«Жарғы» енгізілгенге дейін қазақ даласында ем жасау ісімен халық емшілері ғана (сынықшылар, бақсылар, тәуіптер және басқалары) айналысып келген болатын. Патша үкіметінің билігі жүрісімен жағдай өзгере бастады. Әр округта екі емші жұмыс істей бастады. Тұрақты жұмыс істейтін ауруханалар пайда болды. Жергіліікті әкімшілікке халықты шешек ауруына қарсы егуден өткізу міндеттелді. '«Жарғы» бойынша жергілікті билік орындарына христиан дінін таратумен аты шыққан діни миссионерлердің қазақ даласындағы қызметін күшейту тапсырылды. Бірақ оларға «ешқандай да ықтиярсыз мәжбур етпей, кәдімгідей сенімін арттыру және көзін жеткізу» тәсілі арқылы әрекет ету қажеттігі ескертілді. Рас, кейінгі оқиғалардың көрсеткеніндей, патша үкіметі бұл міндетті жүзеге асыра алған жоқ. Өйткені христиан дінін таратушы миссионерлерге қазақтар тарапынан көрсетілген қарсылық өте күшті болды. '«Жарғының» жағымды жақтарының бірі қазақтардың балаларын Ресейдің ішкі аумағындағы губерниялардың оқу орындарына оқуға жібере алатындығы болды. Алайда бұл құқықты қазақтардың ілуде біреуі ғана пайдалана алды. Оның үстіне, қазақтар өз балаларының орыстанып кетуі мен шоқындырылуынан қатты шошынды.
Орта жүзде 1822 жылдан кейін орын алған оқиғалар[өңдеу | қайнарын өңдеу]
«Жарғы» қазақ даласына бірте-бірте енгізіле бастады. Басқарудың жаңа тәртібі ең әуелі шекара шебі маңындағы және «өздеріне қамқорлық жасауды өтінген, бодандыққа адал болуға ант еткен» руларға енгізілді. 1822 жылғы «Жарғы» аздаған өзгерістер енгізілген түрінде 60-жылдардың ортасына дейін қолданылып келді. Жаңадан округтар ашудың алдын ала белгіленген нақты жоспары болған жоқ еді. Шекаралық әкімшіліктен шенеуніктер бастаған қарулы шағын жасақтар қазақ ауылдарына бірінен соң бірі жиі шығып тұрды. Олар басқарудың жаңа жүйесін қабылдаудың көшпелі халыққа пайдалы да тиімді болатынын егжей-тегжейлі түсіндіруге күш салып бақты. Сөйтіп халықтың көшпелі тобының келісіміне қарай жаңа округтар құрыла бастады. Мәселен,
1824 жылы Қарқаралы және Көкшетау округтары,
1831 жылы Аягөз,
1832 жылы Ақмола,
1833 жылы Баянауыл және Үшбұлақ,
1834 жылы Аманқарағай (кейінірек Құсмұрын атанды),
1844 жылы Көкпекті округтары құрылды.
1854 жылы Ертістің оң жағалауындағы қазақтар үшін Семей ішкі округы ашылды. 1856 жылы Жетісу жерінде Алатау ерекше округы ашылды. Бұл екі округты орыс офицерлерінің арасынан тағайындалған бастықтар басқарды. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы мен Омбы облыстық басқармасының бастығы Орта жүзді басқаруды қолға алды. Бұдан кейін енді солтүстік-шығыс аймақтардағы қазақтарды басқару жөніндегі орган қүру көзделінді. Сөйтіп 1838 жылы патша үкіметі Сібір қырғыздарын (қазақтарын) шекаралық басқару басқармасы құрылды.
Кіші жүздегі хан билігінің жойылуы[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Орта жүздегі хан билігінің жойылуы Кіші жүзде тап осылай әрекет жасауды әлдеқайда жеңілдетті. Бұл кезде Кіші жүз сұлтандарының арасындағы алауыздық әлі тоқтаған жоқ еді. Хан билігі әлсіреп, қол астындағы халық арасында беделінен айырылып тынған болатын. 1822 жылы Орынбор өлкесінің губернаторы П.К. Эссен Ресей астанасына «Орынбор қырғыздары (қазақтары) жөніндегі жарғының» жобасын жөнелтті. Бұл кезде Кіші жүзде Шерғазы әлі де хан болып тұрған еді. Қазақтардың шекара шебіне және Орынбор өлкесінің ішкі округтарына шабуыл жасауы жиі-жиі қайталанумен болды. Орынбор өлкесінің бастығы ұсынған жобатолықтыра түсу үшін Азия комитетіне қайтадан жіберілді. Жарғының түпкілікті жобасын Ресей патшасы I Александр 1824 жылы көктемде біржолата бекітті. Шерғазы хан Орынборға шақыртып алынды. Оған ғұмырының ақырына дейін ай сайын жалақы төленіп тұратын болды. Сөйтіп Кіші жүздегі хан билігі де жойылды. Бұл реформа бойынша Кіші жүз аумағы Жайықтың сырт жағындағы үш округқа бөлінді. 1828 жылы ондағы әкімшілік бірліктерінің аттары өзгертіліп, Батыс, Орта және Шығыс округтары деп аталды. Кіші жүздегі өкімет билігі Орынбор губернаторына тікелей бағынатын басқарушы-сұлтандардың қолына көшті. Басқарушы-сұлтандарға казактардың жасақтары да бағындырылды. Ондай жасақтардың әрқайсысында 100-ден 200-ге дейін адам болды. Басқарушы-сұлтандар казак станицаларында және шекара шебіндегі бекіністерде тұратын болып белгіленді. Мұның өзі олардың патша үкіметіне тәуелді болуын күшейте түсті. Басқарушы-сұлтандардың атқаратын негізгі қызметі өздеріне қарайтын халықты «тәртіп сақтайтын және патша үкіметіне әрқаиіан адал әрі айтқанын екі етпейтін бағыныста» болатындай етіп ұстау еді. Кіші жүздегі ауыл старшындарынан бастап, баскарушы сұлтандарға дейінгі барлық лауазымды тұлғаларды Орынбор губернаторының өзі тағайындайтын болды. Сайлау жүйесі жойылды.
Дистанциялардың құрылуы[өңдеу | қайнарын өңдеу]
1831 жылға дейін Кіші жүз қазақтары ресми құжаттарда шекара шебіне жақын және далалық жерлерде тұратындар деп екі топқа бөлінетін. Шекара шебіне жақын тұратындар 1831 жылдан бастап дистанцияларға, ал олар старшындықтар мен ауылдарға бөлінді. Дистанциялар жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктерге айналды. Оларды дистанция бастықтары басқарды. Дистанциялар барған сайын көбейе түсті. 1850 жылы олардың саны Кіші жүз жерінде 57-ге жетті. Уақыт өте келе дистанция бастықтарытың билігі алыстағы ауылдарда да жүргізілетін болды. Дистанция бастықтары түтін салығы деп аталған салықты жинаудың барысын қатты қадағалады, әр үй басына салынатын «түтін салығының» мөлшері 1,5 күміс ақшаға (сомға) тең болатын.
«Орынбор қырғыздары (қазақтары) туралы ереже» (1844 ж.)[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Достарыңызбен бөлісу: |