Заңсыз кәсіпкерлік (190-бап)
Кәсіпкерлік қызметті тіркеуден өткізбей не рұқсат алу міндетті болған жағдайларда арнаулы рұқсатсыз немесе лицензиялау шарттарын бұзып жүзеге асыру, сондай-ақ кәсіпкерліктің тыйым салынған түрлерімен шұғылдану, егер осы әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе, не ірі мөлшерде табыс табумен немесе ірі мөлшерде акцизделетін тауарларды өндірумен, сақтаумен және өткізумен байланысты болса-іс-әрекет заңсыз кәсіпкерлік деп танылады. Қылмыс объективтік жағынан мынадай балама әрекеттерден құралады:
1. Кәсіпкерлік қызметті тіркеуден өткізбей не рұқсат алу міндетті болған жағдайларда арнаулы рұқсатсыз немесе лицензия шарттарын бұзып жүзеге асыру. Кәсіпкерлік қызметті тіркеуден өткізбей жүзеге асыру заңда белгіленген тіркеу тәртібін бұзып, бұл әрекетті жүзеге асыру болып табылады. Рұқсат алмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға-заңда белгіленген қайсыбір кәсіпкерлік қызметті атқаруға арнаулы рұқсат алу шарттарын бұзу жатады. Лицензия шарттарын бұзып кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырауға: лицензияда көрсетілмеген қызметті жүргізу; немесе оның жүзеге асырылуы тәртібін бұзу, лицензияны бөтен адамға беру; қолданылу, мерзімі өтіп кеткен лицензияны пайдалану ж.т.б.
2.Кәсіпкерліктің тыйым салынған түрлерімен шұғылдану заңда кейбір қызметтің түрлерімен кәсіпкерлікпен шұғылдануға тыйым салынған. Осыған қарамастан кәсіпкер заң нормасын бұзып, тыйым салынған кәсіппен шұғылданады.
3.Жоғарыда көрсетілген әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе, не ірі мөлшерде табыс табумен немесе ірі мөлшерде акцизделетін тауарларды өндірумен, сақтаумен немесе өткізумен байланысты болса. Заңсыз кәсіпкерлік қылмыс құрамы жөнінен материалдық құрамға жатады. Осыған орай қылмыс заңда көрсетілген ірі зиян келтірілумен немесе ірі мөлшердегі табыс табумен байланысты аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс кінәлының қасақаналық нысаны арқылы жасалады. Қасақаналық тікелей немесе жанама болуы мүмкін. Қылмыстың субъектісі жалпы немесе арнаулы болуы мүмкін.
Заңсыз банктік қызмет (191-бап)
Ақша-несие жүйесіндегі қылмыстылық экономика саласындағы қылмыстардың ең қауіпті түрі болып отыр. Бұл қылмыс заңсыз кәсіпкерліктің ерекше бір көрінісі болып табылады. Қылмыстық заңда «Банктік қызметті тіркеуден өткізбей немесе рұқсат алу міндетті болған жағдайларда арнаулы рұқсатсыз немесе лицензиялау шарттарын бұзып жүзеге асыру, егер осы әрекет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе, не ірі мөлшерде табыс табумен ұштасқан іс-әрекеттер заңсыз банктік қызмет деп белгіленген». Қылмыстың объектісі ақша-несие жүйесіндегі заңмен белгіленген қоғамдық қатынастарға қол сұғу болып табылады. Объективтік жағынан қылмыс құрамы мынадай бірнеше, жеке дара әрекеттермен сипатталады: банктік қызметті (банктік операцияларды) тіркеуден өткізбеу; міндетті рұқсат (лицензия) алуды сақтамау; банктік қызметті лицензия шарттарын бұзып жүзеге асыру; көрсетілген әрекеттер ұйымға, мемлекетке ірі зиян келтіру немесе ірі мөлшерде табыс алумен байланысты болуы болып табылады. Банктік қызметті лицензиясыз жүргізу, тіркеуден өткізбеу заңсыз әрекет деп танылады. Міндетті лицензия алуды сақтамау деп арнаулы заңда көрсетілген осы талаптарды сақтамау саналады. Лицензия шарттарын бұзуға осында рұқсат етілген банктік қызметті істемей басқа қызметпен шұғылдану әрекеттері танылады. Субъективтік жағынан қылмыс кінәлының қасақана нысаны арқылы жүзеге асырылады. Бұл жерде қасақаналықтың тікелей немесе жанама түрі де орын алады.
Жалған кәсіпкерлік (192-бап)
Қылмыстық кодекстің 192-бабында «Жалған кәсіпкерлік, яғни кәсіпкерлік немесе банктік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз несие алу, салық төлеуден босатылу, өзге де мүліктік пайда алу немесе тыйым салынған қызметті жасыру мақсаты бар азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірген коммерциялық ұйым құру-жалған кәсіпкерлік» деп белгіленген. Қылмыстың тікелей объектісі кәсіпкерлік немесе басқа да коммерциялық әрекетті реттейтін қоғамдық қатынастар болып табылады. Қылмыстық жауаптылықтың басты шарты-азаматтың, ұйымның немесе мемлекеттің құқықтары мен мүдделеріне зиян келтіру болып табылады. Объективтік жағынан осы бапта көрсетілген қылмыс құрамы: кәсіпкерлік немесе банктік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз, несие алу, салық төлеуден босатылу, өзге де мүліктік пайда алу немесе тыйым салынған қызметті жасыру мақсатымен заңда белгіленген зардапты келтіре отырып коммерциялық ұйым құру әрекеті арқылы сипатталады. Қылмыс тек әрекет арқылы жүзеге асырылады. Жалған кәсіпкер коммерциялық ұйым құру үшін оны тіркету және оған лицензия алу үшін заңда көрсетілген барлық құжаттарды дайындайды. Құрылтайшылар жиналысын өткізеді, жарғы қабылдап, қажет болған ретте құрылтайшы шартын бекітеді. Осыдан кейін кәсіпкерлік немесе банктік қызмет заңды тіркеуден өткізіледі, оған лицензия беріліп, банк операцияларын жүзеге асыру үшін алымдағы және есептесу шоты белгіленеді. Осымен кәсіпкерлік ұйымның барлық заңды қызметі доғарылады да жалған кәсіпкер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке зиян келтіруге бағытталған басқа әрекеттермен шұғылданады: несие алады, азаматтардан немесе ұйымдардан ақша қаражаттарын жинайды, сөйтіп тыйым салынған қызметпен айналыса бастайды. Осындай әрекеттердің нәтижесінде қоғамға қауіпті зардап-азаматқа, ұйымға қауіпті зардап немесе мемлекетке ірі зиян келтіріледі. Осы уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Қылмыстық құрамы заңдылық мәні жөнінен материалдық құрамға жатады.
Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықпен (тікелей немесе жанама) жүзеге асырылады. Қылмыстың субъективтік жағының қажетті белгісі-тыйым салынған қызметті жасыру, заңсыз несие алу, салық төлеуден босатылу немесе өзге де мүліктік пайда табу мақсаты болады. Қылмыстың субъектісі-кез келген есі дұрыс 16-ға толған азамат болады.
Заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру (193-бап)
Қылмыстық кодекстің 193-бабында «Көпе-көрінеу заңсыз жолмен алынған ақша қаражатымен немесе өзге де мүлікпен қаржылық операциялар немесе басқа да мәмілелер жасау, сондай-ақ аталған қаражатты немесе өзге де мүлікті кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызметті жүзеге асыру үшін пайдалану» қылмысының анықтамасы көрсетілген. Заңда мұндай әрекеттер заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру деп аталады. Қылмыстың тікелей объектісі экономикалық қызмет аясындағы ақша қаражат айналымын реттеудің қоғамдық қатынастары болып табылады. Осы қылмыс құрамының міндетті белгісі-оның заты болып табылады. Қылмыстың затына ақша қаражаты немесе заңсыз жолмен алынған өзге мүліктер жатады. Ақша қаражаты теңгелік немесе валюталық көріністе болады. Мүлік қозғалатын немесе қозғалмайтын (ғимараттар, құрылыстар, кешендер), сондай-ақ меншікке немесе жалға алынған жер учаскелері болуы мүмкін. Қылмыстың объективтік жағы-заңда белгіленген мынандай нысандар арқылы:
1)ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен қаржылық операциялар жасау;
2)басқа да мәмілелер жасау;
3)қаражатты немесе өзге де мүлікті кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызметті жүзеге асыру үшін пайдалану.
Ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен қаржылық операциялар жасау деп заңсыз жолмен алынған ақша қаражаттарын пайдаланып банктік есеп ашу немесе жүргізуді, оны төлем қаражаты ретінде пайдалануды, осы қаражатқа акция, вексель, облигация, басқадай бағалы қағаздарды алуды немесе оларды басқадай айырбас құралы ретінде пайдалануды айтамыз. Заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе мүлікті кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызметті одан әрі дамытуға жұмылдыру, жарғылық қорға айналдыру кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызметті заңсыз жүзеге асыру үшін пайдалану деп танылады. Қылмыс құрамы жағынан формальдық құрамға жатады. Қылмыс объективтік жақтың осы белгілерінің біреуі жасалған уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам көрінеу заңсыз жолмен аталған ақша қаражатын немесе өзге де мүлікті заңдастыруды ұғынады және соны тілейді. Қылмыстық ниет субъективтік жақтың қажетті белгісі болып табылғанымен, ол сөз жоқ соттың жаза тағайындау барысында есепке алынады.
Қылмыстың субъектісі-16-ға толған есі дұрыс кез келген адам. Қылмыстық кодекстің 193-бабының 2-тармағында мынадай ауырлататын белгілер көрсетілген:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
2) әлденеше рет;
3) адам өзінің қызмет бабын пайдаланып жасаған әрекеттер.
Егер заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге де мүлікті заңдастыруды бірлесіп жасау туралы күні бұрын-қылмыс істелгенге дейін уағдаласқан адамдар қатысса, ол адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған қылмыс деп танылады. Талданып отырған қылмыстың объективтік жағынан белгілерін екі немесе одан көп жасау, егер адам бұрын жасалған қылмысы үшін заңмен белгіленген тәртіппен қылмыстық жауаптылықтан босатылмаса, не соттылығы жойылмаса немесе қылмыстық жауапқа тарту мерзімі өтпесе онда қылмыс әлденеше рет істелген деп танылады. Осы бап бойынша қызмет бабын пайдаланып жасаған әрекетке мемлекеттік органның, коммерциялық немесе өзге де ұйымның заң бойынша лауазымды адамы деп танылғандардың қылмыстары жатады.
Несиені заңсыз алу және мақсатсыз пайдалану (194-бап)
Несие дегеніміз банк немесе несиелік ұйымдардың қарыз алушыларға беретін ақшалай қаражаттары болып табылады. Ақша қаражаты-осы қылмыстың заты болып табылады. Қылмыстың тікелей объектісі банктік немесе басқадай несиелік ұйымдардың несиелік қызметін реттейтін қоғамдық қатынастары.
Объективтік жағынан қылмыс іс-әрекеттен, қылмыстың зардабынан және себепті байланыстан тұрады. Заң іс-әрекеттің мынадай нысандарын белгілеген:
-
несие алу;
-
несиені жеңілдік шарттармен алу.
Бұл ретте жеке кәсіпкер немесе ұйым жетекшісі несие алуды немесе несиені жеңілдікпен алуды осы қылмыс құрамында көрсетілген тәсілдерді-жеке кәсіпкердің немесе ұйымның шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйі немесе кепілдік мүлкі туралы немесе несиенің, демеу-қаржының, несиелеудің жеңілдікті шарттарына арналған елеулі мәні бар өзге де мән-жайлар туралы көпе-көрінеу жалған мәліметтерді банкке немесе өзге де несие берушіге беру туралы, сол сияқты несиелеуді, демеуқаржы беруді тоқтатуға, жеңілдіктерді жоюға не бөлінген несие мен демеуқаржы мөлшерін шектеуге әкеп соғатын мән-жайлардың пайда болуы туралы ақпаратты банкке, өзге несие берушіге хабарламау арқылы заңсыз түрде жүзеге асырылады. Яғни бұл қылмыстың істелу тәсілі көрінеу жалған мәліметтер енгізілген ресми құжаттарды пайдалану болып табылады. Мұндай құжаттарда жеке кәсіпкердің немесе ұйым жетекшісінің қолы қойылып, белгіленген тәртіппен расталуы қажет. Қылмыс заңда көрсетілген зардап-ірі зиян келтірілсе аяқталған деп табылады.
Субъективтік жағынан қылмыс құрамы тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі-арнаулы субъект. Олар жеке кәсіпкер немесе ұйым жетекшісі. Мемлекеттік мақсатты несиені не мемлекет кепілдігімен берілген несиені тікелей мақсатқа пайдаланбау, егер осы іс-әрекет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе, ол қылмыс құрамының ауырлататын белгісі болып табылады. Мемлекеттік мақсатты несие деп ҚР Ұлттық банкі арқылы белгілі бір мақсатқа пайдалануға (тұрғын үй құрылысы, фермерлік шаруашылықты дамыту, өнеркәсіп объектілерін салу) берілетін ақша қаражаттары болып табылады. Мемлекет кепілдігімен берілген несиеге ешбір процентсіз несие алушыға банк жүйелері арқылы белгілі бір мақсатқа пайдалану үшін ақша қаражатын белгілі бір мерзімге беру жатады. Осы несиелерді тікелей мақсатқа пайдаланбау деп-мақсатты несиені не мемлекет кепілдігімен берілген несиені мүлдем міндеттемеде көрсетілмеген басқа мақсатқа пайдалануды айтамыз. Мысалы, шаруа қожалығының жетекшісі ауыл шаруашылық техникасын, тұқым сатып алу үшін мемлекеттен мақсатты несие ала отырып, бұл қаржыны басқа коммерциялық мақсатқа-құрылыс материалдарымен сауда-сатық жасауға жұмсайды. Несиені тікелей мақсатқа пайдаланбаудың салдарынан азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе-осы қылмыс құрамының ауырлалатын түріне жатады.
Несиелік берешекті өтеуден әдейі жалтару (195-бап)
Қылмыстық кодекстің 195-бабына сәйкес ірі мөлшердегі несиелік берешекті өтеуден тиісті сот актісі заңды күшіне енбегеннен кейін ұйым жетекшісінің немесе азаматтың әдейі жалтаруы-несиелік берешекті өтеуден әдейі жалтару деп саналады. Қылмыстың тікелей объектісі-несиелік шартқа қатысушының мүддесін белгілейтін қоғамдық қатынастар. Мұндай құқықтық қатынастар мәні немесе мазмұнына сәйкес азаматтық құқық нормалары арқылы реттеледі.
Қылмыстың объективтік жағы әрекетсіздік арқылы ірі мөлшерде несиелік берешекті атаудан тиісті сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін әдейі жалтару бойынша жүзеге асырылады. Мұндай әрекетсіздікті істеуден әдейі жалтарған деп тануға-біріншіден несиелік берешекті өтеуден кінәлы адам тиісті сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін, екіншіден несиені өтеуден жалтару әдейі, үшіншіден ірі мөлшердегі несиелік-берешекті өтеуден жалтару арқылы істелетіндігі негіз болады. Қылмыс құрамы жағынан формальдық болып табылады, қылмыс заңда көрсетілген зардап ірі мөлшердегі несиені тиісті сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін өтеуден жалтарған уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі заңда тура көзделген. Ол несие алған ұйым жетекшісі немесе жеке азамат.
Монополистік іс-әрекеттер және бәсекені
әдейі шектеу (196-бап)
Нарықтық экономиканының басты белгілерінің бірі нарықтық заңдардың өзін-өзі, яғни сұраныстың ұсынысты ретке келтіруі болып табылады. Осы жағдайға байланысты нарықтың бірқалыпты қызмет етуінің және дамуының басты шарттарының бірі болып бәсекеге негізделген заңдардың жүзеге асырылуы болып табылады. Бірақ-та нарықтың өзін-өзі ретке келтіру процесінде сан қилы бәсекені әдейі шектейтін нысандарды туындатады. Мұндай ретте мемлекет құқық нормаларын ретке келтіру және қорғау мақсатымен экономикалық қызмет субъектілерінің қызметіне араласуға міндетті. Экономика саласында шаруашылық жүргізуші субъектілердің нарықтағы заңсыз үстемдікке жол бермеу, әр түрлі қиянаттарын тойтару мақсатымен мемлекет антимонополиялық реттеу арқылы экономикаға мемлекеттік ықпал етеді. Қылмыстың тікелей объектісі-адал бәсекеге негізделіп, нарықта үстемдік жағдайға ие болған шаруашылық субъектілерінің қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан мынадай әрекеттерді істеу арқылы көрініс табады:
-
монополиялық жоғары немесе төмен бағаны белгілеу мен ұстап тұру;
-
бәсекені шектеу монополиялық іс-әрекеттер және бәсекені анықтау заңдарына сәйкес монополистік іс-әрекеттер бәсекені шектеуге, тежеуге немесе жоюға жол бермеуі қажет. Осыған байланысты монополиялық жоғары немесе төмен бағаны белгілеу мен ұстап тұру заңға қайшы әрекет болып табылады. Монополиялық жоғары баға белгілеу деп тауар нарығында үстемдік жағдайға ие болған шаруашылық субъектісінің, сапасы төмен тауарына көтеріңкі, жоғары баға қойып оған жұмсалған шығынын өндіріп алумен бірге одан пайда табуын айтамыз. Бәсекені шектеу-рынокты бөліп алу, рынокқа кіруді шектеу, одан экономикалық қызметтің басқа субъектілерін ығыстыру, бірыңғай баға белгілеу немесе ұстап тұру әрекеттері арқылы көрініс табады.
Рынокты бөліп алу дегеніміз-тауар өндірушілердің өзара келісіп сауда алаңын өзара бөліске салып, басқа тауар өндірушілерді сол жерге кіргізбеу амалын жасауы болып табылады. Кәсіпкерлер өзара келісіп басқа субъектілерді ығыстыру мақсатымен тауарларға бірыңғай жоғары немесе төмен баға белгілеп белгілі бір уақытқа ұстап тұруы мүмкін, сөйтіп олар рынокта өздерінің үстемдігін орнату арқылы басқа кәсіпкерлерді сол орыннан ығыстырып шығарады. Осы көрсетілген әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе қылмыс құрамы аяқталған деп танылады. Осы қылмыс құрамы материалдық құрамға жататындықтан қоғамға қауіпті іс-әрекет пен оның зардабының арасындағы себепті байланысты анықтау қажет. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-кәсіпкерлер немесе коммерциялық ұйым жетекшілері.
Көпшілік сауда-саттықтар мен аукциондарды өткізудің белгіленген тәртібін әдейі бұзу (197-бап)
Қылмыстық кодекстің 197-бабы бойынша «Көпшілік сауда-саттықтар немесе аукциондар өткізу тәртібін өрескел бұзу мүлік иесіне, сауда-саттықты немесе аукциондарды ұйымдастырушыға, сатып алушыға немесе өзге шаруашылық жүргізуші субъектіге ірі зиян келтірсе»-қылмыстық жауаптылық белгіленген.
Қылмыстың объектісі болып көпшілік сауда-саттықтар мен аукциондарды өткізудің заңда белгіленген тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастар.
Қылмыстың жәбірленушісі болып-мүлік иесі, сауда-саттықты, аукциондарды ұйымдастырушылар, сатып алушылар мен өзге шаруашылық субъектілері танылады. Объективтік жағынан қылмыс құрамы мына әрекеттерді істеу арқылы жүзеге асырылады:
-
көпшілік сауда-саттық немесе аукциондар өткізу тәртібін өрескел бұзу;
-
осының салдарынан мүлік иесіне, сауда-саттықты немесе аукциондарды ұйымдастырушыға, сатып алушыға немесе өзге шаруашылық жүргізуші субъектіге ірі зиян келтірілсе;
-
қоғамға қауіпті іс-әрекет пен келтірілген зардаптың арасындағы себепті байланыс.
Көпшілік сауда-саттық немесе аукциондар өткізу тәртібі арнаулы нормативтік актілермен белгіленеді. Осы белгіленген ережелерді өрескел бұзу осы көрсетілген қылмыстың объективтік жағының белгісін құрайды.
Өрескел бұзу деп- сауда-саттық немесе аукцион өткізу тәртібін көрінеу бұзу, бұрмалау, теріс қолдану болып табылады. Егер осы әрекеттен жәбірленушіге ірі зиян келтірілсе қылмыс құрамы аяқталған деп танылады. Қоғамға қауіпті іс-әрекет пен келтірілген ірі зиянның арасын байланыстыратын себепті байланыс орын алуы қажет. Себепті байланыс жоқ болса қылмыс құрамы да болмайды.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей және жанама қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-сауда-саттық пен аукцион өткізуге жауапты жасы 16-ға келген, есі дұрыс адам.
Көрінеу жалған жарнама беру (198-бап)
Жарнамада жарнама берушінің пайдакүнемдік ниетпен жасаған және ірі зиян келтірген тауарларға, жұмыстарға немесе қызмет көрсетуге, сондай-ақ оларды өндірушілерге, орындаушыларға немесе сатушыларға қатысты көрінеу жалған ақпаратты пайдалануы-көрінеу жалған беру деп танылады. Қылмыстың тікелей объектісі-экономикалық қызмет субъектілерінің адал бәсекелестігін реттейтін қоғамдық қатынастар. Объективтік жағынан қылмыс құрамы іс-әрекет пен заңда көрсетілген себепті байланыстың болуы арқылы сипатталады.
Жарнама дегеніміз-тауардың құны немесе басқа да қызмет көрсетудің, оларға деген сұранысты туғызудың шарттары туралы ақпарат болып табылады. Бұл қылмыстың объективтік жағы-жарнамада жарнама берушінің пайдакүнемдік ниетпен тауарлар, жұмыстар немесе қызмет көрсетулерге, сондай-ақ оларды өндірушілерге, орындаушыларға немесе сатушыларға қатысты жалған ақпаратты пайдалануы арқылы жасалады. Мысалы: тауардың сапасы туралы, жұмыс немесе қызмет көрсету-олардың адамдар және жануарлар дүниесіне қауіпсіздігі, тауардың дайындаушылары, жасалған орны, тауар белгісі туралы жалған ақпараттар беру. Көрінеу жалған жарнама беру үшін қылмыстық жауаптылық тек қана ірі зиян келтірілген жағдайда орын алады. Құрылысы жағынан қылмыс құрамы материалдық. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен және пайдакүнемдік мақсатпен істеледі. Мұндай жарнама беру арқылы кәсіпкер өз тауарын, жұмыс немесе қызмет көрсету артықшылығын дәріптеп бәсекелесін рыноктан ығыстыруды ниеттейді. Осыған орай жарнама бергенде көрінеу жалған мәлімет беруді анықтау қажет. Егер мұндай жарнама абайсыздықпен таратылса, онда іс-әрекет қылмыс емес болып табылып, жауаптылық азаматтық құқық нормасы арқылы реттеледі. Қылмыстың субъектісі-кәсіпкер, жарнама қызметін жүзеге асыратын жетекші немесе оны жүзеге асырушы.
Тауарлық белгіні заңсыз пайдалану (199-бап)
Тауар белгісін заңсыз пайдалану-бұл арам ниетті бәсекелестіктің бір түрі. Арам ниетті бәсекелестік шаруашылық жүргізуші субъектілердің қолданылып жүрген заңдардың, нормативтік актілердің талаптарына қайшы әрекет жасау арқылы кәсіпкерлік қызметте артықшылықтар алуға, басқа кәсіпкерлердің іскерлік беделіне, мүлкіне зиян келтіру әрекеттерін айтамыз.Қылмыстың объектісі адал бәсекелестікті және тауар белгілерін пайдалану құқығын реттейтін қоғамдық қатынастар болып табылады. Қылмыстың заты-тауарлық белгі, қызмет көрсету белгісі, фирмалық атау, тауардың шығатын орнының атауы немесе олармен біртектес тауарларға немесе қызмет көрсетулерге арналған ұқсас таңбалар. Тауар белгісі-тауардың немесе біртектес тауардың өзіндік сөзбен, өрнекпен немесе басқадай шартты белгілері болып табылады. Тауар белгісін пайдалану тауар өндірушінің субъективтік құқығы және ондай белгіні пайдалануға тек қана патенттік ведомстводан тіркеуден өткен соң жол беріледі. Қызмет көрсету белгісі-ұйымдардың көрсететін қызметі мен атқаратын жұмыстары туралы белгілері. Қызмет көрсету белгісі заңға сәйкес тауар белгісіне теңестіріледі. Фирманың атауы да өзіндік белгілермен өрнектеледі және ол да тиісті заңды ұйымда тіркеуден өтеді.
Тараудың шығатын орны-тауар шығатын мемлекеттің, тұрғын елді пункттің, географиялық объектінің атауы, ол тиісті заңмен белгіленген тәртіппен тіркеуден өтеді және ол жөнінде иеленушіге мерзімсіз уақытқа тауардың шығатын орнын көрсететін белгіні пайдалану құқығы беріледі.Объективтік жағынан қылмыс әрекет арқылы-бөтеннің тауарлық белгісін оның иесінің келісімінсіз пайдалану, тауарға бөтен белгіні қосып көрсету, тауарды бөтеннің тауар белгісімен айналымға шығару, шындыққа сай келмейтін фирмалық атауды, тауардың шығатын орнының атауын немесе олармен біртектес тауарларға немесе қызмет көрсетулерге арналған ұқсас таңбаларды заңсыз пайдалану арқылы істеледі. Қылмыс көрсетілген әрекеттерді әлденеше рет көп істеген жағдайда формальдық құрам немесе заңды көрсетілген зардап-ірі зиян келтірілген уақыттан бастап материалдық құрам аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан-кінәнің қасақаналық нысаны арқылы істеледі. Субъект-арнаулы кәсіпкерлік немесе басқадай экономикалық қызметпен заңды немесе заңсыз айналысатындар немесе басқару функциясын жүзеге асыратын ұйым жетекшісі немесе басқа адам.
Коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді заңсыз алу мен жария ету (200-бап)
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабында «Коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді, құжаттарды ұрлау, коммерциялық немесе банктік құпияны білетін адамдарды немесе олардың туыстарын сатып алу немесе оларды қорқыту жолымен байланыс құралдарында ұстап алу, компьютерлік жүйеге немесе желіге заңсыз кіру, арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы, сондай-ақ бұл мәліметтерді жария ету не заңсыз пайдалану мақсатында өзге де заңсыз тәсілдермен жинау»-коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді заңсыз алу мен жария ету деп танылады. Қылмыстың тікелей объектісі коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді қорғауды қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-коммерциялық және банктік құпияны құрайтын құжаттар.Коммерциялық құпия-деп коммерциялық ұйымның кез келген жариялауға жатпайтын басқару, өндірістік, ғылыми-техникалық және өзге де іскерлік саласындағы мәліметтері болып табылады. Мұндай құпия коммерциялық ұйымға бәсекелестікте артықшылықтар беруі немесе қосымша табыс табуға септігін тигізуі мүмкін. Осыған орай коммерциялық құпия заңмен қорғалады. Банктік құпияға-банктік есеп, банктік салым, жекелеген счеттар бойынша есептеу, банк салымшылары туралы мәліметтер жатады. Нормативтік актілерге сәйкес коммерциялық және банктік ұйымның құрылтайшы құжаттары, кәсіпкерлікпен шұғылдануға рұқсат беретін құжаттары, ұйымның қаржы қызметіне байланысты тексеруге жататын мәліметтері, үкімет қаулысының арнаулы тізбегінде көзделген басқа да мәліметтер коммерциялық және банктік құпияға жатпайды. Коммерциялық немесе банктік құпиясы бар құжаттарды олардың иелігінен әр түрлі тәсілдерді қолдана отырып заңсыз алу құжаттарды ұрлау деп танылады. Коммерциялық немесе банктік құпияға қатысы бар адамдарды, олардың туыстарын ақша, басқадай материалдық игіліктер беру арқылы сол құпияларды қолға түсіру сатып алу деп есептеледі. Коммерциялық және банктік құпияны білетін адамдарды, олардың жақын туыстарын болашақта ұрып сабаймын, өлтіремін, денеге жарақат келтіремін, масқаралайтын мәліметтер таратамын, мүлкінді жоямын, бүлдірімін деп осы құпия мәліметтерді талап ету қорқыту деп танылады. Байланыс құралдарын, арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы да банктік немесе коммерциялық құпиялары бар құжаттардың мазмұны көшірмесі алынуы мүмкін. Компьютерлік жүйені немесе желіні заңсыз пайдалану арқылы құжаттарды пайдаланып, ондағы мәліметтерді қолға түсіруі де мүмкін. Құрылысы жағынан 200-баптың 1-тармағындағы қылмыс құрамы формальдық құрамға жатады. Қылмыс осы құрамның объективтік жағының белгілерінің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Субъективтік жағынан талданып отырған қылмыс құрамы тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсатпен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, есі дұрыс, кез келген коммерциялық және банктік құпияға иелік етуге құқығы жоқ адам. ҚК 200-бабының 2-тармағында көрсетілген жария ету дегеніміз-коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді олардың иесінің келісімінсіз, осы құпия қызметіне немесе жұмысына байланысты сеніп тапсырылған адамның хат жазысу, жария түрде баяндама жасау, құжаттарды көрсету арқылы, тағы басқадай әрекеттері арқылы бөтен адамға жариялауы болып табылады. Бөтен адам деп қызметі немесе жұмысы бойынша коммерциялық немесе банктік құпияға ешбір қатысы жоқтарды айтамыз. Пайдалану деп заңсыз жария етілген осы құпияларды бәсеке жақтың өз мүддесіне іске асырып, оның иесіне елеулі зиян келтіруін айтамыз.Қылмыс құрамы материалдық. Осы жоғарыда көрсетілген әрекеттер ірі зиян келтіргенде қылмыс аяқталған деп табылады. Қылмыстың субъектісі-арнаулы субъект. Қызметіне немесе жұмысына байланысты өзіне коммерциялық немесе банктік құпия мәлім болған адам.
Достарыңызбен бөлісу: |