3. Қазақ тілін оқыту әдістерін жіктеу мәселесіне тоқталыңыз
Қазақ тілін оқыту әдістемесі — педагогиканың күрделі саласының бірі — дидактика тарауында қаралады. Дидактика (оқыту теориясы) гректің didaktikos — оқытамын деген сөзінен шыққан. Дидактиканың негізгі проблемалары оқу үрдісінің заңдылықтарын, принциптерін және оқытудың тиімді әдістемелерін көрсетеді. Ал қазақ тілінен оқушыларға білім беру кезінде — оқыту әдістері жоғарыда айтылған заңдылықтар мен принциптерге негізделеді. Оқыту материалын түсінікті етіп баяндау үшін дидактиканы көп жылдан бері зерттеген дидактик ғалымдарымыздың зерттеу әдістерін үнемі басшылыққа алып отыру керек. Қазақ тілін оқытуда окушыларға тиянақты, сапалы да, саналы білім беру — мұғалімнің оқыту әдістері мен тәсілдерін шебер меңгеруі арқылы жүзеге асады. Қазақ тілін оқыту технологиясы. Ол оқытушы мен оқушы арасындағы жақсы ұйымдастырылған қызметтен көрінеді. Мұғалім өз пәнін сабақ түсіндіруден бастайды, ол — түсіндіру әдісі.
Оқушылар кітап оқиды, ол — кітаппен жұмыс әдісі; оқушы жаттығу жазады, ол — жаттығу әдісі; оқытушы әр түрлі сурет, таблица арқылы білім береді, ол — көрнекілік әдісі, техникалық құралдарды пайдаланса, ол- демонстрациялық әдіс, т.б. толып жатқан әдістер бар. Мысалы: «Дидактика средней школы» деген еңбекте И.Я.Лернер, М.Н.Скатин оқыту әдісінің бес түрін көрсетеді. Олар: 1. Объяснительно-иллюстративный или информационно-рецептивный. 2.Репруктивный. 3. Проблемное изложение. 4. Частично-поисковой эвристический. 5. Исследовательские — деп оқытудың түрлі әдісіне токталса, Г.А.Ильина «Педагогика» еңбегінде оқыту әдістемесінің 4 түрін атап көрсетеді. Ал академик Ю.К.Бабанский де осындай оқыту әдістерінің 7 түрлеріне тоқталып, оны оқытушының шығармашылық еңбегінің нәтижесі деп бағалайды. Ә.Исабаев өзінің «Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері» деген еңбегінде оқыту әдістерін: әңгіме, хабарлау, тәжірибе, түсіндіру және кітапты пайдалану әдісі деп теориялық, тәжірибелік тұрғыда оның төрт түріне тоқталады.
Оқытудың теориясын зерттеген ғалымдардың ғылыми еңбектерінде оқыту әдістерінің анықтамасын былай берген: И.Д.Зверев: «Оқыту әдістері дегеніміз — мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің барысында білім алу жолдары» десе, Ю.К.Бабанский: «Оқыту әдістері дегеніміз-мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің негізінде білім, тәрбие және таным процесін жетілдіру» дейді. Д.Әлімжанов, Ы.Маманов «Қазақ тілін оқыту методикасы» деп аталатын еңбегінде: «…Қазақ тілін оқыту әдістемесі — қазақ тілін оқытудағы мұғалімдердің озық тәжірибелерінің қорытындыларына негізделген оқыту әдістерінің жиынтығы туралы ғылыми пән» деген болатын. Дидактик ғалымдардың зерттеу жұмыстарын басшылыққа ала отырып, қазақ тілі оқыту әдістемесінің жіктелу түрін жасауға мүмкіндік болды. Оқыту әдістері жайлы ғалымдарымыздың көп жылғы зерттеу тәжірибесі, айтқан пікірлері мұғалім қауымының жұмыстарына (мақсаты, жолы, міндеттері) үлгі бола бермек. Соңғы кезде ғылыми еңбектерде, журналдар беттерінде тиімді оқыту, программалап оқыту, деңгейлік оқыту, модульдік оқыту және сабақты блокпен оқыту әдісі деген әдістер пайда болды.
Блокпен оқыту — бұл әдіс мұғалімнің қалауы бойынша тоқсан ішінде екі не үш күн бойы (пәнге бөлінген сағат мөлшеріне қарай) бір пәнге арналып тұтастай өткізіледі. Мысалы, ол күндері тұтастай түсіндіріп, білім беруге тырысады. Мұндай сабақты мектепте ұйымдастырудың қиындықтары көп. Мәселен, сабақ кестесін үнемі өзгертіп отыру керек, оны мектепке енгізу үшін оқыту әдістері толық меңгерілмеген қазақ тілі пәні үшін нәтижесі шамалы. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің жіктелу кестесінде әдістердің даму жолдарының бәрін жинақтап көрсетуге тырыстық, әрине мұғалім сабақтың мазмұнына қарай қалауы бойынша әдістерді таңдайды. Осының бәрін жинақтай келе, оқушылардың ұғымын, іскерлігін, білімін, дағдысын ұйымдастыруда жүзеге асыруға жәрдемдеседі не көз жеткізеді. Сабақтың жаңа типі — оқыту әдістерінің жіктелуіне сәйкес орындалуы қайсысы болмасын білімді жалпылау және жүйелеу, даралап, саралап дамыта оқыту сабағының берері мол. Мектеп тәжірибесін және алдыңғы қатарлы озық тәжірибелі мұғалімдер жұмысын зерттеу нәтижесінде сабақтың аталған типтерінде көрсетілген әдістерді тиімді пайдалануда мұғалімдер шығармашылық жұмыспен айналысып, оқушыларға сапалы білім беретін жақсы нәтижеге жетіп отырғанын байқадық.
Достарыңызбен бөлісу: |