жағдайда, рұқсат беру органының уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған құжат өтініштің қабылданғандығын растау болып табылады.
9. Осы баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген негіздер бойынша лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиар осы баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген негіздер бойынша осы баптың 4-тармағының үшінші бөлігінде және 5-тармағының үшінші бөлігінде белгіленген тиісті құжаттармен қоса өтініш берілген күннен бастап, отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей қайта ресімделетін атом энергиясын пайдалану, қаржы саласындағы және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет, экспорттық бақылауға жататын өнімнің импорты және экспорты, білім беру, мұнай және газ саласындағы лицензияларды және (немесе) лицензияға қосымшаларды қоспағанда, он бес жұмыс күнінен кешіктірмей қайта ресімдейді.
10. Лицензиарлар қайта ресімделген лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны осы бапта белгіленген мерзім ішінде беруге не оларды қайта ресімдеуден уәжді түрде бас тартуға міндетті.
Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз).
35-бап. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның
қолданысын тоқтату
1. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша мынадай жағдайларда:
1) берілген мерзімі өткенде;
2) жүзеге асырылуы үшін берілген әрекеттер (операциялар) толық көлемде жасалғанда;
3) лицензиядан және (немесе) лицензияға қосымшадан айырғанда (оларды қайтарып алғанда);
4) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда;
5) лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданысын тоқтату туралы ерікті түрде лицензиарға өтініш жасағанда;
6) осы Заңға 1-қосымшадан лицензия немесе жекелеген қызмет түрі және (немесе) қызметтің кіші түрі немесе әрекет (операция) алып тасталғанда;
7) лицензиат лицензиялануға жататын тұлғалар қатарынан алып тасталғанда;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда өзінің қолданысын тоқтатады.
2. Осы баптың 1-тармағының 6) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданысы тоқтатылған немесе лицензия электрондық нысанда ғана ресімделген жағдайларды қоспағанда, лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданысы тоқтатылған кезде лицензиат лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны он жұмыс күні ішінде лицензиарға қайтаруға міндетті.
3. Осы баптың 1-тармағының 6) және 7) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданысы тоқтатылған кезден бастап, лицензиаттар жүзеге асыруға қолданысы тоқтатылған лицензия және (немесе) лицензияға қосымша берілген қызмет түрлерін (кіші түрлерін) немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруға құқылы емес.
36-бап. Жекелеген қызмет түрлерін лицензиялаудың
ерекше шарттары
1. Қаржы саласындағы қызметпен және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысу құқығына лицензияларды және (немесе) лицензияларға қосымшаларды беру, қайта ресімдеу, беруден бас тарту, олардың қолданысын тоқтата тұру, тоқтату тәртібін, мерзімдері мен шарттарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
2. Ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензиялар беру шарттары мен тәртібі «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.
3. Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын ғимараттар құрылысын ұйымдастыру жөніндегі қызметке лицензияларды беру шарттары мен тәртібі «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.
4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензия берудің ерекше шарттары «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.
Лицензияға қосымшада лицензия берудің ерекше шарттары ретінде «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лицензиат санаты көрсетіледі.
5. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметтің түрлерін және кіші түрлерін лицензиялау «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған аспаптар, қондырғылар, материалдар, заттар, қалдықтар түрлеріне қатысты жүзеге асырылады.
Лицензияға қосымшада лицензияны берудің ерекше шарттары ретінде лицензиат жұмыс жүргізетін аспаптар, қондырғылар, материалдар, заттар, қалдықтар түрі көрсетіледі.
37-бап. Экспорт және импорт саласындағы лицензиялау
туралы жалпы ережелер
1. Экспорты және (немесе) импорты лицензиялануға жататын тауарлардың тізбесін Кеден одағының тиісті органының шешімімен бекітілген, үшінші елдермен саудада Кеден одағына мүше мемлекеттердің әкелуіне немесе әкетуіне тыйым салу немесе шектеу қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесі негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Тауарлардың экспортын және (немесе) импортын лицензиялаудың орындалу үшін осы шектеулер енгізілген мақсаттарға қарағанда тауарлардың экспортын немесе импортын көбірек шектеу немесе бұрмалау әсері болмауға тиіс.
Экспортқа және (немесе) импортқа лицензиялар және рұқсаттар беру тәртібі мен шарттары халықаралық шарттарға сәйкес белгіленеді.
2. Экспорттық бақылауға жататын, экспорты немесе импорты лицензиялануға жататын өнімнің тізбесін халықаралық экспорттық бақылау режимдеріне сәйкес және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында экспорттық бақылауға жататын өнімдер номенклатурасы (тізімі) негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Экспорттық бақылауға жататын өнімнің импорты мен экспорты саласындағы лицензиялар және (немесе) лицензияға қосымшалар лицензия осындай растауды алғаннан кейін берілетін импорттаушы елдің түпкі пайдаланушы сертификатының түпнұсқалығы тексерілгендігін растауды алу қажеттігі жағдайын қоспағанда, отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.
3. Лицензия Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес жіктелетін, оларға қатысты лицензиялау енгізілген, экспорттық бақылауға жататын әрбір тауарға немесе өнімге беріледі.
Лицензиар лицензиялардың мынадай түрлерін береді:
1) Кеден одағына мүше мемлекеттің шешімі негізінде сыртқы сауда қызметіне қатысушыға берілетін және лицензияда айқындалған санымен жекелеген тауар түрінің экспортына және (немесе) импортына құқық беретін бас лицензия;
2) сыртқы сауда қызметіне қатысушыға жекелеген тауар түрінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық беретін айрықша лицензия;
3) сыртқы сауда шарты (келісімшарты) негізінде сыртқы сауда қызметіне қатысушыға берілетін және белгілі бір санымен лицензияланатын тауардың экспортына және (немесе) импортына құқық беретін біржолғы лицензия.
Тауарлардың экспортына және (немесе) импортына бас және айрықша лицензиялар беруді лицензиар Кеден одағының тиісті органының шешімінде көзделген жағдайларда жүзеге асырады.
Экспорттық бақылауға жататын өнімнің экспортына және (немесе) импортына бас және айрықша лицензиялар берілмейді.
4. Бас және айрықша лицензиялар алған лицензиаттар тоқсан сайын есептік тоқсаннан кейінгі айдың он бесінші күніне дейін экспорт пен импорт саласындағы уәкілетті органдарға лицензияның орындалу барысы туралы есеп ұсынуға міндетті.
Біржолғы лицензиялар алған лицензиаттар лицензияның қолданылу мерзімі өткен соң күнтізбелік он бес күн ішінде экспорт және импорт саласындағы уәкілетті органдарға лицензияның орындалуы туралы ақпарат беруге міндетті.
5. Біржолғы лицензияның қолданылу кезеңі оның қолданыла бастаған күнінен бастап бір жылдан аспауға тиіс. Біржолғы лицензияның қолданылу мерзімі сыртқы сауда шартының (келісімшартының) қолданылу мерзімімен немесе лицензияны беруге негіз болып табылған құжаттың қолданылу мерзімімен шектелуі мүмкін.
Сан жағынан шектеулер енгізілген тауарлар үшін лицензияның қолданылу кезеңі квота белгіленген күнтізбелік жылда аяқталады.
Егер Кеден одағының тиісті органының шешімінде өзгеше жазылмаса, тауарлардың экспортына және (немесе) импортына арналған бас лицензияның қолданылу мерзімі ол қолданыла бастаған күннен бастап бір жылдан аспауға тиіс, ал сан жағынан шектеулер енгізілген тауарлар үшін – квота белгіленген күнтізбелік жылда аяқталады.
Айрықша лицензияның қолданылу мерзімі әрбір нақты жағдайда Кеден одағының тиісті органының шешімімен белгіленеді.
6. Экспортқа және импортқа арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату тәртібін Кеден одағының тиісті органы белгілейді.
6-тарау. РҰҚСАТ БЕРУ РӘСІМДЕРІ
38-бап. Екінші санаттағы рұқсатты беру ерекшеліктері
1. Екінші санаттағы рұқсаттарды беру үшін қажетті рұқсат беру талаптары мен құжаттар тізбесі нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.
Бұл ретте тізбеде ақпараты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда өтініш беруші беретін мәліметтер нысанынан алынуы мүмкін құжаттар қамтылмауға тиіс.
2. Рұқсат беру рәсiмдерiн жүзеге асыру қағидалары және осы Заңда рұқсат беру тәртiбi көзделген қызметтi немесе әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру қағидалары нормативтік құқықтық актілерде бекiтіледi.
Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз).
39-бап. Екінші санаттағы рұқсатты беру туралы өтініштерді
қарау мерзімдері
Екінші санаттағы рұқсат нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мерзімде беріледі. Екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілетті орган белгіленген мерзім ішінде екінші санаттағы рұқсатты беруге не оны беруден уәжді түрде бас тартуға міндетті.
Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз).
40-бап. Рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде
алынатын алымдар немесе төлемдер
Рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде алынатын алымдардың немесе төлемдердің мөлшері, оларды есептеу мен төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
41-бап. Екінші санаттағы рұқсатты беруден бас тарту
1. Екінші санаттағы рұқсатты беруден бас тарту нормативтік құқықтық актілерде көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
2. Өтініш берушіге екінші санаттағы рұқсатты беруден уәжді түрде бас тартуды екінші санаттағы рұқсатты беруге уәкілетті орган екінші санаттағы рұқсатты беру үшін белгіленген мерзімдерде береді.
3. Екінші санаттағы рұқсатты беруден уәжді түрде бас тарту жазбаша түрде, оның ішінде электрондық құжат түрінде немесе қағаз жеткізгіште беріледі.
Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз).
42-бап. Екінші санаттағы рұқсаттың қолданысын тоқтату
Екінші санаттағы рұқсат нормативтік құқықтық актілерде айқындалатын жағдайларда және тәртіппен өз қолданысын тоқтатады.
Бұл ретте екінші санаттағы рұқсаттардан айыру (оларды қайтарып алу) осы Заңның 45-бабының 5-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз).
7-тарау. РҰҚСАТТЫҢ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) РҰҚСАТҚА ҚОСЫМШАНЫҢ
Достарыңызбен бөлісу: |