Мағынаны тану
|
Қазақ халқында нәрестенің дүниеге келуі үлкен қуаныш болып тойланған. Отбасының арманы мен тілегі, алтын тірек-діңгегі, ерлі-зайыптылардың сүйеніші мен қуанышы — бала.
Сондықтан да қазақ халқының ертегі, өлең-жырларының көбінде зарыққанда көрген ұлдарының батыр, өнерлі болып суреттелуі "Атадан ұл туса екен, ата жолын қуса екен, еліне қорған болса екен" деген тілектен туған.
Адамның тууынан бастап, қартайғанға дейінгі өмір жолының әр кезеңін атап өту, оған арнап өлең-жыр шығару қазақ халқының ежелгі дәстүрі болған. Бала туғанда елді жинап "шілдехана" жасау, азан шақырып, ат қойғызу, бесікке салу, аяғын апыл-тапыл баса бастаған кезде "тұсау кесу", алғаш рет жолға шықса "тоқым қағар", бес жасқа келгенде "атқа мінгізу", мектепке оқуға барғанда "тіл ашар" тойларын жасау секілді салт-дәстүрлер сақталған. Осындай салттан туған өлеңнің бірі — бесік жыры. Баланы бесікке салуды қазақтар қуанышпен тойлап өткізген. Мұны да ойын-сауыққа айналдырған. Онда айтылатын өлең-жырларда жас бала дені сау, еңбек сүйгіш, өнерлі, елін қорғаушы ер-азамат болып өссе екен деген тілек байқалады.
"Бесік жырында " ананың балаға деген мейірі, махаббаты жырланады.
Мәселен:
Әлди, бөпем, әлди-ай!
Айналайын шырағым,
Көлге біткен құрағым.
Жағамдағы құндызым,
Аспандағы жұлдызым,
Әлди, бөпем, әлди-ай!
|